• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2010

Қазақстан өз мүмкіндігін көрсетті

445 рет
көрсетілді

ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның журналистерге арналған баспасөз мәслихатына қызығушылықтың зор болғаны сондай, залда ине шаншар орын қалмады. – Жаңа ғана біздің мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ делегациясының басшысы Хиллари Клин­тон­мен кездесуі аяқталды, – деп сөзін бастады Қанат Саудабаев. – Елбасы атап өткендей, Клинтон ханымның біздің елге сапары, оның Астана Саммитіне қатысуы екі ел арасындағы қарым-қатынастың деңгейін көрсетіп қана қоймай, Қазақстан мен Құрама Штаттардың болашақтағы стратегиялық әріптестігінің дамуы мен өрістеуі көрінісінен хабар береді. Кездесу барысында Астанадағы жоғары деңгейдегі саммиттің күн тәртібіндегі мә­се­лелер бойынша терең пікір алмасулар жүріп, оның барысында төрағалық кезе­ңін­де қол жеткен саяси табыстар атап өтілді. Тараптар Қазақстанның жемісті төрағалы­ғының қатарына жаңа ғасырда алғаш рет ЕҚЫҰ саммитінің өткізілуін жатқызды. Бұл Ұйымның жұмысына соны серпін беруі тиіс. Сондай-ақ кездесуде маңызды мәсе­лелер қатарында трансұлттық қатерлер аталып, оның ішінде Ұйым кеңістігінен тыс жерлердегі қатер төндіруші ошақ – Ауғанстан проблемалары сөз болды. Со­нымен бірге, Қырғызстан мен Орталық Азия­дағы тұ­рақты­лықты сақтау мен аймақтың дамуы үшін сауатты экономикалық саясат жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Және де аймақ­тың демократиялық бағытта дамуы тек бір жағдайда – заң үстемдігі құр­меттелетін құқықтық мемлекет аясында ғана жүр­гізіле­тіндігіне баса мән берілді. Гуманитарлық салада Қазақстан төраға­лығы тұсында азаматтық қоғам институт­та­рымен қарым-қатынас деңгейінің жоғары бол­ғаны да сөз етілді, деді Қанат Бекмырзаұлы. Кездесу кезінде Батыс пен Шығыс ара­сындағы қатынастардың, мұсылман әлемімен байланыстардың жақсарғаны, өркениеттер арасындағы үнқатысудың тиімді жүргізілгені, төзімділік пен толеранттылыққа мән бері­луі­нің деңгейі жоғары болғаны атап көрсетілді. Қазақстан бұл жұмыстарды келер жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы уақытында да жалғастыратын болады. Тараптар сондай-ақ екі жақты байланыс­тардың деңгейіне де баға берді. Қауіпсіздік, саяси ықпалдастық, сауда-экономикалық, энер­­гетикалық, демократиялық үдерістер ба­ғы­тындағы қарым-қатынастар жақсы жолға қойылған. Біз жаппай қырып-жою қаруының таралмауы тұрғысындағы бұрыннан келе жатқан тиімді байланыстарымызды тереңде­туге мақсаттылығымызды білдіреміз. Ядро­лық қаруды таратпау жөніндегі Вашингтон саммитіндегі және екі елдің президенттері Н.Назарбаев пен Б.Обама арасындағы келіс­сөздер уақытындағы келісімдерді орындау қажеттігін толық қолдап отырмыз, деді Қ.Саудабаев. Қанат Бекмырзаұлы сондай-ақ еліміз ауғандық жастарды оқытумен қатар, биылдан бастап осы аймақтан бірінші болып, Ау­ғанстандағы қауіпсіздікті сақтауға ықпал­дас­тық ететін халықаралық қоғамдастықтың мүшелігіне өткенін көлденең тартты. Ал Қазақстан басшысы мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының кездесуі екіжақты байланыс­тардың әрі қарай екпінді дамуына серпін береді деген ойға сенімдімін, деген Қанат Саудабаев Хиллари Клинтонға тағы да біздің елімізге қош келдіңіз, деп сөз кезегін қонаққа берді. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы сөзін алдымен Астанаға келгеніне қуанышты екендігінен бастап, әрі қарай Қазақстан халқына, оның қонақжай пейіліне алғысын білдірді. Менің өткен ғасырдың 90-шы жылда­рын­дағы осы елге алғашқы сапарым есіме түсіп отыр. Ол кезде қазақ халқы өзінің тәуел­сіздігіне енді ғана қолы жеткен уақыт еді. Мен өз елімнің осы тәуелсіз мемлекетті алғаш танығандардың қатарында болғанын атап көрсеткім келеді. Ал қазақтардың бүгінгі күнге қол жеткізген табыстарымен мақтануына толық құқығы бар, деді мәртебелі мейман. Қазақстан мен АҚШ арасындағы страте­гиялық әріптестік бір-бірін құрметтеумен жемісті даму үстінде. Қазақстан мемлекет ретінде жас болар, бірақ ол – тарихы бай ежелгі мекен. Оған мен осыдан 13 жыл бұрын болған сапарымда сіздердің мәдениетте­рі­ңізбен танысу барысында көз жеткізгенмін. Америка да салыстырмалы түрде жас мемлекет. Солай дегенмен, біз қазақ халқының келешекке деген ұмтылысына құрметпен қа­рай­мыз, онымен екі арадағы байланыс­тарымызды әрі қарай дамыта түскіміз келеді. Қазақстанның өз аймағында ғана емес, одан тыс кеңістікте де дамыған көшбасшы ел бо­латынына, демократиялық бағытта алға қа­рыштайтынына сенеміз. Осы елдің азамат­тық институттарымен еркін нарықта, жеке секторларымен және үкіметтік емес ұйым­дармен байланыстарымызды да өрістете түссек дейміз. Қазақстанның алға қойған мақсаттарына жететініне сенім білдіреміз, ал оның бір айғағы – бүгінгі саммит. Қазақстан әлемдік саясатта қаншалықты рөлге ие екендігін көрсетті. Бұрынғы Кеңес үкіметінен тәуелсіздігін алған Қазақстан олар­дың ішінен бірінші болып ірі халық­аралық Ұйымға төрағалық етті және ай­мақтық мәселелерге әлемнің назарын аударумен қатар өзінің мүмкіндіктерін де көп­шілікке жария етті, деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы. Жоғарыда айтылғандай, кездесу кезінде экономика, экология, демократия, толерант­тылық мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Мен кеше кешкілік Астанаға келген соң, үкіметтік емес ұйымдардың конферен­ция­сына қатынастым. Мені оған қатысушы­лардың адам құқығының іргелі мәселе­ле­ріне деген қызығушылықтары оң әсерге бөледі. Демократиялық даму жолын таңда­ған ортада, әрине, түрлі ой білдіретін дау­ыстардың шығуы заңдылық, ол өте дұрыс іс, деді Х.Клинтон. АҚШ Мемлекеттік хатшысы сөзінің соңында Президент Н.Назарбаевпен және Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевпен кездесуі кезінде Ау­ғанстан мәселесіндегі көзқарастарына ал­ғы­­сын жеткізгенін айтты. Ауған жастарын оқыту дегеніміз, осы елдің білікті ма­ман­дарын даярлау арқылы оған көмек көрсету деген сөз. Сондай-ақ Қазақстанның біздің Ауғанстанға қажетті жүктерді тасымалдауға әуе дәлізін бергеніне де ризамыз, деді Хиллари Клинтон. Мұнан соң тараптар журналистер қой­ған сауалдарға жауап берді.