Тағы бір қадам алға
Астанадағы “Пекин Палас” қонақ үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен “Alem Communіcatіon Holdіng” ЖШС коммерциялық негіздегі 4 буынды интернет желісі – WіMax (4G) іске қосылды. Бұл шараға Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев та қатысты.
WіMax шалғай қашықтықтарда түрлі қолданыстағы сымсыз байланысты қамтамасыз етуге негізделген телекоммуникациялық технология болып табылады. Бұл жүйе шағын компьютерлерге, ұялы байланыс телефондарына және өзге де соңғы буынды технологияларға қызмет көрсете алады. 4 буынды технологияның қысқа уақытта жүзеге асуы Байланыс және ақпарат министрлігі жүргізген қажырлы жұмыстар арқасында мүмкін болып отыр.
– Біз Астана қаласында WіMax желісін коммерциялық негізде іске қосуды өте қысқа уақыт ішінде жүзеге асырдық. Бұл желі қазір елорданың тең жартысынан астамын қамтиды. Жыл соңына қарай қаланы тұтас қамтитын боламыз, – деді “Alem Communіcatіon Holdіng” компаниясының басшысы Григори Григоров. – 2010 жылдың соңына дейін Алматы және Ақтау қалаларында WіMax жүйесі қолжетімді болмақ. Ал келесі жылы желі Қазақстанның басқа қалаларында іске қосылатын болады. Осылайша компания қазіргі күні Қазақстанның 30 пайыздан астам халқын қызмет түрлерімен қамтамасыз етуде.
Бұдан соң сөз алған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев елімізде интернетті дамытуға негізделген WіМax технологиясы іске қосылғандығын айтып өтті. “Қазіргі уақытта 3G технологиясын Астана мен Алматы қалаларында пайдалана аламыз. Алдағы жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірінде бұл технология бірте-бірте іске қосылады, – деп атап өтті А. Жұмағалиев. – Бұған қоса 4G технологиясы сынақ режімінде Алматыда жұмыс істеп жатыр. Ал бүгін Астанада базалық стансасы орнатылды”. Министр елордада тұсауы кесіліп отырған 4 буындағы WіМax технологиясының осы саладағы бәсекелестікті арттырып, тарифтің төмендеуіне және қызмет көрсетудің сапасын арттыруға оң ықпал ететіндігін атап көрсетті.
Үкімет басшысы WіMax технологиясын енгізу еліміздің дамуы мен болашағына қарай тағы бір қадам басуы екендігін атап өтті. Мен мұны толығымен қолдаймын, өйткені жаңа іс жеке компанияның құралдары арқылы жүзеге асып отырғандығы өте құптарлық жәйт, деді Кәрім Мәсімов. Үкімет басшысы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевқа халықтың компьютерлік сауаттылығына көңіл аудару керектігін тапсырды. Технологияларды қолданысқа ендіріп қана қоймай, оған қосымша халықтың компьютерлік сауаттылығымен жұмыс жасау қажет. Ел азаматтары компьютерді қолдана және түсіне білуі қажет, деді К.Мәсімов.
Сонымен қатар, Байланыс және ақпарат министрі Тәуелсіздік күніне орай спутниктік-сандық телеарнаның іске қосылатындығын хабарлады. Телеарна Қазақстанның барлық аймағын қамтитын болады. Бүгінде бұл іс бойынша барлық техникалық мәселелер реттелді, деген А.Жұмағалиев Үкімет басшысын арнаның тұсаукесер рәсіміне шақырды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.