Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Екібастұздағы «Проммашкомплект» және «Қазақстан вагон жасау компаниясы» кәсіпорындарын аралап, жұмыстарымен танысты. Кәсіпорындарда бұл күндері еліміздегі жаңа индустрияландыру бағдарламасы аясында серпінді жобалар жүзеге асуда. Өндірісті өңірдің кәсіпорындары қатарын толықтырып темір жол рельстерін бағыттауға арналған құралдар, жолдарды айырушы тетік және жөндеу жиынтықтарын шығаратын «Проммашкомплект» атты жаңа өндіріс орны құрылуда. Бұл жоба индустрияландыру картасына енген. Құны 9,4 миллиард теңгені құрайды. Еліміз темір жолға аса қажетті құрал-жабдықтарды басқа елдерден сатып алып отырғаны мәлім.
Ал, «Проммашкомплект» компаниясы болса, ресейлік зауыттар шығаратын жабдықтарды еліміздің өңірлеріне әкеліп сататын бірден-бір ірі ресми дилер болып отыр. Серіктестік басшысы Александр Леонецтің айтуына қарағанда, жоғарыдағы серпінді жоба толықтай жүзеге асқанда жоғары технологиялық инновациялық өндіріс құрылып, ол еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға жол ашады. Ал, кәсіпорында жаңадан 380 адам үшін жұмыс орындары ашылады. Бұдан кейін облыс әкімі «Таман» ЖШС негізінде құрылған вагон жасау зауытын аралап көрді. Зауыттың алдағы уақытта жылына 2500 вагон жасап шығару мүмкіндігі бар. Бұл күндері зауыт 109 вагон жасап шығарған. Барлығы да «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың еншілес кәсіпорны «Қазтеміртранс» компаниясына жіберіліпті. Өндіріс орны олармен 8 мың вагон жасап беруге келісім-шарт жасасқан. Байырғы жұмысшылар бұл вагон депосының кезінде жылына 10 мың вагон жөндей алатындай қуаты болды деп еске алды. Өкінішке орай, 90-шы жылдардағы қиындық кездерінде вагон депосының бірқатар құрал-жабдықтары сатылып кетті. Кейбір бөліктері істен шығып қалды. Дегенмен де, депоның қазір өндірістік бөлімдері, коммуникация құрылымдары сақталып қалыпты. Оның негізінің сақталып қалғаны дайын тұрған кәсіпорынға құрал-жабдықтар орнатып, бұл жерден жаңа өндіріс орнын ашуға, осы заманға сай жүк вагондарын жасауға жақсы мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпорын 20 жылдан бері осы күнге дейін вагондарды күрделі және деполық жөндеулерден өткізумен айналысады. Бір жылда 4 мың жүк вагондарын қайта қалпына келтіруге мүмкіндіктері де жетеді. Ал, бұрын елімізде жүк вагондарын жасайтын зауыт болған жоқ. Вагондар жасайтын Ресейдің өзі де бұл күндері қарқындарын бәсеңдетіп алыпты. Әрі шеттен сатып алынған жүк тасымалдайтын вагондар бірнеше есе қымбатқа түседі. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде де қаралып, биылғы жылдың мамыр айында облысқа жасаған жұмыс сапарында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің өзі «Таман» ЖШС-ға келіп нақты іске жол бастап берді. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» АҚ президенті А.Мамин мен ресейлік «Трансмашхолдинг» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.Бокарев арасында темір жол саласына арналған мәшине жасау кәсіпорындарын ашу жөнінде өзара қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойылды. Бұл күндері қол қойылған жобалар іске аса бастады. Жаңа жобаның құны – 6 млрд. теңге. Қаржы кәсіпорынның өзінен және Қазақстан Даму банкінен бөлінді. Темір жол мамандары еліміз бойынша 20-30 мың жүк тасымалдайтын вагондар жетіспейтінін айтады. Мәселен, көмір тасуға арналған ашық бір вагонның құны 80 мың АҚШ доллары тұрады екен. Сондықтан бірлескен қазақстандық-ресейлік вагон құрастыру зауытын ашу мәселесін өмірдің өзі тудырды. Жүк тасымалдайтын вагон шығаруды Екібастұзда қолға алудың да өзіндік себебі бар. Бұл жердегі қазаншұңқырда еліміз бойынша көмірдің 80 пайызы өндіріледі. Сондықтан көмір тасымалында ашық вагондарды ең көп керек ететін осы жердің кеніштері болып табылады. Зерттеу жұмыстарын жүргізген темір жол саласы мамандары осындай нақты шешімге келіп кетті.
Жалпы, бүгінде еліміздің ішкі жүк айналым жолдарында Қытайдан әкелінген вагондар пайдаланылса, халықаралық тасымал бойынша Ресей мен Украинадан жеткізілген вагон құралдары қолданыста жүр. Қытайлық вагондардың бағасы арзан болғанымен, пайдалану мерзімі қысқа әрі сапасы төмен болатыны да белгілі. Екібастұздық вагондар елдегі вагон паркін толық жаңарта алмаса да, жүк айналымының маңызды бөліктерінде біраз мүмкіндіктер тудырары анық. Мамандардың пікірінше, 70 тоннаға дейін жүк көтеретін бұл құралдардың қолданыс мерзімі 22 жылды құрайды екен. Зауытта алдағы жылдары 600-дей адамға жаңа жұмыс орындары ашылады. Мысалы, биыл облыста жүзеге асып жатқан жобалардың үштен бір бөлігі Екібастұз өңіріне тиесілі болып отыр. Келесі жылы көптен бері сөз болып жүрген, ГРЭС-2 стансасының №3 энергоблогының құрылысына қажетті құрал-жабдықтар да жеткізіле бастайды. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қазірдің өзінде облыста 12 жоба іске қосылды, енді жыл аяғына дейін тағы 18 жоба осы қатардан көрінетінін атап өтті.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.