• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қараша, 2010

Ыстамбұлдан Астанаға дейін

694 рет
көрсетілді

Алғашында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңес болып құрылып, беделді халықаралық Ұйымға айналған құрылым осы 35 жылдың ішінде географиялық қамтылуымен де, әлемдік саясатқа ықпал етуімен де өз позициясын нықтай түскені аян. Әсіресе, оның қанатының кеңге жайылуы өткен ғасырдың 90-шы жылдарына сәйкес келді. Өйткені, бұл кезде әлемнің бет-бейнесі бір-біріне қарама-қайшы екі лагерьдің жойылуымен өзгерген болатын. Міне, осы тұста Еуропа елдері Ұйымға қатысты да жаңалықты ойлар қажеттігін ұғынды. Осылайша жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясы өмірге келді. 1990 жылы қабылданған осы хартияда Ұйымға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммиті екі жылда бір рет өткізіліп, онда Ұйымның алдағы қадамдарын белгілеу мен өткен оқиғалардың қорытындысын зерделеу үшін жиналып тұру көзделген-тін. 1992 жылы ЕҚЫҰ-ның Хель­син­кидегі саммиті басталмастан екі күн бұрын сол кездегі Юго­сла­вияда соғыс өрті бұрқ ете түскен. Сам­митке жиналған мемлекет бас­шы­лары аз ұлттардың мәселелері бой­ынша және Югославиядағыдай жағ­дайлар орын алмас үшін Гаага­да ор­наласқан Аз ұлттар істері жө­нін­дегі Жоғарғы комиссар қыз­ме­тін бе­кітіп, осы жолы жыл сайын өт­кі­зілетін ЕҚЫҰ-ның экономи­ка­лық форумын ұйымдастыру да қажеттілік деп шешкен еді. Осы 90-шы жылдары ЕҚЫҰ бойынша Демократиялық инсти­тут­тар және адам құқықтары жө­нін­дегі бюро, БАҚ бостандығы жөніндегі өкіл және мүше ел­дер­дегі миссиялар немесе Орталықтар құрылды. Олардың мандатта­ры­ның да ауқымы кеңейді. Мұнан соң жо­ға­ры деңгейдегі сам­мит 1994 жылы Будапеште, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыс­там­бұлда өткізілді. Бас-аяғы алғашында Кеңес, онан соң Ұйым болып құрылған ЕҚЫҰ 6 рет сам­мит өткізді. Олардың әр­қайсында да Ұйымның жұмысына жаңаша бағыт-бағдар берген ма­ңызды құжаттар қабылданды. Алайда, Ыстамбұлдағы саммиттен кейін арада 10 жыл үзіліс орнаған. Оның өткізілмеу себептері де ресми түрде жарияланған жоқ. Екі аралықта төраға болған елдердің шақыру ние­ті де бірауыздан қол­дау тап­па­ған соң, саммит өткізу ысырылып қала берген. Осыдан кейін ЕҚЫҰ-ның өз ішінде, оған мүшелердің ара­сында Ұйым тоқы­рауға ұшыра­ды деген ойлардың да пайда бол­ға­ны шындық. Міне, осы орайда, еліміздің төрағалығы тұ­сында сам­мит өткізу туралы шешімнің шы­ғуы, оның Астанада шақырылуының еліміз үшін абы­ройлы да, әрі бір жағынан сын жүгін артатын сал­мақты шара бо­латыны айқын. Осы­лай деп өзі­мізді бір қамшылап ал­ғанымызбен, ЕҚЫҰ Саммиті алдымен Ұйым­ның өзіне қажет шара еді. Арадағы 11 жылғы үзілістен кейін болатын осы жолғы саммит Ыстамбұл мен Астана Саммиті аралығында әлемде болған барлық өзгерістерді осыншалық кең ауқымда зерделеу үшін, тиісінше шешімдер шығару үшін қажет. 