...Тып-тыныш жатқан бұл ауыл бір жетінің ішінде бөрі тигендей, абыр-сабыр болып, бүлініп ала жөнелді. Гу-гу әңгіме. Екі қатынның басы қосылса, айтатыны өсек. Өсек болғанда – ана Тоңбайдың тәртіпсіз қызы мен Абыздың жетесіз ұлының ерсі әрекеті.
Бір қатын айтады:
– Ойпырмай, осы Тоңбайдың сылқым қызының не пәлесі бар екен, соған ауылдың бар баласының аузынан суы ағып, ынтығады да тұрады.
Екінші қатын:
– Әй, қойшы! Сол сайқалды да сөз қылып! Ол өзі бір жыл үлкен қалаға барып оқып келген жоқ па! Естуімше, сол жақта-ақ нетіп...
Үшінші қатын:
– Көтек! – дейді. – Сонда ол қыздың баяғыда-ақ беті ашылған ба?
Төртінші қатын:
– Қойыңдар өсекті! Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз ғой. Өсектің бәрі шындық емес. Қайтесіңдер сыртынан ғайбат сөз айтып...
Ауылдағы өсек сөзге өзек болған қыз тағдыры расында да әлі күнге құпия еді. Томпыштың орта мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматыға оқуға кеткені де рас. Оқуға түсіпті деп қуанышты хабардың жеткені де жалған емес. Тіпті оны айтасыз, қыз бір жыл бойы қалада тұрып, оқу оқып, үйіне хат жазып тұрғанын да көп жұрт жақсы білетін-ді. Алайда қыздың сол бақытты тағдыры бір жылға жетер-жетпесте күрт үзіліп, елге оралғаны да өтірік емес болатын.
Ең қызығы – бұрын ашық-жарқын мінезімен ауылды таң қалдыратын қыз оқудан оралған соң мүлде өзгеріп кетті. Үйден көп шыға бермейді, ал шыға қалса, тезірек қайтуға тырысады. Оның бойындағы осындай өзгерісті, бірақ, басқалар түсінуге ұмтылған жоқ, “әй, оқуды алып жүре алмағанына ұялған түрі болар” десіп, қызға әрі аяушылық, әрі кекесін пішінмен қараушылар қатары көбірек еді. Томпыш қыздың ауылға келгелі бері жақын кездесіп, сөйлескен кісісі – тек ана Жасан болатын, бірақ онымен де көп жүздесе бермейтін.
Іштегі құпия сырды бір білсе, сол Жасан ғана білуі тиіс. Ал, ол білмесе, онда бар құпия бір өзіне ғана аян.
Ауылды дүр сілкінткен сол оқиғадан бір күн бұрын Жасан мен Томпыш кездесіпті деседі. Оны алыстан болса да көргендер бар екен. Ал, ертеңіне Жасан ауылдан біржола тайып тұрды да, қыз өз-өзіне қол жұмсамақ болды.
Көп қатындардың көңіліне сұрақ болып жабысқан жұмбақ сыр осы болатын.
***
Жез құманын ұстап, дәрет алып келе жатқан беті еді, үй сыртынан екі шалдың қарасы көрінді. Абыз үйге кірмей, сәл аялдап, ана екеуін күтті.
– Ау, бұл қайсың? – деп дауыстап та қойды.
– Бұл біз едік, – деп алдымен Шонақ бой көрсетті, артындағысы – Көккөз қожа.
– Иә, қайдан келесіңдер? – Үйге қарай жүре сөйледі. – Жайшылық па?
Үйдің табалдырығын аттай бере, оң жақтағы ұзынша көрпешеге тізе бүкті. Ана екеуі де жүрелеп отырды.
Көккөз сөз бастады.
– Қайдан жай болсын!
– Е, немене? Тағы да бірдеңе болып қалды ма?
– Іс насырға шауып бара жатыр-ау, Абызеке, – деп Көккөз сөзді әріден бастап келе жатыр еді, Шонақ жұлып алғандай:
– Осы Тоңбайдың желке жалы күдірейіп барады екен, – деді. – Ол тіпті сіздің өзіңізге айбат шегіп...
