• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2010

Жол айқын, іс алға басып келеді

595 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының прокуроры Жақсылық БАЙТҰҚБАЕВПЕН әңгіме Биылғы жылдың тамыз айында Елбасы Н.Назарбаев сот жүйесі және құқық қорғау органдары басшыларымен арнайы кеңес өт­кізіп, олардың алдына жаңа да тың міндеттер қойды. Дәл осы тұс­­та баспасөз бетінде Мемлекет басшысының “ҚР-да сот және құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар туралы” Жарлығы жарияланды. Одан бергі уақытта да үш-төрт ай өте шығыпты. Құқық қорғау қызметінің сапасын жаңа сатыға кө­теру жөнінде республика Президенті қойған міндеттер мен тап­сырмалар бүгінгі күні прокуратура органдарында қалай ор­­ын­да­луда? Батыс Қазақстан облысының прокуроры Ж.Байтұқ­баев­пен тілшіміздің әңгімесі осындай бағытта өрбіді. – Жақсылық Ысқақұлы, атал­ған кеңесте Елбасы Прокуратура – құқық қорғау органдарының ядросы болуы керек деп атап көрсетті. Про­куратураның басты қызметі үйлес­тіру және қадағалау екені белгілі. Кеңесте осы функцияларды одан әрі арттыру мен күшейту жөнінде Мем­лекет басшысы тарапынан нақты міндеттер қойылды. Осыған байла­нысты қолға алынған шаралар жөнінде әңгімелеп берсеңіз? – Иә, тамыз кеңесінде Елбасы қойған міндеттер құқық қорғау ор­гандарының қызметіне басшылық болып табылады. Бүгінгі күні то­лық қайтарыммен жұмыс істеу бә­рімізге үлкен жауапкершілік жүк­тей­ді. Жарлықта көрсетілгендей, тиімділік ұғымына да осындай өмір­шең көзқарас тұрғысынан келе аламыз. Бүгінде Президент Жар­лығына сәйкес мемлекеттік орган­дар­да болып өткен штаттық қыс­қар­тулардан кейін жаңа кесте ен­гі­зілуде. Қосақ арасында босқа жүр­меудің және кәсібилік үлгісін көрсетудің қажеттілігі де осында. Бір сөзбен айтқанда жол айқын. Оны көрсетіп берген Мемлекет бас­шысының өзі. Ендігі мақсат – істі алға бастыру ғана. Бүгінгі құқық қорғау органдары қызметінің сипаты жаңа сапалық мазмұнға ие бола бастады. Бұрын мұнда қайткенде де жазалау бағыты бірінші кезекке шығып келді. Қазір олай емес. Керісінше, құқық бұ­зушылықтардың алдын алу мен оның жолдарын кесу жағына бет бұрыла бастады. Облыста қабыл­дан­ған аумақтық бағдарламаның басты мақсаты да осындай. Оның бастама­шысы әрі негізгі үйлес­ті­рушісі облыстық прокуратура бол­ға­нын да айта кеткенді жөн кө­ре­мін. Бағдар­ламаға сәйкес қазіргі күні жергілікті орындарда қоғам­дық құрылымдарды қайта жарақ­тан­дыру ісі өріс ала бастады. Мұн­дағы мақсат – құқық қорғаудың тиімділігін арттыру. Өрісін өсіру. Орал өңірінде өмірге келген “Қауіпсіз аула” бағдарламасы мен “қауіпсіз ауыл” конкурсы да аталған бағдарлама талаптарымен тығыз үйлесім тауып отыр. – Бұған дейінгі жасалған тал­даулар мен сараптамалар, журналис­тік зерттеулер облыстағы крими­нал­дық жағдай тұрақсыз екенін көр­сетеді. Рас, қылмыстың жалпы дең­гейі төмендеген. Соған қарамастан оның жекелеген түрлерінің өскені байқалады. Соның ең басты­ла­ры­ның бірі кәмелетке толмағандар ара­сындағы құқық бұзушылық болып табылады. Бұған не дейсіз? – Дұрыс аңғарғансыз. Бұл тұр­ғыда педагогтар мен жалпы білім беретін оқу орындарына енгізілген “мектеп инспекторлары” қызме­ті­нің оң мысалдары жоқ емес. Әйтсе де әлгінде өзіңіз айтқандай, кәме­лет­ке толмағандар арасындағы қыл­­мыспен күрес әлі де тиімді нәтиже бере алмай келеді. – Мұның басты себебі неде? – Тәжірибе көрсетіп отырған­дай, құқық тәрбиесін бұзуға бейім тұратын жасөспірімдерді есепке қою ісінде енжарлық басым. Тұр­мысы төмен отбасылары жөнінде де осылай деуге болады. Бұларды есепке қоймау көріністеріне жол берілген. Немесе бұл жұмыс ән­шей­ін көз алдау үшін формальды түр­де іске асқан. Ең дұрысы оларға құқық тәртібіне сай көмектер бе­рілуі керек ғой. Олай болмаған. Талдаулар кәмелеттік жасқа тол­мағандар арасында жасалған қыл­мыстардың денін орта мектеп­тер мен кәсіптік лицей оқушылары жасаға­нын көрсетеді. Бұл облыс­та­ғы білім беру орындары өз тәр­бие­ленуші­ле­ріне тиісті ықпал жасамай­тынының бір дәлелі. Сондай-ақ олардың тарапынан отбасындағы проблема­ларға назар аудару ісі де төмендеп кеткен. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттерді анықтау мен алдын алуда ішкі істер органдары да дер уақытында тиісті шаралар қабылдамаған. Бұл жағ­дай­ларды облыстық прокуратура ескерусіз қалдыра алмады. Осыған орай “қиын” балалар мен тұрмысы төмен отбасыларына арналған прокурор­лардың жеке қабылдау тәртібі ен­гізілді. Бұған қоса батыс­қазақстан­дық прокурорлар отба­сы­лық ортадан тыс қалған балалар мәселесіне де көңіл аударып келеді. Өткен жылы прокуратураның ұсынысына сәйкес облыстық ішкі істер департаментінің кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығының жаңа ғимаратын салу белгіленді. Оның жобалау-сметалық құжатта­рын дайындауға қажетті ақша қаражаттарын бөлу туралы шешім қабылданды. Бұған қосарымыз прокурорлық тексерулерден соң он жетімге жәр­демақы тағайындалды. Қырық ба­лаға алименттік төлемдер өндіру үшін шаралар қабылданды. 102 ба­ла мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуы үшін жеңілдетілген кезекке қойылды. Осы орайда тағы бір атап өтер мәселе Зеленов ауданындағы Январцево балалар үйінің тәрбие­ленушілері облыстық прокуратура органдарының қамқорлығында болып табылады. Әрине бұл іс бірінші кезекте балалардың құқы­ғын қорғауды көздейді. Әрі ол тек бір ғана қадағалау функциясының шеңберінде атқарылады. – Жақсылық Ысқақұлы, жо­ғарыда аталған кеңесте әлеуметтік-экономикалық саладағы прокурор­лық қадағалаудың сапасы мен тиімділігін арттыру жөнінде де келелі мәселелер көтерілді. Ендігі әңгіме ауанын осы бағытқа қарай бұрсақ. – Иә, бұл үлкен мақсат, мерей­лі міндет. Кримоногендік ахуал тек бір ғана “бас жарып, көз шыға­ру­дан” тұрмайды. Мұндай әлеумет­тік-экономикалық сипаттағы қыл­мыс­тардың да үлес салмағы мол. Әрі оны бірыңғай бағыттағы ведом­стволық жолмен жою тіпті де мүм­кін емес. Біз бұл бағытта про­ку­рор­лық тексерулерді жоспарлауға баса мән берудеміз. Әрі ол прокурорлық қызметімізді әлеуметтік-экономи­ка­лық саладағы маңызды арналарға бағыттауға мүмкіндік береді. Өзіңізге белгілі, әлемдік эко­номикалық дағдарыстың шарпуы әлі басыла қойған жоқ. Осы тұр­ғы­да қадағалау қызметі оның жа­ғым­сыз салдарын азайтуға бағытталуы тиіс. Солай істеліп те жүр. Дағ­да­рыс қаржы-несие секторындағы құқықтық қатынастарды тұрақты түрде қадағалап тұруды міндеттейді. Соның ішінде дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражаттардың жұмсалу заңдылығы айрықша мән­ге ие. Мұндай тәсіл өткен жылдан бері 51 мыңнан астам азаматтың конс­титуциялық құқықтарын қор­ғау­ға мүмкіндік туғызды. Бұл тұр­ғы­да азаматтардың бір де бір өтініші назардан тыс қалған жоқ. Нәтижесінде жалақы бойынша қарыз сомасының өсімі әжептәуір төмендеді. Ол осыдан бір жыл бұрын 83 миллион, өткен жылдың аяғында 40 миллион теңге болса, қазіргі уақытта берешек 8 миллион теңге көлемінде ғана. Бұл рес­пуб­ликадағы ең төменгі көрсет­кіш­тер­дің бірі болып табылады. Еңбек құқығын қорғау жөнін­­дегі жағдайды тұрақтандыруда жергілікті атқарушы органдардың дағ­дарысқа қарсы шараларды ти­імді іске асыра білгені де көмегін ти­гізді. Сөйтіп ортақ іс облыста қар­жы рыногының салдары ретінде орын алған әлеуметтік ахуалды реттеуге септігін тигізді. Дағдарыс жағдайында өңірдегі кәсіпкерлердің құқықтары да лайықты түрде қор­ғалды. Ол арнайы жұмылдырылған топтардың қызметі арқылы жүр­гізілді. Мұның өзі прокуратураның құқық қорғаушы қызметін тиімді түрде іске асыруға алғышарт қала­ды. Мұндай игі істер халықтың про­куратура органдарына деген се­німін нығайтуға оң ықпал етті. – Бүгінгі күні кәдімгі қарапайым тұтынушылардың құқығын қорғау