Жарасты тұлпарыңа ер-тұрманың
Нұрсұлтан Назарбаевқа
Алматыдан өлең келді. Авторы Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев екен. Шығарма Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитіне арналыпты. Екі күн бойы теледидар алдында отырып, саңлақ саясаткерлердің сөздерін қалт жібермей тыңдаудан туған бұл ой мен сезім ұшқындары кімге де болса үлгі-өнеге, ғибрат дер едік. Тағы да қазақ атын асқақтаттың, Биікке сол еліңді бастап бақтың. Гүл ектің туған жердің жүрегіне, Оттарын өшірместен аспан жақтың. Ақ жұлдыз қайда барсаң соңыңа ерді, Қажымас қайратыңды тағы көрді. Таныттың дүниенің бар жағына Қадірлі қазақ деген қалың елді. Жарасты тұлпарыңа ер-тұрманың, Сазгерлер Сардарым деп келтірді әнін. Бауырым, өз арқаңда білді қазақ Ел қамын ойлайтұғын ер туғанын. Дегенді кім естіпті «таусылды көш», Көңілің ала берсін тау-шыңды хош. Мәңгілік бітпейтұғын аспандағы Құстардың әндеріне даусыңды қос. Сен өзің күннен туған бір баласың, Қазақтың есіркедің тау, даласын. Тауларын таңыменен құшақтадың, Өзің де сол таулардай нұрланасың. Жақсылық ала тудың жан анадан, Даңқымсың ел көңілін жаңалаған. Нұрекем, өзендер де өз еркіңде, Тоқтаусыз дүниені аралаған. Алыстан туған жерге, орал мейлі, Адаммен нұрланады адам пейлі. Көлдер де қуанады сені көрсе, «Шаршасаң толқыныма оран» дейді. Таңбаң бар тауларыңның әр тасында, Еркіңде дамылдайсың, жортасың ба. Еліңді әлем бүгін танып отыр Нұрсұлтан деген ердің арқасында. Бастай бер ер еліңді қияндарға, От барда, арман барда, қиял барда. Бабаңның аруағына сыйынып қой, Қолыңа ел атынан ту алғанда. Артады бара қалсаң ауыл міндет, Алатау аялайды тауыңмын деп. Шетінен мақтанады қазақ бүгін, Өзіне Нұрсұлтанның бауырмын деп. Аяла жан-жағыңа дос қаптатып, Жаса, інім, ел көңілін асқақтатып. Жылу ап жарқыраған сұлу күннен, Аспанға көтерілсін бастап бақыт. Пәрменді, қасиетті, құдіретті, Ұлы күн әлем күткен күліп жетті. Астана қаласында өткен Саммит Қазақтың баласына нұрын төкті. Дүние бауыр көріп атыңды алды, Бар сөзің Саммиттегі мақұлданды. Ешқашан сөнбейтұғын нұр секілді, Адамзат жүрегінде отың жанды. Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.Алашты асқақтатқан
Әдетте Астанада жүргенімізде әртүрлі оқиғаларға үн қосып жатамыз. Шетте немесе облыстарда жүргенде хабарласқан журналистерге: «Шырағым, мен алыстамын, барған соң көрерміз», дейміз. Ал бұл жолы «Егеменнің» редакциясына өзім хабарласып, Қостанайдан телефон соқтым. Пікірімді шұғыл жеткізетінімді айттым. Өйтпесіме де болмады. Астанадағы Саммиттің тікелей телетрансляциясын көріп отырғанымдағы әсерімді халықпен тезірек бөліскім келді. Абырой деген не нәрсе өзі деп оңашада ойға шомған сәтте жүрегім әлденеге атша тулап қоя берген. Бір адамның басындағы абырой деген нәрсе бар да және бүкіл бір халықты осымен Жаратқанның жарылқайтын кезі болады. Мен бүгін өз халқымның, қазағымның басына қонған осы асқақ абыройды көріп, көңілім көлге қонған шағаладай шабыттанып отыр. Тәңірім қазақтың атын айдай әлемге паш етіп, абырой-беделін асқақтатып жатқан қуаныштың үстінде жарылмағанда қайран, жүрек