– Сен тоқтай тұршы, – деп Көккөз оны бөле беріп еді, Шонақ:
– Тоқтамаймын, қайтесің, – деді. – Айтсам, өтірік сөйлеп отырғам жоқ қой. Барды бар деу керек.
Абыз аз ғана езу тартты.
– Ал, осы Шонақ сөйлесінші. Бұ шіркін ана Қаңбақтан да өткен шыдамсыз екен-ау.
– Қаңбақ кім! – деп Шонақ сарт еткізді. – Мені онымен теңестірмеңіз.
– Ойбай, қойдым! Айта бер.
– Айтсам – ана Тоңбайдың беті қатты. Тек көшемін дейді. Тіпті ана сорлы қызының аяғы ауыр екенін айтсақ та беті бері бұрылар түгі жоқ. “Көп болса, алдырып тастармыз” дейді беті былш етпей.
– Оны да айтып қойдыңдар ма! – деп Абыз қынжылып қалды. – Дәл осы әңгімені әзірге іште сақтай тұруға болатын еді ғой. Әй, әттеген-ай!
Көккөз қожа қипақтап:
– Мен оны айтқан жоқ едім, мына Шонақ... – деп мүдірді. – Осы-ақ бүлдіреді де жүреді.
– Бүлінген түк те жоқ, – деді Шонақ. – Қайта білгені дұрыс болды. Қыз оныкі болса, іштегі бала біздікі. Енді өзі де ойланады.
– Ойланса жақсы-ау! – Абыз ауыр дем алды. – Оны бес саусақтай білем ғой. Ол қара қырсықтың тап өзі. Ал, бірақ... Бірақ, қыздың ішіндегі шарананың еш кінәсі жоқ. Оны алдырып тастаса, елдігімізге сын болады.
Бәрі бір мезет үнсіз қалды. Бөлмеде жалғыз шыбын дызылдап ұшып жүр. Тыныш сәтті тек соның ызыңы бұзып тұр. Көккөз де өз ойымен, Абыз да өз ойымен. Кенет бірдеңе шарт ете қалды. Екеуі де басын көтерген. Шонақ әлгі жалғыз шыбынды алақанымен қағып алып, өлтіріп жатыр екен.
– Сенің мұндай да өнерің бар екен-ау, мұны біз білмеппіз-ау! – деп Абыз еріксіз жымиды.
***
Хасанхан жақындай бергенде үш жігіт күбірлесіп-таласып жатқан әңгімесін сап тия қойды. Бәрі де осы ауылдың жігіттері, бәрін де Хасанхан жақсы таниды. Бірімен құрдас, екіншісінен бірер жас кіші – бірақ аралас-құралас жүретін ауылдың серілері осылар.
– Бүгін күн түнерді де тұрды, әй дәуде болса түнде қар жауар, – деп, бұйрабас Бексейіт тосындау сөз бастады.
– Көрші ауылда екі шал керісіп, бір-біріне айыр тығып ала жаздапты, –деп қиық мұрт Құрманбек тіпті бөтен әңгіменің шетін шығарды.
Олардың жасырған бір сыры бар екенін Хасанхан байқап та қойған. Сосын да сөздерін бөліп:
– Қысылмай-ақ қойыңдар, мен келгенше не туралы айтып жатқандарыңды білемін, – деді.
Екі жігіт желкесін қасыды. Бұйрабас Бексейіт:
– Білсең сол! Ана Томпыш ақыры ауыл ішіне бүлік салды, – деді. – Баяғыда-ақ елден қуып жіберу керек еді.
– Ағамның тап сол жеңілтек қыздың қармағына ілініп қалғанына таңмын, – деп Хасанхан іштегі ойын жасырмады. – Оның не сиқыры бар, а?
– Не сиқыры болсын, жұрттан асып бара жатқан түгі де жоқ, – деді қиық мұрт Құрманбек. – Тек еркек көрсе санын жалтыратып, бөксесін бұлғақтатып, делебе қоздырады демесең...
– Өзім де солай ойлап ем! – деп Хасанхан күйініп кетті. – Әй, ағатайым-ай!
– Ау, айтпақшы Жасан неге Алматыға кетіп қалған? – деп сұрады Бексейіт. – Ол неден қорқып жүр? Керек болса – біз бармыз. Айтамыз айтар сөзімізді...