56 елдің, оның ішінде бір-бірімен пікірлері кереғар болып келетін, ұзаққа созылған кикілжіңді орта­лардың барлығы бірдей қабылдап, қол қоятын құжаттың да оңай­лық­пен тумасы анық. Бұған Батыстың Шығысты демократияға әлі жете қойған жоқ деген ұғымы мен Шығыстағылардың Батыстағылар Ұйымды бір топ елдердің сыртқы саясаттағы ықпалын күшейтетін құ­ралы ретінде пайдаланғысы келеді, қос стандарттарды пайда­лануға бол­майды дейтіні де бар екенін қосы­ңыз. Сондықтан саммит жақын­даған сайын, онда қабылданатын құжаттың да оңайға түспейтінін ойлап, жүрек те лүпілдей түседі. Қалай дегенмен де, Қазақстан төрағалығы Батыс пен Шығысты жақындатуда белгілі бір дәрежеде көпір болғаны анық. Осы мүм­кіндікті ЕҚЫҰ да тиімді пайда­ланғысы келетіні түсінікті. Сол себептен де Астана Саммиті ең алдымен ЕҚЫҰ-ның өзіне керек деп топшылаймыз. Жалпы, Кеңес Одағы ыды­рауы­мен әлемнің сырт бейнесі ғана өзгерген жоқ, ішкі мазмұнға да талай өзгерістер енді. Халық­аралық аренадағы саяси бәсе­ке­лестік жаңа реңк алды. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше елдер тізімінде осы пост­кеңестік аймақта өз тәуелсіздігін алып, дербес ішкі және сыртқы саясатын жүргізетін жас мем­ле­кеттердің болуы бұрынғы ойлау жүйесін енді мүлде басқа бағытқа бұр­ды. Міне, осы орай­да, ЕҚЫҰ АҚШ пен Еуроодақтағы елдермен арада және Шығыстағы өзге ел­дер­мен, оның ішін­де Ресей­мен арада қай салада да – ол сая­си ма, сауда-эко­но­микалық па қа­рым-қатынастарды, бәсекелестікті әң­гіме ететін кәдім­гідей алаң болып отыр. Оның үстіне 11 қыр­күйек оқиғасы әлем жұртшылығын кәдімгідей ойландырды. Бірігіп күресер, ақылдаса шешер мә­се­ленің саны артты. Қауіпсіздік мәселесінде бұрыннан келе жатқан қару-жараққа бақылау, сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларына қақтығыстан кейінгі реттеу, тер­роризм, экстремизм, есірткі тра­фигімен күрес сынды мәселелер қосылды. Ал есірткі трафигі дегенде мешеу жатқан Ауғанстан мәселесі алға шығады. Орталық Азия елдері арқылы осы бір қылмыстық трафикті ұлғайта түскісі келетін қылмыстық топтардың ойларында не жоқ дейсіз?! Олар осы Ауған­станның жолында жатқан ел­дердегі мемлекеттік құрылымдарды әлсіретіп, шайқап, ол елдердегі ра­дикалды және экстремистік пи­ғылдағы әлдекімдердің қолтығына су бүркуге де әзір еместігіне кім кепіл?! Ойымызға 2009 жылы Ханабадта, яғни Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында болған оқиғаны түсірсек, бұл пікірдің жаны бар екеніне шүбә келмейді. Есірткі бизнесінің тағы бір көлең­келі жағы, әрине, оның корруп­цияға кеңінен жол ашуы. Себебі, есірткі айналымынан “жуылып, тазарған” қаражаттың қомақты бө­лі­гінің шенеуніктерді сатып алуға жұмсалатыны аян. Төраға ел Ауғанстан мәселесін кешенді қарастыруды ұсынды. Себебі, мешеу жатқан, соғыстан экономикасы құрдымға кеткен, соның салдарынан халқы кедей­ші­ліктің тақсіретін тартқан елге кө­мектің сан бағытта жүруі қажет­тігін айтқан. Өзі бастап, ауған жастарын Қазақстан жоо-ларында оқытып та жатыр. Ауғанстанның біздің елімізге жақын жатуы, әрі ауған мәсе­лесінің әлемдік қауіпсіздікті сөз еткенде алдыңғы позицияға шы­ғуы саммиттің күн тәртібіне сұранып тұрғаны анық. Асылы, жаһандасқан дүниеде қандай да бір жеке елде болып жат­қан оқиғаның маған еш қа­тысы жоқ деп айту мүмкін емес. Же­келеген аймақтағы тұрақсыздық әлем ахуалына әсерін тигізеді. Сондықтан еліміз төрағалығы тұ­сында осындай аймақтық қауіп­сіздік мәселелерінде талайлардың басын қатырған шаруалардың бір орнынан жылжуына көп