Көкейкесті
Еліміздегі медициналық жоғары білім мен ғылымының көшбасшысы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне 80 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда 60 мыңнан астам дәрігерді, соның ішінде 2,5 мың шетелдік маман жасақтап, Қазақстанның денсаулық сақтау ісіне елеулі үлес қосып отырған іргелі жоғары оқу орнында әлемнің 12 елінің 30 ұлтынан құралған 10 мыңға жуық студент 8 факультетте білім алуда. Білім ордасында 7 ғылыми-зерттеу институтының клиникалық базасы, 1500-ге жуық профессорлық-оқытушылық құрам жұмыс істейді. Оның ішінде 4 ҰҒА академигі, 138 профессор, 172 медицина ғылымдарының докторы мен 253 доцент, 475 ғылым кандидаты, профессор атағына ие 108 оқытушы заман талабына сай жаңа буын мамандарды оқыту, даярлау және тәрбиелеу ісіне өз еңбектерімен атсалысуда. Міне, осы дүрбелең тойдың қарбалас шағында университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан АҚАНОВҚА жолығып, әңгімелескен едік. – Айқан Ақанұлы, өткенді еске алмай, бүгінгінің бағасын беру қиын. Ал бүгінгінің бағасы айтылмай, болашақты болжауға тағы болмайды. Ендеше, әңгімемізді алдымен өткеннен бастасақ, 80 жасқа толып отырған Қазақстан медицинасының қара шаңырағының тарихын парақтап көрсеңіз... – 1930 жылы 2 желтоқсанда Ресей КФСР-сы Халық кеңестік комиссариатының қаулысымен Қазақстанда алғаш рет Қазақ мемлекеттік медицина институты ашылып, оның директорлығына Петербург әскери-медициналық академиясының түлегі, көрнекті партия және мемлекет қайраткері, дарынды ұйымдастырушы, білікті ғалым-дәрігер, профессор Санжар Асфендияров тағайындалды. Міне, осы уақыт аралығында университет айтулы нәтижелерге қол жеткізіп, үлкен асулардан асып келеді. 1936 жылы ең алғашқы 66 түлек бітіріп, оның 12-сі үздік диплом алады. Соғыстың алғашқы күндерінде 84 оқытушы, өз еркімен майданға аттанған 262 студенттің арасында Кеңес Одағының батырлары М.Мәметова мен В.Иванилов бар еді. Білім ордасынан 80 жылда түлеп ұшқан 60 мыңдай түлектің арасынан қос батырымызбен қоса, 6 Социалистік Еңбек Ері, бір КСРО халық дәрігері (Зағипа Мәдиева), 15 ҰҒА академигі, 48 Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, 72 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 27 Қазақстанның мемлекеттік, бір КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, бір Халық Қаһарманы, бірнеше депутат шықты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Денсаулық сақтау министрі болған В.Девятко, М.Омарова да түлектеріміз. Бүгінде мамандарымыз 15 шет мемлекетте жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласын дамытуда институтқа КСРО Жоғары Кеңесінің мақтау қағазы берілсе, 1981 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 2001 жылы Ұлттық университет мәртебесі берілді. – Медициналық оқу орнының басқа жоо-дан айырмашылығы, мұнда білім мен практика тығыз байланыста қатар жүріп, бірге дамып отырады. Ендеше, жаңа формациядағы дәрігерлер дайындауда оқу орны қаншалықты материалдық базамен қамтамасыз етілген? – Өте күрделі сауал. Бұл мәселені біз ғана емес, ТМД елдерінің өздері де шеше алмай келеді. Неге дейсіз ғой? Егер тарихқа көз жүгіртсеңіз, жалпы біздің медицинаның негізі ХІІ ғасырда Еуропада қаланып, өзінің қалыптасқан формасы болды. Мысалы, әр оқу орнының өз алдына клиникасы, ғылыми-зерттеу институты болып, онда студенттерді де оқытады, ғылыммен де айналысады, науқастарды да емдейді. Яғни, студенттер науқастың төсегінің қасында тұрып, теорияны практикамен іс жүзіне асырады. Отан соғысы қарсаңында Орталық партия комитеті қалыптасып келе жатқан сол оқытудың үш формасын бұзған. Ондағысы, немістермен соғысқанда бізге мыңдаған медицина қызметінің офицерлері, әскери медиктер қажет. Уақыт болса тапшы, сондықтан оларды төрт жылда оқытып, тез арада маман етіп дайындау керек деп шешеді. Ол үшін әзірге оның ғылымын алып Ұлттық ғылым академиясына берейік, ертең еліміз жеңгеннен кейін қайтадан білімге қосамыз дейді. Сөйтіп, Одақ бойынша 186 медицина институтын ашып, мыңдаған дәрігер дайындаған. Бұл шешім соғыс кезінде пайдаға асып, 75 пайыз әскери офицерді сапқа тұрғызған. Бірақ, соғыс біткен соң ғылымды қайта қоспай, бұл мәселе бүгінге дейін шешімін таппауда. Ал Батыс Еуропаның медициналық жоо-лар сол үш қағидатты орындап, ілгері дамып, университеттік клиникаларда ең дамыған, ең жаңарған