“Ассалаумағалейкүм, қариялар! Ақылға қиын істе дариялар”. Ақтаңгер, аймүйіз ақын, жауһар жырау Қожабергеннің “Елім-ай” дастаны басталар тұста осындай қаратпа қағида бар. Кейде кемелдер мен кенендер хақында ой кешесің. Қария дарияларды көрмегелі, әңгімелерін тыңдамағалы, тіпті “Ассалаумағалейкүм, аға!” деп сәлем бермегелі біраз айлар өтіп кетіпті-ау деп те ыңғайсызданасың. Сондай-сондай сәттерде тағы да Қожаберген жыраудың жырлары тіл ұшына оралар: “Аңғарып тұрса әр жайды; Білгір демей, не дейміз. Бусанбай озған жүйрікті; Дүлдүл демей, не дейміз”.
“Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік” аталатын аймағыңызда абыз ақсақалдар, дария қариялар аз емес. Әлгіндейін, сәлем бермедім-ау деп өзіңді-өзің жазғырыңқырайтын жағдайда ең әуелім көз алдыңа келіп, көңіліңді баурайтындар болады. Сондай-сондай оншақты қарияңыздың қатарында жадырай жымиып, көлгірсіз күлімсіреп Боранбек көкеңіз көрінер-ау.
Боранбек Шүкірбеков. Өткен ғасырыңыздағы отызыншы жылдың төлі. Оңтүстіктегі айтулы Арыс қаласында, Арыс өзенінің арнасы кеңейер, иірімдері тереңдер, жазира жағасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1945 жылы Арыс ауданының “Задария” қаракөл қой шаруашылығында аға шопанның көмекшісі болып бастаған. Аға шопанның көмекшісі, қарадомалақ бозбала сол бір жылдары дерменесі, изені мен теріскені тұтаса өскен далада қой бағып жүріп, жылдардың жылында, күндердің күнінде күллі КСРО-ңызға белгілі “Задария” сапқозына директор боламын деп онша ойламапты-ау. Мүмкін бала қиялмен армандаған да шығар. Онша есінде жоқ.
Көмекші шопан көп ұзамай-ақ механизаторлықты меңгерген. Сонсоң төрт-бес жылдай шофер болған. Қайран туған жердің төсінде заулап жүріп, талай нәрсені түйген. Қарап жүрмей, көп оқыған. Көп тоқыған. Институт тәмәмдап, зоотехник мамандығын алған. Шымкент ет комбинаты Арыс бөлімшесін басқарған. Жетпісінші жылдарыңыздың бастапқы тұсында депутат боп, Бөген аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына сайланған. Ауатком төрағасының орынбасары дегеніңіз ол кездері әжептеуір-ақ әйдік саналар, жоғары қызмет қой. Кейбіреулеріңіз сондай лауазымның өзіне “талтаңдаңқырап” қалатын. Білетінбіз. Біз-дағы. Көретінбіз. Көзбенен. Ал, бұ Боранбек көкеңіз өйтпеді. Қырықтан жаңа асса да, асқақтамады. Ізденбектен, үйренбектен, оқымақтан жалықпады. Жаңылмады. Қарапайымдылығынан танбаған. 1973-1985 жылдары сол аудандағы “Задария” қаракөл қой зауытының директоры болды емес пе?! Он екі жыл бойы. Міне, Шүкірбековіңіздің шын шеберлігі шарықтаған кезең – осы. Шырқаған шағы. Білімін, білгірлігін, біліктілігін көрсеткен тұсы. Шаруашылық жүргізу, мал тұқымын асылдандыру, қаракөл елтірісінің сапасын көтеру, мал жайылымын жақсарту, табиғат-ананы аялау, мал өсірмекте аянбайтын адамдарға жағдай жасау жөнінде талант-дарынын танытты, күш-қайратын еселеп жұмсады. Басшы ретіндегі ұйымдастыру қабілеті, талапшылдығы, қарапайым жұмысшыларға қамқорлығы сияқты қасиеттері жан-жақты мойындалды.
