• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қараша, 2010

Маңызды миссияның мәртебелі межесі

463 рет
көрсетілді

ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының Астанада өтетін Саммитін жүрек лүпілдей күтіп отырмыз. Келген меймандар еліміздің қонақжайлығына көзі қанып, көңілі толып кетеріне еш күмән жоқ. Өйткені, қонақжайлық қасиетіміз халқымыздың дәстүрі арқылы тереңнен тамыр тартқан ұлттық үрдіс болып табылады.

Марапат иелерін тапты ЕҚЫҰ үш себетіндегі мәселелерді шешуді көздейтін Ұйымға мүше елдер әрекеттерін сол елдер тұрғындарының қолдауы орынды. Осыған орай ортақ істерге азаматтарды көбірек тарту кез келген ұйымның басымдық беретін мәселелерінің бірі болса керек. Еліміз Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктері осы ретте жалпыұлттық шығармалар байқауын өткізген-ді. Кеше соның қорытындысы жария етілді. Ұйымдастырушылардың мәліметіне қарағанда, еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын жасөспірімдерден 200-ге тарта шығармалар келіп түскен. Соның ең мазмұнды әрі мағынасы терең деген оны таңдап алынып, үшеуі жеңімпаз деп танылған. Байқау шарттары бойынша еліміз мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына ЕҚЫҰ елдері басшыларының біріне немесе барлығына арналған жолдау хат түріндегі шығарма жазу керек болатын. Сондай-ақ жасөспірім Ұйым қызметіндегі өзекті деген мәселелерге қатысты жеке көзқарастарын да білдіре кетуі ұсынылған. Байқау барысында қазылар алқасы құрамына кіргендер шығармаларды таңдап алу өте қиынға түскендігін тілге тиек етті. Бұл жөнінде “ҚР-дағы Мицубиси Кор­порейшн” өкілдігінің басқарушы директоры Хироказу Саито  ерекше айтып кетті. Әйтсе де үш шығарма таңдап алыныпты. Байқау нәтижесі бойынша Павлодар облы­сының Екібастұз қаласындағы №7 мектептің 10 сынып оқушысы Юлия Бур­мистрова  гран-при иегері деп танылған. Мек­теп оқушысы өзінің жолдау шығар­масында ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтары Ұйым қызметінен хабардар емес деген тақырыпты көтеріп, қалыптасқан мәселелердің себептерін талдап, оны шешу жолдарын ұсыныпты. Екінші орынға ие болған Шымкент қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атын­дағы №8 гимназияның 11 сынып оқушысы Ділназ Ирисметова қауымаралық өшпенділік, нашар білім алу мен кедейшілік арасындағы байланыстарға ой жіберген. Оның шы­ғармасында Еуразия аймағындағы орын алған этностық қақтығыстар барысы зерделеніп, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларын азаматтар, әсіресе, жастар арасындағы түсіністікті дамытуға шақырады. Байқаудың үшінші жеңімпазы болып тағы бір екібастұздық оқушы, 17 жасар Жәнел Байділдина танылған. Ол өз шығармасында Ұйымға мүше елдер көшбасшыларынан мемлекет пен қоғам арасындағы сенімділікті нығайту қажеттігіне назар аударуды сұрапты. Жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетіліп, сый-сыяпаттар табыс етілді. Қазақстандағы Шетел инвесторлары кеңесіне мүшелік ететін компаниялар, атап айтқанда, “Аустрия әуе жолдары”, “Мицубиси Корпорейшн”, “МЕТРО Кэш энд Кэрри” және TNRC Kazakhstan байқауға лайықты демеу көрсетіп, жеңімпаздарға үш ноутбук, ал гран-при иесіне Венаға барып қайту мүмкіндігін тағайындаған. Ал “Балдәурен” республикалық оқу және сауықтыру орталығы жеңімпаздарға Бурабай­дағы “Балалық арман аралы” кешеніне жылдың қалаған мезгілінде 21 күн бойы демалу мүмкіндігін сыйлады. Ағылшын тілінде жазылған шығармалар­дың жеңімпаздарына сый-сыяпаттарын табыс ету ЕҚЫҰ Саммитінің Медиа-орталығында салтанатты жағдайда өткенін айта кету керек. Аталған шараға қатысушылардың барлығы да саммит бедерінде суретке түсіп, телеарналарға сұхбаттарын да беріп жатты. Ең бастысы – мұндай әсер балалардың жүрегінде ұзақ сақталып қалары айтпаса да түсінікті.

