Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен кеңес өтті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кеңес жұмысына Премьер-Министр К.Мәсімов, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, сондай-ақ министрліктер мен ведомстволардың басшылары қатысты.
Кеңес барысында Кеден одағының жұмысы, Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың мәселелері, сондай-ақ елдің ағымдағы экономикалық, индустриялық даму мәселелері қаралды.
– Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағы жұмыс істей бастаса, ал 1 шілдеден бастап Біртұтас кеден аумағы құрылды. Осылайша, 170 миллион халқы бар орасан біртұтас рынок құрылды, оның аясында кедендік кедергілер алып тасталынды, кедендік ресімдеу шаралары тоқтатылды. Осы шаралар бизнеске қосымша мүмкіндіктер беріп отыр. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, яғни Кеден одағы жұмыс істей бастаған кезеңде, тауар айналымының 30 пайызға өскені, Ресей және Беларусь елдеріне қазақстандық өнімдер экспортының арта бастағаны байқалады, – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы кеңестің қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берді.