Сол кездері “Задария” десе, Боранбек Шүкірбеков көз алдыңызға келетін. Боранбек Шүкірбеков десе, бүгінге дейін “Задария” қаракөл қой зауыты жадыңызда жаңғырар. Сол жылдарда қаракөл қой зауыты аталған алып шаруашылықта барлық негізгі-негізгі көрсеткіштер үш-үшжарым есе артқанын ордабасылықтар осы күнге дейін аңыз етіп айтады-ай. Мәселенки, Борекең директор боп іске кіріскенде 40 мың қой болса, бірте-бірте 120 мыңнан асқан. Бүкіл зауыт бойынша еңбек өнімділігі үшжарым есе, жұмысшылардың айлық жалақысы да үшжарым есе көбейген. Осындай-осындай жеңістерге жеткен соң Социалистік Еңбек Ері атағына Шүкірбеков Боранбек ұсынылмағанда, кім ұсынылады? Ұсынылғаны сол екен, Борекеңнің үстінен біраз-біраз арыздар борайды. Тү-у Мәскеуіңіз жақтан келгендер бір емес, екі мәрте тексереді. Шаруашылық шырқауының шынайылығына көз жеткізеді. Шүкірбековіңіз Еңбек Ері атанады. Мәдени жайылым жөнінде, Арыс аймағына, Сыр-ана дариясы мен Арыс өзені арасындағы сарғайып жатар сайын далаға еркелей желкілдейтін өсімдіктерді нығайту мақсатында қаншама тер төгілді десеңізші. Шымкенттегі арнайы ғылыми-тәжірибелік институтпен, ғылыми-өндірістік бірлестікпен бірлесіп, әсіресе, изен мен теріскен көбейтпекке өзгеше назар аударылған. Шүкірбеков “Задария” зауытының қаракөл қой шаруашылығы үшін 38 мың гектар мәдени жайылым жасап беріп кетіп еді. Изеніңіз бен теріскеніңіздің, басқа да біраз жабайы шөптің құнары, микроэлементтері кейде кәдуілгі жоңышқаңыздан әлдеқайда басымырақ түседі. Әттең-ай, десеңізші, сол жайылымдар бертініректе біржолата жүдеуленіп, тоз-тозы шығып кетті. Қиындау, кезенейлі кезеңдерде отындыққа жұмсалды ғой.
Борекең 1985-1987 жылдары облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы – облагроөнеркәсіптік комитет төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1987-1995 жылдары ОҚО тәжірибе стансасының бас директоры әрі аграрлық-ғылыми орталықтың төрағасы болды. Оқымысты. Ғалым. Экономика ғылымдарының кандидаты. Отыз жыл бойы депутаттыққа сайланды. Ауданнан, облыстан бастап, республика және КСРО Жоғарғы Кеңестеріне дейін. Қазақстан Компартиясының XVІ съезіне делегат болып қатысқан. Әрине, әркім әртүрлі түсінер. Соның бәрінен дерлік сабақ алмаққа, салмақты да салиқалы тағылым түймекке, кей реттердегі даңғазалықтың өзінен қорытындылар шығармаққа тырысатын. Екі мәрте Ленин ордені, “Еңбек Қызыл Ту” ордені, әлденеше медальдар. Социалистік Еңбек Ерінің Алтын жұлдызы... Осынау қария дарияңыздың қара шаңырағында Әшіркүл Бекмырзақызы Шүкірбекованың алтын-күміс алқалары да ақ сәуле шашады. Ақ шуақ шашып жүретін қараторы көкеміз Боранбек пен Әшіркүл жеңгеміздің үлгілі ұл-қыздары үлкен-үлкен азаматтар боп үлгерген, жиырмашақты немере-шөберелері шүпірлеп өсіп келеді.
“Ассалаумағалейкум, аға!” – деп амандасып, Борекеңмен әңгіме-дүкен құрып отырыппыз. Әдетінше бұ кісі Күлтегіннің тасқа бәдізделген байыптамаларынан бастайды ғой. “Айналайын, – дейді Борекең алғысқа толы ақжарылқап пейілмен. – Күлтегін бабамыз бедерлегендей, аз халқымыз көп болар, бірте-бірте бай болар. Алла тағала елімізге, Елбасымызға бақ қондырып, береке дарытып келеді. Қазақстанның, біздің Президентіміздің абырой-беделі барған сайын биіктеп барады. Мен, айналайын қарағым, мына көршілес Өзбекстанның елу жылдығына Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге қатысу бақытына ие болған адаммын. Сонда Нұрекең жаңадан ғана Министрлер Кеңесінің Төрағасы лауазымын атқара бастаған еді. Жап-жас. Жастығына қарамастан, сол кездің өзінде өзбектерді де, өзгелерді де өзгеше таңғалдырған. Одақтың барлық