• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2010

Салмақты идеялар мен салиқалы бастамалар салтанаты

664 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-президенті. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті ХХІ ға­сыр­дың аяқталып келе жатқан онжылдығын­да­ғы аса ірі халықаралық оқиға ретінде тіркеліп, тәуелсіз Қазақстан жылнамасына жарқын парақ болып жазылатыны еш күмән туғызбайды. Біздің мемлекетіміздің Көшбасшысына осыдан шамалы уақыт қана бұрын орын­дал­май­тын арман сияқты болып көрінген мәселені жүзеге асыру қолынан келді. ЕҚЫҰ-ға тек 1992 жылы ғана мүшелікке өткен Қазақстан осы беделді ұйымның басқару тізгінін қолына ала білді. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бар­лы­ғының келісімін иеленген еліміз Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте жатқан гео­гра­фиялық ұлан-ғайыр аумақта ұйымға төр­ағалықтың құрметті де жауапты құқын алып қана қоймай, өзінің елордасында 11 жыл бойы өтпей келген Саммитті ұйымдастыру құрметіне лайық деп табылды! Шын мәнінде тәуелсіздігіне 20 жыл да толмаған жас мемлекет үшін бұл орасан табыс, өйткені, бүкіл әлемдік қоғамдастық біздің мем­лекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы таңдап алған бағы­тының дұрыстығын осы қадамы арқылы да мойындады деп білеміз. “Назарбаев моделі” немесе “Қазақстан жолы” Отанымыздың аясы­нан әлдеқайда асып, халықаралық пішінге ие болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, іс жүзінде, Қазақстан Президентінің салмақты идеялары мен салиқалы да көреген бастама­лары­ның салтанат құрып отырғанын айғақтап берді. Ол ЕҚЫҰ қызметіне адам айтқысыз серпін берген төрағалықтың бұрын-соңды болмаған бағдарламасын ұсынып, халықаралық сарапшылар мен шетел мемлекеттерінің бас­шы­лары ұйымның “екінші тынысы” туралы әңгіме қозғай бастады. Қазақстан Көшбасшысының ЕҚЫҰ-ға бейнеүндеуінде жарияланған атақты “төрт Т” – (trust, tradіtіon, transparency, tolerance – сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік) қазіргі за­ман­ғы халықаралық қатынастар философиясын айтарлықтай байытып, еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің нақты проблема­ларын шешуде оған қажетті үйлесім мен нысаналылық берді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалықты ұйым үшін күрделі кезеңде қолға алды. 2008 жылдың тамызында орын алған Кавказдағы қайғылы оқиғалар әлі де естен шыға қойған жоқ. Сол тұста өзінің атауында қауіпсіздік және ын­ты­мақ­тастық секілді аса маңызды категориялар бел­гіленген ЕҚЫҰ іс жүзінде салдары айтар­лықтай геосаяси жанжалды реттеуден шеткері қалды. “Атлантикадан Оралға дейін” жалпы­еуро­палық қауіпсіздік тұжырымдамасы жаңа геосаяси жағдайларда өзінің кемшін тұстары бар екенін және жағдайға бейімделмегендігін көрсетті. Қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігі деген түсініктің өзіне күмән келтіріліп, бір-біріне қарсы тұратын лагерьлер, яғни  халықаралық қоғамдастық әлемді бөліп-жаратын бөлу желісі пайда болғаны туралы қауіп білдіре бастады. “Қырғи-қабақ соғыс” кезіндегі ойлау мүм­кін­дігі Жаңа Еуропа үшін Хельсинки Қорытынды актісі мен Париж Хартиясында белгіленген негіз қалаушы қағидаларда көрініс беріп, қазіргі заманғы халықаралық өмір шындығынан үзіліп қалған сипаттағы игілікті тілектер кейпін кие бастады. Аталған құжаттарға әркез сілтеме жа­салатын, бірақ іс жүзінде олар саяси конъюнк­тураға байланысты іріктеліп пайдаланылатын. Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарт іс жүзінде күшін жоғалтып отыр. Сон­дықтан ЕҚЫҰ жаңа идеяларды, түбегейлі қайта құруларды нақты қажетсінді. Дейтұрғанмен, ұйым Астанадан өзі­не керекті серпін алып, қайта жаң­ғыру үшін жаңа күшке ие бол­ды. Халықаралық саяси топтар мы­на мәселеге назар аударды: қазақ­стан­дық дипломаттар ЕҚЫҰ-ны ешқашан бей-берекет сынаған жоқ және тіпті ұйымның Демо­кра­тия­лық институттар және адам құқық­тары жөніндегі бюросы секілді инс­ти­туттың өзіне басы артық сөз айт­қан емес. Біздің еліміз ашық пікір ал­ма­суларға дайын екендігін ашық көр­сетіп, ЕҚЫҰ-ны реформалау қа­жеттігіне нақты тұрды. Бірақ өзі­нің негіз қалаушы қағидалар мен Хель­синки актісіне жақындығынан еш­қашан бас тартқан емес. Ал ұйым­ның рефор­масы туралы айт­қанда, еліміз оның қыз­метіндегі үш өл­шемге – мейлі ол созылмалы жан­жалдар, этносаралық және кон­фес­сияаралық келіспеушіліктер, қор­шаған ортаны қорғау, эко­но­ми­ка­лық өзара іс-қимылды нығайту мә­селелерінде болсын – зардабы ти­мей­тіндей деңгейде жүргізілгенін қа­лайды. Сарапшылар қоғамдас­ты­ғы­ның ортақ мойындауы бойынша, бұл табысқа жетелейтін дұрыс стра­те­гия болып табылады. Қазақстан аса көкейкесті халықаралық про­бле­маларды қарастыруда қазіргі за­ман­ғы әлем тәртібінің барлық нюанс­тарын, конструктивизм мен жа­уапкершілікті терең түсінетінін та­ғы да көрсетіп берді. Қазір шет елдерде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мен Астанада оның Саммитін өткізу жөніндегі Қазақстан үшін тағдыршешті, тарихи шешім халықаралық беделі аса жоғары Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың арқасында қабылданғанын ашық айтады. Өзінің мазмұны мен ішкі қысымы бойынша айтарлықтай күрделі халықаралық науқанның, яғни Қазақстан кандидатурасын жылжытудың көш басында нақ Елбасының өзі тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тақырыбын қозғамаған бір де бір келіссөз жүр­ген емес. Оның үстіне мұны өз әрекетіне деген сеніммен жүзеге асырды. Қазақ­стан Көшбасшысының дәлелдері мен дәйек­те­рін тыңдаған шет мемлекеттер басшылары кө­бі­не өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, этносаралық келісім мен дін­ара­лық толеранттылықты нығайту, демо­кра­тия­лық құндылықтар мен азаматтық қоғам құруды ілгері жылжыту сияқты бағыттарда орасан зор жұмыс атқарған Қазақстан ЕҚЫҰ-ны басқару құқына сөзсіз лайық деген тұрғыдағы пайым­дар­ға пейілділік танытты және еліміздің ұйым­ды жаңғырту үшін оған жаңаша серпін бере­тін­дігіне сенім білдірді. Мұны мен әдемі сөз үшін емес, алдында бү­кіл батыс мемлекеттері қоғамдастығы тік тұрған өте күрделі жағдайда өткен келіссөздер үдеріс­те­­­рінің барлық драматизмін оқырман­дарға жет­кі­зуге әрекеттенгендіктен айтып отырмын. Ше­шу­ші сәт, ашығын айтқанда, Президент Н.