• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2010

Тынық мұхит аумағында әлеуетті елдер көп

692 рет
көрсетілді

Жапонияның Иокогама қаласында Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) ұйымының жиыны өтті. Оған қатысқан ел басшылары “Иокогама декларациясына” қол қойып, осынау ұйымның бағдарламалық бағытына адалдықтарын білдірді. Соңғы екі ап­та­­дай мерзімде Шығыс Азия өңі­рі әлемдік саяси өмірдің орта­лы­ғына айнал­ған­дай көрінді. Ал­ды­мен Вьетнам астанасы – Ха­нойда АСЕАН сам­миті өтіп, тек бұл өңір үшін ғана емес, әлемдік маңызы бар мәселелерді талқы­лап, бұл ұйымға мүше елдердің алдағы уақытта бұрынғыдан да кіріге түсетінін дәлелдеді. Сонан соң “Жиырманың тобы” Сеулде бас қосты. Ендігі кезек АТЭЫ-ның саммитіне тиді. Бұл саммиттің маңызын оның құрамынан да аңғаруға болған­дай. Тынық мұхит бассейні аума­ғындағы елдердің интеграциясын дамытуды мақсат етіп құрылған АТЭЫ-ға 21 ел мүше. Оларды атап кеткеніміз жөн болар: Аус­тралия, АҚШ, Бруней, Вьетнам, Гонконг (Қытайдың арнаулы әкімшілік ауданы), Жапония, Жаңа Зеландия, Канада, Қытай, Индонезия, Малайзия, Мексика, Оңтүстік Корея, Папуа-Жаңа Гвинея, Перу, Ре­сей, Сингапур, Таиланд, Тай­вань, Чили, Филип­пиндер. Олар жалпы әлемдік ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 57 пайы­зын өндіреді, әлем­дік сауданың 48 пайызы солардың үлесінде, әлемдік инвестицияның 40 пайызын солар салады. Мұндай ұйымға мүше болу айрықша маңызды екенін дәлел­деп жату, әрине, артық. Оның жиынына қатысуды мүше елдер әсте де қапы жібермейді. Иоко­га­ма­­дағы басқосуға да мықты­лар­дың бәрі қатысты. АҚШ, Қытай, Канада, Ресей, Оңтүстік Корея сияқты елдердің басшы­лары басқа шаруаларын ысырып қойып, жиынға келіп, өз елдері үшін қа­жет­ті деген мәселелердің басын қайырды. Айта кететін бір жай: әр елдің өкілдері саммитке дейінгі кездесулерде мәселелердің бүге-шігесін мықтап айқындап қояды. Басшылар майда-шүйдеге бас ауыртып жатпайды, олар негізінен рәсімдік шараларға қатысады. Көп нәрсе сол рәсімдік шара­лар­ға, ел басшыларының өзара кез­десулеріне, сондағы түсінісу жа­ғдайларына бай­ланысты. Содан да қабыл­даушы ел бұл бас­қосуларға ай­рық­ша дайын­далады. Ең алды­мен бас­шылардың жалпы жиы­нына, жеке кез­десулеріне бар­лық жағдай жа­салуы өз алдына, олардың осы­нау күнделікті күй­бең өмір­ден бір сәт бо­саған кезін ба­рын­ша еркін де қы­зықты, мазмұн­ды өткізуі жан-жақ­ты ойласты­ры­ла­ды. Бір жағы­нан сол қабыл­даушы ел өзінің қонақжай­лылы­ғын, мүм­кіндігін көрсетіп қалуға ты­ры­сады. Кейбір елдер сол үшін жаңа ар­наулы ғимараттар салып, таңдан­дыр­ғысы келеді. Бір сөз­бен айтқан­да, қо­нақ­тардың көңі­лі көтеріңкі, ашық-­­­жарқын жара­сымды әңгімеге бейім болуы ойластырылады. Мұның айтарлықтай мәні бар. Мынау күрделі өмірде бір-бірімен шекісіп қалған елдер, осындай жағдайды пайдаланып, өкпелерін жазып жатады. Азған­тай ғана түсіністікті күтіп тұрған келісімге қол жетеді. Бір сәтін күт­кен құшақ осындай кезде ашы­латыны бар. Осындай ниетпен келгеннің бірі Ресей президенті Дмитрий Мед­ведев еді. Жақында ол Оң­түстік Курил аралдарына барып, жапон­дарды мықтап-ақ ренжіт­кен. Жа­пония бұл аралдарды өз жері са­най­ды. Ол кешегі екінші дүние­жүзілік соғыстың нәтиже­сінде Ре­сейге өткен. Келіссөз жо­лымен соны қайтарғысы келе­ді. Соны біле тұрып, Медведев сол аралдарға барып, қыр көрсетті, жараны тырнады. Оған жапондар ренжіді. Сол реніш тереңдеп кет­се, екі жақ та мықтап ұтылады. Медведев сол реніштің тігісін жат­қызғысы келіп, Жапония пре­мьер-министрі Наото Канмен кез­десті. Екі ел арасында түсі­ніс­тік болғанын қалайтынын айт­ты. Жапон үкіметінің басшысы да со­ны қалайтынын білдіріп, Мед­ведевтің Кунашир аралына барға­нына өкінішін қайталады. Жапон­дардың өкпесі жазылған жоқ. Оның есесіне Медведевтің АҚШ президенті Барак Обама­мен кездесуі барынша сәтті өтті десе болады. Ең бастысы – осы кездесуден кейін Ресейдің Бү­кіләлемдік сауда ұйымына жолы ашылғандай. Бұл аз жеңіс емес. АТЭЫ – бүгінгіден болашағы жарқындау ұйым. Экономикалық ынтымақтастықтан үлкен пресс-релиз-шос.doc саясат туындап жа­тады. Оның болашағы да сонда. 2012 жылы бұл ұйымның басы Ресейдің жерінде, Русский аралында қосылмақ. Өз жерінде орыстар басқаларды дау-дамай­сыз қарсы алуға тиіс. Мамадияр ЖАҚЫП.