• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2010

Бәрі де белгілі болып қалды

534 рет
көрсетілді

Дүйсенбіге дейін Қазақстан медальдарының жиынтығымен 5-6-шы орында болғанымен, командалық есепте 10-шы орында тұр. Ауыр атлеттердің соңғы жары­сында көрсеткіштерінің өз тобын­дағылардан жоғарылығына әрі жеке өзінің намысына сеніп алтын алады деп барған Сергей Истомин­нің қолаға қолы әзер жет­кенде көңіліміз қоңылтақсып қалған. “Қа­зақ­тар, қызықсыңдар-әй, деп еді ауыр атлеттер федера­циясының прези­денті Қайрат Тұрлыханов. – Бара-бара қола ме­дальды медальға сана­майтын болдыңдар ғой”. Сана­ғымыз келеді. Сапасы болса. 10 емес, 100 қола медаль жа­бы­лып 1 ал­тын­ның салмағын баса алмай жатқанда алтын іздеген біз­дікі де әбестік емес шығар. Қазақ­станның көздеп келгені 10-орын емес, 4-ші еді ғой. Қазір ол орын­ды Иран мен­шік­теп алған. Жек­сенбі күні грек-рим күресінен бәске түскен 3 сал­ма­қтағы 2 алтынды Иранның каһар­ман жігіттері ол­жалап кетті. Қа­зір 12 алтын медалі бар Иран қал­ған 4 салмақта да алтынсыз қал­майды. Ал, еркін күрес олардың ұлт­тық күресімен пара-пар. Сонда дабылды біз ұрмағанда кім ұрады?! Таба­лағанымыз емес, қазақ спорты­­ның бұған дейін де тұлыпқа мөңіреген сиырдай халін талай рет жазған­быз. Егер Азия ойындары­ның әр кезеңін есепке алатын болсақ, өсіп келе жатқан жоқпыз, төмендеп келе жатырмыз. Бұрың­ғыдан қаржыны 5-6 есе артық жаратсақ та. Сүйегін сы­қыр­латып онсайысқа салған Кар­повтан, триатлонда Гаагтан, мыл­тық атуда Довгуннан, алпысты алқымдаған Беляевадан әлі күнге дейін алтын күтеміз. Ізбасар­лар қайда? Туризм және спорт министрі Т. Досмұхамбетовке рахмет. Буыны босаған, шегесі қисық қағылған спорт түрлеріне талдау жасап, қор­даланған проблемаларды су бетіне шығарып жатыр. Оған “Егемен Қазақстандағы” еркін күрес, дзюдо түрлерін байыппен талдағаны дә­лел. Бізде облыстарда спорт бас­шы­ларын облыс әкімдері тағайын­дайды. Кімді болса соны. Шегенің қисық қағылғанын осы жерден бастап іздеу керек. Бір сөзбен айт­қанда, үлкен спортқа үлкен рефор­ма қажет. Бұған қорытынды ма­қалада арнайы оралармыз. Тоқ­сан ауыз сөздің тобықтай түйіні, елден шыққанда діттеген 23 алтынды енді  толық ала алмайтынымыз белгілі болды. Қалған 5 күнде алынуға тиісті несібемізді ой­ла­ғанда әлі де 4 орыннан үміттіміз. Бір әттеген-айы, медальға таласады деген бокс­шыларымыздың қатары күн сайын сиреп келеді. М.Жақыпов, А.Се­рімов, Д.Төлегенов, В.Левит­тің қа­тарына жексенбі күні С.Башенов қосылды. Бір­жан Жақыпов алғаш­қы жекпе-жегін­де әлем чемпионы, Олимпия ойын­дарының күміс жүл­дегері моң­ғол Пуревордж Сердан­баны 9:0 есебімен әдемі жеңді. Ежелгі қарсы­ласы Зу Шимингпен,  құдай қаласа, финалда кездеседі. Екеуі екі топта. Серік Сәпиев қар­сылас­тарын 3 раундқа жеткізбей шаруа­сын тындырып жатыр. Таэквон­дошы Феруза Ергешеваның ерлігін атап өтуге болады. Иран және Филиппин таэквондошы­ларын жол­­да қалдыр­ған қызымыз финал­да Олимпия ойындарының чем­пионы, Азия мен әлем бірін­шілік­терінде 1-3 орын­дардан тө­мен­демейтін қытай Ли Веймен айқас­ты. Бір ұпайға ғана ұтылды. Есеп 3:4. Жексенбі күні А. Бек­тұр­ғанова бастаған төрттігіміз семсер­лесу спортында алдына Қытай, Корея коман­дасын салып, үшінші орынға іліксе, шпа­га­дан С.