• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2010

Адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы

1132 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Назарбаев университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының студенттері мен профессор-оқытушылары құрамы алдында дәріс оқыды және студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Қазақстан Республикасының Президенті өзінің дәрісін маңдайалды оқу ор­дасының алғашқы студенттерін құт­тық­таудан бастады. Сондай-ақ Елбасы осы дәріске қатысып отырған аса көрнекті сая­саткерлер әрі Мемлекет басшы­сы­ның қадірлі достары – Герхард Шредерді, Романо Продиді, Александр Квасьневскиді, Альфред Гузенбауэрді және Марселино Агирре Орейаны таныс­ты­рып өтті. Жоғарыда аталған тұлға­лар­дың есімдері бүкіл дүние жүзіне та­ны­мал екенін білесіздер, деді Президент. Құрметті қонақтар, мен елде­ріңіз бен тұтас Еуропа Одағының Қа­зақстанмен арадағы қарым-қаты­нас­тарының да­му­ы­на қосқан орасан үлестеріңіз үшін зор алғыс айтамын. Бүгін осындай құрметті мейман­дардың біздің арамызда болуы  Астана­ның жаңа университетінің мәр­те­бесі мен деңгейін көрсетеді. Мемлекет басшысы одан кейін өт­кен аптадағы ЕҚЫҰ-ның жоғары дең­гейдегі Астана Саммитіне тоқталды. Бұл жаңа университет 2010 жылы Қа­зақ­стан ең ірі халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалықты бастаған кезде ашылды, деді Президент. Жақында ғана біздің елімізде жаһандық Саммит бо­лып өтті. Оның жұмысына барлық құр­лықтан – Еуропа мен Азиядан, Сол­түстік Америка мен Австралиядан 75 делегация қатысты, біз 5 мыңнан астам шетелдік қонақтарды және 1,5 мыңнан астам қазақстандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының журналистерін қабылдадық. Астана Саммиті біздің елге ғана емес, бүкіл­әлемдік қо­ғамдастық үшін де ерекше дәуірлік ауқымдағы оқиға болды. Саммитте ЕҚЫҰ-ның Астана Декла­ра­циясы қа­был­данды. Бұл еуразиялық және еуро­атлантикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің біртұтас және бө­лінбес кеңіс­ті­гіндегі жаңа кезеңнің бастауы болуы мүм­кін. Астана Сам­митінің табысы бұл бүкіл ЕҚЫҰ-ға қа­тысушы мемлекет­тер­дің табысы болып табылады. Қазақстан басшысы осылай дей келіп, Саммитті ұйымшылдықпен өткізу­ге үлес қосқан құрылымдар бас­шы­лары­на өзінің алғысын білдірді. Елба­сының атап өткеніндей, Ұйымның 11 жылдан бері өтпеген жоғары деңгейдегі жиыны Азия құрлығы елдері арасында тұңғыш рет Қазақстан астанасында өтіп отыр. Бұл – тәуелсіздігін жария­ла­ған кезден бастап, еліміздің эко­но­ми­калық реформаларды табысты жүзеге асырғандығының, шетелдік инвести­ция­ларды көптеп тарта білгендігінің, ин­весторларға қолайлы жағдай ту­ғыз­ғандығының нәтижесі. Біз саяси-эко­номикалық реформаларды жүргізуде ТМД елдерінің барлығын басып оздық, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы туралы. Біз Семей ядролық полигонын жаптық, әлемде ядролық қарусыздану бастама­сын көтердік. Біз қазақ тарихында тұңғыш рет өзінің дербес мемлекет ретінде астанасын тұрғыздық. Мемлекет басшысы дәріс оқу ба­рысында «Назарбаев университетінің» бо­лашағына да тоқталып өтті. Елба­сының тоқталып өткеніндей, бұл жаңа университет АҚШ, Еуропа және Азия­дағы әлемдік білім беру