• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2010

Басқа басылымдардан

361 рет
көрсетілді

КӨПВЕКТОРЛЫ ДИПЛОМАТИЯНЫҢ НӘТИЖЕСІ Танымал саясаткерлер мен сарапшы­лар ЕҚЫҰ-ның Астанада өтетін жоғары деңгейдегі саммитінде діни және ұлттық кем­сітушілікке қарсы өзекті мәселелер тал­­қыланатындығын айтады. Ұйымның соң­ғы саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда ша­қырылған еді. Содан бергі кезеңде ЕҚЫҰ кеңістігінде көптеген өзгерістер бол­ды. Бүгінде сол өзгерістерді жан-жақ­ты талқылап, қарастыратын мезгіл жетті. Бұған Астана Саммиті арқау болады деген үміт бар. Еуропадағы мемлекеттерде мұсылман­дар­дың үлесі тұрақты артып келеді. Сон­дықтан да дінаралық және этносаралық белсенділік проблемалары өзінің өзек­тілігін жоймақ емес. Осыған байланысты Қазақстан мұсылман әлеміндегі әріптестік қатынастарды нығайту мақсатында Бүкіл­әлемдік ислам экономикалық форумын өткізгелі отыр. Өйткені, Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымына мүше елдердің саяси салмағы, сондай-ақ мұсылман мемле­кет­терінің аумағында әлемдегі көмірсутегінің қоры аса мол. Қазіргі кезде Қазақстан мен Ислам Конференциясы Ұйымына мүше 57 ел арасындағы тауар айналымы 5 миллиард доллардан астам соманы құрайды. Бұл қа­зақстандық тауарларды осы мемлекет­тер­дің рыногына шығару екі жаққа да аса тиім­ді болмақ. Келесі жылы ресми Астана Ислам Конференциясы Ұйымына төраға­лық етеді. Бұл Қазақстан мен ұйымға қа­тысушы елдер арасындағы тарихи және мәдени ынтымақтастықты әрі қарай да­мы­туға қолайлы жағдай жасайтын болады. * * * АСТАНА САММИТІ ТАРИХИ ЖИЫН БОЛМАҚ Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде әрі өңірлік көрші ретінде Ауғанстанға айтарлықтай көмек көрсетті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасы бойынша 1 000 ауған­дық жастарды Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқытады. Бұл мерзім төрт жылды қамтиды. Оған Қазақстан тара­пы­нан 50 миллион доллар көлемінде қаржы бөліп отыр. Білім алған ауғандық ма­ман­дар өз елінде мемлекеттік басқару сала­ла­рында жұмыс істейді, Ауғанстанда бей­біт­шілік орнатуға үлес қосады. Қазақстан, сондай-ақ көршісі Қыр­ғыз­стандағы жағдайды тұрақтандыруға зор үлес қосты. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы Қанат Саудабаевтың атап өтке­нін­дей, Қазақстанның араласуымен Қыр­ғызстандағы саяси жағдай тұрақтанды. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпшілігі Қа­зақстанның Қырғызстандағы этнос­ара­лық қақтығыстардың әрі қарай өрші­меуі­не қосқан үлесін жоғары бағалады. Бұдан бөлек,  Қазақстан Республикасы Қырғыз­станға көршілес ел ретінде және Ұйым­ның Іс басындағы төрағасы ретінде қайта­рымсыз қаржылай, азық-түлік, отын және құрылыс материалдарын берді. Бұл қаржы мен құрылыс материалдары сәуірдегі төңкеріс кезінде қиратылған, өртелген үйлерді қалпына келтіру үшін қажет еді. Қазақстан, сондай-ақ өз көршісіне пар­ламент сайлауын өткізуге де саяси қол­дау көрсетті. Соның нәтижесінде пар­ламент сайлауы дау-дамайсыз өтті. Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша елдің бұрынғы президенті Қ.Бакиев Қырғызстан аумағынан өзге елге кетті. Осылайша Қазақстан Қырғыз­станды азамат соғысынан сақтап қалды. * * * ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТТЕРДІҢ БІРЛЕСКЕН МӘЛІМДЕМЕСІН ҚОЛДАЙДЫ Қазақстан Республикасы Ресей, Армения және  Әзірбайжан президенттері Дмитрий Медведевтің, Серж Саргсянның және Ильхам Әлиевтің осы жылдың 27 қазанында Армения мен Әзірбайжанның әскери тұтқындар алмасу және қаза тапқандардың мәйітін қайтару жөніндегі мәлімдемелерін қолдайды. Тараптар бұл уағдаластыққа ЕҚЫҰ-ның тең төрағалары Минск тобы мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің көмек көрсетуі арқылы қол жеткізді. Бұл жөнінде Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев “Euronews” те­леарнасына берген сұхбатында мә­лімдеді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың атап өткеніндей, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында аса ма­ңызды мәселелердің бірі ұзаққа созылған Оңтүстік Кавказ бен Приднестровье жан­жалдарын  реттеуге ықпал ету болып та­бы­лады. Осы жылдың қазанында соңғы бес жыл ішінде алғаш рет Ұйымның баста­машы болуымен Таулы Қарабақтағы гуманитарлық жағдайларға баға беру үшін халықаралық сарапшылар тобы Таулы Қарабақта болды. Президент Н.Ә.На­зар­баевтың пікірінше, Таулы Қарабақ проблемасын бейбіт жолмен реттеудің ма­ңы­зы, әсіресе, ондағы қарапайым халық­тар үшін аса жоғары. Ұзаққа созылған жанжалдардың салдарынан ондағы тұр­ғындар бүгінгі күнге дейін зардап шегуде. Президенттердің жоғарыда аталған бір­лескен мәлімдемелері Қазақстан тара­пы­нан қолдау тауып отыр. * * * ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚТАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ БІРЕГЕЙ ҮЛГІСІ Қазақстан Президенті “Euronews” теле­арнасына берген сұхбатында Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Саммиті әлемде бей­бітшілікті қамтамасыз етуге ықпал ете­ті­нін атап көрсетті. Оған Қазақстандағы саяси және этносаралық, конфессия­ара­лық келісімнің нық орныққанын мысал ретінде алуға болады. Өйткені, Қазақ­станда әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар табысты жүзеге асы­рыл­ды. Этносаралық, дінаралық келі­сім­нің нәтижесінде Қазақстан осындай жетістіктерге жетіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстанның Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Мұсылман әлемі арасындағы үнқатысулар үшін ең оңтайлы алаң болуға толық мүмкіндігі бар. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев сұхбатында 2011 жылы Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететініне де арнайы тоқталды. Себебі, қазіргі кезде әлемдік саясаттағы басты проблеманың бірі мұсылман әлемінің өзге әлеммен қатынасында қиындықтар көрініс беріп отырғаны жасырын емес. Ал Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы барысында мұсылман әлемі мен батыс арасында  ашық және адал үнқатысулар жүргізуге мұрындық болады.