республикаларынан келгендер Назарбаевқа ерекше ілтипат білдіріп, не айтса да бастарын шұлғып, ықыласпен тыңдайтынын байқап, мақтаныш сезіміне бөленгенбіз. Қатты қуанып, шүкіршілік еткенбіз. Сексен үшінші жылы одақтық Орталық сайлау комиссиясына мүше болуымды, келесі жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлануымды қолдады. Сексен бесінші жылы ол кісі “Задария” сапқозына арнайы атбасын бұрған. “Қаракөл” қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Сейфолла Әбдірайымов деген мықты ғалым бар. Солармен бірлесіп, “Задарияда” мәдени жайылымдар жасағанбыз. Әдетте мәдени жайылым негізінен сулы, нулы дейтіндей жерлерде болады. Ал біздегідей, деградацияға ұшыраған, шөлді, шөлейтті, құм-құмшауытқа айналып үлгерген өңірлерде мәдени жайылым жоқ. Жел азынап, аптап ыстық қуырып жататын аймақта изен, теріскен, қырықбуыннан бастап, сексеуілге дейін егіп, алқап-алқаптарды қорғап-қоршалап, шын мәніндегі мәдени жайылымдар жасақтағанбыз. Мақтанғанымыз емес, сол мәдени жайылымдарымыздың негізінде ЮНЕСКО мектеп ашқан. “Известия”, “Правда” газеттері зерттеп жазған. Әсіресе, сол кездегі кең тарайтын басылымдардың бірі “Сельская жизнь” газеті апта сайын, ай сайын материалдар жариялап тұратын. Нұрсұлтан Әбішұлы сол газеттерді мұқият оқып, бәрін біліп жүреді екен. Облыс басшысы Рысбек Мырзашевпен бірге мәдени жайылымдарымызды көрді. Шөп шауып жатқан жұмысшылармен сөйлесті. Дала қосынан шай ішті. Тірлігімізге тәнтілік танытты. Айналайын шырағым, мен “Қазақстан-2030” Стратегиялық бағдарламасын газетке шыққан күні қиып алып, кітапша етіп қойғам, үнемі қарап, пайдаланып келемін. Жыл сайын талдау жасаймын. Таразылаймын. Барлық бағыттар мен бағдарлар бойынша көрсеткіштерді жазып шығамын. Есептеймін. Салыстырамын. Әр жыл сайын, әрбір бес жыл сайын барлық бағдарламалардың, межелердің артығымен орындалғанына көз жеткіземін. Алғашқы онжылдықтың барлық міндеттері ойдағыдай жүзеге асты. Ауыл шаруашылығындағы, оның ішінде мал шаруашылығындағы жетістіктерді зерттеймін. Өзімнің Оңтүстік Қазақстанымның орталығында, көптеген аудандары мен қалаларында, болған және жүрген жерлерімнің бәрінде ой-пікірлерімді ортаға саламын, шамамның жеткенінше айтамын, жазамын. Барлық әңгімелеріме сол Стратегиялық бас бағдарламаны арқау етемін, айналайын. Қазір қарасаңыз, дүние жүзіндегі небір беделді, абыройлы, алпауыт мемлекеттердің басшылары Қазақстанды Назарбаев арқылы біледі. Қазақстанды Назарбаевсыз, Назарбаевты Қазақстансыз елестете алмайды. Ең үлкен мәселе – елдің еңсесі биіктей түсті. Ең маңызды мәселе – елдің экономикасы. Барлық саланың, оның ішінде мәдениет пен руханияттың өркендеуі үшін де халықтың тамағы тоқ, көйлегі көк болмағы ләзім. Ешқандай елде жоқ “Мәдени мұра” бағдарламасының өзі біздің мемлекетіміздің көркейе бастағанына айқын айғақ қой, айналайын. Ниеті түзу адамдар бәрін бағалайды. Көпшілік болғаннан кейін керітартпалар, “көрмес – түйені де көрместер” табылатыны түсінікті. “Оңып жатқан іс жоқ, қымбатшылық қаулап барады” дейтіндер бар. Бағаның қымбаттауы бізге байланысты жағдай емес. Әлемдік үдеріске, дағдарысқа қатысты. Бірақ сол қымбатшылықтың өзін Елбасымыздың ерен еңбегімен, көрегендігімен, тынымсыз ізденісімен, бастамашылдығымен және талапшылдығымен әлемнің өзге елдеріне қарағанда, әлдеқайда жұмсартып жатыр емеспіз бе? Бірлік пен ынтымақ, татулық пен тұрақтылық дейтін ұлы ұғымдардың айналасында талай-талай нәрселер бар ғой. Бұл ұғымдарды көздің қарашығымен, жүректің дүрсілімен, тыныс алып, дем жұтатын кәусар таза ауамен салыстырғанды өте дұрыс деп есептеймін...”