орталық­тары­мен интеграциялануға, ынтымақтас­тық­ты нығайтуға мүмкіндік береді. Осы­дан жарты жыл бұрын ашылған бұл оқу орнында болашақта 4 мыңнан астам студент білім алатын болады. Ал бүгінде бұл университеттің ауди­то­рия­ларында 484 студент оқып жатыр. Сту­денттердің барлығы оқуға емтихан тап­сыру арқылы қабылданды, өздерінің білімділік деңгейін көрсетті. Студент­тер­дің жартысы «Алтын белгі» медалінің иегерлері, сондай-ақ республикалық және халықаралық олимпиадалардың же­ңімпаздары. Алғашқы курсқа елі­міздің барлық өңірлерінен студенттер қабылданып отыр. Бес жыл бұрын мен Астанада жа­һан­дық деңгейдегі жаңа университет құру туралы ұсыныс айтқан едім, деді әрі қарай Президент. Қазір озық үл­гі­дегі оқу корпустары мен зертханалар са­лынды. Құрылыстың бірінші ке­зе­ңінің жалпы алаңы 122 мың шаршы метрді құрайды. Оқу орнының профес­сорлық және лабораториялық құрамы жасақталды. Қазақстан Премьер-Ми­нис­трі жетекшілік ететін Директорлар кеңесі жұмыс істеп жатыр. Жоғары оқу орнының 2012 жылға дейінгі даму стратегиясы айқындалды. Мен біздің Астанадағы жаңа университетке әріп­тес болған әлемдегі жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының жетекшілеріне алғыс айтамын. Олар Лондон, Гарвард, Дьюк, Карнеги, Висконсин-Медисон, Питсбург, Пенсильвания, Сингапур, Беркли ұлттық лабораториясы университеттері. Біздің жаңа университетті осы оқу орындарының тәжі­ри­белерін есепке ала отырып құратын бо­ламыз. Жаңа университет – бұл біздің біліміміздің алдыңғы шебі. Сіздер оның біртұ­тас тұңғыш команда­сысыздар. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жаңа университетті құру идеясы қалай туындағаны туралы әңгімеледі. Прези­денттің атап өткеніндей, осыдан 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ды әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосу міндетін қойды. Сол міндеттердің бірі – елдегі білім және ғылым саласына терең өзге­ріс­тер енгізу болды. Бұл 5 страте­гиялық мін­деттердің шешілуіне бай­ла­нысты. Мемлекет басшысы осы 5 міндетке жеке-жеке тоқталды. Бірінші – Қа­зақ­станның қарқынды дамуына қа­жетті озық үл­гідегі біліммен қарулан­ған мамандарды оқыту. Осыған байла­ныс­ты еліміз 1992 жылдан бастап «Бо­лашақ» бағ­дар­ла­масы бойынша жыл сайын жүздеген қазақстандық жас­тар­ды шет елдің жоғары оқу орын­да­рында оқытуды жүзеге асыра бастады. Бүгінгі күнге дейін «Болашақ» бағ­дар­ла­ма­сы­мен 20 мыңнан астам жас маман дай­ын­далды. Көптеген бола­шақ­тықтар қа­зіргі кезде эконо­ми­каның жауапты учас­келерінде, мемлекеттік басқару, бас­қа да салаларда еңбек етіп жүр. Он­даған мың қазақ­стандық жас ақы төлеу тәртібімен шет елдерде білім алуда. Екінші – біздің білім жүйесі үшін ХХІ ғасырдағы жоғары оқу орын­да­ры­ның эталоны қажет, деді осы жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев. Өткен жылдарда мемлекет білім жүйесінің барлық сала­сын дамыту үшін көптеген жұмыстар іс­теді. Қазір біздің алдымызда уа­қыт­тың жаңа талабына қарай білім жүйесін өзгерту міндеті тұр. Менің тапсырмам бойынша балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде толық қам­ту­ға бағытталған «Балапан» бағдарламасы қабылданды. Біз 650-ден астам жаңа жалпы білім беру мектептерін салдық. Еліміз бойынша болашақта талантты ба­­лаларды табиғи-математикалық са­бақ­­тарды тереңдетіп оқытатын 20 ин­теллектуалдық мектеп құру туралы бағ­дарлама жүзеге асырылып жатыр. Қа­зірдің өзінде оларда талапкерлер білім алуда. Қазақстандық білім беру саласын қаржыландыру бірнеше жылдан бері еліміз ІЖӨ-сінің 4 пайызын құрайды. ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша, 2009 жылы Қазақстан білімді дамыту индексі бойынша әлемдегі 129 елдің арасында бірінші орынға шықты. Қазақстан басшысы, сондай-ақ ғы­лы­ми орталықтардың қажеттігіне де ар­найы тоқталды. Елбасының атап өт­кеніндей, ғылыми орталықтар ғалымдар үшін ғана емес, перспективалы инно­вациялық салалардағы жаңа техноло­гия­­лар үшін қажет. Қазіргі кездегі көп­те­ген елдердің жоғары білім беру жүйесі жаңа технологияларға негізделген. Бұл Қазақстанның көпшілік жоо-ларына да керек. Жаңа университет инновациялық білім жағына нақты жасалған қадам болып табылады. Төртінші – өркениетті әлемдегі білім қызметі – ол экономиканы жедел дамыту­дың сегменті, деді Нұрсұлтан Назар­баев. Мысалы, АҚШ-та оны «100 мил­лиард­таған бизнес» деп атайды. Ол ұлт­тық жалпы өнімнің 3 пайызға жуығын құ­райды – бұл 7 миллиард доллар деген сөз. Австралияда білім бюджеттің кіріс деңгейі бойынша үшінші орында, тек көмір өндірісі мен туризмнен кейін тұр. Бұл ел осыдан жыл сайын 3 миллиард доллардан астам табыс табады. Ал Қа­зақ­стан осындай тәжірибені пайда­ла­нуы қажет және біздің еліміз өңірде, ТМД-да, жалпылай алғанда, Еуразияда ғылымды және білімді экспорттаудың орталығы болуы тиіс. Қазақстан Президенті өз дәрісінде Астанадағы жаңа университетті Еур­азия­дағы ірі ғылыми-білім беретін орта­лыққа айналдыру қажеттігін де атап өтті. Мемлекет басшысының сөзіне қа­ра­ғанда, маңызды ұлттық жоба ретінде танылатын бұл оқу орнын құруды Елба­сының өзі жеке қадағалайтын болады. Ол Астананы дамытуға, сондай-ақ біз­дің еліміздің барлық салаларын да­мы­туға жүйелі түрде оң әсер етеді. Сон­дық­тан да жаңа университет ерекше мәр­тебеге ие болады, ол арнайы заңна­малық актілерге негізделіп, іс-әрекет етпек. Университеттің менің атымды иеленуіне тұңғыш рет келісім беріп отыр­мын, деді Қазақстан басшысы. Бұл оның қалыптасуына және дамуына бар­лық мемлекеттік құрылымдардың және жоо-лар ұжымы жетекшілерінің жауапкершілігін арттыру үшін жасалып отыр. Жаңа университеттің құрылуының бар­лық аспектілері Қазақстан үшін, әсіре­се, біздің жастар үшін жаңа мүмкін­дік­терді ашудан тұрады. Біздің ортақ міндетіміз – оны білім беру және ғылыми зерттеулер бойынша әлемдік деңгейге алып шығу. Мемлекет басшысы бұдан соң, еліміздегі индустриялық жобалардың жү­зе­ге асырылу барысына, оларға мемлекет тарапынан қаншалықты қаржы қа­растырылғанына тоқталып, университетті бітіретін түлектерді жұмысқа ор­наластыру жайына тоқталды. Осыған бай­ланысты Елбасы Үкіметке нақты тап­сырмалар берді. Студенттердің ауқым­ды бөлігі 1 жыл базалық курста оқығаннан кейін оларды инженерлік ма­мандықтарға оқыту жоспарланып отыр. Өйткені, бүгінде және болашақта ел экономикасына индустриялық салаларда істейтін инженер-кадрлар аса қажет. Уақыт тез өтеді, сондықтан да Үкімет қазірдің өзінде жаңа университеттің тү­лектерін жұмысқа орналастыру мәсе­ле­лерін шешуі