Заманмен үндес заңғар басылым
«ЕГЕМЕННІҢ» ШАПАҒАТЫ
Жадырап шыққан күнге, жақсы туған айға қуанасың. Қаулай өскен егінге, қаптай жайылған малға сүйсінесің. Қызылды-жасылды құлпырған гүлге қызығасың. Берекесі мен ынтымағы ұйыған еліңнің мәртебесі өсіп, Елбасыңның әлемдегі ең алып елдер басшыларымен иық теңестіріп, қатар жүргеніне қанаттанасың. Жаныңа нұр, жүрегіңе жыр құйылғандай болады. Осындай сәттерде ойға оралған, көңілге келген жыр жолдарын қағазға түсіріп, оны сан жылдардан бергі сүйікті басылымым, сенімді серігім – «Егеменге» жолдап отыру берік дағдыма айналып келеді. Осы арқылы ел өміріндегі ерекше жайларға, елеулі оқиғаларға өзімше үн қосып, ізгі лебізімді, игі тілегімді білдіріп отырамын. Жолдағандарымның бірқатары газет бетінде жарияланып та жүр. Газеттің өткен 2009 жылғы 9 мамырдағы санында осындай жолдаған өлеңдерімнің бірі «Майдангерлер» деген атпен жарық көрген болатын. Осы жылғы қараша айының соңғы күндерінің бірінде Астанадан қуанышты хабар келді. Газетте жарияланған осы өлеңіме астаналық сазгер Сламқожа Қарақыстық ән жазып, “Елім менің” атты патриоттық әндер байқауына қатысыпты. 89 талапкер қатысқан байқауда жүлделі үшінші орынды жеңіп алған ол осы қуанышын қызылордалық таныстары арқылы маған жеткізді. Бейтаныс автордың мына хабары мені де қуантты. Бұл ең алдымен ел басылымы «Егеменнің» шығармашылығыма шынайы қолдауы, тигізген шапағаты деп білдім. Өлеңімді түсініп, арнайы ән жазған авторға да алғысым шексіз. Дүбірлі дүйім дүние тынысын күн сайын саралап, салмақтап, байыппен жазып келе жатқан бас басылым ұжымына алдағы уақытта да шынайы шығармашылық табыс тілеймін. Сөз соңын «Егеменге» арнаған жыр жолдарыммен аяқтағанды жөн көрдім. Жүректерді нұрландырып өнегең, Көңілдерді қуанышқа бөлеген. Хабарыңа қай кезде де елеңдеп, Қадамыңа сүйсінеміз, «Егемен!». Шешен де өзің, көсем де өзің көреген, Сыр қозғаған бүгіннен де көнеден. Айдынына шыққан аппақ кемемен, Айбыныңа қызығамыз, «Егемен!». Жабыққанды жанында боп демеген, Қамыққанды қасына еріп жебеген. Қараулықтың қайтпай жолын бөгеген, Адалдықтың ақ туысың, «Егемен!». Қай кезде де кемел едің, терең ең, Өзгелерге өріс болған өнегең. Қанаттыға қуат бердің талмайтын, Талаптыға шуақ бердің, «Егемен!». Шұғылаңды шашып күнде төбеден, Кең жайылып келе жатыр керегең. Туған елдің туын көкке көтеріп, Туған жердің жырын толға, «Егемен!». Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қызылорда. * * *Жеделхат
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановқа
Елордамызда табысты өткен ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті – Елбасымыздың ерен еңбегі екенін сезінген біздің мақтааралдықтар үлкен серпіліс үстінде жылды табысты қорытындылап отыр. Баспасөзге жазылу жөнінде де аудан тұрғындары белсенділік көрсетуде. Еліміздің баспасөзінің қарашаңырағы, бас газетіміз – «Егемен Қазақстан» газетіне аудан жұртшылығы 4200 данаға жазылып, өткен жылғы межеден де асып түсті. Баспасөзге жазылу әлі де жалғасуда. Сіздерді баршаңызға қиыр шетте орналасқан мақтааралдықтар атынан қасиетті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтауымды жеткізгім келеді. Серік ТҰРБЕКОВ, Мақтаарал ауданының әкімі. Оңтүстік Қазақстан облысы. * * * Қазақ тілінде шығатын газеттерге, оның ішінде «Егеменге» жазылу барысында ауылдарында қалың қазақ отырған біздің ауданға біраз сын айтылып жүрді. Бәленбай академик, ғалымдар шыққан елміз деп мақтанғандарың рухани тірлікке шырай берер өнегемен неге көрсетпеске деген реніш те орынды. Қасиетті жердің өткеннен келе жатқан ғибратты жолын алдағы уақыттарда да рухани бай тыныс-тіршіліктерімен жалғастыра беретініне сенім мол. Ауылдарымыз аман-есен. Жуырда ғана аудан орталығында талай жыл өңі кетіп тұрған мәдениет үйін «Жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеп алдық. Шалғайдағы Қаратомар және Қаражал ауылдарында балаларға арналған шағын орталықтар ашылды. Келер жылға «Егеменге» 500 дана жазылдық. Бұдан кейін де баянауылдықтар басылым санын көбейте түседі. Ернұр АЙТКЕНОВ, Баянауыл ауданының әкімі. Павлодар облысы. * * * Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұжымына республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өзі де, сөзі де өте ыстық. Неге десеңіз, біз оны жүрегі ел мен жер деп соғып, сол ел мен жерді мекендеген халықтың тиянақты тірлігі мен берекелі бірлігіне күн сайын салиқалы сөзі мен парасатты ойын арнап отырған нағыз жанашыр, нағыз отансүйгіш басылым деп құрметтейміз. Мысалға, ЕҚЫҰ-ның Астанада күні кеше ғана болып өткен Саммитін алып қараңыз. Ел мерейін өсіріп, халықтың рухани жандүниесін қанаттандырған осынау ұлы жиын болады деген алғашқы сәттен бастап-ақ «Егемен Қазақстан» салмақты сөздің көш басында жүрді. Қазақ елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету сүйінішін де халқына қуана жеткізген ең алдымен осы ата басылым болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Отанымыздың бас газеті» деп жоғары баға берген ақылман басылымға алдағы уақытта да елдің берекесі мен бірлігін жазуда тың ізденістердің, соны тақырыптардың көп болуын тілей отырып, біздің университет ұжымы келесі жылға 300 дана «Егемен Қазақстан» газетін жаздыртып алуды меже етеді. Өйткені, ақыл-ой иесі атанған адамзат баласының оқуды тоқтатқан күні жаңаша ойлауды да доғарып, тоқырай бастайтыны белгілі. Ал жаңаша ой мен жаңа істің басында әрқашанда біздің ата басылымымыз тұр. Сондықтан Елбасы саясатын, ел қамын бірінші кезекте ойлайтын газет ұжымы мен оның оқырмандарына жанашыр болғаннан артық пайдалы іс жоқ деп ойлаймын. Әшімжан АХМЕТОВ, М.-Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор. Жамбыл облысы.