• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2010

Елорда ендіктер мен бойлықтарда

627 рет
көрсетілді

Қызметтің өркенниетті үлгісі Бүгін әлем назары Астанаға ауды. Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төл перзенті – Арқа төсіндегі ару Астана көк бай­рағын көтерген алғашқы күннен-ақ төрт­күл дүниенің айтулы басқосулары өтетін жа­һан­дық орталыққа айналды. Бұдан бұрын бас қа­ламызда талай-талай халықаралық жиын­дар, дүниежүзілік форумдар, әлемдік дең­гей­дегі съездер өткенін білеміз. Енді бүгін жа­һан­ның дамыған 56 мемлекетінің басын бі­рік­тіріп отырған әлемдік мәртебелі ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының VІІ Саммиті де 11 жыл үзілістен кейін Астана қаласында өзінің жұмысын бастады. Астана Саммиті – ЕҚЫҰ тарихындағы ең жоғары дәрежеде өтіп отырған жетінші құ­рыл­тай және мәртебелі Ұйымға мүше 56  мем­лекеттің басшылары мен үкімет басшыла­ры­ның толық құрамдағы ХХІ ғасырдағы тұңғыш басқосуы. Халқымыз “7” санын киелі санай­ты­нын ескерсек, желтоқсан айында Астанаға жиналған саммиттің де жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Осы маңызды халықаралық ша­раға байланысты арнайы жасаған мәлімде­месінде Елбасы: “Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия мен ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді Ұйымның Сам­митін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес... Сонымен қатар, мәрте­белі Ұйымның Саммитін өткізу – бар­шамызға абыройлы міндет пен ерекше жауапкершілік жүктейді”, деп атап көрсеткен болатын. Иә, “келгенше қонақ ұялады, келген соң үй иесі ұялады” деген аталы сөзді ардақ тұтқан жұртпыз ғой. Сондықтан 55 елдің басшылары, беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері, 500-ге тарта қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері келетін бұл тарихи басқосуға еліміздің бас қаласы барынша ыждағатты дайындықпен келіп отыр. Әсіресе, “театр киімілгіштен бас­талады” дегендей, Саммитке келетін жоғары мәр­тебелі қонақтардың алғашқы қадамы бас­талатын бас қаланың әуе қақпасы – Астана халықаралық әуежайының дайындығы ерекше тыңғылықты болды. Елордамызда өтетін аса маңызды халық­аралық оқиға кезінде Астана әуежайындағы әуе кемелеріне қызмет көрсететін техникалық құралдар да, қонақтарды қабылдайтын қыз­мет түрлері де халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары талаптарға жауап беруі тиіс. Осыған байланысты Саммит қарсаңында Ас­тана әуежайының инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру және әуежай кешенінің барлық құ­рылымдық кәсіпорындарының өндірістік қуа­тын арттыру мақсатында ауқымды да кешенді шаралар жүзеге асырылды. Бұл ретте жо­лау­шыларға барынша қолайлы жағдай туғызуға ерекше көңіл бөлінді. Қайта құру жұмыстары ауқымында қосымша ана мен бала бөлмелері жабдықталды, күту залының екін­ші қаба­тын­да діни рәсімдер өткізетін арнайы орындар жабдықталды. Тегін Интер­нет жүйесі жұмыс істейтін зал ашылды. ЕҚЫҰ Саммиті өткізілетін күндерде әуе­жай­ға қонатын үлкен ұшақтар қатары көп бо­луына байланысты ұшу алаңы кеңейтілді. Көп мөлшердегі заманауи лайнерлерді сыйғызу үшін перрон аумағы кеңейтілді. Бұған дейін әуежайдың перроны бір уақытта тек 31 ұшақты қабылдап келген болатын. Ал саммит күндері бір мезгілде 70-ке жуық ірі ұшақ қонады. Осы­ған байланысты әуежайдың негізгі перроны 78800 шаршы метрге ұлғайтылып, тағы қосым­ша 22 әуе лайнеріне тұрақ жа­­салды. Сонымен бірге, саммит кезінде әскери авиация әуе­жайының перроны да іске тар­тылатын болады. “Астана халықаралық әуежайы” АҚ-тың бірінші вице-президенті Е.