• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Қараша, 2010

Жүректен жылу кетсе...

532 рет
көрсетілді

Жалпы, облыстағы Май ауда­ны­ның орталығы Көктөбе ауылын­дағы аудандық аурухананың бас дәрігері Байболат Қазбеков жайын­да жур­на­листер қауымы аз жазған жоқ. Осы­­дан үш-төрт жыл бұрын біз де “Еге­меннің” “етжеңдісіне” “Рух күші” атты мақала бергенбіз. Бей­нет деген аяқ астынан. Бай­болат қызмет бабын­да жүріп жол апатына ұшырап, екі аяғы қимыл­сыз қалады. Түн орта­сында күздің қара суығында айдалада жол шетін­де жалғыз өзі қиындық көреді. Одан кейінгі жағдай белгілі. Өмір үшін күрес бас­талды. Бай­болатта тек бір ғана ой бол­ды: Мен дәрі­гермін, мен-хирург­пін, өзімді-өзім емдеп, екі аяғыма жан бітіріп жүріп кетпесем, сыр­қат­танып жүрген қан­шама қара­пайым адамдар біз­дерге, ақ халатты жан­дарға сенеді, ендеше олар­ға үлгі көр­сетіп, рух беріп қайт­сем де ауру­ханаға, қыз­метіме қайта оралуым керек, – дей­ді өзіне-өзі. Сол рух оның сал болып қимылсыз қалған аяқтарына жан бітірді, бір құлап, бір тұрып, үй ішінде жас баладай еңбектей бастады. Еңбектей жүріп, қабыр­ғаны жағалай сипай, табалды­рыққа да жетті. Сөйтіп, қос балдаққа сү­йе­­ніп, ауруханаға, дәрігерлік қыз­метіне оралды. Әріптестері, дәрі­гер­лер, дос-жарандары қолдау көрсетті. – “Егеменге” шыққан сол ма­қа­ладан соң өзім сияқты қиындық көріп жатқан әртүрлі жастағы адам­дардан 120-ға жуық хат алдым. Бә­рі­не түні­мен отырып хат жаза­тын болдым. Олардың жан-жарасын тү­сіндім, дәрігер болған соң хат ар­қы­лы қолдау көр­сетуге тура келді. Бір хатты сіздер­дің Шым­кенттегі тілші­леріңіз Бақтияр Тайжан жолдапты. Ал, қазір жасы 85-ке келсе де менің қас-қабағыма қарап отырған шешем атақты ақын, әнші Мәдидің тұқы­мы. Сол рухты атамыздың өрлігі, қызу қандылығы, мінезділігі бойы­мызға титтей де болса дарыған болса керек деп ойлаймын, – дейді Бай­болат бізбен әңгімесінде. Балдаққа сүйеніп тұрып та опера­ция жасады.Біздің әріптесіміз Ирина Лисовская кезінде бұл жа­йында мақа­ла жазғаны да есімізде. Аудандық ауру­хананың ол кездегі ескі ғимара­тын сылап-сипап жар­қы­ратып жөн­деу жұмыстарын жүр­гізді. Қыз­метін ат­қара жүріп, поли­гон аумағын­да тұр­ған адам­дардың денсаулық­тарын қор­ғау жөнінде кандидаттық жұмы­сын да бірге жазып жүрді.Өзі осы Семей поли­гоны жарылыстары­ның зардап­тарын көрген Май ау­да­нында туып- өсті. Бұл жарылыстар­дың адамға да, малға да қасірет болып ти­генін көзі көрді. Содан Семейге оқуға аттан­ды, институтты бітіріп туған ауы­­лына оралды. Бірақ, тағдыр Бай­бо­лат­қа басқаша сый жасады. Дәрі­гер­дің өмірі қос балдаққа қарап қалды... Былтыр жаңа аурухана пайда­лану­ға берілді. Облысқа, ауданға жа­ңа әкімдер, облыстық денсау­лық сақтау басқармасына жаңа басшы­лар келді. Байболаттың бір ырза болатыны облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев “бал­дақпен жүрген мынау кім? Бұл қа­­лай өзі ақсаңдап қызмет жасап жүр?” деген жоқ, қайта аудандық ау­ру­­х­ананың бас дәрігеріне жана­шыр­лық, адамгершілік танытып, қол­дап, сырттай болсын хал-жағ­да­йын сұрап жүрді. Адамдық айна­сы деген осы. Ол әркімнің қолынан кел­се, қо­ғамның өңі шырайы кірер ме еді. Иман­дылық деген асыл қаза­қы қа­сиетт­ің өзі өскен жерден, отба­сынан, бала кезден адам жүрегіне орнығады-ау. Байболат биыл Астанаға ба­рып кандидаттық жұмысын қорғап келді, Сондай-ақ, ол полигон зар­даптарын көрген өзіміздің ұлты­мыз­дың адам­дарын емдеу үшін аудандық ауру­хана­ның бөлімшесі ретінде бір орталық ашсақ деп бұрыннан ойлап жүреді екен. Бірақ, тағдыр