• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

“Бәріміздің шыққан алтын бесігіміз – ауыл”

601 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев сан мыңдаған ауылдан шыққан жастардың жолын ашып, білім беретін киелі  қарашаңырақ  – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде болып,  оқу орнының ұжымымен және студенттерімен кездесіп, ондағы ғалымдардың аграрлық саладағы ғылыми жетістіктеріне жоғары баға берді.

Алдымен танысу іс-шарасын университет жанындағы “Қазақ­стан-Жапония” инновациялық орталығынан бастаған Елбасы он­дағы микробиологиялық сарап­та­ма жасайтын, қоршаған орта­да­ғы дене бітімдеріндегі қиындығы бар жайларды анықтайтын, азық-түлік тағамдарының сапасын, қауіп­сіздігін тексеретін ветери­нар­лық медицина мен фитосани­та­рияға қатысты құрал-жабдықтарды аралап шықты. Одан кейін оқу ор­ны аумағында орналасқан ауқым­ды агроинновациялық көрмені тамашалап, онда агротехноло­гия­ның интенсивті тұрғыдағы озық үл­гілері: ағаштардың, өсімдіктер­дің, жеміс-жидектердің, асыл тұ­қымды малдардың түрлері, ауыл шаруа­шы­лығы техникалары мен азық-түлік өнімдері, емдеу-про­фи­лактикалық және диагностикалық жұмыстар жүргізетін құрал-жаб­дық­тар, тағы басқа ауыл шаруа­шы­лығына қатысты жетістіктерге көз жеткізді. “Қазақ ұлттық аграрлық университеті, – деді Н.Назарбаев университеттің жетекші ғалым­да­ры­мен және үздік сту­дент­терімен кездесуінде, – ауыл шаруашы­лы­ғы мамандарын дайындайтын қа­рашаңырақ. 2001 жылы екі инс­титутты біріктіріп, ұлттық мәр­тебе бердік. Оқу орны 80 жылда 135 мың маман даярлаған екен. Мұнда көптеген ғалымдар жұмыс жасайды. Қазіргі кезде ғылым аса қажет. Біздер бәсекелестік жағ­дайда индустриялық-инновация­лық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз дейміз, ал ауыл ша­руа­шылығы инновацияланбай, ауыл шаруашылығы көтерілмей, жалпы экономика көтерілмейді. Бәріміздің шыққан алтын бесі­гі­міз – ауыл. Қазақтың 40-45 пай­ыз­дан астамы ауылда тұрады. Ен­деше, ауылды көтеру үшін мем­лекеттен көп қаржы бөлініп отыр. Оның үстіне, өздеріңіз біле­сіздер, қай кезде Қазақстан бидайды экспортқа шығарған еді. Кейінгі жылдары 8 млн. тонна бидай, оның 45 пайызы ұнмен шығарылып, дүние жүзінде бірін­ші орынға шықтық. Бір жағынан бізге жаңа технология да керек. Бүгінде ылғалды сақтайтын тех­но­логия үшін бюджеттен 11 млн. теңге бөлініп жатыр. Тамшы­ла­тып суару, жылыжай салу мәсе­ле­лерін қолға алдық. Ендігі жерде мал шаруашылығына көп көңіл бөліп, етті де экспортқа шы­ға­ра­­тын мемлекет болуымыз керек. Ол үшін жағдайымыз да, жайы­лым да бар. Дәнді дақыл бар жер­де мал шаруашылығы да дамуы тиіс. Қазір бізде қызмет істеп жатқан жігіттер асыл тұ­қым­ды шетелден сатып аламыз дейді. Егер ақша бөліп, сатып алатын болсақ, онда министр­лік­тің де, мамандардың да қажеті қан­ша. Сондықтан өз ғалым­да­ры­мыз асылдандырып шығарған мал тұқымын көбейткеніміз абзал. Жаңа өздеріңіз айтып кет­тіңіздер ғой, тұқым, ұрық болса, малдың қандай да сортын шы­ғаруға болады деп. Сүт беретін де, ет беретін де малды өзіміз өсі­ре аламыз. Ал осы мақсатта ең көп атсалысатын сіздер бола­сыз­дар. Қарашаңырақтың 80 жыл­дық мерекесіне құтты болсын айтайын де арнайы келіп отыр­мын. Табысты болыңыздар”. Одан әрі Елбасы осында оқып жатқан жігіттер мен қыз­дар­дың барлығы ауылға жол тар­тады деген сенім білдірді. Себебі, жоо-ларға жолы түскенде ауылға мұғалім, дәрігерлерді шақыраты­нын, соның нәтижесінде екі жыл­дың ішінде ауылға бір жарым мың маман барғанын, оларға жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. “Ауылды көтермей, ауылды сауаттандырмай, ауылдағы бала­лар­ды білімді етпей, жалпы қазақ халқының деңгейін көтере ал­май­мыз. Ал соларға діңгек болып отырған сіздердің университет­те­ріңіз”, деген көтеріңкі көңіл-күй­мен сөзін аяқтаған Елбасы тойға құрқол келмегенін айтып, “ГАЗель” көлігінің кілтін табыс етті. Иә, ҚазҰАУ өзінің 80 жыл­дық тарихында абыройлы белес­терді бағындырды. Университетті тәмамдаған түлектер арасынан 3 Кеңес Одағының Батыры, 35 Со­циалистік Еңбек Ері, КСРО Жо­ға­ры Кеңесі мен Қазақстан Пар­ла­ментінің 80 депутаты, КСРО мен Қазақ КСР Ғылым ака­де­мия­лары және Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық ғылым акаде­миясының 52 академигі, Мем­лекеттік сыйлықтың 12 лауреаты шыққан. Сонымен қатар, уни­вер­ситет өзінің 80 жылдық та­рихында өндірісті жоғары дең­гей­де ұйымдастыра алатын мемлекет және қоғам қайраткерлерін, ми­нистрлерді, әкімдер мен агро­өнер­кәсіп кешенінің басшыла­рын және бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан азаматтарды тәрбиелеп шығарды. Президент сөзіне жауап ре­тін­де Қазақстан ҰҒА және Ресей Ауыл шаруашылығы академия­сы­ның академигі Рақымжан Елешов университетте жұмыс іс­тейтін ұстаздардың, ҰҒА-ның аг­рар­лық бөлімінің 37 академигі­нің атынан Елбасының ғылымға, білімге жасап жатқан қолдауына ризашылығын білдіре келе, жу­ыр­да барлық жоо ғалымдары тал­қы­лаған ғылым жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламаға тоқталды. Ал жастар атынан сөз алған Жұлдыз Сүлейменова мемле­кет­тің, оны басқарып отырған Елба­сының салиқалы саясатының арқасында кеше ғана ауылдан арман арқалап оқуға келген талапкерлердің ғылымға жолдары ашық екендігін, оның барлығы өздеріне жасалынып жатқан зор қамқорлықтың арқасы екенін іл­типатпен жеткізе келе, ауылдағы үкілеп өсірген ата-аналарының рах­метін, достарының ризашы­лы­ғын, университетте оқып жат­қан ауыл балаларының ыстық ықыласын білдіре кетті. Сонымен қатар, биыл студенттер арасында сауалдама жүргізгенде, төртінші курсты аяқтайтын мыңға жуық түлек диплом алған соң ауылға барып, ауылды көркейтуге өз үлес­терін қосатындығын жеткіз­ге­нін көлденең тартты. Ал ҚазҰАУ-ды бітіріп, шетелде ма­гистратурада оқып, PhD док­тор­лығын қорғап, әлем деңгейіндегі зертханаларда жұмыс істеп кел­ген Алеся Бережная өз Прези­денті­не есеп беріп, рахметін жеткізді. – Ұлтымыздың Көшбас­шы­сы, еліміздің Президенті Н.На­зар­баевтың қазақ ауыл шаруа­шы­лығы білімі мен ғылымының қа­ра­шаңырағы – ҚазҰАУ-ге келіп, Қазақстандағы жоо-лар арасында тұңғыш рет ашылып отырған азық-түлік және қоршаған орта­ны қорғау қауіпсіздігіне арналған қазақ-жапон орталығын көріп, жоғары баға беруі, сондай-ақ бес бө­лімнен тұратын агроин­но­ва­циялық көрмені аралап, әр бө­лім­де жасалған аграрлық салада жұ­мыс жасап жатқан ғалым­дары­мыз­дың ғылыми жұмыстарының нә­ти­жесімен танысып, оған да зор ри­зашылығын білдіруі – біз­дің уни­верситет ұжымына, бү­гін­де білім алып жатқан студент­тер­ге тың серпін әкеледі, – деді уни­вер­ситет ректоры Тілектес Есполов. Университеттің бас ғи­мараты алдындағы кездесуден кейін Елбасы еліміздің жоо-лары арасында тұңғыш құрылған сту­денттік ассамблея мүшелерінің “Дос­тық” биін тамашалап, та­лант­ты жастарға өз ықыласын білдірсе, университет ғалым­дары­ның атқарып жатқан білім, ғы­лым салаларындағы және өн­ді­ріспен байланысқан жұмыста­ры­на сәттілік тіледі. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.