– Е, айтарсың! – деп қиық мұрт мысқылдай үн қатты. – Санын жалтыратты, бөксесін бұлғаңдатты дегеннен басқа не білесің! Ол сылтау емес. Оған кім қолдау көрсете қояды.
– Әкесі анау, – деді үшінші жігіт. – Қызым күнәсіз еді, арын төкті, масқара қылды деп өзеурейді дейді. Ол ешкімді де бет қаратпайтыны шындық. Қалай десеңдер де Жасан құрылған тұзаққа өзі барып түсіп отыр. Өзінен де бар...
Бұйра бас Бексейіт оның сөзін бөлді.
– Әй, осы, – деді ол. – біз неге махаббат, сүйіспеншілік дегенді ұмыта береміз, а! Мен сендердің бәріңнен де Жасанды жақсы білем. Екеуміз бірге оқыдық, бірге жүрдік. Жасан достыққа қандай берік болса, махаббатқа да сондай адал.
– Сонда не демексің? – деп Құрманбек оның ойын қостағысы келмегенін аңғарта бастап еді, Бексейіт сөз арнасын әрі қарай жалғай түсті.
– Жасан Томпышты мектепте жүрген кезде-ақ ұнатты, – деді. – Бірақ Томпыш оны әлде түсінді, әлде түсінбеді – әйтеуір аралары тым жақындап кете алған жоқ. Мектепті бітіріп, Томпыш Алматыға оқуға аттанып бара жатқанда ауданға жасырынып барып, поезға шығарып салған – жалғыз Жасан еді.
– Ойпырмай, ерлеген-ақ екен, – деп бір жігіт мұқата тіл қатты.
– Сен олай деме, –деді оған Бексейіт. – Мазақ ету оңай, ал жігіттің сол кездегі жан сезімін кім түсіне алады?
– Шын сүйеді екен, онда неге Жасан да Алматыға оқуға аттанбады? – деп сұрады Құрманбектің жанында отырған қыли көз жігіт. Сол-ақ екен, Құрманбек оның желкесінен бір-ақ түйді.
– Ой, жетесіз неме! – деді сосын. – Соны да білмейсің бе? Алматыға оқуға бару үшін қыруар қаржы керек қой. Елдің бәрі Тоңбай секілді дүниелі деп пе ең!
– Сенсеңдер де, сенбесеңдер де бар шындық осы, – деді Бексейіт. – Мен Жасанды еш кінәлағым келмейді. Не жағдай болса да, бар пәле – осы Томпыш қызда...
– Ол неге оқудан шығып қалды екен, а? – деп қыли көз жігіт тағы бір әңгіменің шетін шығарып қойды.
– Е, оқи алмаған да, – деді Құрманбек. Алматыдағы жоғары оқу орнында оқу оп-оңай деп пе едіңдер. Томпыштың да талант-қабілеті бізге белгілі ғой.
– Олай емес, мұнда бір сыр бар, – деп бұйрабас Бексейіт ойлана сөйлейді. – Оқи алмағандығынан ба, жоқ әлде басқа себеп бар ма? Оны біз әлі білмейміз ғой. Ал, Жасан екеуінің арасындағы дау-дамай да осыдан өрбіген болса ше!
Оның сөзінен соң қатар отырған бозбалалардың бәрі де іштен тынып, бір сәт үнсіз күйде отырып қалған еді. Осы кезде Хасанхан орнынан көтерілді.
– Ойларыңды білдім, – деді Хасанхан. – Тек енді жалғыз өтінішім бар. Осы әңгімені гулете бермей, іште сақтай тұрыңдаршы. Ауыл ақсақалдары бір шешімін айтып та қалар...