Ұйымның барлық жұмысына белсенді қатысады

Кеше Астана Саммиті аясында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Петрос Эфтимиу бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, Парламенттік Ассамблеяның рөлі жөнінде ой бөлісті және журналистердің сұрақтарына жауап қайтарды. Петрос Эфтимиу мырзаның атап өткеніндей, Ұйымның Парламенттік Ассамблеясы Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікті қамтитын беделді халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ның күн тәртібіне қойылған барлық мәселелер жұмысына белсенді қатысады. Сонымен қатар, Парламенттік Ассамблея ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің Ассамблеяға мүше парламентшілері арқылы Ұйымға мүше елдердің парламентімен тығыз ынтымақтастық орнатуды мақсат етеді. Жанжалдардың алдын алуға, конституциялық заңдылықтың сақталу механизмін дайындауға көмек көрсетеді. Осының барлығы парламентаралық үнқатысу арқылы жүзеге асырылады. – Парламенттік Ассамблеяда Кавказ, Орталық Азия, гендерлік, тағы басқа да арнайы мәселелермен айналысатын өкілдер бар, – деді Парламенттік Ассамблеяның Президенті. – Ассамблея, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттерде өтетін сайлауларға байқаушылар да жібереді. Біз жыл сайын Парламенттік Ассамблеяның жиынын өткізіп тұрамыз. 2008 жылы Астанада Парламенттік Ассамблеяның жиыны табысты өткенін айта кетпекпін. Ертең Астана Саммитінің алдында Ассамблеяның бюросының мәжілісі өтеді. Петрос Эфтимиу, сондай-ақ Астана Саммитінің ашылуында Парламенттік Ассамблеяның Президенті ретінде сөз сөйлейтіндігін де жасырып қалмады. Оның хабардар етуінше, Парламенттік Ассамблея тарапынан көптен бері айтылып келе жатқан ұсыныстар бар. Олардың бірқатары Астана құжатына енгізілді. – Астана Саммитінің орны ерекше, онда талқыланатын мәселелер барлығына ортақ, – деді ол сөзінің соңында. – Өйткені, ЕҚЫҰ қызметін жан-жақты дамытуда мемлекеттер  басшыларының саяси үнқатысуы аса қажет. Парламенттік Ассамблея ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитінен осыны күтеді. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Петрос Эфтимиуға журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Олардың дені Таулы Қарабақ проблемасына, Грузияның аумақтық тұтастығына, Әзірбайжанда өткен парламенттік сайлаудың нәтижесіне байланысты болды. Уақытының тығыздығына қарамастан, қойылған сұрақтарға ол қысқа әрі нақты жауап қайтарды. Өйткені, Петрос Эфтимиудің негізгі мамандығы – журналист.

