Бүгінгі күннің заң шеңберіндегі негізгі бір мүддесі – бітімгершілік болып отыр. Қуана, құптарлық дүние. Зерделеп, ой елегінен өткізсек, дала демократтары аталған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бабаларымыздың қара қылды қақ жара айтқан биліктеріндегі басты мүдде бітімгершілікпен ел бірлігін, тұтастығын сақтау болғаны тарихнамадан мәлім.
Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ағымдағы жылдың тоғыз айында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 9-1 тарауында, нақтылай түссем, 79-1, 79-3, 79-4, 79-5-баптарында көрсетілген заң бұзушылықтар бойынша 271 әкімшілік істерді қарап, заңнама шеңберінде шешімдер шығарды. Соның ішінде тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты әкімшілік жауаптылықтан босату туралы 126 әкімшілік іске қаулы шығарылды. ҚР ӘҚБтК 79-1-бабында “Тән ауруына ұшырататын, бірақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабында көзделген зардаптарға әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау – айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін қамауға әкеліп соғады” деп анық жазылған. Негізі заңнамада көрсетілгендей әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жәбірленушінің өтініші бойынша ғана қозғалады. Және арыз иесі әкімшілік құқық бұзған адаммен бітімгершілікке келгеннен кейін тоқтатылуға жатады. Бітімгершілікке келу жәбірленуші мен әкімшілік құқық бұзушы адамның арасында заңнама талабына сай жазбаша келісім жасалып, жеке қолдары қойылып расталғаннан кейін жүзеге асырылады. Ал жәбірленуші кешірім бермеген жағдайда заң талабы бойынша әкімшілік құқық бұзған адамды он тәулікке дейінгі қамауға алуға әкімшілік қаулы шығарылады немесе үш айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерінде айыппұл салынады. Осы жылдың тоғыз айында әкімшік істер бойынша 120 адам әкімшілік қамауға алынып, 25 адамға мемлекет пайдасына айыппұл салынды.
Дерекке дәйектеме келтірсек, ағымдағы жылдың 31 шілдесінде түнгі сағат 24 шамасында Көксу ауданы, Балпық би кентінің түрғыны С.Керімбеков деген азамат алкаголь өнімін пайдаланып алып, тұрмыстық келіспеушілікпен қарындасын балағаттап, арына, намысына тиетін ауыр сөздер айтқан. Сот залына келгенде С.Керімбеков өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, ендігәрі қайталамауға уәде беріп, кешірім сұрады.
Талдықорған қаласы, Д.Қонаев көшесі 21 үйдің тұрғыны С.Исаев спирттік ішімдік ішіп, мас болып азаматтық некеде тұратын әйелі Г.Байбатшаевамен ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде қатты ұрсысып, балағаттап, арына, намысына тиетін ауыр сөздер айтып, ҚР ӘҚБТК 79-5 бабы 1-тармағын өрескел бұзған. Жәбірленушінің арызына сәйкес, әкімшілік іс заң талабына орай сот мәжілісінде қаралды. Тағылған айыпты мойындап, елдің алдында кешірім сұрады. Жәбірленуші тарапынан кешірім беріліп, әкімшілік жаза қолданбауын өтіне сұрады. Сондықтан мұндай әкімшілік істер жақтардың татуласқандығы ескеріліп сот өндірісінен қысқартылады.
ҚР ӘҚБТК 111-бабы бойынша ата-ананың немесе заңды өкілдің балаларды дұрыс тәрбиелеу жөніндегі төл міндетін өз мәнінде орындамауларына байланысты биыл 59 әкімшілік іс қаралып, 34 адамға ескерту беріліп, 24 адамға әкімшілік айыппұл салынды. Негізі көп жағдайда әкімшілік құқық бұзушы ата-анаға сот алғашқы ретте ескерту қолданады. Бұл дегеніміз, судьялар тарапынан ата-анаға алғашқы жолы түсіністікпен қарап, материалдық тұрғыдан шығын әкелмей заңнама шеңберінде жасалынған кешірім болып саналады. Егер де ата-ана өз баласының тәрбиесіне ден қоймай, қалай болса солай жіберіп, сабағына қатыспай, түрлі дәрежедегі қылмыстар жасауға аяқ басып, яғни ұрлық жасау секілді заң бұзушылықтарға баруына жол бергендігі заңнама шеңберінде дәлелденіп жатса ондай ата-аналарға айыппұл салу заң талабы болып табылады. Сондай-ақ, түрлі сауда орындарында он сегіз жасқа толмаған балаларға алкаголь және табак өнімдерін сатуға тыйым салынған.
Нұржан ҚАРАБАЕВ, Талдықорған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы.
Алматы облысы.