Дария қарияңыз осылайша сыр шертеді. Оңтүстік Қазақстан облысында екі жылдан бермен қарата тұп-тура әз Наурыз мейрамы күнінде “Ырыс алды – ынтымақ” атты айрықшалау басқосу ұйымдастырылып жүр. Әуелгісі түркі дүниесінің текті төрі, қара шаңырағы, рухани алтын бесігі Түркістанда өткен. Ұғар құлаққа ұғынарлықтай, жұғар жүрекке жұғынарлықтай, саналарға сапа сіңірерліктей сөздер айтылған. Ой-пікірлер ортаға салынған. Бірлік пен ынтымақтың, татулықтың жемістері де, орын алып жүрген олқылықтар мен кесапатты кеселдер де сарапталған. Ауру-сырқаулардан арылмақтың амалдары сараланған. Екінші жиын биылғы Наурыз мерекесі күні адамзаттың алтын бесігі, Нұх пайғамбардың кемесі тоқтап, кемел көкжиектерге көз тігілген қасиетті Қазығұрт тауының баурайында болған. Биылғы басқосу негізінен жастар тәрбиесіне арналған. “Жастардың өмір сүру үдеріс-үрдістеріне тегеурінді рухани мағына беру керектігі” сынды қазақ БАҚ-тарында көтеріліп, зиялылар қаттырақ алаңдап жүрген жағдаяттарға нақты-нақты назар аударылған. Осынау екі жиыннан кейін де біраз-біраз абыз ақсақалдар айрықшалау белсенділік танытқан. Ел ішіне шыққан. Жер-жерді аралаған. “Ырыс алды – ынтымақ” басқосуларының мақсат-мұратын ұғындырмаққа, тереңірек түсіндірмекке атсалысқан. Солардың бірі – біздің Боранбек көкеміз.
Жасыратыны жоқ, ақсақалдарға аздап-аздап өткір-өткір сындар да сілтенетіні рас. Талай-талай тұстарда тәлім көрсетіп, тәрбие танытудың орнына ақсақалдықтың аяғын ақсатып алатын ағаларымыз да аз емес-ау. Әсіресе, әкімдерді орынды-орынсыз мақтап, жарты сағаттан астам уақыт бойына “жырлап”, жұртты мезілендіретін көкелеріміз де жоқ емес. Осы мәселені мәністей келе, алдымызда ойланып отырған Боранбек Шүкірбековке сауал тастағанбыз. “Жаңағы өзің мысалға алған Қожаберген жырау: “Тұлпарларың жарысар; Баптауы келген күйімен. Іс тетігі табылар; Ерлердің дилы миымен” деген ғой, айналайын. Іскер, іздемпаз, халық үшін тынымсыз тірлік жасайтын әкімдерді мақтау, көтермелеу жөн емес дегеннің өзі жөн емес. Көтермелеу керек. Қолдау керек. Нұрын тасыту керек. Мәселе әлгі әкімнің мақтауды қалай қабылдауында. Көтермелеп, қолдауға лайықтылығында. Парасат-пайым биіктігінде. Кейбір әкімдер тірлігі, іскерлігі, ұмтылысы лайықты болмаса да, тайыздығы баршаға белгілі бола тұрса да, мақтағанды, мадақтағанды ерекше қалап тұрады. Мақтамағандар, жағымпазданбағандар бәлеге қалады. Ол – жаман мінез, жат қылық. Жалпы, біздің қазақта Абай айтқан күншілдік, міншілдік, іштарлық, бақастық бар ғой. Жоғары қызметтерді былай қойғанда, бригадирліктің айнала-төңірегінде де бақастық, күншілдік кездесетінін көп байқадық қой. Неге ол бригадир болады? Неліктен мен болмаймын? Ол кім еді соншалықты?! Дегендей. Бәрібір, біздің халқымыз – кең халық. Ұлтымыз – ұлағатты ұлт. Бақ қонған, қыдыр дарыған Қазақстанбыз. Президентіміз парасат биігінде. Күллі дүние жүзі қызығады. Бақыттымыз, айналайын. Ақсақалдар да бірте-бірте заманға сайланып, сәйкестеніп бағуда. Кейбір-кейбір кемшіліктерімізді түзетіп, кеселдерімізден арыла білсек, ел келешегі кемелдене берер”.
“Ер айтса – ел айтқаны; Елдің қамын жеп айтқаны”, демей ме Қожаберген жырауыңыз.
Біз жұлдызы жарқыраған, жарқын жүзді Боранбек көкемізге қызыға қараймыз.
Ол кісі батыр тұлғасы биіктеп, байсалды адымдап кетіп барады.
Мархабат БАЙҒҰТ, Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суретте: Боранбек ШҮКІРБЕКОВ.