***
Қасқабас сиырды ауылдың қыр желкесіне ұзата айдап сап, төбеге көтерілген соң ауылға қарай бұрылып, екі-үш аттады да, Абыз қарт қалт тұра қалды. Кішкентай ауыл тап қазір алақанында тұр. Ана үй де, мына үй де, арғы үй де – бәрі таныс. Бәрі ағайын. Анау ұзын ақ терек – ол Көккөз қожаның есігінің алдында өсіп тұр. Ал, әнебір жиде ағашы – Шонақтың қорасында. Мына тұстағы бір топ шеңгел – ол Қаңбақтың қорасына іргелес өскен. Әнебір тұстағы жол жиегіне салынған тоқал там – осы ауылдың адамдарының асарлауымен бой көтерген еді. Онда жалғызілікті кемпір тұрады. А, айтпақшы жалғызілікті кемпір тек ол ғана емес, сол көшеде үш үй бар. Үшеуі бір-біріне жапсарлас. Көшені ауылдағылар – үш жесірдің көшесі деп атап кеткелі қаш-шан. Бірінің күйеуі баяғыда-а Отан соғысына аттанып кетіп, содан қайтып оралмады. Ал, екіншісінің еркегі әнебір жылы Ауған соғысына кетті де, содан хабар болмады. Үшіншісінің отағасы Алматыда болған желтоқсан көтерілісінде таяқтан қаза тапты.
Сол үш жесір – Бұйраш, Ираш, Сайраш оқта-текте оңаша бас қосып, ауылды басына көтере ән де салатын. Олардың бұл қылығына ешкім қарсы келіп “әй, бұларың не” демейтін. Іштегі ащы жалынды олар солай сыртқа шығаратын. Ираш пен Сайраштың бірінде қыз, бірінде ұл бар, басқа жақта жүрсе де соны көңілдеріне медеу ететін. Ал, ана Бұйраш болса қарақан басы сопайып жалғыз қалды. Кешегі дейін тұрып жатқан ескі үй өткен жылғы қатты жауында опырылып құлап, далада қала жаздады. Соны көрген көрші-қолаң дереу асар жасап, ана тоқал тамды бір ай ішінде тұрғызып берген-ді.
Асарға әуелгі мұрындық болған –осы Абыздың өзі болатын. Бұйрашқа осы күнге дейін бүйрегі бұратындай себебі де жоқ емес.
Ең таң қаларлығы – бұл үш жесірдің жас мөлшері әрқалай бола тұра, бірден табысып, мұңдас та, сырлас та болып кеткен жайы бар. Әйтпесе, ең соңғысы небәрі қырықтан жаңа асқан жағдайы бар. Бірақ, қайсыбір отырыстарда да бұлар бірінің сөзін бірі тоса сөйлеп, әдемі үйлестік пен түсіністік байқатып та қоятын. Үш жесірді қандай нәрсе табыстырып, әсіресе араларына туыс көңіл туғызған жайтты бұл ауылда біреу білсе, біреу біле бермейді.
Жасы кішілеу қос жесір жайы жұмбақтау, ал бірақ ана Бұйраштың жан-дүниесін бір кісідей-ақ танып-білген жағдайы бар. Ол өзі жастау күнінде өте көрікті болды. Содан да болар, тұрмысқа да ерте шықты. Күйеуге тиген кезінде жасы он алтыдан енді ғана асқан екен. Бірақ отбасылық бақыт ұзаққа созылған жоқ. Сүйген жарын алты айдан соң соғысқа алып кетті. Бұйраш бұған да мойыған жоқ, ауыл қатындарымен бірге тізе қоса еңбек етіп, қайрат көрсетті. Тіпті сол жылдары көңілі пәсең түскен әйелдерді қанаттандырып, ән салып, жігерге шақырған да осы Бұйраш болатын. Соғысқа алынбай, елде қалған Абыз қолында қанша күші болса да, көңілі жарым қатын-қалашқа қоқан-лоққы көрсетіп еш қиянат жасамады. Ешбірінің жүрегін жараламауға тырысып бақты. Ел ішінде күйеуге шықпаған қыздар да жетерлік еді, сөйте тұра осы Бұйраш оның есін алып болды. “Әттең, менің жарым болса ғой” деп оңашада армандап та қоятын.
Сөйтіп жүргенде, бір күні майданнан “қара қағаз” келді, Бұйраштың күйеуі жаумен шайқаста ерлікпен қаза тауыпты.
Бұйраш зар еңіреді, қара жерді төмпештеп ұзақ-қ жылады. Бірақ, өмірдің аты – өмір. Ертеңіне жұмысқа шығуы керек.
