Облыстағы өнеркәсіпті қаланың әкімі Андрей Никишов күнделікті қажетті тауарлар бағасының шарықтауына жол бермеу басты мәселе екендігін айтады. Мамыр айында құрылған жедел штаб осы жайға қатысты үш мәжіліс өткізіп, беделді азаматтар қатарынан іріктелген 16 жұмыс тобының қызметін тыңғылықты үйлестіріп отыр. Қала әкімі мен өңірдегі ірі ұн тарту кәсіпорны “Табыс 2009” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және наубайхана иелері арасында меморандумға қол қойылуы нәтижесінде 1 сортты ұн 42,5 теңгеден, 500 грамдық нан 38 теңгеден босатылуда. Ал, наубайхана қожайындары өз дүкен-деріндегі тауарларды үстемесіз сатып отыр. Өзге сауда орында-рында нан өнімдеріне үстемені 1 теңгеден асырмауға келісім жасалыпты.
Біз Степногорда болған күні жыл басынан бергі 85-ші ауыл- шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп жатты. Спорт кешенінің атшаптырым аумағына кеңінен жайылған сауда нүктелерін аралағанымызда ұсынымның молдығын, тұрғындар көңілінің жадыраңқылығын байқадық. Қала басшысы бағаны тұрақтандыруда сауданы ұйымдастырудың халыққа ең жақын осынау түрі айрықша орын алатындығын нақты деректермен әңгімеледі.
–Биылға қарашаның алғашқы жұмасын қосып есептегенде 209 миллион теңгенің тауары сатылды, – дейді ол. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 71 миллион теңгеге немесе 51 пайызға артық. Аталған көрсеткіш бірінші жәрмеңкелер ұйымдастырылған 2005 жылы 150-200 мың теңгенің көлемінде еді. Тауар айналымындағы тауарлар түрі 50-ге жетті. Биыл өз жармаларымыз бен макарон өнімдерін сөреге шығардық. Орта есеппен тауарлардың жеке топтары бойынша бағаның төмендеуі 15 пайызды құрап, қалалықтардың отбасылық бюджетін 31 миллион теңгеге үнемдеп отыр.
Біз бүгінгі жәрмеңкеде қырыққабаттың 45 теңгеден, картоп пен пияздың –70, сәбіздің –80, жұмыртқаның ондығы – 150, еттің 580-600 теңгеден сатылып жатқанын қойын дәптерімізге жазып алдық. Әсіресе, Степногор және Ақмол құс фабрикаларының, “Молторг” ЖШС, Шортанды май зауытының, “Юлия” шаруа қожалығының өнімдері мен еліміздің оңтүстігінен жеткізілген көкөніс пен жемістерге сұраныс жоғары. Балдың үш түрін алып келген павлодарлық Сергей Чепурновтың саудасы да қызып тұр.
Ақмола облысы.