• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2010

Мүдделер ортақтастығы жақындастырған ел

565 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниені екі күн бойы дүр сілкіндірген Астана Саммитінің шымылдығы жабылған күннің ертеңіне, кеше, жел­тоқ­санның 3-інде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша келген Австрия Республикасының Феде­рал­дық президенті Хайнц Фишердің елімізге сапары барысында бірқатар ресми кездесулер болып өтті. Ұзын саны әлемнің 70-тен астам елінің мем­лекет, үкімет және сыртқы сая­сат ведомстволары бас­­шы­ларының, әлемдік ұй­ымдар же­тек­шілерінің қатысуымен өткен ЕҚЫҰ Саммитінің соңын ала Австрия басшысының Ұйымға төр­аға­лық жасап отырған рес­пуб­ли­каға ал­ғашқы болып сапар бас­тауы­ның да өзіндік нышандық мәні бар. Олай дейтініміз, дәл би­ылғы жылы Қазақстан осы ай­ту­лы құрылымның Іс басындағы төр­ағасы болып отырса, сол ха­лық­аралық бірлестіктің қара ша­ңырағы іспеттес штаб-пәтері Австрия мемлекетінің астанасы Вена қаласына орын тепкен. Ендеше, ЕҚЫҰ-ның «қожайыны» есебіндегі ел Президентінің Саммит бітісімен Астанада қалып, сапа­рын жалғастыруы бір жағы атал­мыш жиынның жақсы өткеніне бе­рілген баға да секілді. Шын­ды­ғын­да да екі күндік алқалы бас­қо­суға қатысушылар Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына, Саммитті ұйымдастыру деңгейі­не және Президент Нұрсұлтан На­зарбаевтың жер бетінде тұрақ­ты­лық пен мәдениетаралық диа­логты нығайтудағы рөліне өте жоғары баға берген болатын. Ал еліміздің Австрия Респуб­ликасымен осы уақытқа дейін қалыптасқан саяси және эко­но­микалық қарым-қатынасы жайы­на келсек, ол Қазақстанның егемендікке қол жеткізген шағынан бастау алып, жылдан-жылға қа­на­тын кеңге жайып келеді. Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Австрия Рес­пуб­ликасына алғашқы ресми са­па­ры 1991 жылдың 2-3 ақпан күн­дерімен тұспа-тұс келді. Бұл са­пары бары­сында Елбасы Авс­трияның Феде­рал­дық президенті Томас Клестильмен және Феде­ралдық канцлері Франц Враницкимен кездесті. Осы кездесулер кезеңіндегі келіссөз­дер­де негізгі назар екі жақты эко­но­микалық ынтымақтастық мәселе­ле­ріне аударылды. Ал 1993 жылдың сәуір айында Федералдық канцлер Франц Враницки Қазақстанға келіп, Әуе қатынасы жөніндегі үкі­мет­аралық келісім мен Қарағанды металлургия зауытын қайта жарақ­тан­дыруға инвестиция бөлу жөнін­дегі меморандумға қол қойып қайтты. Екі ел басшыларының бұдан кейінгі кездесуі 1999 жылдың еншісіне тиеді. Осы жылғы шілде айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Зальцбургте өткен Орта­лық және Шығыс Еуропа мем­лекеттерінің экономикалық саммитіне қатысып, оның бары­сында Австрия Президенті Томас Клестильмен кездесті. Мұнда тараптар екі жақты және көп жақты форматтардағы ынтымақтастық­тың ахуалы мен келешегі жай­ындағы ойларын ортаға салды. Осында қозғалған ойлар 2000 жылғы ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрияға жасаған келесі сапары кезінде тағы тал­қыланды. Бұл жолы біздің Мем­лекет басшысы Австрияның Фе­дералдық президентінен бөлек, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Ян Ку­бишпен, сондай-ақ Австрия Эко­но­микалық палатасында іскер топ­тар өкілдерімен кездесті. Ал Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың Венаға 2004 жылғы үшінші сапары шеңберінде екі жақты салық төлеуден құтылу жөніндегі конвенцияны, ауыл шаруашы­лығы, экология, өнеркәсіп, техника және технология бағытындағы ынтымақтастық туралы келісімдер дүниеге келді. Екі елдің парламентаралық бай­ланыстары да жыл сайын ны­ғайып келеді. Айталық, 2008 жы­лы пар­ламентаралық және пар­тияаралық байланыстарды одан әрі жалғас­тыру мәселесі қайта қол­ға алынды. 