• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қараша, 2010

Бұл дертке қарсы қатаң шаралар қажет

473 рет
көрсетілді

Жер дүниені жегідей жеген жемқорлық бәсеңдемей тұр. Сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіледі деген ұрандар көбінесе қағаз жүзінде ғана екендігі біртіндеп біліне бастады. Соның бір дәлелі кеше “Нұр Отан” ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғам­дық кеңестің кезекті мәжілісінде көрініс берді. Онда “Жамбыл облысында “Нұр Отан” ХДП сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнін­дегі бағдарламасының орындалу барысы туралы” мәселе қаралған еді. Кеңесте сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрестің жәй-күйі жөнінде “Нұр Отан” ХДП мү­шесі, Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев баяндама жа­сады. Оның айтуына қарағанда, бірқатар шенеуніктердің алпыс екі тамырын жайлаған қауіпті кеселге қарсы қарқыны қуатты шаралар қолға алыныпты. Соның арқасында жағдай біраз жақ­сар­ған көрінеді. Дегенмен, бірнеше жыл қатарынан жүргізілген әлеу­меттік зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, Жам­был облысында сыбайлас жем­қор­лықтың саны артпаса, кемімеген. Тіпті жем­қорлық деңгейінің тұрақты түрде өсу үрдісі сақталғандықтан, сы­байластық “жарысы” бойынша об­лыс әлі күнге республикада үшін­ші орыннан түспей келеді. Кеңесте сөз алған Парламент Се­натының депутаты Қуаныш Айта­ха­нов Жамбыл облысының тұрғын­дары­мен кездесуде олар­дың жем­қор­лыққа қарсы қатаң күрес жүргізуді қолдап отырғанын айтып өтті. Оның себебі де бар көрінеді. Бас про­ку­ра­тураның құқықтық статистика және ар­найы есепке алу комитетінің мә­лі­меттеріне қарағанда, облыста үстіміздегі жылдың он айы ішінде 116 жемқорлық қылмыс тіркел­ген. 39 адам қыз­метін пайдала­нып жал­ған­дыққа бар­ған, 24-і мүлікті талан-таражға сал­ған, 21-і пара алған, 14-і қызметтік өкі­леттігін асыра пай­даланған. Тіпті байқасаңыз, келтірілген мәлі­мет­терге қарағанда, Жамбыл облы­сында сыбайластық жайламаған сала жоқ секілді. Оны сыбайлас жемқорлық жасап, қылмыстық жауапқа тартыл­ған­дардың тізімі­нен айқын байқауға болады. Мә­се­лен, қылмыстық жау­ап­қа 83 адам тартылса, оның 40-ы әкім­діктердің және олардың құры­лымдық бөлімшелерінің қыз­мет­кер­ле­рі, 6-уы ішкі істер орган­дарының қызметкері, одан әрі әді­лет, еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау бөлім­шелерінің, қылмыстық-атқару жүйесінің, салық қызметінің, кеден қызметі мен ауыл шаруашылығы ор­ган­дарының қызметкерлері деп ті­зіле береді. Жемқорлық әрекеті үшін 239 адам тәртіптік жауапкерші­лікке тартылса, оның 151-і тағы да әкім­шілік немесе олардың құрылым­дары­ның, 29-і ішкі істер қызмет­керлері болған. Әкімдер лауазымдық өкілет­тігін пайдаланып жер телімдерін үлес­тіруде, мүлікті заңдастыру саласында заңды белден басқан. Осы аталған есеп беру мерзімі ішінде про­курорлық шаралар қол­дану арқылы жергілікті өкі­летті және атқарушы органдар­дың 749 заңсыз актісі заңға сәйкестендірілген. Олар­дың 4-уі облыстық әкімдіктікі, 4-уі облыс­тық мәслихат, 10-ы қалалық, аудандық мәслихаттар, 140-ы қала­лық, аудандық әкімдіктердікі және 590-ы ауылдық әкімдік­тердікі болып отыр. Бюджет қаражатын бақылау қазіргі кезде ерекше назарда тұрғаны белгілі. Облыста көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұ­мыстарын жүр­гізуге бөлінген суб­сидияларды пай­да­лануға жасалған талдау ауыл ша­руа­шылығына мем­лекет тарапынан бөлінген бюджет қаражаты тиімсіз пайда­ланылып жатқанын және оны бөлуде жемқорлық көріністері орын алғанын көрсетті, дейді баянда­ма­шы. Үстіміздегі жылғы дала жұмыс­тары үшін 877 млн. теңге сомасында субсидия бөлін­ген. Ауылшаруа­шы­лық тауар өн­дірушілерін мемлекеттік қолдауға байланысты заң талаптары сақ­талмай, егін екпеген шаруа қожа­лықтарының субсидия алуына жол берілген. Сол сияқты ауыз су бағдарламасы бойынша да ақша қаражаттарын жымқыру етек алған. Қызметкерлерді ауыстыру, жұмыс­тан шығару жиі жүргізіледі. Бұл әр қызметкердің бойында уақытша қыз­мет атқарамын деген ой қалып­тастырады, сенімсіздік пайда бола­ды. Мұның соңы тағы да жемқорлық көріністеріне апарып соқтырды. Сондай-ақ облыстағы жем­қор­лық­ты айқындайтын тағы бір дәлел ретінде сыбайлас жем­қорлыққа қар­сы күрес жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңес­ке түскен азамат­тар­дың өтініш­тері бойынша партияның сыбай­лас жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының журналистері жүр­гізген зерттеулер көрсетілді. Онда облыс тұрғындарының нақты қандай жағдайда тұрып, тіршілік етіп жатқандығы ашық баянда­лыпты. Мәжілістің қорытындысы бой­­ын­ша сыбайлас жемқорлық­пен кү­рестің тиімділігін арттыру және осы аймақта оны неғұрлым төмендету туралы ұсыныстар қабылданды. Александр ТАСБОЛАТОВ.