• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Желтоқсан, 2010

Толымды төрағалықтың абыройлы айғағы

489 рет
көрсетілді

Алдыңғы күні аяқталған Астана Саммиті сарабдал сананың салтанатына, еліміздің кемелденуінің келісті көрінісіне айналып, Елбасының ерен еңбегін дүние дидарына таныта түсті.

Қуанышымыз ұзағынан болсын, қадірлі халайық!

Астана Саммитін өткізу – бүкіл Қазақстан халқының салтанаты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың барша қазақстандықтарға құттықтауы

Құрметті қазақстандықтар! Біз кеше ғана бүкіл ел тарихындағы ең маңызды әрі аса ауқымды шараны үлкен табыспен атқардық. Дүние жүзінің беделді мемлекеттері­нің басшыларын Астанаға жинап, Қа­зақ­станның атын әлемге әйгіледік. Осынша ел басшыларының бір мезетте біздің елге қадам басуы – тарихымызда бұрын-соңды болмаған оқиға! Сондықтан, бұл біз үшін мың­жыл­дықтың алғашқы Саммиті ғана емес, мың жылда бір рет болатын тарихи жағдай! Мен беделді ұйым Саммитінің жемісті өтуімен баршаңызды құттықтаймын! Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мә­мілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғы­мын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін, тарихи Астана Декларациясын қа­был­дап, Ұйымды жаңа белеске көтердік! Сондықтан еліміздің мәртебесін көте­ріп, мерейін асырған алқалы Саммит жоғары деңгейде өтті деп есептеймін. Мәртебелі меймандар еліміздің кең­пейіл қонақжайлылығына шынайы риза болды. Әрине, мұндай кең ауқымдағы алқалы жиынды өткізу бізге оңайға түскен жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, оған ел болып атсалысып, еңселі ел екенімізді көрсеттік. Шараның жоғары дең­гей­де өтуіне Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент, тиісті министрліктер, Астана қаласы әкімдігі және қала жұртшылығы атсалысты. Халқымыз терең түсіністік танытып, ұй­ымшылдықтың жарқын үлгісін көрсете білді. Мұндай шараның бірлігімізді бекемдеп, тәуелсіздікті нығайтып, елдігімізді әйгілей түсері анық. Сондықтан мен іргелі шараға үлес қосқан бүкіл азаматтарға алғыс айтып, тілекші болған барша қазақстандықтарға үлкен ризашылығымды білдіремін! Құрметті қазақстандықтар! Еліміздің барша азаматтарын ЕҚЫҰ Саммитін табысты ұйымдастырып, өт­кізу­мен құттықтағым келеді. Іс жүзінде ол бүгін түнде ЕҚЫҰ-ның Ас­та­на декларациясын қабылдаумен аяқ­талды. Саммит қорытындыларының еліміз үшін стратегиялық маңызы бар. Біріншіден, біз өз тәуелсіздігіміздің сыртқы саяси негіздерін нығайттық. Саммит сенімді, ынтымақтастық пен интеграцияны нығайтудың, біртұтас және ажырағысыз Еуро-Атлантикалық және Еуро-Азиялық қауіпсіздік қауымдасты­ғын құрудың жаңа кезеңінің бастауы болды. Екіншіден, Саммит біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыздың шыңы болды. Біз осынау халықаралық ұйым басшы­лығындағы іс-қимыл бағдарламамызды толық іске асырдық. Біз алдымызға қойған барлық міндетті орындадық. Қазақстан Ұйымның жаңа ғасырда дамуына серпін бере алды. Еуразия қауіпсіздігі проблемаларының бүкіл блогы бойынша пікірталас жаң­­ғыр­тыл­ды. Біз ЕҚЫҰ-ны реформалау, оның күш-қуатын Еуразиядағы  қауіпсіздіктің басқа құрылымдарымен біріктірудің бағдарла­масын ұсындық. Үшіншіден, біз халықаралық деңгей­дегі аса ірі шараларды өткізу жөніндегі мін­деттерді шеше алатынымызды дәлел­дей