2009 жылғы 18-21 ақпан күндері Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақ­станның парламенттік деле­га­­циясы­­ Венада ЕҚЫҰ Парла­мент­тік Ассамблеясының отыры­сына қатысып, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының тұсауке­серін жасады. Осы жиында сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лығының басым жақтары жайында есеп берілді. Сол сияқты ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы,  Сырт­қы  істер  министрі Қанат Сауда­баев пен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орын­басары, Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл­­ғы жылдың басында Авс­трия­ға жасаған сапарлары Қазақ­стан­ның Ұйымдағы серіктестерімен ын­ты­мақтастығын дамытуға, сон­дай-ақ  екі жақты форматтағы Қазақ­стан-Австрия қарым-қатынастары­ның аясын кеңейтуге қосымша серпін беріп отыр. Жылдан жыл асқан сайын екі ел арасындағы сауда-экономика­лық қарым-қатынас та өзінің кө­ле­мін ұлғайтып келеді. 2009 жыл­дың наурыз айында Австрияның экономика, отбасы және жастар федералдық министрлігі 2008 жыл­ғы шетелдермен екі жақты сауда көлемі жөніндегі мәлі­мет­терді жариялады. Көпшілік күт­кен­дегідей, бұл деректер өткен жы­лы Қазақстан мен Австрия арасындағы сауда айналымында рекордтық көрсеткішке қол жеткізілгенін паш етті. Атап айтқанда, жыл ішінде екі жақтың өзара сауда айналымы 1,3 млрд. еуро мөлшеріне жетіп, мұның алдын­дағы 2007 жылға қарағанда, 32,2 пайыздық өсімді көрсеткен. Со­ның ішінде Австрияға қазақ­стан­дық экспорт 1 074,0 млн. еуро деңгейін құраса, Қазақстанға австриялық экспорт 252,3 млн. еуро мөлшерінен табылды. Сөй­тіп, осының алдындағы жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіштер бойынша тиісінше 35,6 және 19,7 пайыздық өсім байқалды. Соңғы жылдары Австрия Қа­зақ­стан экономикасына 5 млрд. еуроға жуық инвестиция салып, қазақстандық рынокта жұмыс істейтін ірі еуропалық инвестор­лардың бестігіне кіріп отыр. Қа­зір­гі таңда біздің елімізде авст­рия­­лық капиталдың қатысуымен 62 бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды.  Денсаулық сақтау сала­сында жұмыс істейтін «Vamed» компаниялар тобы, Еуропадағы ірі деген «Raiffeisen», «Bank Austria» банктері, «First Alpina» құрыш концерні және тағы көп­теген компаниялар біздің  рынок­қа  ықылас танытуда. Энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту біздің елдеріміз үшін стратегиялық маңызға ие. Қазақ_станда австриялық «OMV» энер­гетикалық концерні жұмыс істейді, ол Еуропадағы жетекші мұ­най-газ кәсіпорнының бірі болып табылады. 