Керейдің мәлімдеу­інше, ұлы құрылтай өтетін күндері әуежайдың барлық өндірістік құрылымдары күшейтілген режімде тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Астана әуежайына еліміздің Алматы, Қараған­ды, Ақтөбе, Атырау және басқа қалаларынан, “Эйр Астана” әуе компаниясынан қосымша 187 тәжірибелі маман тартылған. Сонымен бірге, мәртебелі қонақтарға өркениетті жоғары қызмет көрсету мақсатында VІP ғимарат, борттық тамақтану кешені және ресми делегациялар залы толық қайта жаңғыртылды. Шет­ел­дік қонақтардың әуе кемелерінің экипаж­дары орналасатын әуежай қонақ үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Халықаралық ірі әуежайдың ауа райы­ның қандай жағдайында болмасын қызмет жасап, оның әлеуетін көрсететін техни­ка­лары болуы керек. Осы талапқа сай Астана халықаралық әуежайы ірі ұшақтарды мұз­данудан қорғау үш­ін сұйық заттар құятын 5 диайсингтік мә­шинелер сатып алды. Арқа­ның қатал қы­сын ескере келіп, әуежайды қар тазалайтын техникалармен жабдық­тау­ға айрықша маңыз берілді. Егемен еліміздің беделін көтеріп, ай­бы­нын асқақтатар бұл тарихи басқосу күн­дерінде Ас­тана халықаралық әуежайы қонақ­тарға  қалт­қысыз қызмет көрсетудің өрке­ниет­ті үлгісін танытпақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. Олар осында орналасты Астана саммитіне қатысатын қонақтар мен журналистер қазір келіп бітті деп айтуға болады. Мемлекет басшылары тү­се­тін қонақ­үйлер де тегіс дайын боп, мәр­те­белі қонақ­тарды қарсы алуға сақадай сай тұр. Қонақтарды қарсы алу үшін Сыртқы істер министрлігі мен Астана қаласы әкімдігі қаладағы барлық 150 қонақүйдің 68-ін таң­дап алып, броньдап қойған болатын. Олар­дың жалпы қонақ қарсы алу қоры 3447, со­ның ішінде нөмірлері 4701 орынға шақтал­ған. Бұған дейін де 4-5 жұлдызды қонақүй­лердің санын жазған болатынбыз. Еске сала кететін болсақ, Астанада 5 жұлдызды төрт, 4 жұлдызды жеті қонақүй бар. Ал 3 жұлдызды қонақүйлер саны – 17. Осылардан басқа 1 және 2 категориялы делінетін қонақүйлер де қонақтарға қажетті барлық жағдайларды жасау үшін жарақтандырылып, еуропалық стан­дарттарға жеткізілген. Соның ішінде Ин­тернеттің кабельдік жүйесі, сондай-ақ сым­сыз қосылатын WI-FI жүйесі де жұмыс істеп тұр. Келген қонақтарды қарсы алуға қонақүй қызметкерлерінен басқа бірнеше тіл білетін студенттер мен түрлі ұйымдардан волонтерлер қызметке тартылған. Сонымен қатар әрбір қонақүйге нысанды «Чек-лист» (тексеру қағазы) бойынша бақылайтын жауапты құрылымдар да бекітілген. Журналистер тоқтаған қонақүйлер Уәли­ханов көшесіндегі «King otell», Бейбітшілік көшесіндегі «Lion» және Республика даңғы­лын­дағы «Абай» қонақүйлері. Біз олардың кей­біріне соғып, қонақтардың көңіл-күйле­рін, қонақүй қызметіне көзқарастарын білген