«Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» журналистері жеңімпаз атанды
Жыл аяқталуға жақындағанда талай тірлік түгенделіп, бастамалар қорытындылана бастады. Жұма күні Алматыда Қысқы Азия ойындарына орай қазақстандық журналистер арасындағы өткізілген республикалық байқау мәреге жетіп, әріптестеріміз салтанатты түрде марапатталды.
Журналистер арасында жүргізілген бұл қалам қабілеті додасының екі бірдей көздеген мақсаты болды. Біріншісі, Азиада ойындарын Қазақстанға артылған үлкен сенім мен мүмкіндікті жан-жақты насихаттау болса, екіншіден, осы тақырыпты тынбай қозғап жүрген БАҚ өкілдерін қолдау еді.
Сонымен байқау жарияланған маусым айынан бері қазылар алқасының қолына 31 автордан 162 материал келіп түскен. Оның ішінде 132 баспа материалы, 18 интернет-мақала, 6 радио материал мен 6 телевизиялық сюжет бар.
Спорт тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистер 4 аталым бойынша бақ сынады. Қазылар алқасының құрамында «2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ президенті Анатөлі Құлназаров, Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, қазақ тіліндегі тұңғыш спорт радиокомментаторы Сұлтанғали Қаратайұлы сынды жандар болды.
«2011 жылғы 7-ші Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ мен «Қазақстан Баспасөз клубы» АО ҚБ ұйымдастырған байқаудың «Баспа БАҚ бетінде ең үздік материал» номинациясы бойынша қазылар алқасы бірінші орынды екі бірдей авторға беру туралы шешімге келген. Сонымен байқаудың бас жүлдесін «Егемен Қазақстан» газетінен Дастан Кенжалин мен «Казахстанская правда» газетінен Юрий Лифинцев өзара бөлісті. Қазылар алқасы авторлардың мақала жазудағы кешенді ұстанымы мен салыстырмалы талдауды қолдануына жоғары баға берді. Ал бұлардан кейінгі орынды «Вечерний Алматы» газетінің журналисі Әлім Анапиянов иемденді.
«Ең үздік ТВ материал» аталымы бойынша бірінші орынды құрамына Сәуле Мықтыбаева, Дина Ысқақова, Аяна Құшбаева, Ринат Қоқымбаев енген «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шығармашылық тобы алды. Екінші орынға «Хабар» телеарнасының тілшісі Гүлвира Биғалиева лайық деп табылса, үшінші орын «31 телеарна» журналисі Ләззат Сағындықоваға берілді.
«Ең үздік радиоматериал» номинациясы бойынша 1-ші орынды «Қазақ радиосының» тілшісі Салтанат Смайылова «Бап пен бақ» жұмысы арқылы иемдені. Ал интернет БАҚ өкілдері арасынан бір ғана өтінім келіп түскендіктен бұл аталым бойынша бәсеке болмағанын айта кеткен жөн. Сондықтан ол жүлде қорын байқау ұйымдастырушыларына қайтару ұйғарылды.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.