“Егемен Қазақстанның” арнаулы беті
Сізді не толғандырады? Сауалдар тұрғындардың мұң-мұқтажын жеткізетін, қоғамымыздағы келеңсіздіктерге назар аудартып қана қоймай, олардың шешілуін талап ететін тетіктердің бірі болып табылады. Сол тетікті соңғы жылдары Сенат депутаттары да ұтымды пайдаланып жүр. Депутаттық сауалдар көбінесе Үкімет басшысының атына, басқа да атқарушы билік басшыларының атына бағытталып жатады. Егер мәселелер дер кезінде және жан-жақты көтерілсе, онда олардың жолдары болғаны. Олай болса, депутаттарды не толғандырады екен? Нашар жол қатынасқа кедергі Өмірбек БАЙГЕЛДИ, Сенат депутаты. Жамбыл облысының Жамбыл, Талас, Сарысу және Мойынқұм аудандарының тұрғындарымен болған кездесулерде, аталған аудандар сайлаушылары осы облыстан сайланған депутат ретінде маған көптеген өтініштерін айтып еді. Бүгінгі күнде ең өзекті мәселе болып отырғаны ауданаралық жолдардың жағдайы. Қазіргі уақытта ең болмаса Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент бағытындағы тас жолдың 76-92, 97-107, 153-176 шақырымдары аралықтарына, барлығы – 49 шақырым, жалпы құны 120 млн. 154 мың теңге және Ақкөл – Ойық – Ұланбел бағытындағы тас жолдың 20-40 шақырымдары аралығына, барлығы – 20 шақырым, жалпы құны 202 млн. 806 мың теңге, сонда барлығы – 69 шақырым және жалпы құны 322 млн. 960 мың теңге жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін өте қажет болып отыр. Бұл бағыттағы тас жолдардың облыс экономикасында алатын орны ерекше. Өйткені, бір жағы Оңтүстік Қазақстан, екінші жағы Қарағанды облыстарымен шектеседі. Сондай-ақ, осы жолдардың нашарлығы қала, ауданаралық бағыттарда қатынайтын қоғамдық көліктерге және жеке азаматтар мен кәсіпкерлерге күнделікті тіршілікте көп қиындықтар келтіруде. Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген тиісті (322 млн. 960 мың) соманы 2011 жылғы республикалық бюджет есебінен Жамбыл облысының инвестициялық жобаларына сәйкес бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Жөндеуге де қомақты қаржы керек Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Алматы облысындағы автомобиль жолдарының бүгінгі жағдайы алаңдатарлықтай. Облыстың Қытаймен шекаралас Көксу, Кербұлақ аудандарының аумағынан Сарыөзек – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ – Қайнарлы бағытындағы халықаралық маңызға ие автомобиль жолдары таулы аймақтар арқылы өтетіндіктен, қыс айларында қар көп түсіп, көктем-жаз айларында күннің шұғыл жылынып, нөсерлетіп жауатын жаңбырдың, су тасқынының салдарынан көп зардап шегеді. 1990 жылдан бері күрделі не орташа жөндеу жұмыстарын көрмеген мұндай жолдар қашанда апатты жағдайлар туғызып, кейде қайғылы оқиғаға себеп болып жатады. Жол төсеніштері ескіріп, үстіне жабайы ағаштар өсіп, асфальт әбден жіңішкеріп біткен. Негізгі кәсібі ауыл шаруашылығымен, сауда-саттықпен тікелей байланысты облыс тұрғындарының шығарған өнімдерін жарату үшін тозығы жеткен автомобиль жолдарымен қатынауы тіптен қиындап кеткен. Екі-үш жылда бір жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстары бұл мәселені толық шешпейді. Жолдың сапалы болуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да, жалпы мемлекеттің экономикасына да тигізетін пайдасы зор деп есептейміз. Сонымен қатар, бірнеше жылдың бюджетіне жоспарланып, бөлінетін қаражат мәселені толық шешуге қауқарсыз. Себебі, алғашқы жөндеу көрген жолдар, соңғы жолдар жөнделгенше қайта жарамсыздануына және жобаның қымбаттауына әкеліп соқтыратыны сөзсіз. Осыған байланысты жоғарыда аталып өткен Кербұлақ ауданының аумағынан өтетін Сарыөзек – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ бағытындағы жолдарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін 2010-2014 жылдардың бюджеттеріне жоспарланған 2 833,5 млн. теңгені және Көксу ауданының аумағынан өтетін Көксу – Балпық би – Қарабұлақ – Қайнарлы бағытындағы жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті 1 740.5 млн. теңгені 2011-2012 жылдардың бюджетіне жоспарлауды сұраймын. Басталған шаруа аяқсыз қалмаса Ақан БИЖАНОВ, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. Қазіргі таңда Алматы қаласында Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан №3 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухананың төртінші корпусы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі 2010 жылдың қараша айы болатын, барлық жобалары 2009 жылы жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Алайда, аталған нысандарды сейсмикалық нығайтудан кейінгі күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесі әлі шешілмей отыр. Бәрімізге мәлім, 1,5 млн.