едік: Макс Беркман – Германиядағы Бонн қа­ла­сы телевидениесінен: Менің ойымша қонақтарды қарсы алу дәрежесі «супер» деп айтар едім. Қарсы алушы адамдардың бәрі биязы, жүзіңе күлімдеп тұрады. Қонақүйдің нөмірі жылы, біз Астанада тоңатын шығар­мыз деп ойлаған едік. Қайдағы... мұнда бізден де жылы екен. Ешқандай проблема жоқ, ешқандай кемістік бар деп айта алмаймын. Светлана Карабут – Эстонияның «Рус­ский еженедельник» газетінен: Менің келгеніме көп болған жоқ, әзірге өте жақсы пікірдемін, жүктерімді іліп алып, бөлмеме өздері кіргізіп берді. Орналасу кезінде де ешқандай проблема болған жоқ. Осы пікірім аяғына дейін болып, ештеңеге ренжіп қалмасам екен деп тұрмын... Нөмірдің іші де өте әдемі, жай­лы екен, терезеден қаланы көруге болады. Анна Резникова – Мәскеудің «RPK Daily» газетінен: Маған әзірге бәрі ұнайды, бірақ кешеден бері нө­мірім салқындап кетті. Бір жерден жел кіретін секілді. Басқасының бәрі дұ­рыс. Мені әсіресе, нө­мір­ге ақы төлемейтініміз қу­ан­тады. Әйтпесе біз келгелі де біраз болды, әлі де боламыз, барлық күнге ақы төлеу қиынырақ болар еді. Қа­ла­ның да біраз жерін арала­дық, өте әдемі екен. Юрис Пайдас – Лат­вия телевидениесінен: Нө­мірге кірген бетте бірден қаланың панорамасы көрінеді, мен оны картина екен деп қалсам, Астананың өзі картина секілді екен. Мен бұл қо­нақүйді Астанадағы ең жақсы орын­дардың бірі ме деп қалдым. Біз нөмірге ақы төлемейміз, оны ұйымдас­­ты­ру­шылар көтеріп алған. Та­мағы өте жақсы, бірақ кофені ащылау қыл­са, тіпті қатып кетер еді. Енді кәдесыйлар алатын жер іздеуім керек. Маған Қазақ­станның өзінің кәмпиті, шоколадтары ұнай­ды. Бұрын бір келгенде соларды апарған едім, менің туыстарыма қатты ұнады. Со­нымен қатар ұлттық дүниелерді алғым келеді. Мысалы киіз үйдің макетін, домбыраны... Міне, қонақтардың пікірлері осындай. Жақсыбай САМРАТ.

Қозғалыс бағыттары белгілі

“Мұндайды көрген де арманда, көрмеген де арманда” деген сөздің ау­қымына ғана сыятын, бұрын-соң­ды ТМД, Орталық Азия мемлекеттерінде болмаған әлемдік саяси ша­­раны өткізу дайындығы Қазақ елінің астанасында осы күндері қызу жү­ріп жатыр. Қала әкімі Иман­ғали Тас­мағамбетов БАҚ бас редактор­лары­мен кездесуде бар­лы­ғы 70 елден деле­гация келетінін, со­нымен бірге, қо­нақтардың жалпы са­нының 5 мың­нан асатынын атап өтті. Алдымен әңгімені әуежайдан бас­­талық. Бүгінгі күні оның мате­ри­алдық-техникалық ба­засын нығай­тып, техни­калық персоналын сақа­дай-сай ету ба­ғытындағы қауырт жұ­мыс­тар аяқталды. 70 елден келетін делегациялар ұшақ­тары әрбір бес-он минөт сайын қонады екен. Қазір осы жағдай ескеріліп, әуе­жай­дың қарсы алу мүмкіндігі талапқа сәйкестен­ді­рілді. Со­нымен бірге, қо­нақ­тар­дың бортын қабылдай­тын қо­сым­ша 113 техника сатып алынған. Ресми делегациялар кіріп, сәл уақыт су­сындайтын VІP-залдар еуро­с­тандарттың бар­­лық талабына сай болуы керек. Сон­дық­тан қазір осын­дай залдар жаңаландырылып, жаң­ғыр­тылған. Оның ішінде қо­нақтар­дың қазақ астанасына келгендігін бірден білдіретін атри­буттар­дың бо­луы да ескерілген. Техникалық қызметкерлердің қа­пы қал­мау­ын Астана әкімдігі Көлік және коммуникация