Жас ұрпақтың рухани жағынан кемелденуі мен бос уақытының мәнді өтуі үшін ауылдардағы мәдениет орындарының жұмысы уақытпен үндес болуы керек. Нарықтың қиын жылдарында есіктеріне құлып салған мәдениет үйлері мен кітапхана, балабақшалар ашылып, халық оны жылы қабылдауда. Көпшіліктің ықыласын аударған осындай мерейлі сәт Еңбекшіқазақ ауданындағы Ават ауылында өтті.
Елбасының тапсырмасымен “Жол картасы” аясында 320 орындық Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге 97 млн. теңге жұмсалды. Осылайша осындағы спорт жарыстарын өткізуге арналған зал, жаттығу-шынығу, хореографиялық және ән-би үйірмелеріне арналған бөлмелер, тағы басқа да орындар қажеттіліктермен жабдықталса, салтанаты келіскен ғимарат ауылға көрік беруде.
Аваттықтар Мәдениет үйінің ашылу салтанатына жиналып, республикалық ұйғыр этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Ассимжан Злавдинов, ауыл тұрғыны Мұзафар Мұталипов жұртшылықты біртұтастыққа үндейтін, рухани нәр беретін орынның ашылуымен құттықтап, Мемлекет басшысына алғысын айтты.
Осы мерейлі сәтте өнер шеберлері халыққа әсем ән мен тәтті күй сыйлады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.