-нан астам халқы бар Алматы қаласы әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігінен үлкен қиындықтарды бастан кешуде. Сондықтан жоғарыда аталған нысандарды уақытында пайдалануға берудің үлкен әлеуметтік маңызы бар екендігін қаперге салғым келеді. Білім ошақтары жетіспейді Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен білім беру саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Дегенмен, халық санының тез өсуіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы көбірек көңіл бөлуді керек етеді. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жалпы білім беретін 1021 мектепте 518 770 оқушы білім алады. Оның ішінде, 531 мектеп ыңғайластырылған жайда орналасса, 324-і саман кірпіштен салынған, 62 мектеп ғимараттары апаттық жағдайда тұр. Биылғы оқу жылында 50 053 оқушы бірінші сыныпқа барса, 2011 жылы – 56 743, 2012 жылы – 56 595, 2013 жылы – 61 710 және 2014 жылы – 66 723, ал 12 жылдық білім беруге көшу кезеңінде, 2015 жылы мектепке (6 және 7 жасар балаларды есептегенде) 148 152 оқушы барады деп жоспарлануда. Демек, жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысына 40 мектеп салуды керек етеді. Тиісті құжаттары толығымен Білім және ғылым министрлігіне тапсырылған, жалпы құны 18,3 млрд. теңгені құрайтын 31 білім беру нысанының құрылыстарын 2011 жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен жүргізу қажет. Жоғарыда аталғандар негізінде және республикадағы әрбір төртінші оқушы Оңтүстік Қазақстан облысының еншісіне тиетінін ескере келе, 2011 жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында 31 білім беру нысандарының құрылысын жүргізуге 18 335 613 мың теңге қаржы бөлу мәселесі шешілуі тиіс деп білеміз. Ашынғаннан шығады ащы дауыс Неге еліміздің бас туы желбіремеді? Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты. Елбасымыз Алматының Орталық мешітінде бүкіл қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады. 2002 жылы Меккеде қасиетті Қағбаға кіріп (Қағбаға кіру әркімнің маңдайына жазылмаған), Алладан Қазақстанның өркендеп өсуін, елдің амандығын тілеп, сұрағанын айтты. Сол қасиетті Құрбан айтымыз мемлекеттік мерекелердің тізіміне енгізілді. Ал осы ұлық мерекенің қарсаңында Құрбан айтымызбен барша халықты құттықтауға көшедегі қаптаған жарнама бильбордтардың арасынан неге орын тимеді? Аңсап, армандап, қолымыз әрең жеткен Тәуелсіздік күніне арналған, халықты жігерлендіретін құттықтауға да көшедегі бильбордтардың арасынан, әзірге, орын бұйырмай тұр. Керісінше, Жаңа жылға әлі бір жарым ай уақыт болса да, жан-жақты құттықтаулар барынша жарнамалануда. Шыршаларымызды орната бастадық. Құрбан айт пен аңсаған Тәуелсіздік күніміз күнтізбе бойынша Жаңа жыл мерекесінен бұрын тұр ғой, неге құттықтау жарнамалары ретімен жарияланбайды?! Екіншіден, тура Құрбан айт күні еліміздің Бас Туы орнында желбіреген жоқ. Елбасымыз салтанатпен көтерген, бүкіл ел болып қуанған, басымызды иіп, ант беретін көкбайрағымыз алаулап, мәңгілік желбіреп тұратын орнында табанасты жоқ болғанын кеше көзімізбен көріп, жағамызды ұстадық. Тудың тіреуі тұр да, өзі жоқ. Неге осындай немқұрайдылық бізде кеңінен қанат жайып барады? Елбасы Жарлығының орындалуы әділ әрі таза жүргізілсін Елбасының 2010 жылдың 27 қыркүйегіндегі №1072 Жарлығына сәйкес, республика бойынша мемлекеттік қызметкерлер санын 15 пайызға қысқарту жүргізілуде. Жарлықта қай мемлекеттік органнан қанша адамның қысқартылатыны нақты көрсетілген және орталық атқарушы органдардың аймақтық өкілдіктерін қосқанда қысқарту саны 15 пайыздан аспауы қажет. Сөйтіп, барлық қысқартылатын қызметкерлер саны 26213 адамды құрауы керек. Сағынбек ТҰРСЫНОВ, Мәжіліс депутаты. Алайда, кейбір мемлекеттік органдарда адамдар саны тым көп қысқартуға ұшырайтын түрі бар. Мәселен, Статистика агенттігінің облыстық және аудандық бөлімдерін қосқанда, барлығы 3676 адамды құраса, агенттіктің жауапты хатшысының 2010 жылдың 30 қыркүйегіндегі бұйрығына сәйкес, штат лимиті 2165 адам болып белгіленген. Нәтижесінде, 1511 адам қысқартылуы қажет болып отыр. Бұл, әрине, 15 пайыздан айтарлықтай көп. Тіпті кейбір облыстарда 70 пайызға дейін қысқартулар жүргізілуде. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданында бір басқарма 70 пайызға қысқарған. Бұрын ол басқармада 9 адам істесе, жаңа лимит бойынша 3 адам қалған. Біздің алаңдаушылығымызды тудырып отырған тағы бір мәселе, жергілікті басшылар бұл қысқартуды өзіне ұнамаған адамдардан құтылудың және жеке бас пайдасына асырудың құралына айналдыратын түрі бар. Қысқартуға ұшырауы мүмкін қызметкерлер арасында сол мекемеде 25-30 жыл еңбек еткен, зейнет жасына 1-2 жыл қалған адамдар да кездеседі. Тіпті жалғызілікті аналар, жалғыз асыраушы болып отырған азаматтар да қысқартылуы мүмкін. Тағы бір айта кететін мәселе, қысқартуға тек бас мамандар, жетекші мамандар ұшырауда. Атын айтпай-ақ қояйын, бір министрліктің кеңсесінде бұрын 5 адам жұмыс істеген екен. Қазір 3 адам қысқартылып, екеуі ғана қалған. Ал құжат айналымы үлкен болғандықтан, 2 маман үлгермейді. Оның есесіне ол жерде 1 басқарма бастығы, оның орынбасары, 1 бөлім бастығы, оның орынбасары отыр. Сөйтіп, біз нағыз жұмыс жасайтын мамандарды қысқартып, бастықтарды көбейтіп отырған сияқтымыз. Сондықтан, Елбасының Жарлығының орындалуы әділ әрі таза болуын талап етеміз. Бұл қысқартулар мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтіретін, адамдардың құқығын бұзатын, көп балалы аналардың, зейнетке шығуға аз қалған мамандардың көз жасына қалдыратын құралға айналмауы қажет. Осы мәселе туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Экономикалық даму және сауда министрліктеріне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке хат жазып, мардымды жауап ала алмадық. Сондықтан, Үкімет осы жағдайдың анық-қанығына жетіп, қандай мемлекеттік органнан нақты қанша адамның қысқартылатыны, олардың алдағы жұмыспен қамтылуы, құқықтарының қорғалуы қалай жүзеге асырылатыны туралы мәселелерді қарастыруы тиіс деп білеміз. Құқық саласын түбегейлі өзгертетін уақыт жетті Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Орталығы, Құқықтық саясатты зерттеу орталықтарының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Оның тақырыбы: “Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының аясында Қазақстан Республикасында “құқық қорғау қызметі және сот жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар” жөнінде Қазақстан Республикасының заңнамасын дамыту туралы”, деп аталды. Дөңгелек үстелді Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова жүргізіп, комитет төрағасы Рахмет Мұқашев пен ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы, Төтенше және өкілетті елші Александр Кельчевски беташар сөз сөйледі. 1994 жылы елімізде Мемлекеттік құқықтық реформа бағдарламасы, 2002 жылы Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Сонымен қатар, құқықтық салада түбегейлі өзгерістер жасайтын уақыт жеткенін сезініп, 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі және сот жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар” деп аталатын өте маңызды құжатқа қол қойып, күшіне енгелі үш ай болды. Үкіметке жыл соңына дейін Парламент Мәжілісінің қарауына сол Жарлық талаптарына орай, заң жобаларын жасап, енгізу тапсырылған болатын. Содан 17 заң жобасы Мәжіліс қоржынына келіп түсті. Оларды қарайтын бас комитет болып Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті нақтыланды. Дөңгелек үстелде Бас Прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель “Одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері туралы”, Әділет министрінің орынбасары Дулат Құсдәулетов “Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын орындау барысында Қазақстан Республикасында “құқық қорғау қызметі және сот жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар туралы”, Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков “ҚР ішкі істер қызметін модернизациялау туралы” деген тақырыптарда баяндама жасады. Жоғары экономика мектебінің профессоры, Ресей Федерациясының еңбегі сіңген профессоры, құқықтық саясатты зерттеу бойынша орталықтың маманы Сергей Пашин заманауи кезеңдегі Ресей Федерациясының құқық қорғау қызметін реформалау туралы негізгі мәселелер, Украина Жоғарғы соты аппараты жетекшісінің орынбасары, құқықтық басқарма бастығы, құқықтық саясатты зерттеу бойынша орталықтың маманы Микола Хавронюк ортаға әкімшілік преюдициясы және рецидив институты туралы еуропалық елдердің қылмыстық құқығы саласына көзқарасы жайында ой тастады. Өзге де қатысушылар өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстелге қатысушылар баяндамалар мен сөйленген сөздер бойынша өз ойларын ортаға салды.