Әкенің парызы оңай деп ешкім айта қоймас. Өз ұрпағының болашағын ойлаған “әкенің жақсылығы жездедей-ақ” деген бекер. Халқымыз “әке –асқар тау” деп оның бағасын орынды берген. Қазір балаларын анасыз өзі ғана тәрбиелеп отырған әкелер бар. Оның есесіне әр әйелге бір-екі баладан тастап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен секеңдеп жүргендер де жетерлік. Сонымен қатар, әке мен баланың арасындағы түсініспестік қай заманда да өзекті болған мәселе. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің базасында құрылған “Әкелер мектебі” енді әкелердің түйінді мәселелеріне жауап беретін болады және әке тәрбиесімен де айналысады. Бұл аяқ астынан басталған іс емес. Негізі осы оқу ордасындағы “Психология және педагогика” кафедрасы 2007 жылдан бастап тұрғындардың денсаулығы тақырыбына кешенді ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді. Өткен жылы бұл кафедра жұмысына Қостанай қалалық білім басқармасы қосылды, бірлесе отырып “Отбасы психикалық денсаулығының актуальды проблемалары” атты халықаралық конференция, мектеп психологтарының “Суицид, мектеп, отбасы” атты бір күндік семинар-тренингін өткізді.Үстіміздегі жылы Қостанай қаласындағы мектептердің сынып жетекшілері мен ата-аналар “Отбасы мен мектептің бірлесе жұмыс істеуі – оқушылардың психикалық денсаулығының алғышарты” атты ғылыми-практикалық семинарға шақырылды. Осы күзде облыс әкімі жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы, мемлекеттік және банк мекемелері қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетімен бірігіп, “Менің әкем–ең жақсы әке” атты жобасы жұмыс істей бастады және “Әкелер мектебі” жобасын құру жөнінде шешім қабылданды.
– Конфуций айтқан “Отбасы–шағын мемлекет” деген қанатты сөздің актуальдылығы ешқашан кемімейді. Біздің елімізде де отбасы өте күрделі кезеңді бастан кешіп тұр. Олай дейтінім, отбасындағы, бала тәрбиесіндегі әкенің үлесі тым кеміп кетті. Әкенің айбынын жоғалтып алдық. Ер-азаматтың отбасылық өмірде, ұрпақ тәрбиесінде белсенділігін арттыру басты міндет болып табылады,–дейді осы жобаның авторы, психология ғылымдарының кандидаты, профессор Лилия Саркисян.
“Әкелер мектебіне” келушілерге психологтар, әлеуметтік педагогтар дәрістер оқиды. Оған жетекшілік жасайтын медицина ғылымдарының кандидаты Игорь Василенконың айтуынша, сабақтарда тек әкелермен ғана әңгіме болып қоймайды, олардың балаларымен бірге тренингтер өтеді. Ал бір қызығы, мектепке келіп дәріс тыңдауға тілек білдіргендер қатары күннен күнге көбейіп отыр.
– “Әкелер мектебінің” алғашқы сабағының өзіне жүзден аса әке жиналды. Сабақ өте қызықты өтті. Біз келушілерге айына бір рет бас қосып тұрайық деген ұсыныс айтып едік, әкелер сабақтың апта сайын өткенін қалап отыр,–дейді Игорь Василенко.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.