Қазақстан саммитті өткізуге әзір

Кеше кешке ЕҚЫҰ Саммитіне әзірлік жөніндегі атқарушы хатшы, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Сержан Әбдікәрімов қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында ашылуына санаулы сағаттар қалған ЕҚЫҰ-ның Саммитіне әзірлік барысы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихаты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Имидждік жұмыс басқармасының бастығы Асқар Абдрахмановтың модераторлығымен өтті. Сержан Әбдікәрімов өз сөзін бүгінгі күні саммитке қатысуға тіркеліп отырған де­легаттардың саны 2,5 мың адамға жет­кендігінен бастады. Оның айтуынша, өті­ніштер бүгінгі күнге дейін түсіп жатыр. Демек, делегаттар саны бұдан да өсе түсуі әбден мүмкін. Мұның сыртында саммитке ақпараттық қолдау көрсету үшін 1,2 мыңнан астам жур­на­лист тіркеліп үлгерген екен. Алдағы уақытта бұл сан да өсе түсуі мүмкін. Оған осы уақытқа дейін болып өткен Шолу конференциясына қа­тысқан 600-ге тарта үкіметтік емес ұйымдар өкіл­дерін қосыңыз. Сонда саммитке қатысатын жалпы адамдардың саны 5 мыңға жетіп жығылмақ. – Осы уақытқа дейін саммитке әзірліктің барлық мәселелері шешілді. Ұшақтар қабыл­дай­тын әуежай, қонақтарды қабылдайтын қо­нақ үйлер, шаралар өтетін мәжіліс залдары сай­ма-сай әзірлікке қойылды. Демек, Қазақстан саммитті өткізуге жан-жақты дайын, – деп мәлімдеді ЕҚЫҰ Саммитіне әзірлік жөніндегі атқарушы хатшы. Саммитке қатысатын елдерден келетін басшылар тізімі де анықталған. Сержан Әбді­кәрімов журналистер алдында бұл жайында да жүйелеп айтып берді. Сондай-ақ ол барлық қатысушылардың Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы салмақты нәтижелерімен көрініп отырғандығын, соның бір дәлелі – осы өтетін саммит екендігі туралы жағымды пікірлер білдіріп жатқандығын жеткізе кетті. Сөйтіп, өткелі отырған тарихи маңызы зор бұл шараны үлкен жұмыстардың алдын ала нәтижесі ретінде бағалауға болады. Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінен оған қаты­сатын қонақтар да үлкен үміт күтіп отыр. Өйткені, бұл – әлемдік  салмағы мол осы Ұйымның аясында 11 жылдан кейін барып өткелі отырған басты жиын. Соның ішінде соңғы 7 жылдан бері оған мүше мемлекеттердің бірлесе отырып декларация да қабылдай алмай келе жатқандығы мәлім. Ал әлем жылдан жылға өзгеріп барады. Осыған орай ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер бұл саммитке үлкен үмітпен қарауда. Қазақстан өзі тарапынан Ұйымға төраға және оның саммиті өтетін ел ретінде жиын жұмысының сәтті болуына бар күш-жігерін жұмсайтын болады. Журналистер баспасөз мәслихатында бірқатар сұрақтар қойып, оған қанағаттан­дырар­лық жауап алды. “Хабар” агенттігінің сұрағы: Саммитте қа­былданатын қорытынды құжаттың 4 нұсқамен әзірленгендігі айтылды. Мұны қалай түсінуге болады? Жауап: Өйткені, мұндай ұлы дүбір жиында саммитке қатысушылардың барлығын қанағаттандыратындай қорытынды бір құжатқа қол жеткізу оңай емес. Сондықтан қорытынды құжаттың алғашқы нұсқасы әзірленгеннен кейін ол белгілі бір мөлшерде талқылаудан өткізіліп, айтылған ұсыныстар мен  ескертпелер ескерілді. Сөйтіп, екінші  нұсқа пайда болды. Міне, осындай жағдайларға байланысты қорытынды құжаттың жобасының өзі бірнеше нұсқаны құрап отыр. Ал нақты мәселені саммитке қатысушылар шешетін болады. Грузия теледидарының сұрағы:  Бұрын ЕҚЫҰ-ның Грузия миссиясы жұмыс істеп еді. Оны қалпына келтіру қарала ма? Жауап: Саммитте қаралатын мәселелердің ауқымы аз емес. Бірақ күн тәртібіне қайсысы өтетіндігін айта алмаймыз. Жалпы, оған қатысушы әр елдің басшысы өз елін толғандыратын мәселе жөнінде әңгіме қозғауы мүмкін. Ал қорытынды барлық елдердің ортақ көзқарастары нәтижесінде шығарылатын болады. “Егемен Қазақстан” газетінің сұрағы: Саммиттің күн тәртібіне негізінен қандай мәселелер қойылмақ? Жауап: Саммиттің күн тәртібіне қойылатын мәселелер алдын ала нақтыланған жоқ. Себебі, бәрін де саммитке қатысушылар шешеді. Жалпы, ЕҚЫҰ-ны толғандырып отырған мәселелер аз емес. Осылардың бәрін саммиттің күн тәртібіне ұсынуға болады. Баспасөз мәслихатында басқа да көптеген сұрақтар қойылды. Олардың бәріне жауап берілді.