Назарбаевтың  2006 жылғы қыркүйектегі АҚШ-қа сапары барысында туындады. Ақ үй­дің ЕҚЫҰ-ға төрағалық миссиясын жақын жыл­дары Қазақстанға беру перспективасына аса ұстамды көзқарасын есепке алған Нұр­сұл­тан Әбішұлына еріп жүрген делегация мүшелері Дж.Бушпен келіссөздер кезінде онымен аталған та­қырыпта әңгіме қозғамауды не­месе мәселені кездесу соңына қарай кө­теруді ұсын­ған жөн деген ұс­та­ным­да болды. Бірақ біздің Көш­бас­шымыз басқаша қадамға барды: ЕҚЫҰ-ға төрағалық тақырыбын әңгі­менің ең бас жағында қозғап, осынысымен АҚШ президентіне оны басым тақырып деп санай­ты­нын кесімді түрде аңғартты. Келіссөздердегі мұндай бетбұрыс Ақ үй иесі үшін толық күтпеген жағдай болғандықтан, ол мем­лекеттік хатшысына қайырылып: “Біз әлі де осы ұйымға мүшеміз бе?”  деп сұрады. Мұ­ны­сы тақырыптан әзіл арқылы құтылуға әре­кет­тенгендіктің белгісі еді. Бірақ артынша қазақ­стан­дық әріптесін ЕҚЫҰ-ның аса бір жа­ғым­сыз ұйым екенін, оны барлық мемлекеттер күн сайын үлкейткіш шынымен қарайтынын, оның үс­тіне төпелеп сынайтынын айтып, мұндай ние­тінен айнытуға тырысты.  Алайда, біздің Пре­зидент қайтпайтындығын танытып, са­быр­лы әрі сенімді түрде өз елінің кандидатурасы пай­дасына сөз қозғады. Сөйтіп, шешім қа­был­дау тетігі арбаның майланбаған доңғалағы се­кіл­ді шықырласа да өзінің дәйекті қозғалысын бастап кетті. Алғашқы үміт отын жаққан белгі 2006 жыл­дың қарашасында өткен сыртқы істер минис­трлерінің Брюссель кездесуі кезінде берілді. Қазақстанның төрағалығы бойынша шешімнен бас тартылады деп дәмеленген мысық тілеу­лі­лердің түрлі пессимизмдері мен скепсистеріне қара­мастан, сыртқы саясат ведомстволарының бас­шылары қалыптасқан регламентке сәйкес­пе­се де аталған тақырыпты талқылауды 2007 жы­лы дәл бүгін, 30 қарашада болатын Мадрид кездесуіне дейін шегере тұру туралы парасатты шешім қабылдады. Бұл Пре­зидент Н.Назар­баевтың табанды және кө­ре­генді ұстанымының тікелей нәтижесі болатын. Сол жыл біздің еліміз үшін саяси-дип­ло­ма­тия саласында бұрын-соңды болып көрмеген бел­сенді кезең болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы туралы мәні жөнінен тарихи деп та­нуға тұрарлық консенсусты шешім Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың екіжақты деңгейде және көп­жақты пішінде жүргізген келіссөздері бары­сында қабылданды десек, артық айтқандық емес. Қазақстан ЕҚЫҰ жетекшілігі лауа­зы­мы­на Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы атынан ұжымдық кандидат ретінде ұсынылса, мұның өзі түйіні оңай тарқатылған іс болған жоқ және біздің басшылық тарапынан үлкен күш-жігер жұмсауды талап етті. Нұрсұлтан Әбішұлы ТМД-ның негізін қалаушы және 1991 жылдың 21 желтоқсанында Достастық құру туралы дек­ларация қабылдаған атақты Алматы саммитін ша­қырудың бастамашысы ретінде өзінің талассыз беделін кезекті мәрте  бекемдеп берді. Біз­дің Көшбас­шымыздың дипломатиялық өне­рінің арқасында Қазақстанға еуроатлантикалық қоғамдас­тық­тағы әріптестерінің уәделі қол­да­уы­на