• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2010

Жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталды

927 рет
көрсетілді

“Қазақстан жасөспірімдері ЕҚЫҰ елдерінің көшбасшыларына” атты шығармалар байқауының қорытындылары шығарылды ЕҚЫҰ тақырыбына арналған шығармалар байқауында жеңімпаз атанған үш оқушы демеушілерден ноутбук алатын болды. Ал гран-при иегері Ұйымның штаб-пәтері орналасқан Вена қаласына сапар шеге алады. Жүлделер 29 қарашада сағат 11.00-де СІМ-нің Астанадағы баспасөз орталығында арнайы баспасөз мәслихаты үстінде тапсырылады, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі. Бұрын хабарланғанындай, биылғы жылдың 1 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында Білім және ғылым министрлігі, Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитеті және Шетел инвесторлары кеңесі “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығының қатысуымен “Қазақстан жасөспірімдері ЕҚЫҰ елдерінің көшбасшыларына” атты жалпыұлттық оқушылар шығармаларының байқауын өткізген болатын. Байқауға қатысу үшін қазақстандық жоғары (9-11) сынып оқушыларына ағылшын тілінде ЕҚЫҰ елдері басшыларының бірі не барлығына арналған жолдау хат түріндегі, өзінің халықара­лық қауіпсіздік пен  ынтымақтастық, қазіргі за­ман­ның өзекті мәселелері бойынша жеке көз­қарастарын жеткізетін шығарма жазу ұсынылды. Ақырында байқау ұйымдастырушыларының атына еліміздің барлық аймақтарынан оқушы­лардың 200-ге жуық шығармалары түсті. Байқау барысы көрсеткендей, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміздің арқасында Қазақстан жас­та­ры Ұйымның қызметіне, Еуразиядағы бей­біт­ші­лік пен өзара түсіністікті қамтамасыз ету және адам құқықтарын дәріптеу мәселелерінде мем­лекеттер арасындағы ықпалдастыққа едәуір қы­зы­ғу­шылық танытты. Бозбалалар мен бойжет­кен­дер қазіргі заманның өзекті мәселелері бойынша жеке көзқарастарымен бөлісіп, сонымен қатар, бұл мәселелерді шешудің жолдарын ұсынды. ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко “Байқау қорытынды­лары, сонымен қатар, жас қазақстандықтардың ха­лықаралық мәселелерді шешудегі Ұйымның рөлін арттыру мен барлық мүше мемлекеттер тұрғындарының арасында Ұйымның таны­мал­ды­лы­ғы мен беделін нығайту сияқты ЕҚЫҰ қыз­метінің өзекті мәселелері бойынша жазған өткір, тікелей әрі нақты ұсыныстары саясаткерлер мен беделді халықаралық ұйым қызметкерлерінің назарларына сай келеді”, деп атап өтті. Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкерлері және Шетел инвесторлары кеңесінің өкілдерінен тұрған қазылар алқасы байқауға қатысқандардың арасынан үш жеңімпазды таңдады. 3-ші орынға Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы №1 лицей-мектептің 11 “Б” сынып оқушысы Жанель Байділдина ие болды. 2-ші орынға Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласындағы Дулати атындағы №8 гимназияның 11 “А” сынып оқушысы Ділназ Ирисметова лайық деп табылды. 1-ші орын мен гран-приді Павлодар облысы­ның Екібастұз қаласындағы №7 гимназия-мек­теп­тің 10 сынып оқушысы Юлия Бурмистрова жеңіп алды. Шетел инвесторлары кеңесіне мүше ком­паниялар, дәлірек айтқанда, ENRC Kazakhstan, “МЕТРО Кэш энд Кэрри” ЖШС және “Мицу­биси Корпорэйшн” жеңімпаздарға жүлделер ретін­де үш ноутбук беретін болды. Гран-при иесіне ноутбукпен қоса “Аустрия әуе жолдарының” Қазақстандағы өкілдігі “Астана – Вена – Астана” бағытымен ұшуға әуе билетін ұсынып отыр. Ал “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығы үш жеңімпазға Бурабайдағы “Балалық арман аралы” сауықтыру кешеніне жолдамалар бермек. Онда балалар жылдың кез келген уақытында 21 күн тегін демала алады.