Қазақстан абырой биігінде

Бұл туралы журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында ЕҚЫҰ-ның Жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Херберт Зальбер мәлімдеді. Херберт Зальбер сөзінің әлқиссасын Қырғыз­станнан бастады. Қырғыз елінде әлі де шешімін таппай жатқан мә­селелердің қарасы мол екенін айтты. Әсіресе, онда адам құқықтарын сақтау және заңның үстемдік құруы, заң билігін мойындау бойынша атқарылар істердің көп­тігіне тоқталды. Осы ретте ЕҚЫҰ Қырғызстанға Ұй­ымның полициясын жіберу жұмысына кіріскенін жеткізді. – Ал ЕҚЫҰ полициясы дегеніміздің өзі, – деді мейман, сол жердегі ішкі істер органдарына қажетті сарап­тамалық-кеңес беруші мамандар. Олардың мін­деті – сол елде демократия қағидаттарының сақталуы, заң үстемдігіне қол жеткізу бағыттарында консуль­тативтік тұрғыда жөн сілтеу. Қазіргі күні 8 полиция қызметкері Қырғызстанда жүр, осы аптада тағы біреуі баруы тиіс екен. Ал келесі жыл­дан бастап 30-дан астамы, яғни бағдарланған мөлшердегі полиция орналасып, Қырғызстанда жоғарыда айтқандай жұмыстарды жүргізетін болады деп күтілуде. “Оны осы елдің басшылығы да жете түсініп отыр. Алда өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитіне Қырғызстан президенті Роза Отунбаева да қатысады. Сондықтан ол қатысатын барлық кездесулерде Қырғызстанның мәселесі талқыланатын болады”, деген Х.Зальбер журналистерге сауалдары болса жауап беруге әзір екендігін білдірген. Алғашқы сұрақ ұзаққа созылған жанжалдар шең­бе­рінде қойылды. “Саммитте осы мәселелерді шешуге қадам жасалады деп ойлайсыз ба, атап айтқанда, Таулы Қарабақ жайында не дер едіңіз?” деген сауалға Х.Зальбер: “Әрине, мұндай жоғары деңгейдегі бас­шы­лар­дың саммиті қандай да бір мәселені жан-жақты қа­рас­тыруға мүмкіндік туғызады. Себебі, оған әр мемле­кет­тің жоғары басшылары келеді. Дегенмен, бұл жерде реалист болуымыз керек, жылдар бойғы қордаланған, шиеленіп қалған түйінді бір саммит аясында шешіп тастау қиын болар, әйтсе де осы жерде әңгіме ауанын түзеуге, келісімге барудың алғышарттарын жасауға мүмкіндік туады деп есептеймін. Және бір баса назар аударатын жәйт – бір-бірімен мәмілеге келе алмай отырған тараптардың даулы мәселені шешуге деген ынталарының алдымен өздерінде болулары қажеттігі. Ал ЕҚЫҰ қызметін бұл тұрғыда араағайындық деуге келер. Осы ретте арнайы құрылған Минск тобы біраз іс атқарды және олар жұмыстарын әрі қарай да жалғастыра береді. Мұндағы басты мәселе, тағы да қайталап айтайын, екі елдің дауды шешуге деген саяси ерік-күшінің болуы”, деп жауап берді. Мұнан соң Х.Зальбер Еуропа қауіпсіздігінің жаңа архитектурасы туралы сауалға жауап бере келе, мұның өте шамшыл жоба екенін атады. Менің ойымша, деп жалғады ойын ол, қазіргі күнгі еуропалық, трансатлантикалық немесе еуразиялық қауіпсіздік картинасы жаман деңгейде емес, алайда Ұйымға мүше кейбір елдер осы мәселеде теңгерімділік жоқ деп шағымданады. Және бір жәйтті де есімізден шығармауға тиіспіз, қауіпсіздікке жауап беретін ұйымдар тарихи жағдайларда пайда болды. Мысалы, НАТО немесе соңғы кездері ұжымдық қауіпсіздікті сақтауға ұмтылған өзге де ұйымдардың құрылуын осындай тарихи қажеттіліктер тудырды. Ал осылардың барлығына парапар келетін қауіпсіздіктің жаңа тетігін жасау шынымен өте күрделі жұмыс. Алайда, біз оған келе жатырмыз. Менің пайымымда, Астана Саммитінде бұл мәселеде оң нәтижелерге қолымыз жетсе, біз бұдан кейін оның шешіміне сындарлы түрде келетін боламыз, саммиттің негізі де осында жатыр ма деп ойлаймын. Сам­миттегі сындарлы үнқатысу Ванкувер мен Влади­восток аралығандағы қай елді де қанағаттандыратын қауіпсіздіктің негізін қаласа деген ниет бар. “Қазақстан өз төрағалығы тұсында ұзаққа созылған жан­жалдарды реттеуде қандай жетістіктерге жетті неме­се нені орындамады деп ойлайсыз?” – деген сұраққа ЕҚЫҰ-ның Жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры: “Алдымен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясындағы міндеттерінің әлі толық аяқталмағанын естеріңізге салайын. Оның үстіне төраға ел ЕҚЫҰ-ның саммитін ұйымдастырып отыр. Қазақстанның халықаралық Ұйымға төрағалығы барысында атқарған жұмыстарына байланысты түйінді со­дан кейін ғана жасауға болатын сияқты. Бірақ мен қазірдің өзінде Қазақстанның жанжал аймақтарындағы жағдайды реттеуге қосқан үлесі өте үлкен болды деп есеп­теймін. Іс басындағы төраға осы даулы аймақ­тар­дың барлығына сапармен барып қайтты. Олардағы тараптарды сындарлы үнқатысуға шақырды, яғни бұл істі алға жылжытты”, деп жауап берді.

