• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2010

Күн сайын жаңа көрсеткіш

409 рет
көрсетілді

Бақтияр ТАЙЖАН – Гуанчжоудан (Қытай).

17 қараша күні Қазақстанның қоржынына 1 күміс, 1 қола медаль түсті. Су добы және спорттық гимнастикадан. Бұл күні суға жүзгіштеріміз финалдық бәсекеге жете алмады. Велотректен үміт жоқ. Көгалдағы хоккейден қыздарымыз Таиланд құрамасын 3:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге өтті. Академиялық есуден қыздары­мыз бен жігіттеріміз қуанта алған жоқ. Мергендерімізді кешегі алтын­ның буы ұрып кеткен бе, бұл күні өте сүреңсіз өнер көрсетті. В. Иса­ченко топ басында келе жатып 10- орыннан бір-ақ шықты. Таэквон­дошымыз Айдар Дүйсебаев (74 кг) өзбекстандық Дмитрий Кимнен 3:4 есебімен ұтылды. Айтқандай, Кимі­ңіз финалда ғана тізгін тартты. 46 кг. салмақтағы қызымыз Айжан Әлі­жанова малай­зиялық құрбысы Жохари Мұхам­медке жол берді. Ауыр атлетикада үштікке кіреді деп жоспарлаған Владимир Кузнецов 5-орында қалды. Жұлқа көтеруде 160, 165, 167 кг. алған Владимир серпе кө­теруде 200 кг.-ны екі рет ала ал­май соңғы кезегінде 201 кг.-ны кө­теріп кетті. Қытай Лу Енг қос­са­йыста 376 кг., өзбек Ман­сұрбек Ша­земов 372 кг., ал қола медаль алған корей Ким 369 кг. салмақ жинады. Боксшыларымыз Серік Сәпиев (69 кг.) пен Данабек Сужанов (75 кг.) жеңіс тағдырын 2-раундта шешіп тастады. Ал, 81 кг. салмақта рингке шыққан Алмат Серімовке әлемдеге үздік боксшылардың бірі, әлем чемпионы өзбек Елшод Ра­сулов тап келді. Соқыр жеребе де­ген осы. Алмат сескен­ген жоқ. Табан тіреп ай­қасқа түсті. Есеп – 5:2. Әрине, Расуловтың пайдасында. Спорттық гимнасти­када үздік сегіздікпен фи­налға шыққан Ста­нислав Валиев 15.800 ұпай жи­нап, 3-орынға шықты. Қо­ла медаль. Ал, корей Ванг ұпа­йы 18.400, 2-орын ал­ған қытай гимнасы Фенг 15.850 ұпай жинаған. Үз­діктермен құйрық тісте­сіп мәреге жеткен Ернар Ерім­­бетовке бұйырғаны – 4-орын. Су добынан Гуанчжоуға ат­танарда әйелдер құрамасының бас бапкері тек алтынға таласамыз деген болатын. Құрғақ, су тимейтін уәде екен. 4 команда қатысқан топтық жарыста Үндістанды 38:2, Өзбекстан құрамасын 14:5 есебімен ұтқан қыздарымыз шешуші кезеңде қытайлық қыздарға 13:5 есебімен жеңілді. Ерлер 10 минөт, қыздар 8 минөттен 4 кезең ойнайды. Қыздар 4:1, 3:2, 1:1, 5:1 есебімен кезең бо­йынша ұтылды. Жеңіске ұмтыл­ған командада жауынгерлік рух, шебер­лік пен қоса өлермендік болады. Мемлекетінің намысы үшін соңына дейін шайқасады. Осы жерден шамалай беріңіз. Әр кезең сайын тең ортаға доп қойылады. Осы старт­­тың төртеуінде де қытай­лық­тар допқа алдымен жетті. Қақ­па­шы­мыз Галина Рутоваға рахмет, талай доп­тан қақты. Ал, қытай қорғаушы­лары өз қақпасы алдында дауыл тұрғы­зып, шабуылшы­лары­мыздың жа­қындауына мүм­кіндік берген жоқ. Көп доп қақпаның маң­дайшасы мен қапталына тиіп жат­ты. Алтын аламыз деп уәде бер­ген команда бұлай ойнамайды. Қор­жынымызда күміс медаль болса да олқысынып, көңіліміз құлазып қалды. 18 қараша тәуір басталды. Академиялық есуде қыздар төрттігі қола медальға қол жеткізді. Ква­лификациялық жарыста 4-орын­мен финалға кірген қыздары­мыз Екатерина Артемова, Оксана На­заро­ва, Светлана Германович және Мария Филимонова алға қытай мен корей төрттігін салып, үшінші орынға ие болды. Кеше суға жүзгішіміз Владислав Поляков, ауыр атлеттеріміз – екі дүр­кін әлем чемпионы, рекордшы қызымыз Светлана Подобедова мен Олимпиада чемпионы, әлемнің екі дүркін жеңімпазы Илья Ильин сынға түсті.