министрлігімен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Осы мақсатты орындауға Қазақ­стан­ның өз­ге әуежайларынан қосымша 200-ден артық сала мамандарын тарту ісі де қолға алынған. Сонымен қатар, саммит күн­дері Астана әуежайы ішкі әуе желілері үшін жабық болатыны да жарияланды. Қала ішінде жоғары мәртебелі қонақтар мен ресми делегация өкіл­дерін алып жүру үшін министрліктер мен ведомстволардың және бас­қа да мемлекеттік кәсіпорын, ме­кемелер­дің жақсы көліктері жинастырылды. Парламент депутаттары осы күндері ай­мақ­тарға жіберіліп, оларға қызмет көрсететін көліктер де қонақ­тарға берілетін болады. 25 қарашадан бастап ЕҚЫҰ Хат­шылы­ғының қыз­меткерлері, ҮЕҰ мен БАҚ өкіл­дері келе бастады. Ол­ар­­ды әуежайдан жатын ор­ын­да­ры­на дейін жол полиция­сы­ның бас­тауы­мен жақсы ав­тобустар тасымал­дай­­тын бо­лады. Саммит өтетін қала ау­мағы шарт­ты түр­де “С” ауданы” деп аталды. Осы “С” шар­шы­сында (бұл шамамен Байтұрсынов, Нәжі­метденов, Тәуел­сіз­дік (Сы­ға­нақтан Са­рай­шыққа дейін), Обаған, Сарайшық кө­ше­лерінің қиылыстары) бар­лық көлік түрле­рі­нің жү­руіне шектеу қой­ы­лады. Қо­ғамдық көліктер тек ар­наулы рұқ­сатпен ғана енгізілетін болады. Осы аудан­да орналасқан “Хай­вил”, “Гранд Астана”, “Городской романс” сияқты тұрғын үй кешендерінде тұ­ратын халыққа да көлікпен ену үшін ар­наулы рұқсаттар берілетін болады. Ал осы күндері қаланың басқа аудан­да­рындағы көліктің қозғалы­сына ешқандай шектеу қойылмайды. Қала тұрғындарының мәде­ни, ойын-сауық, сауда, медицина орын­дарына ба­руына жол ашық. Тек Мемлекет бас­шылары келе бастайтын 30 қара­шаның екін­ші жар­тысынан бастап қана көлік қоз­ғалысы шектелетін болады. Соның ішінде әуежайдан бастап, мәртебелі қонақтар түсе­тін 15 қонақ үйге дейінгі жолдар толығы­мен жабылады. Саммит өтетін 1-2 желтоқсан күн­­дері “С” шаршысында қонақтар­дікінен өзге кө­ліктердің жүруіне тый­ым салынады. Қала­ның басқа бө­лік­теріндегі көлік қозғалысын сағат сай­ын реттеу ісі қолға алынады. Сам­мит өтетін күні Тәу­елсіздік сарайына саммитке келген делегациялар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері таңғы сағат 07.30 бен 08.30 аралы­ғында тегіс жеткізіліп болуы тиіс. Ал Мем­ле­кет басшылары жеткізілетін 08.30 бен 10.00 аралы­ғында негізгі көше­лердегі бар­лық кө­лік жүрісі тоқтатылады. Оты­рыс аяқ­тал­ған кеш­­кі 17.00-ден бас­тап 20.00-ге дейін осы көше­лердегі қоз­ғалыс тағы да жаб­ылады. Осы күні тек 20.00-ден 21.30-ға дейін ғана “С” шар­шысында қоз­ға­лыс жасауға болады. Осы күні ресми делегациялардың Сал­танат сарайынан жатын орын­да­рына жеткізілуіне байланысты кешкі 21.30-дан бастап негізгі көшелердегі қозғалыс тоқтатылады. 2 желтоқсан күнгі түске дейінгі қозғалыс 1 желтоқсандікімен бірдей, ал Мемлекет басшыла­рының 13.00-ден бас­тап аттана бастауына бай­ланысты негізгі көшелер мен Астана-Әуежай трассасы жабылады. 