Бақтияр ТАЙЖАН – Гуанчжоудан (Қытай).
Биылғы Азиадада Қазақстан құрамасының ең соңғы медальді иеленгенімен, екі аптаға созылған бәсекеде осыған дейін өткен ойындардағыдай өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Осы жолғы жарыста Азиадаға аттанарда алдымызға қойған 25-30 алтын алқаны алу мақсатымыз орындалмады. Жарыс басталысымен қоржынға алтын салады деген спорт түрлерінің көбі жайына қалды. Нысана көздеуден Ольга Довгун мен басқалардың атқан оқтары далаға кетті. Суға жүзуден Владислав Поляковтың өзінің үйреншікті қашықтықтығы 50 метрлік браста алтын жүлде ала алмауы жанымызға батты. Таэквондо, дзюдода алтын түгілі күмісті де көре алмадық. Таэквондода Арман Шылманов пен Гүлнафис Айтмұхамбетова қола жүлдені қанағат тұтты. Бокстан финалға бес жігітіміз шыққан. Соның екеуі ғана жеңімпаз атанса, екеуі күміс, біреуі қола жүлдені иеленді. Екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиев Азиадада жетістікке жетсе, оның жолын жас талант Данияр Елеусінов соңғы айқаста қайталады. Біржан Жақыповқа қытайлық Олимпиада чемпионы Зоу Шиминді жеңу арманға айналды. Балуандарға келсек, Азиада басталар алдында грек-рим және еркін күрестен алтын жүлдені уыстап аламыз дегенбіз, олай болмай шықты. Екеуінде де бір-бір алтын жүлде ғана алдық. Міндет орындалды деп айту қиын. Егер осы жолы балуандарымыз жақсы күрескенде жалпы командалық есепте Иран құрамасы бізден озып кетпес еді. Биылғы Азиадада елімізге алтынның тең жартысын жеңіл және ауыр атлетика әперді. Қорыта айтқанда, екі аптаға созылған сары құрлық сынында Қазақстан құрамасы 18 алтын, 23 күміс, 38 қола медальмен бесінші орынға табан тіресе, біздің алдымызда тұрған Иран 20 алтын, 14 күміс, 25 қола жүлдені иеленді. Ал турнир кестесінің көш басын мықтап ұстаған Қытай 199 алтын, 119 күміс, 98 қола, одан кейінгі орындағы Оңтүстік Корея 76 алтын, 65 күміс, 91 қола медальді еншілесе, Жапония елі 48 алтын, 74 күміс, 94 қола жүлдемен үшінші орынға жайғасты. Орталық Азия елдері арасында 8-ші орынға шыққан Өзбекстан 11 алтын, 22 күміс, 23 қола медальді, 25-ші орындағы Қырғызстан 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдені, ал одан үш саты төмен тұрған Тәжікстан 1 алтын, 3 қола медальді иеленіп отыр. Келесі Жазғы Азия ойындары Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтеді. Суретте: Азиада жеңімпазы боксшы Данияр Елеусінов; жарыстан көрініс.
•
29 Қараша, 2010
Бұйырғаны бесінші орын болды
441 рет
көрсетілді