Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы ЕҚЫҰ Саммиті жұмысына қатысып жатқан Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хұралы төрағасының орынбасары Гаваа Батхууды қабылдады. Кездесу барысында екіжақты қатынастарды, оның ішінде парламентаралық деңгейдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлады ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың табысты сипатын атап өте келіп, төраға моңғол парламентшілерімен өзара іс-қимылды одан әрі белсенділендіру жайында әңгіме қозғады.
«Біз парламентаралық байланыстарды нығайта түсуге мүдделіміз, Парламент Сенатында Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хұралымен ынтымақтастық жөніндегі топ қызмет етеді, екі мемлекеттің жоғары заң шығарушы органдарының аппараттары арасында пайдалы байланыстар қалыптасты», – деді Қ.Тоқаев.
Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хұралының Төрағасы Дамдингийн Дэмбэрэлге ізгі тілектестігін жеткізе отырып, Төраға әріптесін оған қолайлы мезгілде Қазақстанға келуге шақырды.
Қазақстанның халықаралық бастамаларына қолдау білдіргені, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің жұмысына белсенді қатысқаны үшін Сенат Төрағасы моңғол жағына ризашылығын жеткізді.
Гаваа Батхуу өз кезегінде Қ.Тоқаевқа оның моңғолдық әріптесінің ізгі тілектестігін жеткізе отырып, парламентаралық үнқатысуды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Моңғол депутаты «Парламенттік ынтымақтастық тобының жұмыстары бастамашыл және сындарлы бола түсуі керек», деді.
Г.Батхуудың пікірінше, жоғары деңгейдегі қол жеткен уағдаластықтар екіжақты қатынастарды дамытудың ауқымды мүмкіндіктеріне жол ашып отыр. «Сауда-экономикалық ынтымақтастықты өрістетуде, мәдени және онымен құрамдас білім беру салаларын дамытуда достас халықтардың зор әлеуеті бар», – деді моңғол депутаты.