білдік. Барлық мемлекеттер мен үкіметтер бас­шылары, ресми делегациялардың жетекшілері Саммиттің пленарлық мә­жі­лісіндегі сөйлеген сөздерінде және менімен әңгімелесу барысында саммитті шақыру жөніндегі біздің бастамамыздың маңыздылығын атап көрсетті. Барлығы да саммитке үздік әзірленгені үшін Қазақстанға алғыстарын айтты. Бұл ризашылық сөздері еліміздің барша халқына арналған. Төртіншіден, біздің қоғам толыс­қандығын, бірлігі мен топтасқандығын көрсетті. ЕҚЫҰ Саммитіне әзірлік барша қазақ­стандықтардың ортақ міндетіне айналды. Сондықтан да біз оны табысты атқара білдік. Әзірлік жұмыстарына көптеген адамдар тартылды. Барлық техникалық қызметтер – аэро­навигациядан Астананың коммуналдық қызметтеріне дейін үйлесімді жұмыс істеді. Оның үстіне Саммитті өткізу күн­дерінде ауа райы күрделі болды. Саммитті өткізуге мемлекеттік орган­дардың қызметкерлері, сондай-ақ біздің меймандарға жұмыс істеуге көмектескен волонтерлер зор үлес қосты. Мен Астананың барша тұрғындарына Саммит шараларын өткізуге байланысты олар көрсеткен қонақжайлылық, түсініс­тік үшін айрықша алғыс айтқым келеді. Елорда әкімдігіне, қала әкімі Иман­ғали Тасмағамбетовке шараларды тамаша ұй­ымдастырғаны үшін айрықша алғыс айтамын. Бәрі де минөт минөтіне, секөнт секөн­тіне қарай нақты ұйымдастырылды. Бар­лық міндеттер атқарылды, барлық мақсаттарға қол жеткізілді. Бесіншіден, біздің Астана ЕҚЫҰ саммиттерін өткізу иелері болған Хельсинки, Париж, Будапешт, Лиссабон, Ыстамбұл секілді Еуропаның белгілі қалаларымен бір қатарға тұрды. Бұл – қазақстандық елорда танымал­дығының жаңа деңгейі. Мен Саммитті әзірлеу жөніндегі ұлан-асыр жұмыс үшін барша қазақстан­дықтарға, астаналықтарға ризамын. Бүкіл әлем Қазақстанға басқаша көз­бен қарап, біздің халқымыздың барша құн­дылықтарын көрді. Саммитті өткізу бүкіл Қазақстан халқының салтанаты, оның бірлігінің, болашаққа ұмтылы­сының дәлелі болды. Бұл құттықтау кеше Ақордада Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы 1-2 жел­тоқ­санда Астанада болған ЕҚЫҰ елдері мемлекет бас­шы­лары Саммитінің табысты аяқталуының қоры­тындылары бойынша өткізген кеңесте жасалды. Кеңеске ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ-Ж.Тоқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджанов, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығ­матулин, Президенттің көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хашысы М.Тәжин, ҚР Президенті Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары М.Әшімбаев, ҚР Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Төрағасы Н.Әбіқаев, ҚР Прези­денті­нің Іс басқарушысы С.Қалмырзаев, ҚР Прези­дентінің халықаралық мәселелер бойынша кеңесшісі Н.Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков, ҚР Ішкі істер министрі С.Баймағамбетов, ҚР Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев, ҚР Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед, ҚР Президенті Күзет қызметінің бас­тығы М.Аюбаев, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, ҚР Президенті Протоколының бастығы Р.Тауфиқов, ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Б.Майлыбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары, Еуропа Одағымен өзара іс-қимыл жөніндегі мәселелер бойынша ұлттық үйлестірушісі К.Жигалов қатысты.