Жұмыс үстінде жүрген Бұйрашты бір күні Абыз оңашалап сөзге тартты. “Енді не істейсің” деді. Бұйраш ішін көрсетті. “Күйеуімнен бала қалды, соны өсіремін” деді. Абыз әрі қарай ештеңе дей алмады.
Ол өз сөзінде тұрды. Ұл туды. Оны мәпелеп өсірді де. Алайда, ол бала он жастан асқанда, кенет ауруға шалдығып шетінеп кетті.
Кенет күншығыс жақтан суық жел көтерілді. Ол әп-сәтте Абыздың қойны-қонышына сумаңдап еніп барады.
Шал жел үніне құлақ төседі. Сумақай жел енді байқаса, ысқырып, әлдебір әнді салғысы келетіндей, жұлқынып-жұлқынып қояды. Ышқыну бірде асып түсіп, бірде үзіліп кетеді. Үзілген сәтте жел біржола саябыр тапқан болар деп ойлайсың. Осымен басылып, енді қайтып жел даусы естілмейтіндей болар деп іштей ойлап тұрғаныңда кенет қайтадан уіл басталады, сол уіл күшейіп барып, гүрілге ұласады да, бар денеңді тітіркендіріп ала жөнеледі. Сол сәтте бойыңды жиып ала қойып, суық желге қарсы қайрат жасап, саған қайтсем де берілмеймін деген қайсар сезімге ерік бергеніңді де байқамайсың.
Жел бәрібір тоқтамайды да толастамайды. Осынау кең жазиралы даланы мен шарлап, мен ойнақ салмағанда кім араламақ дегендей, одан бетер уілдей түсіп, айналаны өзгеше ысқырық жауып кете барады.
Абыз неге екені белгісіз, осы бір сәтте бойының тоңазығанын ғана емес, сонымен бірге жан сарайындағы әлдебір суық ызғарды да сезініп тұрғандай еді... Ана жолғы Ақбас сәуегейдің айтқан сөзі есіне түсе береді. Періштелер аян беріп, осы жолы ел ішінің дау-дамайы көбейіп, бірлігі шайқалады демеп пе еді. Сол шынымен-ақ расқа айналып кетпесе болғаны да. Ойланып тұрып, көз ұшындағы кісіні байқады. Ауыл жақтан жүгіріп келе жатқан кенже ұлы Хасанханды көріп тұр.
“Ол неге сонша екі өкпесін қолына алып жүгіріп келеді! Жайшылық болса жарар еді-ау!”
– Әке! Әке деймін!
– Иә, балам! Не болды саған?
– Әке, Жасаннан хабар бар.
Абыз елең ете түсті.
– Қайда? Табылды ма? Келді ме? – деп апыл-ғұпыл сұрап жатыр.
– Жоқ, келген жоқ. Бірақ хабар бар.
– Ол қандай хабар?
– Алматыдан қайтқан бір кісіден хат беріп жіберіпті.
– Ол хат қайда?
– Міне, менде.
– Ал, оқы.
– Жел ғой, әке! Қазір қалай оқимын.
– Онда не жазғанын қысқаша айта ғой.
– Жасанның жазуы бойынша, ана Томпыш қыз бұған “сүйем” деп сүйкеніпті. Қаланы да сен үшін тастап келдім, ондағы жігіттер сенің тырнағыңа да татымайды депті. Өзім оның сөзіне сенген жоқпын дейді. Ең соңында “аяғым ауыр” деп қиғылық салған соң, қалаға қашуға мәжбүр болдым. Әкеме айтыңдар, “мені кешірсін” деп жазыпты.
Абыз бұл сөздерге онша қанағаттанған жоқ.
– Ай, сонда өзі қайда? Елге келем демей ме!
–Жоқ, әке! Енді елге қайтпаймын депті. Осы қаладан жұмыс таптым, өз күнімді өзім көрем деп жазыпты.
– Ой, ақымақ! Қыздан қорқып, жер түбіне зытып отырғаны несі әй! –деп Абыз қабағын түйе түсті де: – Ал, сен енді былай деп жауап жаз, – деді. – Былай де.
– Әке!
– Е, не болды?
– Хатты жазамыз-ау, бірақ қайда жібереміз?
– Қайда болушы еді, Алматыға.
– Алматы үлкен ғой.
– Ә, солай ме еді. О, шіркін, қайда тұрып жатқанын көрсетпеп пе?