тиіс. Сонымен қатар, Президент жаңа университеттің бірде-бір түлегі назардан тыс қалмайтындығын атап өтті. Бұл мәселелерді Президент Әкімшілігі бақылауда ұстайтын болады. Мемлекет басшысы, сондай-ақ білім беруді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасымен де таныстырды. Жаңа бағ­дарламаның мақсаты – кез келген қа­зақстандықтың кеңейтілген жүйеде білім алуына және кәсіби біліктілігін арт­тыруға қолжетімділік тудыру. Бұлардан бөлек Қазақстан Президенті өз дәрі­сінде физика саласы бойынша жоғары энергиялық, энергия үнемдеуші техно­ло­гиялық-энергетикалық зерттеу орта­лық­тарын, жел және күн энергиясын көптеп пайдалану қажеттігіне тоқтала ке­ліп, жаңа университетте өмір туралы ғы­лыми орталық құрылғандығын ата­ды. Сонымен бірге, елімізде медицина саласын дамытудың болашағына тоқ­талып өтті. Лев Гумилев айтқан Еуразия кеңіс­ті­гінде мың жыл бұрын дәуірлеген пас­сионарлық құбылыс Қазақ жеріне қайта оралды деп білемін, деді Қазақстан бас­шысы студенттер алдында оқыған дәрі­сін қорыта келіп. Қарапайым тілмен айт­қанда, мың жылда келетін бақ құсы қазақ еліне қайта қонды. Кезінде әлем­дік өркениеттің ошағы ретінде дүниеге жарық жұлдыздар берген Ұлы Дала бүгінде қайта жаңғыру үстінде. Азат­тық­пен бірге халқымыздың рухы көте­ріліп, еліміздің еркін тынысы ашылды. Қазіргі уақыт – адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Еліміз таяу болашақта тың идеялар тоғысқан қайнарға айналады және ғы­лым саласында Нобель сыйлығының лау­реаттарын шығарады деп үміттенемін. Мұндай мерейлі сәт студент қауымға күнде туа бермеуі мүмкін. Елбасының өзі келіп, білім-ғылымның тереңінен ой қау­зап жатқанда рухани жаңғыруға құш­тар жастар жамырап қоя бермей ме? Көкейде көп сауал. Оның бәрі бір күнде қойылып үлгеруі тағы қисынсыз. Дей тұрғанмен, өзін толғантқан, келешекте таң­даған кәсібіне қатысты сауалдарын Елбасына жолдап үлгергендер де табылды. Студенттерден алдымен Айғаным Қайыр­бековаға кезек тигенде ол Елба­сына электр энергиясын пайдаланудың заманауи үлгілеріне қатысты сұрақ қой­ды. Бұл білім-ғылым үшін жақын күн­дерде аса маңызды мәселеге айналғалы тұр. Өйткені, әлемнің көптеген елдері, әсіресе, Еуропа тұтастай электр энер­гия­сын алудың оңтайлы тәсілдеріне көш­келі қашан. Оны күн көзінің қуа­ты­нан, желден алу мүмкіндігі Қазақстанда да келешекте іс жүзіне асырылуы әбден мүмкін. Бұл ретте қазірдің өзінде әжеп­тәуір тәжірибесі бар француз компания­сы­мен арада келісім-шарт жасалып жат­қаны алға тартылды. Елбасы электр энер­гиясына байланысты ойларын ор­таға сала келе, заманауи, әлемдік стан­дарт­қа сай білім ошағының ашылу себе­бінің өзі осындай озық технология­лар­ды игеру мен меңгеруде жатқанын айтты. Шыңғыс Ислам есімді өрен Президентке осындағы әрбір студенттің білсем деп отырған бір қызық сұрағын қой­ды. Ол Елбасынан осы оқу орнына түс­сеңіз қай кәсіпті таңдаған болар едіңіз деп сұрады. Президент кезінде ин­женер-металлург мамандығын оқып, тәмамдағанын, ондай жағдайда тағы да осы кәсіпті таңдайтынын айтып, тех­ни­калық мамандықтарға зәруліктің қатты сезілетінін, сондықтан жастардың осы са­лаға көбірек көңіл бөлуі керектігін тілге тиек етті. Елімізде әр түрлі сала­дағы зауыт, фабрикаларды қайта жаң­ғырту, тұрғызу