• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
18 Қараша, 2010

Қыз тілегі – қастерлі

1021 рет
көрсетілді

Елбасы қасиетті Құрбан айттың алғашқы күніндегі Алматыдағы жұмыс сапары барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне келді. Мемлекет басшысының аталған жоғары оқу орнының Студенттер үйіне арнайы жолы түсіп жатса, оның да өз жөні бар. Бұрымды қыздар тұратын, болашақта мұғалім, келешекте ана болар арулардың жатақханасы әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде іргетасы қаланып, өткен жылы студенттердің игілігіне берілген болатын. Қандай да қиындықтарға қара­мас­тан, құрылысы сәтті аяқталған Студенттер үйі бүгінде мұнтаздай болып көз тартады. Ішінде қыз бала­ның жанына керектінің бәрі бар жатақхананы дер кезінде салдыруға тікелей пәрмен берген Президентке студенттер бүгінде дән риза. Аққудың көгілдіріндей болып киініп, бұрымдарына шолпы та­ғын­ған үздік оқитын өнерлі сту­дент­тер ұстаздарымен бірге Елба­сы­на өз ауыздарымен алғыс айта­тын сәтті тағатсыздана, толқи күтіп жүрсе, бұл – әсіре айтыла салған сөз емес. Елбасының қасиетті Құрбан айт күні оқу орындарына жолы түсіп отырғанын да универ­си­теттің студенттері мен профес­сор-оқытушылар құрамы жақсы ырымға балап, жетістіктерін көр­сетуге дайындалып жатты. Мемлекет басшысын кешегі әйгілі “ЖенПИ-дің” бүгінгі жаста­ры осылайша қуана қарсы алды. Алдымен университет ректоры Шәмша Беркімбаева Президентке Студенттер үйінің ауласында қой­ыл­ған университет бүкіл өмірінен хабар беретін тақталармен та­ныстырып өтті. Одан кейін Елбасы Студенттер үйін аралап, әдемі­ліктің, жастықтың “ауылымен” та­нысты. “Қыздың жиған жүгіндей” деген сөз осындайда айтылатын болса керек. Бейнелеу өнері фа­куль­тетінде оқитын қыздарымыз­дың бөлмелері тіпті тамаша. Келесі бөлмеде Мемлекет басшысына Студенттер үйінің салынуына алғыс айтып, Президенттен хат алған Нұргүл Қайдауылова отыр еді. Ол өз бөлмесіне Мемлекет басшысы бас сұғады деп ойлады ма екен?! Осыдан кейін Елбасы 2-ші қа­батта орналасқан мультимедиялық кабинетте, одан сервис және сту­денттер бөлмесінде болды. Сонда тұрып жатқан студент жастардың өмірімен танысып, әңгімелесті. Кісі қызығарлықтай етіп, қыз балаларға арнап салынған жатақ­хана­ның құрылысына 506 миллион теңге қаражат бөлінген. 450 орынға лайықталған, тоғыз қабатты Сту­дент­тер үйі заманға сай жабдық­талып, студенттердің оқулары мен тұрмысына барлық жағдай жасал­ған. Секция түріндегі тұрғын бөл­ме­лер   2 және 3 адамға арналған. Тұрғын бөлмелерде жұмсақ жи­һаз­дар, жеке жуынатын бөлмелер қойылған. Әр қабат кіржуғыш мәшине, өтектеу тақталары, тоңазытқыш­тар­мен және электр плиталарымен жаб­дықталған, өтектеу және тұр­мыс­тық бөлмелер бар. Кешеннің балкондары әйнектелген. Ғима­рат­­та интернетке қосылған 2 оқу залы мен 2 кинозал орналасқан. Бірінші қабаттарда сән салоны – шаш­та­раз, сонымен қатар, жат­ты­ғу зал­дары бар. Ғимарат жедел са­тымен және өрт дабылымен қам­тамасыз етілген. Сондай-ақ мұнда мүгедек жандарға арналған арнайы көтерме құралдары да қарасты­рыл­ған екен. Жатақха­наның жал­пы көлемі – 5184 шаршы метр. Елбасы Студенттер үйі ала­ңын­­да Президенттік және Мем­ле­кеттік стипендия иегерлерімен кез­десіп, оқу орнына микроавто­бусты сыйға тартты. – Бір ананы тәрбиелеп шығу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей. Бұл оқу орнының қасиеті сонда, 60 жылдан бері бұл шаңырақтан 50 мыңнан аса маман тәрбиеленіп шық­­ты. Мен сондықтан бұл оқу ор­нына “университет” деген дәре­же бердім. Осы жатақхананы сал­дырдым. Жағдайларыңның жақсы болғандығына қуаныштымын. Ел­дің сауатын көтеруге, білімге мем­лекет қаражат аяп жатқан жоқ. Ас­танада жаңа университеттер салы­нып, интеллектуалдық мектептер ашылып жатыр. Сіздердің қолға алған жұмыстарыңызды заманауи жұмыстар деп санаймын. Себебі, бәсекенің барлығы – білімде, ғы­лымда. Бәсекеде нағыз білім алып өскен, ғылыммен шұғыл­данатын адамдар жеңеді. Сондай мемлекет те жеңеді. Менің тілейтінім, ба­қыт­­ты болыңдар, өмірде жақсы жол­дас табыңдар, балалы-шағалы бо­лың­дар! Біздің барлық арқауы­мыз, діңгегіміз – ауыл.  Ауылдың білімін түземесек, қа­зақтың болашағы болмайды. Бола­шақ педагог болатын сіздерді ауыл­­дың білімін көтеруге атсалуға ша­қырамын, – деді Елбасы студент­­термен кездесу барысында. Студенттер атынан сөз сөйле­ген филология факультетінің сту­денті Гүлжан Тілеумбетова: “Қазақ қыз­дарының парасат мектебіне айнал­ған, 66 жылдық тарихы бар арулар мекеніне келгеніңізге қуа­ныш­­ты­мыз. Сізбен осындай кез­десудің орайы келгенін бақыт деп білеміз! Себебі, осы оқу орнына уни­верси­тет мәртебесінің берілуі, Студент­тер үйінің салынуы, біздің қыздар үшін 50 президенттік шә­кіртақы бөлінуі, грантта оқитын­дарға 3 мез­гіл тамақтану мүмкін­дігі, тіпті осы оқу орнының сақ­та­лып қалуы да Сіздің арқаңызда. Бүгінгі біздің ор­та­мызға келуіңізді барша қазақ қыз­дарына деген қамқорлығыңыз деп білеміз”, деп қыз бала үкілеген барлық үміттер үдесінен шығуға заман­дастары атынан сөз берді. Осыдан кейін студенттер жуыр­­да ғана Елбасының “Euro­news” телеарнасына берген сұх­батын еске салып: “...тілші Сізбен сұх­батында “Сіздей Президенті бар қазақ халқы бақытты”, деп Ұлты­мыздың Көшбасшысына қа­рата айтылған сөзге өте қуанған­дарын білдірді. Студент қыздар жақында айдай Аста­намызда ЕҚЫҰ Саммиті өте­тіндігін айтып: “Қыз бала қашанда тілекші ғой. Біз осы жиын сәтті өтіп, халқы­мыз ежелгі қонақжай­лығын көр­се­те білсе, Сіздің мәр­тебеңіз өссе, мем­лекетіміз сапалық жаңа дең­гейге көтерілсе, бүкіл адамзатқа қатысты мәселелер ше­шімін тапса деп тілейміз!” деді. Айнаш ЕСАЛИ.