1-2 желтоқсан күндері Есілдің сол жағалауына баратын қоғамдық көліктер азайтылады. Қалыпты жағдайда ол жаққа 18 маршрут баратын болса, саммит күндері олар 5-ақ бағытта жүреді. Оның төртеуі “Бәйтерекке” дейін, біреуі “Ильинка” тұрғын үй кешеніне дейін барады. Ескі қалада да 8 бағыттың жолы шектеледі. Осы бағыттардың жолдары жөніндегі анықтамалық ақпарат тұрғындарға таратылатын болады. Жақсыбай САМРАТ. Қош келдіңіздер! Береке мен бірлік ел ниетінен бастау алады Людмила ИТЕРМАН, Талдықорған қаласындағы неміс этно-мәдени бірлестігінің жауапты хатшысы. Қазақ халқында өмірдің тағы­лым­ды тәжірибесінен алынған ма­ғынасы терең ұғымдар жеткілікті. Соның бірі: «Берекелі елдің бетін ешкім қақ­пай­ды», деген сөз. Оған Қазақстанның еге­мендік алғаннан бергі экономи­ка­лық-әлеуметтік, мә­­де­ни дамуы мен 130 ұлттың өкілін бір шаңырақтың астында ұйытып, бірлік пен ын­тымақтың бесігінде тербеткені дәлел. Осы бағыттағы тұңғыш Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты баршамыздың мерейімізді асқақтатуда. Бүгінгі Астананың төрінде өз жұмысын бастаған ЕҚЫҰ саммитінде бейбітшілік және экономикалық, экологиялық ынтымақтастық, тағы басқа мәселелер күн тәртібіне қойылып, ел мерейін асқақтатуда. Жетісу жеріндегі «Видергебурт» неміс мәдени орталығының мүшелері әр­дай­ым екінші Отанымыз саналған Қазақстандағы әрбір жақсы істерге үн қосып, тыныштық, баянды бейбітшіліктің орын алуына, көк байра­ғы­мыздың биікте болуына тілектеспіз. Беделі берік ұйымның осы бағыт­тағы қызметі мен бағыт-бағдары әскери қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау орнатуда салиқалы тұжырым жасайтынына да сенімдіміз. Қасиетті қазақ жеріне 56 мемлекет басшылары табан тіреп, бас қосты. Оларға: «Қош келдіңіздер!» дейміз шын пейілмен. Әсем Астана сіздерді құшақ жая қарсы алып, жаңа идеялар өрісінің кеңеюіне, әлем халқының сенімін ақтаудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейді. Мем­лекет басшысының қоғамдық, саяси тұрақтылықты сақтаудағы, көп ұлтты халықтың құқығын қамтамасыз етудегі дәйекті реформа­тор­лығына жоғары баға берілетіні сөзсіз. Және жүргізіліп отырған бүгінгі саясатты толық қолдаймыз. Қазақстан – біздің мақтанышымыз. Өңірдегі 13 000 неміс ұлты қазақ дипломатиясының бүгінгі жеңісіне ортақтасады. Саммит жұмысына сәттілік тілейміз. Алматы облысы. Бауырластық біздің байлығымыз Кең байтақ қазақ жеріне 130-дан астам ұлт­тар мен ұлыстар бауыр басқаны, олар тағдырын тұрғылықты халықпен тоғыстырып, жаңа өрке­ниетті қоғамды қоян-қолтықтаса орнықтырып жат­қаны аян. Азаматтық ынтымақтастықты, бір­­лік пен түсіністікті, этносаралық және конфес­сияаралық келісімді қамтамасыз ету  жас мемлекетіміз дамуының жарқын жолы болып отыр­ғандығын бәріміз қадір тұтамыз. Соның ішінде Қазақстанның өндірісті аймағы – Қара­ғанды өңірін өздерінің құт мекеніне айнал­дыр­ған лит­ван­дардың үлкен тобы көңілімізге жақын, жүре­гі­мізге ыстық осынау ізгілік  ниет шуағын күнбе-күн сезініп келеді. Сүйікті Қазақстанымыз өмірі бүгінде тамаша өзгерістер, қуанышты жаңалықтарға толы болса, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымының кезекті саммиті Астанада өтуін орны бөлек оқиға ретінде мақтаныш санаймыз. Қаншама ұлтты ортақ мемлекеттік мүддеге біріктіп, халықтар арасындағы туысқандық пен бауырмалдықтың өз ор­тамызда жарқыраған көрінісі осынау аса маңызды жиынға қатысу­шы­ларды қызықтырмай қоймасын сеземіз. Соның үлгісі әлемге жа­йылуын тілейміз. Виталий