Палатаның сәрсенбі күнгі жалпы отырысында Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов сөз сөйледі. Спикер Мемлекет басшысының атынан депутаттарды тарихи форумның сәтті өтуіне байланысты құттықтады.
Жалпы отырыста Саммитке қатысушы Мәжіліс депутаттары Ерболат Әпсәлямовқа, Светлана Бычковаға, Әмзебек Жолшыбековке және Төлебек Қосмамбетовке Елбасының алғысы табыс етілді.
Ал талқыланған мәселелерге келсек, шаруа (фермер) қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасы екінші оқылымда қаралып, толықтай мақұлданды.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Медиация туралы» және соған жапсарлас заңдарға түзету енгізуді көздейтін заң жобалары бірінші оқылымда қаралды. Аталған заңдық құжатқа қатысты баяндаманы Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбеков жасады. Медиацияны жалпы алғанда азаматтардың азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарын, кәсіпкерлікке байланысты туындайтын дауларды, еңбек және отбасы құқықтық қатынастарын, жеке мен заңды тұлғалар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге, ауыр емес және орташа ауыр саналатын қылмыстар бойынша өзара мәмілеге келу барысында қолдану көзделуде. Осылайша талқылаудан өткен заңдық құжат бірінші оқылымда қолдау тапты.
Дүниежүзілік пошта одағының Жарғысына Жетінші қосымша хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы жөнінде Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасады. Еліміз бұл одаққа мүшелікке 1992 жылы қабылданғаны белгілі. Аталған хаттаманы бекіту елімізде халықаралық пошта желісінің дамуына, пошта рыногындағы жағдайды жақсартуға игі ықпалын тигізетін болады.
Сондай-ақ Асбестті пайдалану кезінде еңбекті қорғау туралы конвенцияны (162-конвенция) ратификациялау туралы заң жобасы депутаттар қарауына ұсынылды. Нәтижесінде аталған екі заң жобасы да толықтай мақұлданды. Бұдан басқа Жеке тұлғалардың Кеден одағының кеден шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу тәртібі туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы қолдау тапқанын айта кету керек.
Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ратификациялауға қатысты заң жобасы да толықтай мақұлданып, Сенатқа жіберілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.