өте маңызды мәнге ие. Мұндай құ­қық бірінші кезекте тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық салаларында мүлтіксіз сақталуы қажет. Алайда ылғи олай бола бермейді. Осы сала­да көрсетілген қызметтер үшін баға мен тарифтердің негізсіз өсуі орын алып тұрады. – Ойыңызды түсіндім. Аталған мәселелер прокуратура орган­да­ры­ның тұрақты бақылауында болып ке­леді. Айталық есепке алу құрал­да­рын орнату, электр қуатын тұты­­ну мәселелері бойынша Орал қа­ла­сын­дағы “АқжайықЭнергоСауда” ЖШС-ның заңсыз әрекеттеріне алдын-ала тосқауыл қойылды. Екінші бір мысал. Облыс және қала тұрғындарын газбен жаб­дық­таушы ұйым “ҚазТрансГазАймақ” АҚ филиалы көрсетілген қызмет құнын есептеуде өктем тәртіп ор­нат­қысы келген. Бүгінде тұтыну­шы­лардың көпшілігі көгілдір отын­ды тұтыну үшін арнайы құрал-жаб­дық­тарды пайдаланатыны белгілі. Сөз жоқ, оған белгіленген кестеге сай техникалық қызмет көрсетіліп тұруы керек. “ҚазТрансГазАймақ” осы ұрымтал сәтті өз ұпайларына жара­тып тұрғындарға қосымша та­риф­тер төлеуді міндеттемек болған. Про­куратура органдарының ұсы­ныс­тары бойынша аталған заңсыз әре­кеттерге тыйым салынды. Ос­ын­­дай заңсыз­дықтар мен өз бе­ті­мен кету­ші­ліктің өзектілігі ес­ке­ріліп бұл мә­селелер облыс проку­ратура­сы­ның алқа мәжілісінде арнайы талқыланды. – Агроөнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаражаттарды жұмсау заңдылықтары туралы не айтар едіңіз? Оған прокурорлық тексерулер жүргізілді ме? – Әрине, жүргізілді. Осы тексе­рулердің нәтижесі бойынша бес қылмыстық іс қозғалды. Ашығын әрі анығын айтқанда, оның төртеуі жалпы сомасы отыз алты миллион теңге құрайтын залалды толық өтеді. Соған байланысты оның төртеуі де өндірістен тоқтатылды. Ал қалған біреуі қазір алдын-ала тергеу сатысында. Сонымен бірге 250 миллион теңгеден астам бюд­жет қаражатын қымқыру көрінісі анықталды. Соған орай қазір кінәлі адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Биыл өңірде үш жалған кәсіпорын анықталып олардың басшыларына қатысты қылмыстық істер көтерілді. Аталған жалған кә­сіпорындардың заңсыз айналымы 1,4 миллиард теңгеден астам со­маны құраған. Аталған қылмыстық істердің бесеуі салық төлеуден жал­тару фактілеріне негізделген. Тілші түсініктемесі: Батыс Қазақстан облысының прокуроры Жақсылық Байтұқбаевпен бұдан кейінгі әңгіме қазіргі жаңа талап­тар, қадағалау органдары қызме­тін­дегі жағымды өзгерістер жөнінде өрістеді. Прокуратура органдары қызметінде басты бағыттардың бірі – азаматтардың конституция­лық құқықтары мен бостандық­та­рының сақталуын қамтамасыз ету екені белігілі. Бұл тұрғыда сұхбат беруші әлеуметтік және ең­бек қарым-қатынастары, денсаулық сақтау және білім мен тәрбие беру салаларына қатысты прокурорлық пайымдауларымен бөлісті. Жақсылық Ысқақұлы ішкі істер органдарында осыдан біраз жыл бұрын енгізілген “Кезекші прокурор” институты жөнінде де толымды әңгіме қозғады. Ол өзін толық ақтап келеді, – деді Ж.Байтұқбаев. Соның арқасында бұл саладағы қадағалау тұрақты әрі тәрменді сипат алды. Бұған қосарымыз ТМД-ның үш мемлекеті – Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағын құр­ғаны белгілі. Бұл жәйт прокуратура органдарының жұмысына жаңа бір үрдіс әкелді деп айта аламыз,– деді ол. Кеден заң­ды­лығының сақталуын қадағалау бізге өте жауапты мін­дет­тер жүктейді. Про­курорлық тек­серулердің сапасын көтерудің ма­ңызы кеден одағы жағдайында од­ан әрі арта түседі. Біздің бүгінгі іс-қимылымыз осы жоғары талап­тар үрдісінен шығуға бағытталған, – деп түйін жасады облыс прокуроры. Бүгінгі күні азаматтардың әлеу­меттік кепілдігі мен қауіпсіздігін сақтау айрықша мәнге ие. Оның сенімді тұтқасы – прокуратура органдары. Біздің қазіргі мақса­ты­мыз осы сенім үдесінен шығу деп қорытты өз ойын Жақсылық Байтұқбаев. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.