– Жоқ. Оны жазбаған.
Шал үлкен тастың үстіне отыра кетті. Хасанхан да тізе бүкті.
– Дегенмен, – деді Абыз шал. – Ана шарана расымен біздікі екен ғой. Оған өзіміз ие болуымыз керек.
– Оны қайдан білесіз! – деп Хасанхан шыр-пыр болды. – Томпыштың жеңіл мінезділеу қыз екенін осы ауылдың бар жігіттері біледі.
– Ай, ақымақ! Жаңа өзің айтпадың ба! Жазып жіберіпті ғой ана жетесіз ағаң, ол менен екіқабат болып қалған соң тайып отырдым деп...
– Оның Жасанның баласы екенін әлі дәлелдеу керек.
–Ой, төбеңді көрмегір! – деп кіжінді Абыз. – Сендер кім боп барасыңдар осы! Ішке шарана бітсе болды, оны кімдікі деп дау шығару – өте әбес іс қой. Көргенсіздік қой. Қыз соншалық ақымақ емес болар. Адамның баласы неше жерден айуан боп кетсе де...
Сосын орнынан тұрды. Шығыс жаққа тағы да көз салды. Сумақай жел енді ішін тартып қалыпты. Бұның да ішкі сарайындағы аласапыран сезім кішкене тесейіл тапқандай.
Алысқа көз салып тұрып, әлдебір ойдың жетегіне ере түсті.
“Шіркін-ай, баяғыда-да... ана ақылы да, көркі де өзіне сай, ақ пен қараны ажырата алатын, текті жердің қызы Бұйрашты қатын еткенімде ғой. Мүмкін, бүгін ұрпағым дәл мұндай болып, бытырап, бықсып, әр адым сайын сыр беріп жатпас па еді! Осы Айбикені соншалық сүйе алдым ба, ұната алдым ба! Әй, заман-ай, жақсы ұрпақтың жақсы ниеттен, таза жүректен һәм шынайы жаралатыны рас болғаны ғой...”
Сосын өз ойынан өзі селк етіп, біреу сезіп қалмады ма дегендей, қипақтай бастады.
Абыз баласына қарап тұрып:
– Ертең ауылдағы ақсақалдарды жиып, келелі кеңес өткізу керек, – деді.
– Сонда не туралы әңгіме болады, әке? – деп Хасанхан сұрақ беріп еді, оған жауап қатпады. Таяғын беліне көлденең ұстады да, ауылға қарай аяңдай берді.
Баласы тап қазір кәрі әкесіне әзер-әзер ілесіп, бірде жетіп, енді бірде қалып қойып отырды.
***
– Ал, сөйле!
Елдің бәрінің назары Тоңбайға ауды. Тоңбай қипақтап, оң жағына бір, сол жағына бір қарағыштап:
– Мен неге сөйлеймін? – деді. – Менің айтарымды осы отырған ақсақал-қарасақал түгел біледі. Жақ ауыртар жағдайым жоқ.
– Онда кім сөйлейді?
– Мен бастайын, – деді Шонақ.
– Ал, құлағымыз сенде.
Шонақ қақырынды, жөтелді, үсті-басын қаққыштады.
– Ау, енді қашан? – деп жанындағы бір шал нұқып қалып еді, алара қарап:
– Сөйлегіш болсаң, өзің неге бастамайсың, – деді. – Көпшілік ішінде сөз бастау оңай деп пе ең!
Сосын тағы да жөткірінді де:
– Бұл өзі ауылымызға үлкен сын болды, – деді. – Мұндай қылық біздің балаларымыздан шыға қояр деп кім ойлаған. Абызекең бір жетіден бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Сенген ұлы жерге қаратты. Соған қатты налып жүр. Ал, бірақ әкені баласына бола балағаттап, жүрегіне ауыр тиетін сөз айту, ағайын, өте дұрыс емес. Тонтекеңдікі де жан ашуы. Көшем деп қиғылық салуы – елге еркелеуі...
Төмен қарап, ернін тістеп отырған Тоңбай басын көтеріп:
– Сандалма, Шонақ, – деді. – Көшем дегенім өз көңілімнің шешімі. Ал, бала жағдайына келсек, Абыздың апта бойы азап шегуі менің қасымда түк те емес. Қызының абыройы төгілген үйде қандай береке болады, а? Ішкенім – ірің, жегенім – желім...