деген сол, алдынан кесе-көлденең шыға бас­тайды. Қос балдақпен жүрген азамат­ты, мықты дәрігерді қорғап, қолдау­дың орны­на, Байболат Қазбековты қандай да бір себеп тауып, қызметі­нен ке­тіру­ге тырысатындар бар екен. Содан кейін көңілі де су сепкендей басыл­ды. Сен он жылдай уақыт мекеме басқарып келесің, қашанғы отыра бересің, дейді олар. Қойшы, әй­теуір, сыныққа сыл­тау көп. Он жыл аудандық аурухана басқар­ғанда, енді бұл ештеңеге керек­сіз дәрігер болып қалғаны ма? Осын­дай ауыр ойлармен Байболат облыс­тық денсау­лық сақтау басқарма­сының үшінші тік қабатына қос балдақпен түсіп-шығу қандай қиындық ту­дыр­са да барады, ойларын айтады. Ал, біз дәрігерлер адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жандар дейміз... Алайда адамгершілік ниет, жана­шырлық танытатын дәрігер­лер көзқарасы байқалмайды. Ден­саулық сақтау басқармасы шақыр­тып алып, аттестациядан өтуін сұ­ра­ды. “Дема­лыста жүргенде қалай болар екен, дайындалып келсем қайтеді” деп еді, “жо, жоқ, жай әңгі­мелесу бола­ды” де­ген еді, олай болмады “аттес­тациядан өтпедің” деген тілдей қағаз жазып берді қолына. Облыстық про­куратура орындарына шағым­дануына тура келді. Дәрігер жігіттің арыз-ша­ғы­­мын қараған құқық қорғау­шылар бұл жайдың дұрыс болмаға­нын анықтап, заңсыздығын дәлелдеп берді. Өмір деген осы. Бұ­ра­лаңы көп. Қос балдақ­пен жүріп, ауру­хананы бас­қарып отыр­ғаны біреу­лерге ұна­майтын сияқты... Құдай-ау, өзі, сонда кімге?. Биыл ауданды басқаруға бала кезден бірге өскен досы Нығман Пі­шенбаев әкім болып келді. Бәрі осы­дан басталды. Хирург-дәрігер ешкімге емес,тағдырына ғана нала артады. Басқа ешкімге емес. Тіпті, ешкімге де салмақ артқысы, реніш айтқысы жоқ. Бар ойы тағдырдың жазуы деп, елуге келген ердің жасын­да бүгіліп бір бұрышта қалғысы кел­мейді. Үміт алдамайды. Жүре алмай сал болып жатқан қаншама тағдырды көрді. Ал, Бай­болат болса, ерік пен күш жігеріне сеніп, жүремін деп ойлайды. Соған өзін-өзі сендіреді. Әлі талай опе­рациялар жасап, ауруларды емдей­мін деп ойлайды. Мұңайып жүрген қос қызы қуанып, әкелеп жүгіріп келер деп ойлайды. Қос балдақты лақты­рып, екі аяғын басып жүріп кеткенде күпірлік танытып, соңы­нан күбір-күбір сөздер айтып жүр­гендер сонда қайтеді... Алда оны ауыр да, қиын ота күтіп тұр. Су ішкілігі тартса мүмкін, осы ота­дан кейін аяғын басып жүріп кетер. Не өмір, не өлім деген сөз­дің өзін осы жерде қолданудың өзі қиын. Бұлай жасамаса болмайды, өзін елегісі келмейтіндерге, досына да, қасына да осылай дәлелдегісі келеді. Басқа амал жоқ. Өмір сүргісі келеді, өзі сияқты тағдырға бағынудан басқа шарасы қалмаған жандарды емде­гісі келеді... Қиындықтан қай­мық­паған жазушы Немат ағасындай болсам дейді. Абайдың қара сөз­деріне үңілумен, түңілмеумен түн өтеді... Иә, өмірдің осындай бір сәтсіз­діктерін көргенде адамды әртүрлі ой басады екен.. Ал, әдетте біз дәрігерлерден адам жанының арашашысы деп мейі­рім­ді­лік, жылылық іздеп бара­мыз. Қазір қарасаң, сол жылылық­тың, адам­­дықтың ауылы кейбір дәрігер­лердің болмысынан алыстап бара жатқан­дай ма. Қос балдақпен жүрсе де ол да өздері сияқты адам, аза­мат қой. Тағдырдан теперіш көр­ген жандарға түсіністікпен қарау­ды, өркениетті көзқарас таныт­уды біз осы қашан үйренер екенбіз, балдақпен жүретін­дер де, жалпы мүгедек жандар да біздің қоғамның толық бір мүшесі екенін, ол адамның да біз сияқты өмір сүргісі, адал еңбегімен еліміздің еңсе тіктеуіне өз үлесін қосқысы келетінін қашан ұғар екенбіз? Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.