ТВАРИОНОС, Қарағанды қаласындағы литван этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі. Қарағанды. Қонақ өз ырысымен келеді Әлемде сірә, қазақ халқындай қо­нақжай, есігі кім-кімге де айқара аш­ық, құшақтары өзінің даласындай кең халық сирек шығар-ау деп ойлаймын. Қазақ мемлекеттілігінің арғы-бергі та­рихында қазақ сахарасына кімдер келіп кетпеген. Бұл халықтың ақ дәмін кімдер татпаған. Алайда бүгінгі күні Қа­зақстанға келіп жатқан Саммит қонақ­тарының жөні де, жолы да бөлек деп ойлаймын. Бұл жолы олар қазақ халқына тән қонақжайлық дәстүрлерін айқын аңғарып қайтады деген ойдамыз. Мен өзім казак болсам да қазақтардың арасында туып-өскендіктен қазақ тілін бір кісідей білемін. Сонымен бірге қазақ халқының мақал-мәтелдерін де орынды жерінде айтып қолданып жүремін. “Қонақ өзінің ырысымен келеді”, “ Қой егіз тапса, қос түп жусан артық шығады” дейді бүгінгі Қазақ елінің байырғы тұрғындары. Осынау халықтық нақылдарда терең мән-мағына, халықтық философиялық астарлар бар деп есептеймін. Сондай-ақ осынау халықтық мақал-мәтелдердің арғы түпкірінде келген қонақ үй иелеріне салмақ салмайды. Ырысын ішіп-жеп, тауысып кетпейді. Керісінше өзінің келуі арқылы сол шаңыраққа тек жақсылық, бақ-береке, татулық, амандық-саулық тілеп, ырысының молая түсуіне септігін тигізеді деген түсінік жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, бұл жолы біздің ортақ отанымыз – Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларын өз топырағында қарсы алып отыр. Бұл барлық қазақстандықтар үшін зор мәртебе, үлкен мерей. Бұл қонақжайлықтың бұрын-соңды болып көрмеген тамаша үлгісі мен эталоны. Біздің Жайық өңірінде алыстан келген қонақтарға: “Қош келдіңіздер!” деумен бірге, сол қонақтар өз елдеріне аттанар тұста да: “Әр уақытта да қош келесіздер”, дейтін әдет бар. Саммит қонақтарына қатысты да мен осылай дегім келеді. Қош келдіңіздер, сонымен бірге әр уақытта да қош келесіздер. Төрімізге шығыңыздар. Біз сіздерді ізетпен қарсы алуға әзірміз. Биіктікті, дархандық пен кісілікті біз сіздерге Қазақстанның барлық түпкірінен де тауып бере аламыз, құрметті қонақтар, мәртебелі меймандар. Анатолий АВИЛОВ, Орал-Жайық казачествосы  қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Орал. Саммит өтетін сарай Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында елорданың бірнеше жерінде әсем ғимараттардың салынып, бой көтергені белгілі. Солардың ішіндегі Бейбітшілік және келісім сарайына қарама-қарсы тұрған Тәуелсіздік сарайы бүгінде еліміздегі ең әдемі мәдениет ордасына айналып отыр. Бұл ғажап ғимарат Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық басқосулар мен форумдарды өткізуге ғана емес, басқа да іс-шараларды ұйымдастырып, көрмелер қойып, келушілердің демалуына арналып салынған. Мұнда қазіргі заман талабына сай жасалған қызықты да тартымды қызмет түрлері бар. Міне, осындай еліміздің абыройын асырып, беделіне бедел қосатын алып сарайда бүгін және ертең ірі басқосудың өтетіні белгілі. Бұл жиын ЕҚЫҰ Саммитіне арналып отыр. Осыған орай біз Тәуелсіздік сарайының бас директоры, профессор Тілеуғали ҚЫШҚАШБАЕВПЕН кездесіп, аталмыш ғимарат жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік. – Алдымен Тәуелсіздік сарайының салынуы жөнінде сөз қозғасаңыз. Құрылыс қа­шан басталды? Қанша уақытқа созылды? Ғимаратты салу кезінде сарайдың қандай ерекшеліктері болу керектігі ескерілді? – Сарайдың құрылысы жөнін­де айтпас бұрын, оның мәні мен ма­ңызына тоқталсам деймін. Тәуел­­сіздік сарайы, өзінің аты айтып тұрғандай, еліміз егемен­дігінің бір символы болуы үшін салынған деп ойлаймын. Өйткені, нақ осы жерде әлемге еліміздің атын та­ны­татын үлкен халық­аралық бас­қосулар өткізіліп келеді. Дүние жүзіне Қа­зақстанда өтіп жатқан іс-шаралар туралы ақпа­рат­тар осы жерде ұйымдас­тыры­латын түрлі жиын­дардан да тара­тылады. Сон­дықтан Тәуел­сіздік сарайы­ның елімізді әлемге таны­туда мәні мен маңызы зор деп санаймын. Енді ғимараттың өзіне келетін болсақ, оның құрылысы 2007 жылы басталып, 2008 жылы аяқ­талды. Құрылысты түркиялық “Сембол Иншаат” компаниясы жүргізді. Ғимараттың бой көтеруі кезінде сарайдың басқа мәдени нысандарға қарағанда ерекшеліктері болу керектігіне баса назар аударылғаны рас. Өйткені, жаңа нысанның ерекшелігі болмаса, ол көп сарайдың бірі болып қалар еді. Сондықтан біз құрылыс кезінде бірнеше ерекшеліктер болу керектігін ескердік. Алдымен са­рай­­дың алдында “Қазақ елі” монументі орналасты. Монументтің орталық элементі – мәрмәр тастан жасалған биіктігі 91 метр діңгек пен ұзындығы 120 метр тізбек. Діңгек іргетасында еліміздің Конс­титуциясын бейнелейтін плита орналасқан және шыңында аңыз құсы – самұрық бейнеленген. Бұл егемен еліміздің тәуелсіздігін білдіретін белгі болып саналады. Жалпы, Тәуелсіздік сарайы үш қа­баттан тұрады. Оның әрқайсы­сы­ның өз ерекшеліктері, келушілерді қызықтыратын жерлері өте көп. – Енді сарайдың сәулет ерекшелігі жөнінде айтсаңыз. Ол елімізде ғана емес, шетел­дер­де де қызығушылық туды­ру­да деп естіп жатырмыз... – Осы жерге келген шетелдіктер бізге ризашылықтарын білдіруде. Бұл факт. Өз елдеріне бар­ғанда алғыс хаттарын жазып, сарай туралы жылы лебіз айта­тын­дар өте көп. Ал сәулет құры­лы­сына келер болсақ, ғимараттың қа­зіргі заман технологиясы бо­йынша салынғанын атап өту керек. Сарайдың негізгі қызметі – съез­дер, түрлі форумдар, конференциялар, басқосулар, мерекелік іс-ша­ра­лар және шығармашылық кештер, концерттер өткізу. – Сарайдың әр қабатында қан­дай қызмет көрсету орын­дары бар? – Бірінші қабатында бір уақытта 3 500 адам еркін сыйып отыратын жиналыс залы бар. Ол жыл­жымалы қабырғалардың кө­ме­гімен төртке бөлінеді. Бұл жерде жұмсақ орындықтарды бөліп алып кетіп, сол арқылы залды ке­ңейтіп, көрмелер өткізуге бола­ды. Концерттік залда екі экран мен сахна алаңы бар. Ал жиналыс залының көлемі – 4 775 шаршы метр. Сонымен бірге, осы қабатта қазіргі заманның озық техно­ло­гия­сымен жабдықталған 220 орын­­дық баспасөз орталығы ор­на­­ласқан. Бұл жерде лингвис­тика­лық техника, дыбыс күшейткіш аппаратура, кафедралды үстел және ең күшті дыбыс өткізбейтін құралдар бар. Олар баспасөз мәс­лихаттары мен конференциялар, пікірсайыстар мен пленумдар өт­кізуге өте қолайлы. Баспа­сөз ор­та­лығының оң қанатында 268 орын­дық салтанат залы орна­лас­қан. Аса маңызды