Көккөз қожа сөзге араласты.
– Олай деме, Тонтеке, – деді. – Олай сөйлегенің жөн болмайды. Қыз да бір, ұл да бір. Сен қызымның абыройы төгілді дейсің. Ал, сонда Абызекеңнің баласының атына кір келмей отыр ма? Абызекең баланы осындай абыройсыздыққа душар болсын деп өсірді ме?
– Онда шаруам жоқ, – деді Тоңбай. – Менің білетінім – қызымның абыройы. Сол үшін де мен ештеңеден тайынбаймын.
Қарап отырмай, Қаңбақ шал да сөзге қыстырыла кетті.
– Әй, Тоңбай, – деді ол. – Сен осы қызыңды үлде мен бүлдеге орап өсіргендей сөйлейсің. Сенің үйіңнің тәрбиесі де бізге белгілі. Тым асқақтай берме!
Тоңбай орнынан ұшып түрегелді.
– Менің отбасымның тәрбиесінде шаруаң болмасын. Сен әуелі өз басыңа май жағып ал. Анада үлкен ұлың асылып өлгенде...
– Тоқтатыңдар! – деп қатты дауыстап жіберді Абыз. – Қоясыңдар ма, жоқ па! Бұл қай жиын? Не айтып, не даулап, нені дәлелдеп отырмыз, ағайын?
Бәрі үндемей, тым-тырыс бола қалды. Абыз сәл іркіліп барып, қайта сөз жалғады.
– Бүгінгі бас қосуда билік сөз айтар еш ретім жоқ. Өздерің сөйлеп, өздерің шешім қабылдаса деп ем. Тарыдай бытырап, миядай майдаланып бара жатқандарыңа қынжылып отырмын. Бала – бауыр ет! Ол қыз ба, ұл ма – бәрібір. Тоңбайдың жан жарасын түсінбей, тіпті түсінгілерің де келмей, бас салып кінә артқыларың келеді. Ол көшем десе, онысы жан ашуы. Көшпе дей салу оңай, ал неге көшпеуі керек. Соны бірің жүйелеп айтып, көзін жеткізіп көріңдерші. Ал, қане, қайсың барсың?
Көпке қарап, аз-кем дамылдады.
– Айтар уәж жоқ. Тоқтамды сөз жоқ. Ал, Тоңбай сосын да іштей тынып, буынып-түйініп отыр. Онысы орынды. Осындай күйге түссеңдер, қай-қайсың да солай етесіңдер. Соны неге сезінгілерің келмейді! – Енді Тоңбайға бұрыла сөйледі. – Уа, Тонтеке! Ел ішін бүлдірген алатайдай болып, біздің ұл мен сіздің қыз әбес әрекетке барыпты. Амал нешік! Болар іс болды. Енді содан ақылды шешім шығара алмасақ, біздің де майдалана бастағанымыз. Көп алдында айтайын, әуелде ана ақымақ Жасанды ұстап әкеліп, өз қолыңа бермекші болдым. Жазасын өзің айт демекші ем. Ол болмады. Бала Алматыға қашып кетіпті. Сонда сіңіп, із-түзсіз жоғалды. Күні кеше әлдекімнен тілдей хат беріп жіберіпті. Тірі екенін содан білдік. “Мен енді елге оралмаймын” депті. Оралмаса қайтеміз! Маған да ел ішіне бүлік салып кеткен ондай ұл енді керек емес...
Отырғандар қозғалып қойды. Абыз аз-кем тыныстады.
– Ал, ендігі шешімім мынау: Тонтеке, сен қарсы болмасаң, мен болашақ сәбиге ата болуға бел байладым. Қызымды еш кінәламаймын. Бұдан былайғы бар ауыртпалығын өз мойныммен көтерем.
Топ арасынан бір шал дауыстады:
– Оу, Абызеке, бұ не дегеніңіз? Осы уәж сізге лайық па?
– Шарананың жазығы бар ма! Ол жетім болып өспеуі керек. Бұл – шешілген мәселе, – деп Абыз дес бермеді.
