Тарих көшінде ғасырда бір келетін тарихи оқиғалар болады. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары-ақ саясат көшінде Азия көгінде жұлдыздай жарқырап әлемдегі үш беделді ұйымның біреуіне – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасап, 2010 жылы елордасы – Астанада Саммит өткізгені айрықша оқиға болды. Әлемнің назарын аударып, Батыстың алпауыт елдерінің өкілдеріне жас астанасын көзбен көрсетіп, таныстырды. Бүгінгі оқиға – ертеңгі тарих десек, сол тарихтың ортасында болып, Қазақстан Парламентінің атынан қатысқанымды өзіме ғана емес, менің әріптестеріме көрсетілген ықылас, мәртебе деп білемін.
Астана Саммиті Қазақстанның, соның жоғары деңгейде өтуін тілеген қазақстандықтардың мәртебесі болды. Ең әуелі барша адамзат баласы бақытты болғысы келеді. Өмір бойы соған ұмтылады. Өз ойымша: жалғыз адам жеке-дара, қарақан басының қамымен бақытқа жетуі екіталай. Әуелі отбасының игілігіне, одан кейін жора-жолдасының мүддесіне, содан барып ел-жұртының қам-қарекетіне басын тігіп, бейнет кешеді, күш жұмсайды. Өзінен артылып қоғамына ықыласын төгіп, бейнетін бұйыртады. Сонда ғана азамат кемелді, сондай азаматтар құраған ел – кемелді ел атанады.
Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та бағзыдан келе жатқан адамзат жолын ұстап, жеке бас қамынан асып, елінің, ұлтының, қара орман қазағының қамын жеп, күніне жүз ойланып, мың толғанды. Алыс-жақын мемлекеттерге сапар шегіп, сол елдің басшыларымен бетпе-бет ұшырасып, Еуразия төрінде, қиыр сахара төсінде, достыққа берік, бейнетке төзімді, бауырмал, қонақжай Қазақстан деген ел бар екенін ұғындырды. Жарты өмірі көкті жарған ұшақтар үстінде өтіп келе жатқан Елбасы мемлекетшілдігімен көрінді. Ат үстінен түспей жүріп, ауыздының сөзін қағып алып, азулының меселін қайтарып, елінің ертеңі үшін өркениет көшіне өз үнімен, өз дәстүрімен қосылту жолына басын тігіп, соның қамын жеді, ел мүмкіндігін еселей арттырды. Міне, он бір жылдан кейін кәрі континент – Еуропа мен Америка және Азия құрлығының лидерлерінің басын Астанада қосып, алпауыт елдер көшбасшылары дөңгелек үстел басында пікірсайыс өткізді. Ол Астана Саммиті деп аталып, онда тарихи декларация қабылданды.
Енді осы Саммит бізге не берді дегенге келсек.
Ең алдымен айтарым, Нұрсұлтан Назарбаев осы Саммит арқылы Қазақстанды әлемге әйгіледі. Оған қатысқан жетпістен астам елдің өкілдері өмір сүру деңгейімізді көзбен көрді. Инвестициялық климаттың қолайлылығын, тұрақты даму үстінде екендігімізді байқады. Қазақстан ЕҚЫҰ ұстанған үш өлшем – қауіпсіздік, саяси-экономикалық және гуманитарлық бағыттарда келе жатқанын байқады. Саммитке қатысушылар «Қазақстан – сенімді әріптес» деген ұстаныммен аттанды.
Баяғыда қытай лидерлері айтқан «Бір ел – екі жүйе» деген аксиоманың шеңберін кеңейтіп, «Әр ел – көпқырлы жүйе» деген философиялық ұғым қалыптастырды.
Біріншіден, сенім. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан, бүгінгідей үдерісі мол, үрдісі өзгеріп жатқан заманда бір-бірімізге сеніммен қаралық, сене білейік деген келісімге қол қойды.
Екіншіден, дәстүр. Өркениеттің ХХI ғасырға түзілген ұлы көшінде бірқалыпты, бірыңғай қалыптан шыққандай болмай, әркім өз дәстүрімен, өз өнегесімен қосылғаны жөн, әртектіліктің өзі адамзат тағылымының басты қағидасы, ұлт – ұлт болып қалуы үшін ата дәстүрінен табанын ажыратып алмағаны дұрыс. Қазақ халқының сан ғасырлық қонақжайлылық, ырыс-несібелік, жақсыға бейімділік қасиеттері жойылмайды деген сөз.
Үшіншіден, ашықтық. Мүйізі қағылғанша сүзісетін текетірестен гөрі бітімшілдік, келісімпаздық, жүрек жылуына көбірек жол ашсақ қана дегеніміз болады, ниетіміз орындалады деген ойды бекіте түсті. Боламын деген елдің берік байламы осы болуға тиісті дер едік.