қол жеткізу мүмкін болды. Біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының тарихи маңызы туралы жиі айтамыз. Және бұл арада насихаттық асыра сілтеушілік жоқ, өйт­ке­ні, осынау бірегей ұйым тарихында тұңғыш рет оған бұрынғы КСРО құрамына енген, орта­лық­азиялық өңірде орналасқан және оның үс­ті­не Ислам Конференциясы Ұйымына қа­ты­су­шы ел болып табылатын мемлекет жетекшілік етіп отыр. Біздің еліміздің төрағалығы ЕҚЫҰ-ға, сондай-ақ жасампаздық және рефор­ма­тор­лық миссия қолынан келетінін бүкіл әлемге көрсету міндеті тұрған Қазақстанның өзіне де нағыз қыр көрсету болды. Қазірде, 2010 жылдың соңында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары, дипломаттар мен сарапшылар Қазақстанның ұйым жетек­ші­сі ретіндегі жұмысы ерекше табысты және тиім­ді болды деген ортақ пікір білдіріп отыр. Біз­дің еліміз күрделі халықаралық өмір шын­ды­ғын есепке ала отырып, жаңа геосаяси жағ­дай­ларда Жаңа Еуропа үшін Хельсинки актісі мен Париж хартиясының негіз қалаушы қағи­да­лары мен қалыптарын нығайтуға және наси­хат­тауға өзінің дайын екенін мәлімдеді. Мем­ле­кет басшысы полиэтностық және көп­кон­фес­сиялы қоғамда дау-жанжалсыз бейбіт қатар өмір сүруге болатынын айғақтап келе жатқан Қа­зақстан тәжірибесі бүгінде ұлттық шек­ара­дан асып, әлемдік маңызға ие болғанын атап көрсетті. Қазақстанның ішкі тұрақтылығы айтарлықтай деңгейде өңірлік және тіпті жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тетігі болып табылатын факт ретінде халық­ара­лық қоғамдастық тарапынан да жан-жақты танылып отыр. ЕҚЫҰ қызметінің барлық үш өлшеміне немесе үш “себетіне” қатысты проблемаларды шешу үшін біздің теңдестірілген, сындарлы көз­қарас қалыптастыруымыз керек деген Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың сөзінің ЕҚЫҰ үшін ма­ңызы өте зор. Бейнелей айтқанда, ол “се­беттердегі”  “жүктерді” бірдейлендіру қажет. Бұл ұстаным ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер ас­та­наларында оң қолдауға ие болды. Бұл сәттің сая­си тұрғыда өте маңызды болуының себебі не­де? Өйткені, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық ету ықтималдығы төңірегіндегі пікір­та­лас­тар кезінде біздің еліміз ұйымға сыни көз­қарас­та­ғы  мемлекеттер тобының “Троя аты” рөлін өзі­не алып, оны әлсіретуге талпынбақ деген қауіп­тер айтылды.  Қазақстан төрағалығының ба­рысы мен мазмұны барлық қауесеттерді те­ріс­ке шығарды. Жалпыұлттық Көшбасшы мен оның дипломатиялық қызметі ЕҚЫҰ әле­уе­ті­нің, сонымен бірге, беделінің де нығаюына сөз­сіз жағдай жасаған сындарлылық пен кре­атив­тілік таныта білді. Ұйымның 1999 жылғы Ыстамбұл саммиті өткеннен бергі уақытта ЕҚЫҰ-ны басқарған бірде-бір ел төрағалықтың Қазақстан ұсынып, жүзеге асырғандай бағдарламасын жасай алған жоқ. Біздің еліміздің осы жыл бойына Прези­дент Н.