Жастар халықаралық форумды қолдайды

Көкшетау қаласындағы “Дос­тар” мәдениет сарайында Ақмола облыстық әкімдігі “Көкше” ака­демиясымен бірлесіп, “Қа­зақ­стан және ЕҚЫҰ: тарих – қазіргі заман – келешек” атты студенттік конференциясын өткізді. Саяси шара Ақмола облыстық “Жастар” педагогикалық отрядының “Ақ­мо­ла жастары саммитті қолдайды” жан­ды флеш-мобымен және ар­найы жабдықталған көрмені тамашалаумен басталды. Конференцияны ашқан рес­публикалық “Жігер” жас мем­ле­кеттік қызметкерлер клубының мүшесі, модератор Азамат Ысқа­қов Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мәртебесіндегі мерейлі қызметі мен атқарған жұмыс­тары­ның жемісі жайлы ауқымды ақпарат берді. Маңызды басқосуда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков тәуелсіз Қа­зақстан әлемдегі аса беделді ұйым төрағалығына экономикалық дағ­дарыс толқынындағы күрделі кезеңде қол жеткізіп, үміт пен сенімді абыройлы атқарып келе жатқандығын нақты мысалдармен жатық баяндады. ТМД елдеріне тұңғыш берілген мүмкіндікті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрегендікпен, терең пайыммен жер жүзі халықтары ұмтылған ұлы мұраттарға бағыттай білді. Сондықтан, араға он бір жыл салып шақырылған Астана Сам­миті Қазақстанның ғана емес, бү­кіл әлемнің ірі жетістігі саналады. Әлем Қазақстанға назар аударып отыр, өзінің көкейкесті мәселе­лерін қадамы сәтті Қазақстанмен байланыстырғанды қалайды. “Көкше” академиясының рек­торы, академик Жанат Қасым ертең басталғалы отырған саммит саяси деңгейдегі ғана емес, күн­делікті өмірдегі оқиғалардың, тіршілік тарамдарының жақсылық жетегіндегі құбылнамасы екен­ді­гіне баса назар аударды. Қолы­мыз­ға ғасырлар бойғы арман-тілектің, қайрат-жігердің арқасында келген тәуел­сіздіктің тәубе қылар ша­ра­паттары ең алдымен жастарға бағытталғаны ғанибет, деді ол. Парламент Мәжілісінің депу­таты Аманжол Жазин, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті филосо­фия кафедрасының меңгерушісі Раушан Көшенова Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төрағалығы кезеңіндегі адамзат үміті ақталар соны қадамдардың қорытын­дыланарына қатысты пікірлерімен бөлісті. Ал Астана Саммитін Қа­зақстан мен оның Президенті ұстанған саясаттан үлгі алуға бо­латындығын айқындайтын жиын деп бағалайтындығымыз сондық­тан, деді сөйлеушілер. Конференцияда сөз алған белгілі ғалымдар, қоғамдық ұйым­дардың басшылары, Көкшетау қаласының құрметті азаматтары мен студенттер тәуелсіз Қазақ­станның 19 жылдағы жетістігіне, ЕҚЫҰ-ға төрағалығының ма­ңыздылығына, бізбен санасып отырған әлем үнінің тілектестік ниетіне жоғары бағасын беріп, республика жастарына үндеу қабылдады. “Достар” сарайында Тәуелсіз­дік мерекесіне арналған көрме ұйымдастырылуы да конференция­ның маңызын көтере түсті. Бақберген АМАЛБЕК,  Ақмола облысы. Құтты қонақ болыңыздар! ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшы­ларының Астанада өтетін Саммитін жүрек лүпілдей күтіп отырмыз. Қазақстанға алғаш рет осынша көп және беделді мемлекеттер мен атын алыстан естіп таңданып жүретін ха­лық­аралық ұйымдар басшылары бірге келді. Астананың әуежайына жер жүзінің азуын айға білеген үлкен шаһарларынан ғана ұшатын алып лайнерлер қонып жатыр. Келген қонақтар Қазақстанның қонақжай екендігіне көзі қанып, кө­ңілі толып кетеріне мен бәс тігемін. Өйткені, осынша үлкен жиын болма­ған­мен жас Астананың халықаралық шаралар өткізіп жатқаны бір бұл емес. Тәжірибенің жетерлігіне шү­кір­лік етеміз. Ал елімізге келген мәрте­белі