Төртінші – төзімділік. Дүниеде не қилы нәубетті, аштықты, тәркілеуді, соғысты бастан кешкен, соның бәріне төзе білген, төзіп қана қоймай, сол сұмдықтардан өзінің ұлттық кескін-келбетін, дәстүрін, болмысын жойып алмаған ұлт – қазақ ұлты. Қара орман қазақтың ең басты мінезі – төзімділігі. Төзімділік философиясын көтере ұстап, ұлттың бағыт ұстар межесіне жеткізер қасиет екені осы Саммитте айырықша айтылды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жұлдызды жылы біздерге осы төрт сөздің төңірегінде-ақ келешекке табан тайдырмас көпір орнатқандай елестетті, жүрегімізге тоқтық, шүкіршілік сезімін ұялатты. Әлем мойындаған ел болдық. Сол жайында Саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз әлемнің демократия ешқашан болмаған елінде оны қалыптастырып отырмыз. Барлық 140 этностың және 46 конфессияның төзімділігі, татулығы мен келісімі Қазақстан қоғамының берік іргетасы болды», – деді.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде жеткен басты жеңісіміз ежелгі алпауыт елдер енді бізбен санасатын болады. Он бір жылдан бері өтпеген Саммит өткіздік. Оны Елбасымыз: «Біз ұйымды дағдарыстан шығару міндетін алға қойған едік... Біздің күш-жігерімізді әріптестеріміз лайықты бағалайды» деп сенемін», – деп қорытты Саммитте сөйлеген сөзін.
Саммиттің он бір жылдық үзілістен кейінгі басқосуын бізде өткізуге Италияның Палермо қаласындағы күзгі сессияда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мүшелері үлкен сеніммен мақұлдаған болатын. Сол басқосуға мен де қатысқан едім, қазақстандық делегация сенім арқалап қайтқан еді. Міне, бүгін сол сенімнен шығып, әлем алдында үлкен абыроймен төрағалық тізгінін енді бірнеше аптадан соң Литва мемлекетіне тапсырғалы отырмыз.
Астана Саммитіне оның мүшелері ғана емес, әріптес елдердің басшылары да келді. Қонақтарды Нұрсұлтан Назарбаев өзі бір сағаттан астам тікесінен тік тұрып есік алдында қарсы алды. Оған қатысқан мемлекет басшылары мен қатардағы өкілдердің бәріне бірқалыпты ықылас танытып, жылы пікір білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы Саммитті беташар сөзбен ашып, бірінші сессияға өзі төрағалық жасады.
Саммитке қатысқандардың барлығы дерлік сөз алып, өз ойларын ашық айтты, әсіресе, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Қырғызстанда орын алған мемлекеттік төңкеріс кезінде Қазақстанның өте шебер дипломатия танытып, елде азамат соғысының орын алмауына бірден-бір ықпал еткендігін атап өтсе, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо: «ЕҚЫҰ-ның тиімді жұмыс істеуі сіздердің бірлесе қабылдаған шешімдеріңізге тәуелді. Енді біз Астана Саммитінде қабылданатын құжат біздің Ұйымға жаңа леп беріп, оның нақты стратегиялық бағдарын анықтар деген үміттеміз», – деген болатын.
«Ауғанстан өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жетуге тиісті», – деп сөз бастаған Ауғанстан Президенті Хамид Карзай сөз соңында әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевқа Ауғанстанды ЕҚЫҰ-да қаралатын мәселелердің алдына шығаруға ықпал етіп, осы ел халқының бақуатты өмір сүру жолында жаңадан құрылымдау үшін қолұшын бергендігіне ризашылығын білдірді.
Саммитке қатысушылар сөздерінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы табысты өтіп жатқандығын айтып, Ұйымның жоғары деңгейдегі Саммитінің он бір жылдан кейін жалғасып отырғанына, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның беделін көтеріп, қайта дәуірлетіп отырғанына тоқталды.
Сол күні түстен кейін Елбасы 17 елдің басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, әр елмен өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Ертесіне де мәртебелі меймандармен кездесулер өткізді.
«Біз ЕҚЫҰ-ны Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік қоғамдастығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Оның іргетасы мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара түсіністік болып табылады. Біз ортақ мақсатымыз – қауіпсіздік пен бейбіт өмірде дамуға деген ұмтылысымызды қарқынды бастадық. Бүгінде ЕҚЫҰ-да географиялық және саяси аспектіде ішкі келісім нығайып келеді. Болашақты болжаудың ең ұтымды әдісі – оны бүгін өзің жасау. Біз трансұлттық қауіптерге мықты қорғаныс қалыптастыратынымызға сенімдімін. Сөйтіп келер ұрпаққа қауіпсіз және гүлденген болашақ сыйлаймыз», – деді Президент Н.Назарбаев. Сондай-ақ ол «Бүгін біз тарихи шешім қабылдадық. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астана Декларациясында біз ұйымның барлық өлшемдері бойынша қалыптар мен қағидаттарды және міндеттерді орындайтындығымызды қуаттадық», – деп мәлімдеді ЕҚЫҰ Саммитінің жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Астана Саммиті ХХI ғасырда өткізіліп отырған ең алғашқы мәртебелі жиын деп бағалаған қатысушылар енді тек Қазақстанға ғана емес, жалпы Орталық Азияға басқаша көзқараспен қарайтын болады. ЕҚЫҰ-ның ұстанып отырған үш өлшем мен үш бағытына енді Қазақстан ұстанған «төрт «Т» дәстүрі қосылатын болады деп ойлаймын.
Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.