Шаба­лин бастаған жігіт­­теріміз Үндістан, Қырғызстан, Қы­тай төрттігін әдемі жеңіп, финалға өтті. Корейлерге есе жіберіп, күміс ме­даль олжала­ды. Бұл да жақсы же­тіс­тік. Құра­мын­да қазақ сам­босын дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген бапкер Керей Қойшыбектің қызы Айнұр Керей бастаған мәнерлеп жүзушіл­еріміз қола медальға ие болды. Бірін­ші орын алған Қытай – 97,125 ұпай, Корея – 94,00 ұпай, Қазақ­стан 85,375 ұпай жинаған. Гандболшы қыздарымыз жақсы келеді. Жағажай волей­бо­лын­да да жағдай жаман емес. Грек-рим күресі басталды. Өткенде бокс­шымыз Д. Төле­генов аумағы Қазақ­станның бір ау­данындай ғана Бутан мемле­кетінің боксшысынан жеңіліп еді. Бұл жо­лы алтын медаль алады деп сенген балуанымыз Нұрбақыт Теңізбаев үнді Шингтан сүрінді. Марат Кәрі­шалов (55 кг) азамат екен. Кейін­нен 1-ші орын алған жапон балуа­ны­нан алғашқы белдесуінде жеңіл­генімен, жапон финалға шыққан­дықтан 3-ші орынға күресуге мүм­кін­­дік алды. Таиланд балуанын 4:0 есебімен ұтқан Марат қола жүлде үшін әлемнің 5 дүркін жеңім­пазы ирандық Сурианмен бел­десті. Партерде Сурианды солқыл­датып жұлып алған ол екінші кезегінде жерге желімдеп тастаған­дай жатып алды. Есеп біздің жі­гіт­те. 3:0. Әлем­де 5 рет, Азияда 2 дүр­кін алды­на ешкімді салмаған иран балуанына Марат Кәрішалов 1 ұпайды да ұстатпады. Дархан Баяхметов (66 кг) жақсы бастаған. Өзбекстандық Бесики Салдадзені 3:0, ирандық Иша Хусейнді 3:0, жапон Фужи­мураны 3:0 есебімен жеңген балуа­нымыздың финалда иран Абдували Шаедке күші жетпеді. Үш кезең бойынша 3:1 есебімен жеңілді. Иран қара күшке мықты екен. Сырт көз – сыншы. Бейжің Олим­­пиадасында шиыршық атып орында тұра алмаған, өршеленіп күрескен Нұрбақыт Теңізбаев пен Дархан Баяхметовті көре ал­мадық. Екеуі де шаршаулы шықты. Денелерінен қуат сыртқа теппейді. Сылбырлау күресті. Даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов ешқайсын қазылардың қарау­лығына берген жоқ. Жақсы күре­сетін реттері еді. 22 қараша күні Әсет Мәмбетов (96 кг) финалға өтті. Қырғыз балуаны­нан ұтылған Роман Мелешин қола медаль үшін белдеседі. Велоша­бандоздардан ағайынды Иглин­скийлер 180 ша­қырымдық жарыста жүлдеге іліге алмады. Қы­лыш­тасуда Ж.Тұр­лыбеков, Е.Фролов және Е.Ті­леншиев жартылай финалда Корея үштігіне 45:33 есебімен жеңіліп қола медаль жеңіп алды. Айта кетерлігі, Корея құрамасы сем­серлесуде қазақ­стандықтар үшін Абылай аспас сары бел болып тұр… Бет қатталып жақтанда Азия ойындарынан тағы бір алтын жүлденің сыңғыры естілді. Жеңіл атлетикадан 400 метрге жүгіруде Ольга Терешкова мәреге бірінші келіп, алтын медальды мойнына тақты. Ал онымен бірге сынға түскен Марина Масленко осы қашықтықта қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, семсерлесуде ерлер құрамасы күміс жүлдені, ал синхронды жүзуде қыздарымыз қола медальді жеңіп алды. Грек-рим күресінен Әсет Мәмбетов пен Дархан Баяхметов қарсыластарына есе жіберіп алды. Сөйтіп, олар күміс жүлдеге ие бол­са, тағы бір балуанымыз Ал­захор Өздиев қола медальды қанағат тұтты. Кешегі белдесулер еліміз үшін осындай нотамен аяқталар тұста 74 кило салмақта сынға түскен қырғыз балуаны Данияр Кобонов өз еліне екі күміс, бір қола жүлдеден кейін көптен күткен алғашқы алтын жүлдені сыйлады. Осыдан кейін Қырғызстан 17-ші са­тыға көтерілді. Сонымен бірге, Тәжік­станның өкілі Дилшод На­заров та жеңіл атлетикадан алғаш­қы алтын медальды мойынына тақты. Тәжіктер алтын алқа алған­нан кейін 23-ші орынға  шықты. Көршілеріміздің қуаны­шында шек жоқ. Ал турнир кестесінде 14 орында жайғасқан өзбектер әлі сол 3 алтынды қанағат тұтып тұр. Олардың қоржынында бұдан басқа 11 күміс және 16 қола бар. Ал Қазақстан 5 алтын, 13 күміс, 23 қола медальмен 10-шы орында тұр­са, оның алдында Малайзия, Үнді­стан, Таиланд, Қытайлық Тайпей, Гонконг, Иран елдері келеді. Турнир кестесінің үштігін Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония құрап отыр. Алаң иелерінде 154 алтын, 77 күміс, 73 қола жүлде болса, Оңтүстік Корея­да 61 алтын, 51 күміс, 66 қола ме­даль, ал Күншығыс елінде 31 ал­тын, 59 күміс және 67 қола жүлде бар. Бақтияр ТАЙЖАН, “Егемен Қазақстан” – Гуанчжоудан (Қытай). _________________ Суреттерді түсірген Ерзат СЕРҒАЗИН.