Назарбаевтың көшбасшылығымен жүр­гіз­ген жұмысы мемлекеттердің еуроат­лан­ти­ка­лық және еуразиялық қоғамдастығына орасан зор әсер етті. Қауіпсіздік, экономика, демо­кра­тия­ны дамыту мәселелері қазақстандық төраға­лықта толық түрінде қамтылып, ұжымдық не­гіз­де шешу үшін қосымша сер­пінге ие болды. Ең бастысы – Қазақстан өзін жауапты да беделді ха­лықаралық ойыншы ретінде көрсетті және, әрине, оның мойындалған Көшбасшы­сы­ның тарихи қызметі де дәл осыдан көрініс табады. Мысалға, Қырғызстандағы қайғылы оқи­ғаларды алайық. Егер Қазақстан ЕҚЫҰ төр­аға­сы болмағанда, көрші елдегі ахуалды рет­теудегі бұл  ұйымның рөлі, өзге елдердегі дау-жанжалдар кезінде талай қайталанғандай,  бас­қа­ша, мейлінше шектеулі болар еді. Қырғыз­стан­дағы ахуалдың ең бір шиеліністі кезінде Пре­зи­дент Н.Назарбаевтың іс-қимылының нағыз дер уақытында, сындарлы және тиімді бол­ғаны сондай, ол, сөз жоқ, әлемдік дип­ло­матия тарихындағы ірі оқиғалардың санатына қосы­латын болады. Ресей және АҚШ прези­дент­терімен кеңесе отырып, Елбасы ол елдегі ахуал­дың тұрақтануында шешуші рөл атқарды.  ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы  Қ.Сауда­баев­тың Бішкекке өзінің арнайы өкілін шұғыл түрде жіберуі және оның Қырғыз­стан­дағы аху­ал­ды реттеуге барлық халықаралық ұйым­дар­дың күш-жігерлерін біріктіруі де маңызды фак­тор болды.  ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізуге бірауыздан келісе отырып, халықаралық қо­ғам­дас­тықтың  да осынау нәтижелі жұмысты на­зар­ға алғанына күмән жоқ. Қазақстан қызметі ауған ба­ғытында да ба­рынша пай­да­лы болды.  Біздің еліміз – осы ел­дің студенттерін қазақ­стан­дық жоо-ларда оқы­ту үшін 50 миллион доллар бөле оты­рып, ЕҚЫҰ-ға қатысу­шы­лар ішінде Ауғанстанға көмек көрсетуде нақты іс-ша­ралар қабылдаған бірден-бір ел. Лис­сабондағы НАТО сам­митінде  сөй­леген сөзінде Пре­зидент Н.Назарбаев Қазақстан Солтүстік альянс аты­нан іс-қимылдар жасайтын қауіпсіздікті қол­дау­­шы халықаралық күштер үшін ресурстық базаға айнала алар еді деп мәлімдеді, сонымен бірге, НАТО-ға қатысушы мем­лекеттер бас­шы­ла­рын ЕҚЫҰ Саммитіне  қа­тысып, ауған проб­ле­масын талқылауға ті­ке­лей атсалысуға шақырды. Қазақстанның “екінші себетке” қатысты ұстанымы да креативті болды. Президент Н.На­зарбаев ұсынған  жаңадан “Маастрихт плюс” тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдау идеясы әлемдік қоғамдастықтың саяси және экономикалық топтары арасында оң сілкініс туғызды. Ол – жаһандық қаржы-экономика­лық дағдарыстардың алдын алу және олардың зардаптарын жоюда бірлескен ұстанымдар қалыптастыру тұрғысынан қарағандағы эко­номикалық ынтымақтастықтың перспектива­ларына қатысты мүлде жаңа көзқарас. Осыған дейін ЕҚЫҰ-ның бірде-бір форумы дағдарыс проблемасын талқылауға арналмағандықтан, аталған бастаманың көкейкесті екендігі өзінен-өзі көрініп тұр. Іс жүзінде Қазақстан бұрын да еуропалық қоғамдастықпен қарым-қатынастар­дың бүкіл кешеніне бұлжымас басымдықпен көңіл бөліп келген болатын. Мысал ретінде Қазақстанның ол құрлықпен жан-жақты байланыстарының басты бағдарына айналған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын келтіруге болады. Еуропамен ынтымақтас­тықтың мұндай біртұтас бағдарламасын  бірде-бір орталықазиялық ел қабылдаған жоқ  және ол біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығына өзіндік бір прелюдия қызметін атқарды. Осылайша, Қазақстан ЕҚЫҰ қызметіндегі орталықазиялық компонентті айтарлықтай күшейтті. Біздің мемлекетіміздің төрағалы­ғымен ұйым шынайы еуразиялық сипатқа ие болды. Қазақстан басшысының қауіпсіздіктің еуроатлантикалық және азиялық болып бөлінбейтіндігі туралы тезисі жан-жақты қолдау тауып, жалпыға бірдей мойындалатын саяси шын­дық сипатын иеленді. Қауіпсіздік өңірлік шекаралары жоқ, біртұтас жаһандық ұғымға айналды. Мемлекеттер өзге елдердің қауіпсіздігіне зиян келтіре отырып, өз қауіпсіздігін құруға болмайтынына көз жеткізді. Соған сәйкес қауіпсіздік проблемасын шешу үшін ұжымдық күш-жігер қажет екендігі түсі­ніліп, қазіргі әлемдік құрылыстың жаппай транс­формациялануы мен инновациялық идео­логиялардың дамуы кезеңінде ЕҚЫҰ мүмкін­діктеріне деген мүлде жаңа көзқарас пайда болды. Қазақстанның төрағалығы ЕҚЫҰ-ның өзектік тірегін нығайтып, ұйымға қосымша күш берді, ал ол шапшаң өзгеріп жатқан ха­лық­аралық ахуалда, оның таяуда ғана беймәлім күйде болған  болашағын ескере келгенде, мей­лінше маңызды. ЕҚЫҰ бүкіл әлемдік қо­ғамдастыққа оптимизм ұялататын ұйымға айналды. ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізу фак­тісінің өзі  еуроатлантикалық қоғамдастықтың көптен күткен  назарының Орталық Азияда орын ал­ған нақты проблемаларды қарау мен ше­шу­ге қарай ауысқанының шынайы айғағы бо­лып табылады.  Бұл орайда ЕҚЫҰ-ны қайта пі­шін­деуге, іс жүзінде ұйымды ре­формалауға елеу­лі үлес қосқан Қазақстанның еңбегі өте зор. Қазақстан ЕҚЫҰ-дағы өзінің орасан табыстарына қомақты сыртқы саяси жүкпен келді. Сонау 1992 жылы  БҰҰ Бас Ассамблея­сының 47-ші сессиясында Президент Н.Назар­баев айтқан Азиядағы өзара іс-қимыл мен се­нім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы идея табысты жүзеге  асы­рыл­ды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық басталғанға дейін Қазақстан өзінде АӨСШК-нің екі саммитін өткізді, оны халықаралық қатынастарда  нақты іс-қимылдар жасайтын факторға айналдыра отырып, аталған форумның институттануына қол жеткізді. АӨСШК ЕҚЫҰ-ның азиялық баламасы ретінде қарастырыла бастады. Қазақстан басшысы ЕҚЫҰ мен АӨСШК тұғырнамасында біртұтас еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеу мүмкін­діктерін қарастыруды ұсынды. Бұл бастама форумның биылғы жылы Ыстамбұлда өткен үшінші саммиті кезінде талқыланды. Біздің еліміз ядролық қаруларды таратпау режімін нығайтуға бағытталған нақты іс-қимылдарымен өзінің халықаралық беделін айтарлықтай нығайтты. Семей полигонын жабу туралы шешім, әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту, Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім мен Ядролық қаруды сынауға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісімге қосылу – осы шешімдердің бәрі Президент Н.Назарбаевты әлемдік орбитаға шығарып,  оның жаппай қарусыздану ісінің бұлжымайтын жақтаушысы ретіндегі беделін нығайтты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Ядролық сынақтарға тыйым салудың халық­аралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы арнайы қарар қабылдауы тегіннен тегін емес. Біздің елімізге өзінің құрметті де жауапты миссиясын орындауына  жоғары дәрежеде ықпал еткен ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының қызметіне жеке тоқталып өту қажет. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының бұрынғы президенті Ж.Соарештің айтуынша, Қазақ­станның төрағалығы “мейлінше дина­мик­алы­лығымен” ерекшеленеді. Қазақ­стан­ның парламенттік делегациясы ЕҚЫҰ ПА-ның барлық форумдарында, ал олар аз болған жоқ, соның ішінде, Астана мен Алматыда өткен екі өкілетті конференцияларда да үлкен жұмыстар жүргізді, еуроатлантикалық қоғамдастықтың Астанада саммит өткізу туралы Президент бастамасына батыл түрде қолдау көрсетуі соның нәтижесі болып табылады.  Бұл форумның жұмысына біздің халқымыздың шынайы достарына айналған Парламенттік Ассамблея Бюросының мүшелері, еуропалық және америкалық заң шығарушылар қатысатын болады. Күн тәртібінің алуандығы тұрғысынан алғанда алдағы саммит әлемдік саясаттағы өте айрықша оқиға болмақ. Әрине, қазіргі заман­ның барлық күрделі мәселелері бір сәтте ше­шім таба қояды деп күтудің де қажеті жоқ. Бірақ ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­лары­ның аса күрделі халық­аралық жағдайда Ауған­стан мен Қырғызстандағы сияқты проблема­ларды шешу үшін өзара іс-қимылдар сұлбасын анықтауға талпынып, созылмалы жанжалдар бойынша жүретін келіссөздер үдерістеріне серпін беру және қаржы-экономикалық проб­лемаларды талдау үшін араға 11 жыл салып Астанада кездесу өткізуге келісуі – жаһан­дық ауқымдағы маңызды оқиға. Басқаша айтқанда, шындықтан алыс пікірталастар емес, еуразиялық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру туралы нақты әңгімелер күтіледі. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арасындағы өз қалыптарына сәйкесті табиғи қарама-қайшылықтарға қарамастан,  Қазақ­стан­ның төрағалығымен, БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың қолдауымен қалай дегенде де олар саммиттің қорытынды құжаты бойынша консенсустық шешім таба алатын болады. Ол ЕҚЫҰ-ның қайта жаңғырғаны туралы, әлемдік саясатта “Астана рухы” атты ұғымның пайда болғаны туралы толық сеніммен айтуға жағдай жасамақшы. Ал бұл жалпыға бірдей мойындалған Көшбасшы Н.Назарбаевтың басшылығындағы біздің жас мемлекетіміздің тарихи табысы емес пе? Әкелік тұрғыдан негізін қалаушысы біздің Көшбас­шымыз болып табылатын Астананың ЕҚЫҰ қуатты энергиялық нәр алған және өз әлеуетін нығайтқан қала ретінде халықаралық қатынастардың шежіресіне енетініне еш күмән жоқ. Саммиттің Хельсинки актісінің 35 жыл­дығына, Жаңа Еуропа үшін Париж хартия­сының 20 жылдығына және Екінші дүние­жү­зілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл толуына сәйкес келуінің де терең нышандық мәні бар. Бұл сәттер біздің елордамыздағы форумның тарихи маңызын күшейте түседі. Астана Саммиті Қазақстан тәуелсіздігінің барлық кезеңдерінде біздің халқымыздың ұлы мұраттарға ұмтылысына берік сенген және осынау ізгілікті мақсатта жетістіктерге қол жеткізген Президент Н.Назарбаевтың жеке триумфы.