қажет болады, солардың бәріне келешекте білікті кәсіби мамандар қажет екені белгілі. Назарбаев университетінде Лондоннан келіп студенттерге дәріс беріп жүрген Кристин Хоффман ханым осы­нау оқу орнының бүгінгі таңда атқарып отырған маңызы мен рөліне тоқталды. Мұнда оқып жатқан жастардың еңбек­қор­лығы мен білуге құштарлығына сүй­сініс білдірді. Университетке жан-жақ­ты көмек көрсетіп отырғаны үшін Президентке алғысын білдіре келіп, соңғы ойын Саммитке қарай ойыстырды. Ас­та­наның Хельсинки, Будапешт, Лиссабон, Париж, Ыстамбұл сияқты байырғы шаһарлармен теңесіп, алға озуына, аты­ның жайылуына Елбасының сіңірген ең­бегі өлшеусіз. Мұны әлемнің әр түк­пірінен келген қонақтың аузынан естіп жатырмыз. Елбасы бұл тұста Орталық Азия елдері арасында алғаш рет осын­дай ірі Ұйымның жиыны елордада өтке­нін айтып, ол тек бір адамның ғана мұң-мүддесі емес, бүкіл қазақ әлеуметінің жан-дүниесі мен жүрегін толқытқан сын­дарлы сәт болғанын жеткізген. Ерболат Серімбетов, Нұрсұлтан Томпиев, Юлия Нехороших, Нұрсұлтан Зиябеков қойған сауалдар да білімнің жаңа көк­жиектеріне қатысты мәселелерге негізделді. Әйгерім Сансалиева Елбасына сту­денттер қабылдаған декларацияны табыс етті. Назарбаев университетінде өткен лекцияның тағы бір естен кетпес пара­ғы – оған Еуропа елдерінің бірталай бұ­рынғы басшылары қонақ ретінде қаты­сып, сөз сөйледі. Германияның экс-канц­лері Герхард Шредер Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевты ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитінің өте жоғары деңгейде өткендігімен құт­тық­тап, мемлекет басшыларының бәрі Қа­зақ­стандағы саяси тұрақтылыққа жоға­ры баға беріп кеткенін айтты. Мұның бәрі Елбасының өлшеусіз еңбегінің арқасы екенін жеткізді. Жастардың білімі мен тәрбиесіне жаңаша талаппен қарайтын кездің келгенін алға тартты. Италияның экс премьер-министрі Романо Проди өзінің талай жыл үкімет бас­шысы болып қызмет істегеніне қа­рамастан, ешқашан білім саласынан қол үзіп кетпегенін, өйткені, ол өзінің отыз жылға жуық өмірін осыған арнағанын айтып, Қазақстан ел мен елдің арасына орнатылған көпір іспетті деп баға берді. Мұндай ғажайып елге қызыға көз тігетінін, ал мынадай жас университет Қазақ елінің қашанда символы болып қалатынын әңгімесіне арқау етті. Испаниялық Марселино Агирре Орейа Елбасын Саммиттің сәтті өтуі­мен құттықтай келіп, білім жүйесіндегі өзгерістер туралы ойларын ортаға салса, Польшаның бұрынғы президенті Алек­сандр Квасьневски осыдан он то­ғыз-жиырма жыл бұрынғы ел келбетіне тоқталды. Ол Қазақстанның тәуелсіз­дік­ке дейінгі кезеңін өз көзімен көргенін айтты. Содан бергі уақытта оның адам та­нымастай кейіпке еніп, адамдарының да өзгеріп сала бергенін, мұндағы өмір­дің қарқынынан адамзат өркениетіне ұмты­лыс­тың аңғарылатынын жеткізді. Бір кездегі мүмкін емес нәрселер ақи­қатқа ай­налып жатыр, деді. Саммиттен алған әсе­рімді айтып тауыса алмаймын деп қайыр­ды. Оның соншалық жоғары дең­гейде ұйымдастырылғанына таңда­ныс білдірді. Мазмұны жоғары бол­ға­нын айтты. Қазақстанның саяси тұрақ­ты­лығына баға бере келе, екі жақта білім алып жатқан жастардың жай-күйін баяндады. Австрия экс-канцлері Альфред Гу­зен­бауэр жаңа кезеңдер кезегінің келгенін айтты. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның үлкен рөлін сөз етті. Экономиканы экологияға зиян келтіріп, табиғат байлығын қанау арқылы өркендетудің кезеңі өтті, білім мен ғылым шикізаттың жаңа көзі ретінде қарастырылуы керек, деді. Иннова­цияның айтарлықтай рөліне тоқталған ол ойын Назарбаев университетінің нақты қадамдарымен сабақтады. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ. * * * Лебіздер Джон Уиллиамс Мбонг,  «Назарбаев университеті» физика мектебінің оқытушысы (Камерун): – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бү­­гінгі дәрісімен Прези­дент­­тің басшылық тұлға­сы­нан бөлек, өз елінің бола­ша­ғына, соның ішінде жастарға сенім артқан тәжі­рибелі ұстаз ретіндегі бейнесін көбірек байқап қалған тәріздімін. Қазіргі заманның қызу бәсе­ке­лестігі тек қана экономикалық тұрғыдан, не болмаса бір атақ-абыроймен өлшеніп, баға­лан­бай­ды. Егер осы дәрісті тыңдаған болсаңыз, бүгінгі әлемнің дамуына зор үлес қосатын «шикізат» – ол адамдардың білім деңгейі мен ғылымдағы же­тістіктері деген сөз айтылды. Мен бұл ай­тыл­ған пікірге толықтай қосыламын. Неге десеңіз, қазір бүкіл әлемге уақыттың жаңа талабы, бұрын-соңды болып көрмеген бір кезеңі келген тәрізді. Осыған дейін адамзат баласы экономика өнімдеріне көбірек арқа сүйеп келді. Бірақ бұл адамдар енді бұл заттарға тәуелді болмайды деген сөз емес. Менің айтпағым, яғни салыс­тыр­малы түрде білім мен ғылымның ықпалы, соның ішінде технологиялық жаңа жетістіктердің дәу­рені бұрынғысынан да әлдеқайда алда болмақ. Мінеки, сол үшін де Қазақстанның жаңа уақыт талабын осындай университеттің түлектері орындайтыны­на мен ешқандай күмән келтірмеймін. * * * Налини Виталл, экономика ғылымдарының докторы (Үндістан): – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәрісі осын­да­ғы отырған адамдардың бәрін, әсіресе студенттерімізді ерекше рухтан­дыр­ға­ны сөзсіз. Дәріс бары­сын­да айтылған жайттар өсіп келе жатқан жастар үшін, Қазақстанның ер­теңі мен болашағына ең­бек етемін дейтін бар­лық аза­маттар үшін ерекше маңызды деп ой­лай­мын. Бұл дәрісті басынан бас­тап, соңына дейін тың­дау бір бөлек те, ал оны түйсігіңмен қабыл­дап, ма­ңыздылығын анық­тау, сондай-ақ Пре­зи­дент­тің не үшін бұ­лайша дәріс оқып жатқанын тү­сі­ну бір бөлек. Жал­пы мен сырт көз ретінде Қа­зақ­станның да­муын бағалайтын болсам, дәл Қа­зақстанның даму жылдамдығы сияқты елді әлі кездестірген жоқпын. Мұндай құбылыстар өте сирек кездеседі. Мен бұл бағаны Қазақстанның ең беделді университетінде сабақ беріп жатқан оқытушы ретінде ғана емес, экономика ғылым­да­рының докторы ретінде, яғни Қазақстанның дамуының экономикалық көрсеткіштерін бағам­дау арқылы айтып отырмын. Оның үстіне мемлекет тарапынан жастардың білім алуына бар­лық жағдайлар жасалынып жатыр. Дәл осындай алға деген талпынысты, жеңіске деген ұмты­лыс­ты мемлекеттің өзінен де, қоғамның әрбір адам­дарынан да, Назарбаев университетінің әрбір студенттерінің бойларынан байқадым. Осы­лар­дың бәрі жинақтала келе адамдардың одан сай­ын жақсы өмір сүрулеріне, әлем алдында ана­ғұр­лым беделді болуларына мұрындық бола алады. * * * Антоний Лоуней, «Назарбаев университетінің» ағылшын тілі оқытушысы (Ұлыбритания): – Менің ойымша, ЕҚЫҰ Саммиті өте салысымен Пре­зи­денттің осы университетке келіп, студенттерге арнап дә­ріс оқуының өзі көптеген жайт­ты аңғартады десем, ежел­ден бері қай ғасырда, қай кезде болмасын өз халқының болашағын, елінің ертеңін ой­ла­маған мем­лекет болмаған шығар. Әлем алдында Қа­зақ­стан өзінің экономикалық дамуымен де, саяси тұ­рақ­ты ұстанымымен де, басқа да көп­теген ерекшеліктермен де атын шығарып үл­герді. Ал енді алдағы уа­қытта ғалам алдындағы сол қол жеткен табысын місе тұтып қана қоймай, елді одан сайын дамыту үшін, барлық саланың алдыңғы шептерінде жүру үшін білімді, түсінігі мол, әлемдік барыс-келістен ха­бары бар жастар керек. Ал ол жастар, мінеки, өсіп келе жатыр, тәрбиеленіп жатыр, ең бастысы, бі­лім алып жатыр. Қазіргі заманның білім-ғылым ке­ңістігі күн сайын жаңалықтарға толы. Бүгінгі ашқан жаңалығыңыз ертең ескіріп қалуы әбден мүм­кін. Өйткені, қазір барлық әлем бір-бірімен жа­рысып жатыр. Ол жарыс додасы барлық жерде кездеседі, әсіресе білім мен ғылымда анық байқалады. Сондықтан да әлемдік үдерістен кейін қалмаудың жалғыз ғана жолы бар, ол әрине білім алу, ғылымға ден қою, сол арқылы еліңді әлемге мойындатқызу. Дәріс барысында мен бір нәрсеге көзім анық жетті. Қазақстан Президенті өз жастарына кәміл сенеді. * * * Айдана ТАМБАЙ, медицина факультетінің студенті: – Астанаға Павлодар аймағынан білім қуып кел­ген жас түлек ретінде еліміздегі ең іргелі оқу ор­нын­да оқып жатқаныма өзім­ді шын бақытты жандай сезінемін. Бүгін мен дәріс алып жатқан университетке ел Прези­денті­нің өзі бастап келіп, біз секілді өрімдей жас­тар­дың алдында қызықты да мазмұнды лекция оқы­ғаны білім шаңырағының тарихына алтын әріп­тер­мен жазылып қалатын оқиға деп білемін. Елдің бүгіні мен келешегіне керек көп мағлұ­мат­қа қанықтым. Кешегі бүкіл қазақ жұртының на­мысын қайраған ЕҚЫҰ-ның саммиті жайында тағы да біраз өзіміз түпкі мәніне терең бойлап кете алмаған тұстарды мейлінше егжей-тегжейлі ұққандаймын. Ал енді білім алып жатқан алтын ұямның өзі­ме қатты ұнайтыны соншалық, ол – халқымыз­дың келешегі үшін ашылған зор мүмкіндік әрі қарапайым қазақ балалары «Алыстан арбала­ған­ша, жақыннан дорбала» дегендей, білімді тек айшылық алыс елдерден ғана іздемей, өз елінде мұқтаждықсыз білім алсын деген пейілмен жүзеге асқан өте-мөте қымбат жоба. Мұнда бізге қазір сондай айтулы оқытушылар сабақ береді. Дәріс ағылшын тілінде өтеді. Және де жастардың ойдағыдай білім алуы үшін мұнда қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Қарапайым отбасынан шыққан мен сияқты ауылдың қара­көз­дері «Назарбаев университетінің» негізгі бөлі­гін құраса деп келешекке үмітпен көз тігемін. * * * Жұлдыз СЕРІКОВА, халықаралық қатынастар және экономика факультетінің студенті: – Елордада Назарбаев университеті ашылады дегенді естіген кез келген жас­­қа осы оқу орнына түсу арман болды. Солардың ішінде мен де әлемдік стандартқа сай шаңырақ­тың ішіне енгенше жүрегім алып-ұшып, Ақтө­беден жеткенше асықтым. Міне, сол арман көзді ашып-жұм­ғанша ерке Есілдің жағасындағы жас қалаға сән беріп тұрған білім ұясындағы студенттік өмірге ұласып, таңдаған кәсібімізге қа­тыс­ты жан-жақты білім алуға талпынып жатқан жай­ымыз бар. Президенттің өзі келіп бірінші курс студенттеріне бұрын-соңды лекция оқуы та­рихта болған ба еді? Бұл дегеніңіз – бізге көр­сетілген үлкен құрмет қой. Білім ал, озық тәжі­ри­бені үйрен, алдыңғы елдердің санатына қосыл деген Елбасы үніне келешекте немен жауап береміз, бүгін Қазақ еліне қандай кәсіптер керек, қай салаға көбірек мамандар қажет, неден озық­пыз, неміз тозық деп жан-жағымызда болып жат­қан күнделікті тірлікке мән берсек, келешек­тің келбеті айқындала түседі. Елбасының сөйлеген сөзі мені осындай қияларға жетеледі. Көкейге көп нәрсе түйдім. * * * Нұрсұлтан ЕРКІНҰЛЫ, медицина факультетінің студенті: – Ол кезде мен, сірә, ештеңе біле қоймайтын кіш­­­кентай шақалақпын ғой. Үш айлық қана сәбимін. Әке-шешем ырым­дап Нұр­сұл­тан атасындай болсын деп маған осынау есімді шын ниеттерімен қойған екен. 1991 жылы Жезқазған өңірінде болған кезде Елба­сы біздің отбасымызбен кездесіп, «Нұрсұлтаннан Нұрсұлтанға ізгі тілекпен» деп кітапқа қолтаңбасын қалдырыпты. Сол қолтаңбаны бүгін Президент бізге лекция оқитынын естіп әдейілеп ала келдім. Әлгінде сөз сөйлеп осыдан он тоғыз жыл бұрынғы сол оқиғаны есіне салдым. Елбасы қатты сүйсінді. «Сонда мына кітапқа қол қойғансыз, маған бата бергенсіз», дедім. «Батамен ер көгерер» деген ғой халық даналығы. Шынымен де, міне, қара­майсыз ба, елордадағы «Назарбаев университетінде» оқу бақытына ие болған менде арман жоқ. Президентке медицина туралы сұрақ қой­дым. Бізде халықаралық медициналық орталық­тар қашан ашылады дедім. Оған Елбасынан то­лыққанды жауап алдым. Президент келер жыл­дан бастап осы мақсаттағы істер қолға алына бастайтынын айтты. Ең бастысы, ұзақ жасауға қатысты орталықтың жұмыс істеуі келешекте маңызды салаға айналатыны көлденең тартыл­ды. Бірақ та ондай заманауи орталықтар ойда­ғыдай жұмыс істеуі үшін оларға алдағы уақытта білікті мамандар қажет болатыны тағы анық. Назарбаев университетінің не үшін ашылғандығын Елбасы осындай нақты мысалдармен түйін­де­ген. * * * Бердияр СӘУІРБАЕВ, студент: – Астанадағы Қазақ-түрік лицейін бітірген соң, бағым жанып осы оқу орнына түстім. Қазір инженер мамандығы бойынша оқып жатырмын. Университетке келіп, Президенттің студенттердің алдында лекция оқуы ғұмыр бойы есімізде жүретін бір тарихи оқиға болып отыр. Елбасы біз үшін, Қазақстанның болашағы үшін жалпы білім мен ғылым жолына осынша көңіл бөліп, елдің өркениет бағытындағы барлық істерін тек оқу-біліммен сабақтастыруы, әсіресе, осы салаға қатысты жандарды жаппай толғантуы тиіс деп ойлаймын. Маған Нұрсұлтан Әбішұлының осы университетті бітіріп, елдегі ұлы жобаларға қатысу идеясы қатты ұнады. Демек, бұл оқу орнын бітірген бірде-бір жас тасада қалып қоймайды, ертеңгі тағдыры ескерусіз қалмайды деген сөз. Елбасының тағы бір көкейде жүрген ойды түйреп өткені қатты ұнады. Мәселен, шет елдердегі ірі компаниялар өз мамандарын қыруар қаржы жұмсап оқытып отыратын көрінеді. Ал бізде әлі күнге дейін мұндай тәжірибе жоқтың қасы. Ойланарлық жәйт пе, иә, алдағы уақытта мүйізі қарағайдай компаниялар бір жақты тірлік кешпей, елдің келешегіне мол әсері тиетін осындай ауқымды мәселелерге де қосыла атсалысуы аса маңызды екен. Бәрін айт та, бірін айт, ең бастысы, сапалы білім алу, жастық күш-жігерді ғылымның ашылмаған құпияларына арнау. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.