“Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-ты дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасында отандық темір жол көлігі мәшинесін жасау және темір жол көлігі өндірістік активін жаңғырту, еңбек өнімділігін өсіру басты басымдықтар болып саналады. Компания осы мақсатқа жету жолында барлық салада белсенді қимылдауда.
Осының бір айғағы ретінде “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаев пен “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ президенті Асқар Мамин компанияның Ақмола облысындағы бірқатар еншілес кәсіпорындарының жұмыстарымен танысты.
“Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ филиалы – Бурабай курортындағы рельс дәнекерлеу зауытында 310 маман қызмет етеді. Кәсіпорын негізінен рельс торкөздерін құрастыру-дәнекерлеу, ескі рельстерді жөндеу арқылы қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Өндіріс орнын жаңа құралдармен жабдықтау арқылы рельсті өңдеу жолдың жоғарғы қабатына қажетті материалдарды жаңадан сатып алуға кететін шығынды азайтады. Мамандар мұнда жылына 300 шақырымнан астам рельсті дәнекерлейді.
Үстіміздегі жылы компания жолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарын өткен жылға қарағанда екі есеге арттырып, 478 шақырымға жеткізді. Биылғы он айда жөндеудің барлық түрлерінен 8500 шақырым жол өткізілді. Бұл арқылы 2300 шақырымда жолаушылар пойызының, 1000 шақырымда жүк тиеген жылжымалы құрамдардың қозғалыс жылдамдығы едәуір артты. Компания 2011 жылы 9 мың шақырым жолға жөндеу жүргізуді жоспарласа, оның ішінде 600 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіледі.
“Самұрық-Қазына” ҰӘҚ төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаев пен “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ президенті Асқар Мамин бастаған мамандар тобы “Рауан Бурабай” ЖШС темір жол кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Мұнда магистральдық және маневрлік локомотивтерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету ісі атқарылады. Үстіміздегі жылы 753 тепловозға техникалық қызмет көрсетілді. Ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 649-ды құраған болатын. Оның сыртында кәсіпорын темір жол көлігіне қажетті 1500-ден астам өнім түрін шығарады.
“Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ отандық кәсіпорындардан тауар және қызмет түрлерін сатып алуды 80 пайызға дейін өсірсе, 2015 жылы оны 95 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
Ескендір ЕРТАЙ. Астана.
Суретте: “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаев пен “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ президенті Асқар Мамин кәсіпорынның жұмысымен танысуда.