Алдағы қыстың жайсыздау болатындығы жайлы қазірдің өзінде айтылуда. “Қыс шанаңды жаз сайла” дейтін қазақтың қағидаты осындайда еске түседі. Айтты-айтпады, алда қоян жылы келе жатыр. Ал, қоянның қысы қашанда өзіндік қиындықтарын ала келетінін өмірде көріп жүрміз. Осындай қауіптің алдын алу үшін облыста осы бастан қам жасалуда. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында айтылды.
Онда облыстың автокөлік жолдарының өткен қысқы кезеңде жарақты ұсталуының қорытындылары және алдағы кезеңде төтенше жағдайларға жол бермеу міндеттері қаралды. Бұл мәселе туралы “Қазавтожол” РМК облыстық филиалының директоры А.Өтемұратов баяндады. Комиссия отырысы қорытындысында тиісті құрылымдарға қысқы кезеңде республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы жол бойларында төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты нақты шаралар қабылдау ұсынылды. Қазіргі уақытта қолда бар техниканың жарақтылығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, адамдарды құтқару және іздестіруге байланысты жұмылғыш топтар құрылды. Жалпы ұзындығы 1980 шақырымды құрайтын республикалық жолдарға қызмет ету үшін 56 қар тазалау техникасы жасақталды. Осы жол бойына 140 қыздыру пункттері орналастырылатын болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты атқарушы билік органдары және тиісті қызметтер арасында өзара тығыз байланыс желісі орнатылды. Аудандарда қажетті жанар-жағармай, азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары жасалды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.