ең­бектенді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаев осындай созылмалы сырқатқа шалдыққан аймақтарда болып, күрмеуі қиын мәселелерді шешуге қарсы жақтарды араағайындармен бірге үнқатысуға шақырды. Ресейлік белгілі саясаттанушы ғалым Алексей Власовтың сөзімен айтсақ, Астраханьда Ресей, Әзір­байжан және Армения прези­денттерінің кездесуі осы үш елдің Таулы Қарабақ мәселесінде кең ауқымдағы бір келісімге келу жол­дарын іздеу қажеттігін түсін­гендігін көрсетсе, ал бір жағынан Таулы Қарабақ мәселесін толық шешудің қиын да күрделі бола­тындығын байқатты. Осы тұр­ғы­дан алғанда, дейді ғалым, Астана Саммиті бұл үдеріске қажетті серпін беріп қана қоймай, оның практикалық шешімдер табуына көмектеседі деп ойлаймын. Бұл–ЕҚЫҰ аумағында осы мәселемен арнайы айналысатын Минск тобының соңғы жылдары қол жеткізе алмай жүрген ісі. Сонымен бірге, Алексей Власов: “Алдымен саммиттің төрағалық етуші елдің жерінде өткізілуі назар аударатын жәйт. Бұл – Астананың ЕҚЫҰ-ның ішкі дамуының динамика­сын ұстап тұруына және оның базалық қызметтерін атқарудағы мөлдірлігі мен тепе-теңдігінен айнымауына көрсетілген бағалау. Сөз жоқ, 2010 жылы ұзаққа со­зылған кикілжіңді реттеу алаң­дарында Астана басты ойыншы­ның бірі болды”, дейді. Ал көптен бері өткізілмеген саммитке Астанада жиналудың өзі, бір жағынан, Ұйымның жоғарыда айтылған тоқыраудан шығуының әрі 56 елдің әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселесін біріге отырып жоғары деңгейде қарау қажеттігін ұғынудың да бір белгісі болса керек. Сонымен қатар, еліміздің өз төрағалығын адамзаттық игілік жолында адал атқаруының да дәлелі екені сөзсіз. Оның артында халқымыздың “Елдестірмек – елшіден” дейтін ұлттық дипломатиясы, мемлекеті­міз­дің ұстанған көпвекторлы саясаты, іштегі тұрақтылық пен ешкімді де сыртқа теппейтін кең­пейілділігі мен тәуелсіз Қазақстан­ның саясатта, экономикада, әлеу­меттік-гуманитарлық және қауіп­сіздік мәселелерінде интеграцияға ұмтылған сарабдал саясаты жат­қаны анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Euronews” телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында: “...Қазақстан ЕҚЫҰ кеңістігіндегі түрлі құрылымдардың белсенді қатысушысы және өзге де “бәсе­келес” ұйымдарға кіретін мемле­кеттермен тығыз әрекеттестікте бола отырып, ешкімді алаламай­тын бағыт ұстануға болатынын және солай істеу қажет екенін айғақтап берді”, дейді. Шынында, келер жылы ИКҰ төрағалығына кірісетін, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ралары жөніндегі кеңес сынды үл­ке­н ұйым құрылуының бас­таушысы Қазақстан ЕҚЫҰ төр­ағалығын атқарған тұсында Ұйым­ның азиялық бағытқа жүзін бұ­руына мол үлес қосты. Ұйымда Азиядағы әріптестермен жұмыс жасайтын Жеке өкілі етіп түрік дипломаты Э.Тез­гюрді тағайын­дады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы еуроатлан­тикалық аймақтан еуразиялық кеңіс­тіктегі қауіпсіздік пен ын­тымақтастық мәселелерін бұдан былай назардан тыс қалдырмай ұстайтын болса, онда Қазақстан төрағалығының үлесі зор екені күмәнсіз. Расында, әлемді ойлантар жаңа қауіп-қатерлер жетерлік. Оған ЕҚЫҰ-ның үш себетіндегі мәселелерді оң шешу арқылы жауап беруге болады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.