• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

Студент жастар жеңіспен оралды

491 рет
көрсетілді

Осыдан бір-екі жыл бұрын Шәкәрім атындағы Семей мем­лекеттік университетінде аталған жоғары оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықовтың бастамасы­мен студент жастар театры құры­лып, оның тұсаукесер рәсімі қала көлемінде дүркіреп өткізілген еді. Сол студент жастар театры­ның тізгіні құрылған беттен Абай атындағы театрдың актер-режиссері Бауыржан Төлековке сеніп тапсырылған болатын. Ол бұл сенімнен шығып келеді. Соның айқын айғағындай жуырда Алматыда өткен ұлттық театр өнеріміздің атақты режис­сері Асқар Тоқпанов атындағы ал­ғаш­қы республикалық студент­тер театр­лары фестиваліне “Сту­денттік хикая” атты спектаклімен қатыс­қан бұлар жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. “Ең үздік комедия жанры” номинациясы бо­йынша да семейлік өнерпаздар же­ңімпаз деп танылды. Мұның сыртында Бауыр­­­жан Төлеков “Ең үздік ре­жис­сер”, ал өнерпаз сту­дент Нұр­жан Өмірбаев “Ең үздік ер бейне­сі” номинациялары бо­йынша үздік деп танылды. Осы орайда мектепте оқып жүрген кезі­нен айтыскер ақын ретінде есі­мі бүкіл ел көле­мінде танылып үл­герген Нұржан­ның енді актер ре­тінде де көріне бастағаны сүйсінтеді. Сөз соңында бұл студенттер театрлары фестиваліне жер-жерден 17 театр қатысқанын, қазылар құрамында Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, Дариға Тұранқұлова, Тұңғышбай Жаман­құлов сынды белгілі театр тарлан­дары болғандығын айтсақ, бұл жауапты сынақтың студент өнер­паздарға оңайға түспегені айтпаса да түсінікті ме дейміз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.