мәжіліс­терге арналған ол дыбыс күшейт­кіш аппаратурасымен жабдықталған. Сарайда эскалаторлар жұмыс істейді. Ғимараттың оң жақ кіреберісінде мәрмәр бағаналарымен үш бөлікке бөлінген 678 орындық мейрамхана бар. Оның терезе витрина­лары залды жарық әрі жайлы етіп көрсетеді. Жалпы, сарайдың бірінші қабаты ұлттық нақышта және қазіргі заманға сай стильдердің үй­лесімділігімен ерекшеленеді. Мұн­да декор эле­менттері – кереге стилінде жасал­ған металл конс­трук­­циялары, металмен безендірілген ағаш, ақ мәрмәр, хрусталь шыны, витраждар мен төбедегі витраж­дардың оюларын қайта­лайтын жұмсақ кілемдер бар. Сарайдың екінші қабатында көрме залдары орналасқан. Олар­дың көлемі 7 022 шаршы метр. Ыңғайына қарай көрме залдары әртүрлі бояу түстерімен айшық­талған. Негізінен, сары мен жасыл түстер қамтылған. Сары мен жасыл залдар 735, 29 шаршы метрлік қосалқы залмен біріктірілген. Этнография және археология залы мен Қазіргі заман өнер галереясы үйлесімділікпен жал­ғас­қан. Сары көрме залында, яғни галереяда ұзындығы 14, 29 метр және 6,2 метрді құрайтын сахна алаңы бар. Сонымен бірге, екінші қабатта 30-дан астам кеңсе бөл­мелері мен қоймалар орналасқан. Сарайдың үшінші қабаты Астана қаласының тарих мұражайына арналған. Мұнда орта ғасырдағы қалашық Бозоқтан бастап елор­даның қазіргі даму кезеңіне дейінгі аралық қамтылған. Мұра­жайда экскурсия жүргізуге ың­ғайлы жарықтармен қамтамасыз етілген алаң мен 360 градусқа айналатын кинотеатр және оның панорамалық экраны бар. Кино­театрдың сол жақ қанатында ел­орданың экономикалық дамуы мен өрлеуі жайында “Астана-10 фильм” атты 10 монитор жұмыс істейді. Сонымен бірге, осы жерде қазақтың салт-дәстүрлерін айшықтайтын электронды кітапхана орналасқан. Үшінші қабат­тың оң жақ қанатында Астананың бүгіні мен болашағын көрсететін үлкен макет залы бар. Оны Оңтүстік Кореяның “Model Park” компаниясы жасаған. Осы қабатта келушілер 4D форма­тындағы фильмдерді тамашалай алады. Үшінші қабаттың фойесінде 128 орындық дәмхана, пікір­сайыстар, форумдар мен дәрістер өткізуге арналған дөңгелек сахна алаң­дары бар. – Сарайдың Сам­мит­ке дайын­дығы қалай жүргізілді? – ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі – еліміздің мәртебесін биіктетіп, халықтың абыройын ас­қақ­татыны сөзсіз. Сондықтан Пре­­зидент Әкімшілігі, Үкімет, Сырт­қы істер министрлігі, Астана қала­сы әкімдігімен бірлесіп қара­ша айында дайындық жұмыс­тарын ерекше қарқынмен жүр­гіздік. Осы күндері негізгі жұ­мыс­тар толық атқарылды. Сам­мит өтетін бірінші қабаттағы үлкен залда техникалық құрыл­ғылардан бастап, дыбыс күшейт­кіш, жарық пен аударма жұмыс­тарына керекті жабдықтар толы­ғымен тексеруден өткізіліп, іске қосылды. Біздің Тәуелсіздік сара­йының қызметкерлері күні-түні жұмылып жұмыс жасауда. 26 қарашадан бастап, ЕҚЫҰ Сам­митіне дүние жүзінен келген өкіл­дер жұмыс жасап жатыр. Ел­ор­дамыз – Астана қаласы мен Тәуел­­­сіздік сарайын көріп, өз­дерінің жүрекжарды әсерлерін айтуда. Өз кезегінде Тәуелсіздік са­­райы­ның ұжымы ЕҚЫҰ Сам­миті қар­са­ңында шетелден келген қо­нақ­тарға мінсіз қызмет көрсетуде. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.

Саммит сәттері