• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2010

Төзімділік пен сыйластық жолында

563 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ Самми­ті аясында Ватиканның Мемлекеттік хатшысы кардинал Тарчизио Бертонемен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Кездесу барысында халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді қолдау жөніндегі маңызды құралдардың бірі – дінаралық үнқатысуды дамыту жөніндегі Қазақстан мен Ватиканның өзара іс-қимылы талқыланды. Төраға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізуде жәрдем­дес­кені үшін Киелі тақтың Мемлекеттік хат­шы­сына алғыс айтты және 2012 жылы Астанада өткізі­луі жоспарланып отырған дін лидер­лерінің 4 конгресіне қазіргі кезде жұмыс тобы аясында әзірлік жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. «Біздің еліміз дінаралық үнқатысу мен келісім тақырыбына ерекше маңыз береді», – деді Қ.Тоқаев және ол «толеранттылық сая­саты мен дінге сыйластық біздің ортақ стра­тегиямыздың тұрақты сипаты болып отыр», – деп атап өтті. 2011 жылы Қазақстан Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымына жетекшілік етеді. «Қазақстан бұл лауазымда исламның өркениетті идея­ларын ілгерілетуге ниеттенуде және түрлі діндер арасында көпірлер салуды жалғастыра беретін болады», – деді Төраға. Т.Бертоне дінаралық үнқатысуды дамыту­дағы Қазақстан бастамаларын жоғары баға­ла­ды және «Бейбітшілік пен келісім жолы ар­қылы біз тығыз ынтымақтастық пен бауыр­ластық қа­тынастарға жете аламыз», – деп атап өтті. Сол күні Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Сыртқы істер министрі Конс­тантин Грищенконы қабылдады. Кездесу ба­ры­сында екіжақты қатынастарды, оның ішінде өзара парламентаралық деңгейдегі іс-қи­мылды одан әрі нығайту мәселелері тал­­­­­­қы­ланды.