Шетелдік ақпарат құралдарында Астанада өткен аптада болып өткен ЕҚЫҰ Саммитіне қатысты мәселелер әлі де талқыланып жатыр. Оларда әртүрлі пікірлер көлденең тартылғанымен, барлығында дерлік Қазақстан Көшбасшысының жаһандық форум шақыру туралы бастамасы қауіпсіз әлем құру үдерістеріне қосылған орасан зор үлес болып табылатыны атап көрсетіледі. Төменде солардың бірқатары назарларыңызға ұсынылып отыр.
* * *
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өзінің әлеуетін жоғалтып барады және модернизациялауды қажет етеді, деп мәлімдеді ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінде Ресей Президенті Дмитрий Медведев. Бұл шара Ұйым тарихындағы жетіншісі болып табылады және 11 жылдық үзілістен кейін алғаш рет өткізіліп отыр.
Ресей Президентінің пікірінше, Ұйым ресурстарын пайдалану үшін қазіргіден де нақтырақ құқықтық база және ЕҚЫҰ ресурстарын пайдаланудың ережелері қажет. Ол халықаралық құрылым НОТО-ның, Еуроодақтың, Еуропа Кеңесінің, ТМД мен ҰҚШҰ-ның өзара іс-қимыл алаңы бола алатынын атап көрсетті. Өйткені, аталған альянстарға қатысушылардың барлығы ЕҚЫҰ-ға да мүше болып табылады.
Саммитті аша келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге Ұйымның қазіргі үш өлшеміне тағы біреуін – конфессиялық толеранттылық өлшемін қосуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл мақсатқа ЕҚЫҰ төртінші мәрте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алаңын пайдалана алар еді.
* * *
– Қазақстан басшылығының бұл Саммитті өткізуге қол жеткізуі, ұйымдастырушылық тұрғыдан қарағанда, оның табысы туралы әңгіме қозғауға мүмкіндік береді. Себебі, мұнда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретіндегі үлесі жатқаны сөзсіз. Бұл жерде мен Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының еңбегін атап өтуге ұялмас едім.
Барлық көтерілген мәселелер Саммитте шешіле салмайтыны түсінікті, бірақ бір-біріміздің көзімізге тура қарап, туындаған проблемаларды шешудің қазіргіден де тиімдірек тетіктерін жасауға болатыны сөзсіз.
Өзімнен мынаны қосар едім: біздерге Украина немесе Беларусь Шығыс пен Батыс арасында көпір болуға дайын деген сөздерді айтарлықтай жиі естуге тура келетін. Міне, Қазақстан – мұны мен атап көрсетемін – нақты еуразиялық көпір болып табылады.
(Саяси шолушы Роман Яковлевпен сұхбаттан үзінді).
* * *
“Біз әскери-саяси саладағы сенім мен ашықтыққа негізделген қауіпсіздікке, ұтымды экономикалық және экологиялық саясат пен адам құқығының, негізгі бостандықтар мен заң үстемдігінің толыққанды сақталуына жан-жақты қолдау көрсететінімізді қуаттаймыз. Біз қауіпсіздіктің деңгейі мен сапасын және біздердің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы өзара түсіністікті көтеру ниетіндеміз”, – делінген ЕҚЫҰ Астана Саммитінің қорытынды декларациясында.
Құжатта ЕҚЫҰ-ның еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі шынайы қауіпсіздікке жол салуы ұзақ және бұралаң болатынын Ұйымдағылар түсінетіні атап көрсетіледі. Бірақ Саммитте қабылданған міндеттемелерді жүзеге асыруды мойындарына алған қатысушы мемлекеттер ЕҚЫҰ-ның өміршең бола алатынын дәлелдеді.
ЕҚЫҰ төрағалығы ауысатын Литва президенті Даля Грибаускайтенің сөзіне қарағанда, Ұйымның мақсаты – бөлу сызықтары жоқ, барлық міндеттемелер орындалған, күш қолдану ақылға сыймайтын, ал адам құқы мен негізгі бостандықтар толық көлемінде құрметтелетін шынайы демократиялық қоғам құру.
* * *
ЕҚЫҰ-ға мүше елдер қорытынды құжат – Астана Декларациясын қабылдады. Құжатты қабылдаудың ресми уақыты жергілікті уақыт бойынша түске белгіленген болатын, бірақ қорытындысында оны талқылау түн ортасына дейін созылды.
Қазақстан Көшбасшысы 11 жылдан кейін алғаш рет өткен Саммитте декларация қабылдау Ұйым өмірінде жаңа кезең ашатынын атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев декларацияның еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құруға алғышарт жасайтынына үміт білдірді.
Қорытынды сөз сөйлеген Қазақстан Президенті былай деді: “Мен еуразиялық вектор ЕҚЫҰ-ны дамытуға қуатты серпін беруге, Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті әлем құрылысының шешуші мәселелерін түсінуде жақындастыра түсуге қабілеті жететініне сенімдімін. Мен Астана Рухының квинтэссенциясын осыдан көремін”.
“Бүгін Астанада біздің Ұйым тарихындағы күрделі кезеңнің қорытындысын шығардық. Хельсинки Рухы да жаңа тарихи жағдайларда туған болатын”, – деп қорытты сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
* * *
Сәрсенбі және бейсенбі күндері өткен, 11 жылғы үзілістен кейін Ұйым мүшелерінің – барлық елдер басшыларының басын қосқан, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында өткен Саммит ел саяси өміріндегі аса айтулы оқиға болды.
ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет және үкімет басшылары соңғы рет 1999 жылы Ыстамбұлда жиналған еді. ЕҚЫҰ-ның кеңесу органы екенін есепке алсақ, көкейкесті проблемаларды талқылаудың жалғыз тәсілі дәл осындай жоғары деңгейдегі кездесулер болып табылады.
ЕҚЫҰ елдеріндегі қауіпсіздік Астана Саммитінде талқыланған ең негізгі тақырыптардың бірі болды. Өткен Саммиттен бергі жылдарда әлемдегі қауіпсіздік пен қауіп-қатерлер сипаты қатты өзгерді. Сондықтан Астанадағы форум ЕҚЫҰ елдеріне бүгінгі күннің көкейкесті проблемалары мен қауіп-қатерлерін, сондай-ақ таяу болашақтағы бірлескен іс-қимылдарын талқылауға мүмкіндік берді.