“Эксперт РА Қазақстан” рейтингтік агенттігі мен “Эксперт Қазақстан” журналы Қазақстан Үкіметінің қолдауымен осымен екінші жыл қатарынан “Эксперт-100-Қазақстан” кешенді жобасын жүзеге асыру үстінде.
Бұл жобаның мақсаты еліміздегі ірі компаниялардың рейтингтік көрсеткіштерін анықтау арқылы экономика көшбасшыларын айқындау болып табылады. Сонымен қатар, аталған жоба республиканың экономикалық дамуындағы негізгі ағымдарды талдау арқылы экономикалық саясатты жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлеуге бағытталған. Зерттеу нәтижесінде әзірленген қорытындылар іскерлер мен қоғам өкілдерінің және биліктің қатысуымен талқыланатын болады.
Жобаның ең бір тартымды тұсы – Қазақстан экономикасындағы жүз алдыңғы қатарлы компанияны анықтау. Осы жөніндегі рейтингті әзірлеу тәсілдері Ресейде осымен 15-ші жыл қатарынан өтіп келе жатқан “Эксперт-400” ресейлік рейтингін шығару тәсілдерімен сәйкес келеді. Оның қорытындысы осыдан кейін іле-шала өтетін экономикалық форумда әйгіленеді.
Осындай форум кеше Астанадағы “Rіxos” қонақ үйінде болып өтті. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, “Самұрық-Қазына” қорының басшылығы мен еліміздегі ірі компаниялардың жетекшілері, экономикалық сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Форумның күн тәртібіне қойылған мәселелер үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында алға қойылған міндеттерді бизнестің жүзеге асыруға қаншалықты қабілетті екендігін талқылауға арналды. Осы мәселедегі бизнестің артықшылықтары мен олқылықтары сарапқа салынып, қай мәселеде мемлекет көмегі қажет болатындығын айқындауға ұмтылыстар жасалды.
Форум қонақтарының алдында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қысқаша құттықтау сөз сөйледі. Онда ол “Эксперт РА Қазақстан” агенттігі мен осы аттас журналға аталған бағытта жүргізген жұмыстарына алғысын білдіре келе қазіргі күні Қазақстан экономикасында оң өзгерістердің қалыптасып келе жатқандығын атап көрсетті. Үстіміздегі жылдың он айының қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 7 пайызды құраса, өнеркәсіп саласы 10 пайызға алға басқан. Осыған орай К.Мәсімов жағдайды одан әрі жақсарта түсу үшін келесі жылы жеке бизнестің экономикалық белсенділігі қажет болатындығын ескертті. Дағдарыс кезінде мемлекет бұл саланың жұмысына жан-жақты көмектескен болатын. Енді жағдай тұрақталды. Экономика қарышты даму арнасына қайта түсті. Осындай шақта іс тағдырын кәсіпкерлік қозғалыстың қарымдылығы шешетіндігі түсінікті.
Мұнан кейін сөз кезегі тиген Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Рау елімізде жүзеге асыру үстіндегі индустриялық-инновациялық жобалардың жағдайына тоқталды. Бұл жобаларға кәсіпкерлердің белсене қатысуы қажет. Жобаға қатысудың басты шарттары – еңбек өнімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, осылардың нәтижесінде қуат үнемдеуге қол жеткізу болып табылады.
Еліміздің шикізат секторы едәуір деңгейде дамыған. Қазіргі таңдағы басты мәселе осы шикізат секторынан алынған өнімдерді заман талабына сай өңдеу ісіне қол жеткізу болып отыр. Түйінді мәселелердің бірі мәшине жасау саласын дамытуға қатысты болып отыр. Өйткені, қазіргі күні Қазақстанға шеттен келетін өнімдердің жалпы көлемінің 41 пайызын мәшине жасау саласының өнімдері құрап отыр.
Жұмысты дұрыс жолға қою үшін өнімдерді стандарттау мәселесіне көп көңіл бөлінуі қажет. Мәселен, Елбасының Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін дамыту арқылы осы саладағы импорттық өнімдерді ығыстыру, осы үшін елімізде саудаланатын дәрі-дәрмектің 50 пайызын отандық өндірісте шығару талабын алға қойғандығы белгілі. Әрине, ол үшін сапа мәселесі бірінші орынға шығатыны түсінікті. Отандық өнімдерді халықаралық талап деңгейінде стандарттау, міне, осы үшін қажет.
Еліміздің индустрияландыру картасына 294 жоба енгізілген. Олардың жалпы құны 55 миллиард долларды құрайды. Бұл жобалар талапқа сәйкес жұмыс істеу үшін оның мониторингі ұйымдастырылатын болады. Үкімет, міне, осы істе бизнес-қауымдастықтықтың бақылаушы болғандығын қалайды.
Форум барысында еліміздегі 100 ірі компанияның түсім көлемінде 2009 жыл қорытындысында төмендеу болғандығы атап көрсетілді. Әрине, мұның әлемдік дағдарыстың салдары екендігі түсінікті. Осы мәселеге байланысты “Эксперт РА Қазақстан” рейтингтік агенттігінің бас директоры Игорь Нуждин шикізат секторындағы компаниялар бұдан да төмен құлдырауға тап болуы мүмкін екендігін атап көрсетті. Бірақ осы ретте Үкіметтің ұлттық валютаны девальвациялауы іске көп көмегін тигізген.
Сарапшылардың келтірген деректері бойынша өткен жыл қорытындысында саудаланған өнім көлемі бойынша бірінші орынға “Теңізшевройл” ЖШС, екінші орынға “ҚазМұнайГаз” АҚ, үшінші орынға ENRC, төртінші орынға “Қазақмыс”, бесінші орынға “ПетроҚазақстан” АҚ, алтыншы орынға “Қазақстан темір жолы” АҚ ие болып отыр.
Үкімет басшысы форумның пленарлық отырысы қорытындыланар тұста осыдан екі күн бұрын өткен “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры” АҚ директорлар кеңесінің кеңейтілген отырысында қор құрамына кіретін компаниялар жағынан қазақстандық азаматтар мен зейнетақы қорлары үшін акцияларды орналастыру және оларды сатып алуға қолайлы жағдай туғызу жөнінде шешім қабылданғандығын жеткізді. Сөйтіп, қорға қарайтын компаниялардың акцияларын қор рыногына орналастыру ісі 2011 жылдан бастап өріс алмақ. Премьер-Министрдің айтуынша, бұл шара дағдарыстан кейінгі экономиканы қайта жандандыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Астана Саммиті күн санап жақындап келеді. Әлем назар тігетін алқалы жиында қандай өзекті мәселелер көтерілуге тиісті екендігі жиі талқыға түсе бастады. Осыған орай кеше Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Философия және саясаттану институтының жетекші сарапшылары дөңгелек үстел айналасында пікір алмасты.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.