• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Қараша, 2010

Төрағалық қызметіндегі жаңа серпін

565 рет
көрсетілді

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде (ҚазХҚжӘТУ) Қазақстан Прези­денті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты ғалымдары­ның қатысуымен “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қызметін­дегі жаңа серпін” атты дөңгелек үстел өтті. Онда Қазақстан Рес­пуб­ликасының ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғындағы аймақтық қауіпсіздік мәселелері, саяси жаңару және тұрақты даму – Қазақстан жетіс­тігінің айғағы, этносаралық және конфессияаралық келісіміндегі тәжірибесі, сондай-ақ мәдениет феномені және көпұлтты әлемде өзара әрекет ету тәсілі ретіндегі тіл мәселелері талқыланды. Франция, Италия, Словакия елшілікте­рі мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі сая­саттанушылар, ҚазХҚжӘТУ про­фессор-оқытушылары мен студент­тері қатысқан алқалы жиынды атал­ған оқу орнының ректоры Сә­лима Құнанбаева ашып, мәслихат­тың басты мақсаты Астана Самми­тін қолдау екенін жеткізді. Со­ны­мен қатар, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғы­ның саммит шақыру жөніндегі бел­сен­ділігі, ұйымның ұстанымындағы өте күр­делі проб­лемалар – әскери-саяси, эконо­ми­­ка-экология, гуманитарлық себет­тер­дегі шешуін күтіп тұрған мәсе­лелерде Қазақ­стан бастама көтеріп, тек осы жылдың ішін­де бірқатар жұмыс атқарғаны, еліміз­дің осын­дай саяси дәрежеге көтерілуі Ұлт Көшбасшысы – Президентіміздің үлкен ұстанымы, көрегендік саяса­ты, сондай-ақ Н.Назарбаевтың Президент ретіндегі жұ­мы­сының халықаралық, әлемдік дәрежеде мойындаулы деп атап көрсетті. Одан кейін сөз алған шетелдік сарап­шылар – Франция елші­лігі­нің француз тілі саласындағы ын­ты­мақтастық жөніндегі атташесі Йоан Шиттерер, Италия Респуб­ли­касының құрметті консулы Доме­ни­ко Сермази, Словакия елшілігі­нің сауда-экономика жөніндегі кеңесшісі Виктор Броецки Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төраға болған уа­қытта атқарып жатқан жұмыс­та­ры жайында әңгіме қозғады. Мә­селен,­ бей­бітшілікті, қауіпсіздікті, экономиканы нығайту, экологияны сауықтыруда бірқатар ілкімді шара­ларды жүзеге асырғаны, сайып кел­генде, Қазақ мемлекеті төрағалық міндетін лайықты атқарғаны ықыласпен жеткізілді. – Қазақстанның төрағалық етуі арқа­сында ЕҚЫҰ-ның бүгінгі өзге­ріп жатқан дүниеге икемделуі арт­ты, әлемдегі беделі өсті, еуроатлан­ти­калық және еуразиялық кеңістік­терді біріктіретін жаңа үндесу ала­ңына айналды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қыз­метіне жаңа бір тыныс әкелді және Ұйым­ның іштей қайта құрылуын жылдамдатты, – деді өз сөзінде оқу орнының ғылыми жұ­­мыстар жөніндегі проректоры С.Бөлек­баев. Бұрынғы саммит кезінде дәл осындай көлемде, осындай құры­лым­да кездесулер болмағанын мақ­танышпен атап өткен универси­тет­тің халықаралық экономика ка­федрасының меңгерушісі, эконо­ми­ка ғылымдарының докторы, профессор М.Есқалиев осы форум­ға Қазақстанның сыртында 55 мем­лекеттің, оған қоса 12 серіктес мем­лекеттің басшылары, 69 халықара­лық ұйымдардың жетекшілері, оның сыртында 500 мемлекеттік емес ұй­ым­дар мен 1 мыңнан астам БАҚ өкілдері қатысуының өзі сам­миттің ауқымдылығы мен саяси тұр­ғыдан мәнділігін, маңызды­лы­ғын көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. “Биыл ЕҚЫҰ құрылғанына 35 жыл толды, – деді ғалым. – Қа­зақ­стан тәуелсіздігін алғалы осы Ұйымға мүше болғаны өз алдына, ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметінде бір жылда 80-ге жуық мәселе жоба­ланса, солардың көпшілігі осы 11 айдың ішінде орындалды деп айтуға әбден болады”. Сондай-ақ дөңгелек үстелге қа­тысу­шылар ҚСЗИ-дің бөлім мең­герушісі, бел­гілі саясаттанушы Н.Сей­дін, философия ғылымдары­ның докторы, профессор Р.Қадыр­жа­нов, ҚазХҚжӘТУ-дың магис­тран­ты Ү.Қазыбекова, т.б. ЕҚЫҰ-дағы төрағалық кезіндегі Қазақ­стан­ның әлемдік саясат сахнасын­дағы беделі, әсіресе Астана Сам­миті ЕҚЫҰ-ның стратегиялық ба­ғытын айқындайтынын, әлемдегі қақ­тығыс орын алған өңірлерді оңал­туға қатысты біраз күрмеуі қиын түйіндерді еңсеруде атқарған жұмыстары жайлы ой-пікірлерін ортаға салды. Бір айта кетерлік қуанышты жәйт, уни­верситеттің 15 студенті алдағы болатын сам­митте өз қыз­меттерін көрсететін бол­са, 610 сту­дент Қысқы Азия ойындарына аудар­машы ретінде шақырылып отыр екен. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.