– Сіз шешсеңіз де, біз әлі келісім берген жоқпыз ғой, – деп Тоңбай сөзге араласты. – Қызым ел-жұртқа мазақ болғаны өз алдына, енді сіздің ақымақ балаңыздың баласын азаппен, ішкі жан арпалысымен алысып жүріп жетілдіруі керек екен ғой. Мен де бір шешімге келіп қойғам. Ол сәбиді ертең-ақ алдырып тастаймыз. Ол дәрігердің қолынан келеді.
Отырғандар бір дауыспен “астафыралла” деп жаға ұстасты.
– Сен өзің жүрегі тас, қаныпезер жан екенсің ғой, – деп Қаңбақ шаңқ етті.
Тоңбай ернін жымқыра тістеп, жауабын да тістеніп айтты.
– Не десеңдер, о деңдер. Өз шешімім осы.
Көккөз қожа сөзге араласты.
– Ау, ағайын! Біз Абызекеңді жол-жөнекей бөліп, сөзін түгел тыңдамадық қой. Мұнымыз қалай?
– Иә, аяғына дейін тыңдайық!
– Сөзді бөле бермейік! – десті көпшілік.
Абыз қайта сөз жалғады.
– Қалай десең де, Тонтеке, ол бала енді екі жаққа ортақ, – деді. – Сосын да бала тағдырына тек бір өзің емес, біз де жауаптымыз. Бұны да ойлап қойыңыз. Екіншіден, Томпыш қыз енді біздің үйге келін болады. Бала Қытай асып кетсе де, тіреу болар һәм ие болар қара шаңырақ орнында. Оның төбесі опырылып ортасына түскен жоқ. Демек, жас ананың болашақ тағдырына да сіз бен біз ортақтаса аламыз. Және ең соңғысы – сіз бұл елден қайтсем де көшем деп өзеуреп отырсыз. Жөн-ақ. Кім қайда барады, қайда тұрады – ол енді патша көңілдің шаруасы. Анық көшуге бел байласаңыз, біз бүкіл ел болып құрметтеп шығарып салуға әзірміз. Тек келінді қалдырып кетесіз.
– Ол болмайды. Қызымды қалдырғанша, осы жерде өліп кеткенім артық, – деп Тоңбай зар иледі. – Одан да әуелі мені өлтіріңдер...
Бірақ көпшілік Абыз шалдың сөзін құп көрді. Бәрі сол шешімге бас шұлғыды. Тоңбай шыж-быж болып, көпке дейін өзіне-өзі келе алған жоқ...
Осы кезде ғана төмен салбырап кеткен мойнын жоғары көтерген Ақбас сәуегей:
– Уһ! – деді. – Қатты қорқып едім, – деді.
– Е, неге?
– Неден қорықтыңыз? – деп шалдар жапырыла соған бұрылды.
– Көп күннен бері аруақтар маза беруді қойып еді, – деді Ақбас. – Күндіз бір ой маза бермесе, түнгі ұйқыда екі-үш ой қабаттаса мазалап жүрді. “Әй, осы ауылымыздың бірлігі шілдің боғындай шашырап, өзгелерге күлкі боламыз-ау” деуші ем! Бекер-ақ күдіктеніппін. Арқа сүйер бәйтерегіміз әлі де құламапты. Ол өз орнында екен, ағайын!..
– Е, бұл Абызекеңді айтып отыр, – деп Қаңбақ елп ете түсіп еді, оны мазақ ете сөйлеп:
– Ойпырмай, оны сен қалай біле қалдың? – деді Шонақ.
– Құдайға шүкір, – деді Қаңбақ. – Қартайсақ та әзір алжи қойған жоқпыз. Ақты ақ, қараны қара деп білеміз.
– Мақтан! Жарыл! – деп Шонақ сылқ-сылқ күлді.
Бір қырындап отырған Көккөз қожа езуіндегі мысқылды жасыра алмай, сыбырлап қана:
– Қисыққа қыңыр күліпті, – деп тілінің ұшымен айтты. Оны өзінен өзге ешкім де ести алмады.
Дәл сол мезетте Тоңбайдың жанына жақын отырған топ шу-у ете түсті.
Тоңбай есінен танып бара жатыр екен...
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ.