• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2010

Елорда тұрғындарының назарына

404 рет
көрсетілді

ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық аясында Астана қаласы мәслихатының шешімімен 2010 жылғы 1-2 желтоқсан демалыс күндері деп жарияланып, бұл уақыт жұмыс күндері ретінде 2010 жылғы 27-28 қарашаға ауыстырылды. Қала мектептері мен колледждерінде, сондай-ақ жоғары оқу орындарын­да күзгі және қысқы каникул есебінен 2010 жылғы 29 қараша мен 5 желтоқ­сан аралығы демалыс күндері болып белгіленді. 2010 жылдың 29 қарашасы мен 2 желтоқсаны аралығында елорданың бар­лық базарлары жұмыс істемейтін болады. Ал 1-2 желтоқсанда Абай, Са­рыарқа, Тұран, Қабанбай батыр даңғылдары, сон­дай-ақ Сарайшық, Қо­наев, Достық кө­шелерінде және әуежайға баратын тас жолда қоғамдық көлік қозғалысы шек­теледі. Мысалы, №№ 21, 27, 35, 44, 46 бағыттардағы автобустар жүрмейді. Сон­дай-ақ №№ 12, 18, 28, 30, 40, 42, 47 және 121 бағыттардағы автобустар тек қаланың ескі бөлігінде (оң жағалауда) ғана жүреді. Атап айтқанда, №12 бағыт – Ә.Жангелдин көшесіне дейін, №18 ба­ғыт – Желтоқсан көшесіне дейін, №28, 30, 121 бағыттар – Республика даңғылы – Иманов көшесіне дейін, №40 бағыт – Тәуелсіздік даңғылы – Майлин көшесіне дейін, №42 бағыт – Республика даңғылына дейін, №47 бағыт – Республика даңғылы – көлік айырығына дейін. Ал темір жол мен қалааралық автобустардың жүру кестесі өзгермейді. Сондай-ақ 1-2 желтоқсан күндері барлық ішкі әуе рейстері тоқтатылады. Ал Астана-Көкшетау, Астана-Қарағанды, Астана-Қостанай, Астана-Павлодар, Астана-Қосшы, Астана-Қорғалжын бағыттары бойынша қаладан шығу әдеттегі режімде қалады. Демалыс орындары (күнгі клубтар, барлар және т.б.) 30 қараша мен 2 желтоқсан аралығында жабылады. Астана қаласында ЕҚЫҰ Саммитін өткізу ел үшін аса маңызды. Осыған байланысты қауіпсіздік шараларына жоғары түсіністікпен қараған жөн. Сонымен қатар, қандай да бір лаңкестікке қатысты іс-әрекеттер, оның ішінде жарылыс құралдары мен заттарының қойылғандығы туралы жалған хабар беру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 242-бабына сәйкес заңмен қудаланатындығы ескертіледі. “Егемен-ақпарат”.