2009 жылдың соңында аталмыш компания Маң­ғыстау облысындағы «Қолтық» мұнай кенішін игеруге келісім-шартқа отырды. Қазіргі таңда  Австрия са­тып алатын мұнайдың 30 па­йызы Қазақстанның үлесіне тиеді. Австрия біз үшін көмір­су­тек­тің сенімді сатып алушысы ға­на емес, сонымен  бірге энергияның балама көздерін пайдалану техно­логияларын  жасау және енгізу са­ла­сында да әлеуетті әріптес. Бұ­дан бөлек, Австрияның мәшине жасау, металлургия, тоқыма және тамақ өнеркәсібі, электр индус­триясы сияқты салаларын дамыту  тәжірибесі де Қазақстан үшін қызғылықты көрінеді. Австрия Республикасының Фе­дералдық президенті Хайнц Фи­шер Астана қаласындағы са­парын кеше таңертең Ана мен бала ұлттық орталығында болудан бастады. Осында мәртебелі мейман науқастары ауыр бала­ларға сыйлықтар тапсырып, ме­ди­цинаның жаңа технология­сы­мен жұмыс жасап жатқан неонатология бөлімінің жұмысымен та­ныс­ты. Австрия елі басшысының бұл орталықта болуының өзі тектен-тек емес. Мәселе мынада, осыдан бір жарым жыл уақыт бұрын бұл клиника австриялық компанияға сенімді басқаруға берілген еді. Сапары барысында Хайнц Фишер орталықтың, ұлт­тық меди­ци­налық холдинг және Назарбаев Университеті басшы­лары­мен әңгімелесті. Ақордада Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев пен Австрия Рес­публи­касының Федералдық президенті Хайнц Фишер өзара ресми кездесу өткізді. Кездесу рәсі­мі­нен кейін мем­лекет басшылары шағын құ­рамда келіссөз жүргізді. Онда саяси қарым-қатынастарды, сауда-экономикалық, инвестиция­лық, гу­ма­нитарлық  және мәдени сала­лар­дағы ынтымақтастықты ны­ғайту мәселелері талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев екі жақты қарым-қаты­настың дамуының оң қарқынын қанағаттанарлықпен атап өтті. Қазақстан мен Австрия ара­сында ортақ құндылықтар қалып­тасты. Бұл туралы екі ел прези­денттерінің өзара кездесуден кейінгі бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері алдында жаса­ған мәлімдемелерінде атап өтілді. Сапар шеңберінде гидро­энерге­тика, инфрақұрылымдық жобалар және денсаулық сақтау мекеме­лерінің инфрақұрылымын дамыту салаларындағы ынтымақтастық ту­­ра­лы ведомоствоаралық ме­мо­ран­­­думдарға қол қойылған. – Біз Австрияны  Еуропадағы негізгі әріптестердің бірі деп са­наймыз. Біздің саяси-экономи­ка­лық, мәдени байланыстарымыз  жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Қатынастарымыздың тарихи тамыры тереңде жатыр. Атап айтқанда, бізде біріккен ортақ құндылықтар бар, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда Мемлекет басшысы биыл Ве­нада екінші дүниежүзілік соғыста Австрия жерінде қаза тапқан қа­зақ­стандық жауынгерлерге арнал­ған естелік кітабы жарық көр­генін, сондай-ақ шағын ескерткіш орнатылғанын еске салды. – Қазақстанда бірінші және екінші дүниежүзілік соғыста тұт­қынға түсіп, қаза болған 1760 авс­т­риялық азаматтардың барлығы­ның құжаттарын мен Президент­ке табыс еттім, – деді Елбасы одан әрі. – Мен бүгін осы ма­ңызды құжатты Австрия Прези­дентіне тапсыра отырып, екі ел­дің арасындағы қарым-қатынасты дамытуда жаңа бағыттар бо­йынша мүмкіндіктер бар екендігін айттым. Өзінің сөзінде Австрия Фе­дералдық президенті Астана Сам­митіне шақырылғаны және осы ұлы жиынды өте жоғары дең­гей­де өткізгені үшін Елбасына ал­ғыс сезімін жеткізді. Ол сонымен бірге өзінің Қазақстанға жасаған бұл бірінші сапарының өте табысты, өте пайдалы болғанына назар аудара келіп, 3 сағат бойғы кездесулер барысында талқыланып, шешілген мәселелерге разы екенін білдірді. Серік ПІРНАЗАР. Астана.