қай уақытта жарылмақ. Көңілім алабұртып, өн бойымды бұрын-соңды бастан кешпеген алапат сезім кернеп барады. Шынымен де қазақ қазақ болғалы әлемнің осынша елінен келген сыйлы мейманды төрінде қадірлеп, мұншалық кең ауқымда арқа-жарқа күй кешпеген екен. Тәуелсіз Қазақ елінің басындағы мынадай думанды дүбір, ел мен елді, адам мен адамды, көрші мен көршіні өзара достық пен ынтымақты тірлікке шақырған шара ата-баба аңсаған азат рухтың, кім-кіммен де кемдікте емес, терезесі теңдікте, қастықта емес кең жазира ендікте тұрып ұғысар ұлағатындай жігерлендіреді. Күні кешеге дейін Ұлы дала төсінде қазақ баласы бірлесіп бәйге салып, ас беріп, ата-баба әруағына сыйынып талай үлкенді-кішілі жиындар өткізген шығар, әрине олардың жөн-жосығы өсер ұрпақтың өнегесі үшін өзгенің ешбір өрнегімен айырбасталмайтын ұлттық құндылық ретінде ұлықтала бермек. Солай деп айтқанымызбен, 250 жыл бодан болған шерлі қазағымның алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып, Арқада алқалы жиынға төрелік етуі, барша адамзатты алаңсыз бейбіт өмір сүруге үндеуі ықылым заманнан бері қарай жалғасқан сол дәстүрден де тым құнды, аса абзал қадам болып қалмақ. Осылардың бәрі санадан сағымдай көшіп бара жатқанда жүрек тебірентер тағы бір сауал көкейімді тесе жаздайды. Осынау даңқты жолдардың көшбасшысы болған қазақтан шыққан сол ердің ерен еңбегіне әлем назары тігілгенде кеудем керіле түсіп, марқайған көңілмен көкорай белге көсіле төселемін. Төңірегімде, алыс-жақын маңда не болып жатыр деген қызығушылықпен басқалардың бақшасын бажайлаймын. Жаратқанның Қазақ даласына түсірген нұры шексіз ғой. Қырғызстандағы қырғыннан, Кавказды дүрліктірген сергелдеңнен сақтасын деп тілеймін Құдайдан күндіз-түні. «Ел бастау қиын емес, Қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, Шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» деген екен кезінде мемлекет істеріне елеулі ықпал еткен, өз заманының ұраншысына айналған Бұқар жырау бабамыз. Бүгін сол Қазақтың баласы шаршы топта шашаусыз сөз айтып, қалың елдің алдында қасқайып тұрды. Кешегі арман, алыстағы аңсар болған асудан бүгін қазақтың қапысыз асқаны емей немене?! Мұны мен ерлікке бара-бар ұлы мұрат деп санаймын. Ұлтын ұлы көштің соңынан ерте білген ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолдағы қисапсыз қызметіне әлемнің әр шалғайынан келген тұлғалар баға беріп, бастарын иіп жатқанда, көңіл көкжиегі кеңейіп сала берді. Қазақтың кеудесі дәл осыншалық бұрын-соңды кеңейіп көрмеген шығар, сірә. Тәуба деймін демімді бір жұтып. Халқының бақытына көп жасасын, аман жүрсін деп тіледім Елбасына. Айтатын бір ақиқат – мұндай дәурен тарихта бастан бір-ақ рет өтсе керек. Ол және ел тәуелсіздігіне бар-жоғы жиырма-ақ жыл толар белес қарсаңында өтуі өте тағылымды. Бұл қазақты қамшылайтын қанатты байламның басы болмақ. Сарыарқаның ен даласынан ұзап, Алатаудың ақ бас шыңынан бір-ақ шыққандай күй кешкен мені қазағымның алдында тағы қандай ғаламат жолдар жатыр деген арман-үміт алыстарға жетелейді. Еркеғали РАХМАДИЕВ, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.