қонақтарға мемлекеттік дәрежеде көрсетілетін қонақжайлылық негізі біздің халқымыздың дәстүрі арқылы терең қалыптасқан дер едім. “Мың өліп, мың тірілген” қазақ халқы нәу­бет замандарда арып-ашып келген қан­дай ұлттың өкілін де бауырындай құшағына тартты. Қазақ халқының қайырымдылығын, меймандостығын көрген аталарымыз Қазақстанда өсіп, өнді. Олардың ұрпағы, біз, осы ұлан-байтақ жерде бір атаның балаларын­дай тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Қа­зақ­стандағы қазақтардың да, осы жер­дің суын сулап, отын оттап отыр­ған өзге ұлыстардың алдында бір-ақ мақсат бар. Ол – Қазақстанды гүл­ден­діру, оны дүние жүзіндегі мойны озық дамыған елдердің қатарына қосу. Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен өтіп жатқан халықаралық беделді Ұйым – ЕҚЫҰ Саммиті де біздің елімізді дүние жүзінің тануына, қарым-қатынастың одан әрі дамуына жол ашады. Халқымызда “қонақ аз отырып, көп сынайды” деген мәтел бар. Саммитке келген мемлекеттердің басшылары, мәртебелі қонақтар ең алдымен Қазақстанның ішіндегі құстың ұясындай жылылықты сезіндіретін бейбіт, тыныш өмірді байқар деп ойлаймын. Сарыарқада тотыдайын таранған жас Астананың сұлулығы да еленбей қалмас. Төрімізге озған мәртебелі қонақ­тар да саммитте халықаралық маңызы бар, жұмыр жердің болашағына қа­тысты аса жауапкершілікті істі ат­қарады. Олардың жұмысына сәттілік тілеймін. Құтты қонақ болыңыздар! Евгений ДРУЖИНИН, “ДЕП” ЖШС директоры. Қостанай. Кәделі сый Алматыдағы Ұлттық кітапхана бүкіл әлем назарын тігіп отырған ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті қар­са­ңында “Еуропаға жол – өркениетке жол” және “Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті” атты кітап көрмелерін өз оқырмандары мен қалың көпшілікке кәделі сый ретінде ұсынды. “Еуропаға жол – өркениетке жол” атты көрмеге ЕҚЫҰ-ға мүше 56 ел мен Еуропаның басқа да мемле­кет­терінің тарихы, мәдениеті, әлеу­меттік-экономикалық дамуы туралы сыр шертіп, алуан ақпарат беретін, әлем­нің 114 тілінде шыққан бес мың­нан астам кітаптар мен құжаттар қой­ылды. Еуропаның ғылыми-техни­ка­лық және гуманитарлық ақыл-ой қазынасынан қисапсыз мағлұматқа кенелдіре сусындататын бұл құжаттар түрлі саладағы мамандар мен ғалымдарға, жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми ізденістеріне көмек боларлық ақпараттар қоймасы дер едік. Сондай-ақ бұл көрменің ауқымды бөлімі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі кезіндегі Елбасымыздың тарихи рөлін жан-жақты көрсетіп, оның сындарлы да сарабдал саясатын паш ете алған. “Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті” деп аталатын көрмеге Мем­лекет басшысының еңбектері, өмірі мен қызметін өзек еткен отандық және шетелдік басылымдар қойы­лып­ты. Көрме кітапхананың Прези­дент өмірі мен қызметіне арналған 16 мыңнан астам библиографиялық жаз­ба­ларды жинақтаған электронды де­рек­қор негізінде жасақталған көрінеді. Елбасының өмірі мен саяси қыз­ме­тіне арналған бұл көрме – Тәуелсіз Қа­зақстанның қалыптасу жылдары­ның айшықты шежіресі іспеттес. Мұн­дағы құжаттар тәуелсіз мемле­ке­ті­міздің қысқа мерзімде жүріп өткен жолынан, сол аралықтағы тарихи оқи­ғалардан, Елбасының көреген­дік­пен жүргізген салиқалы сыртқы сая­саты мен елдің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуын жеделдеткен страте­гия­­лық бағдарламаларынан сыр шертеді. Қорғанбек АМАНЖОЛ. “Егемен Қазақстанның” тілшілер тобы. Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ, Берсінбек СӘРСЕНОВ.