технологияларды қолдануда. Ал біздің базаларымыз әр клиникада шашырап жүргені. Студенттеріміз клиникалық кафедраларға барғанда қонақ секілді, бөлімше меңгерушісінің, бас дәрігердің қабағына қарайды. Емдеу мекемелеріне көп студент кіргізбейді. Бөлме, аудиторияны жертөледен, болмаса шатырдан береді. Көрдіңіз бе, студенттер амалдың жоқтығынан осындай жағдайда оқып, білім алуда. Әрине, емдеу орындарының басшылары көпшілігінде біздің оқу орнын бітірген түлектер болғандықтан, оларға барып түсіндіріп, намысқа салып, қолдан келгенді жасаймыз. Бірақ, оларды да түсінуге болады. Қазіргі заманда науқастарға орын тапшы, жағдайлары мәз болмай жатқанда, топырлап біздің студенттер келеді. Мәселен, сіз пәтер жалдап тұрсаңыз, қожайынның: «Есікті қатты жаптың, жарықты көп жақтың» деп айтатыны сияқты, бізде де сондай әңгіме. Ендеше, өзімізде жеке клиника болмай, оның толық жауапкершілігін, барлық үдерісті қолымызға алмай ешқандай іс бітпейді. Қазіргі негізгі басты проблема осы. Сондықтан да, бұл мәселені қайта-қайта көтеріп, айтып жүргенім содан. Егер біз әлемдік деңгейдегі басқа медициналық оқу орындарының қатарына қосыламыз десек, қаланың сыртынан бой көтеретін емхана, аурухананы университет клиникасы етіп салу керек. Болмаса №7 аурухана сияқты үлкен емдеу мекемесін бізге берсе, сол жерде жатақхана, оқитын ғимаратымыз тұрса, өзіміз емдеп, оқытып, барлық жауапкершілікті өзімізге алған болар едік. Сонда университеттік клиника бәрінен де озық емдеу орны болар еді. Бұл әңгіме әлі шешімін таппай келеді. Мысалы, «Назарбаев университетінің» медицина факультетіне Астанадағы үлкен медицина холдингін база етіп беріп отыр. Әрине, мұндай оқу орнында сапа да жоғары болмақ. Міне, осы мәселені съезде көтергелі отырмыз. Жалғыз біз емес, қалған медициналық оқу орындары да осы мәселеде қиналып жүр. – Қазақтың тері және венерологиялық институтын сіздерге басыбайлы берді емес пе? – Жоқ, әлі бере қоймады. Бұл мәселені осында қызметке келгеннен бері көтерудемін. Ғимарат өте апатты жағдайда деп түсіндіреді. Егер сол мекеме клиникалық базамыз болғанда, бір жағынан ондағы мамандар студенттерге дәріс бергені әрі науқастарды емдегені үшін жалақыларын алар еді. Біз де өз проблемамызды шешкен болар едік. Әңгіме осында. Ал біз болсақ, бүгінде қала бойынша 65 клиникалық базада шашылып жүрміз. Студенттеріміз қаланың бір шеті сонау Қалқаманнан әуежай маңындағы №4 ауруханаға мынадай кептелісте қалай жетпек?! Бұл жағдайды Астанада өткен дөңгелек үстелде көтердім. Депутат Досқалов қолдап, көмектесуге уәде бергенмен, мәселе тағы да қаржыға тіреліп тұр. Меніңше, «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша бізге бір клиника салынса, бұл мәселе шешімін табар еді. Оған 300 төсектік жобаны дайындап та қойдық. Ақсайдан жер де бөлініп берілген, құжаттары да дайын. Бірақ, былтыр да, биыл да жоспарға кірмей қалды. Ендігі бар үмітіміз 2012 жылы шешілер деп отырмыз. – Сіздерде қаланың ортасында біраз оқу ғимараттарыңыз бар емес пе? – Рас, қазіргі таңда қалада 76 мың шаршы метрге орналасқан 15 ғимаратымыз бар. Әрине, ол жеткіліксіз. Өйткені, университет Кеңес Одағы кезінен келе жатқан типтік оқу орны. Соңғы 30 жылда бірде-бір жаңа ғимарат салынбаған. Сол типтік оқу орнында 3-3,5 мың студент оқудың орнына, бүгінде 10 мыңға жуық студент екі-үш ауысымда білім алуда. Ол ғимараттардың жанында бір шаршы метр артық жер жоқ. Егер болып жатса, 9-10 қабатты ғимарат салып, кішкене жеңілдетер едік. Бұл енді стратегиялық жоспар. Ал күнделікті ағымдағы жұмысқа тоқталсақ, осында келгелі 2,5 жылда олардың 60 пайызына күрделі, 30 пайызына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл қалғандарын ақырындап қолға алмақпыз. Келесі жылы амандық болса, түгел бітіріп, айнадай етіп қоюға мүмкіндік бар. Бірақ, бұл бәрібір аз. – Медициналық жоо-ларда оқу мерзімі ұзарды емес пе, осы жағын таратып айтып көрсеңіз... – Бұрынғы бағдарлама бойынша медициналық оқу орнында 6 жыл және бір жыл интернатурада оқып, дәрігерлік диплом алса, қазір бес жыл және екі жыл интернатура, одан кейін де екі-үш жыл, яғни 9-10 жыл оқып, жан-жақты игеріп шығады. Мұндай оқу жүйесін енгізіп отырған біздер емес. Мәселен, бірқатар шетелде 6-7 жылдық білімі бар маманды олар білімі жетіспейді деп санайды. Өйткені, шетелдіктер оқыған жылға емес, өткен пәнге қарайды. Ал біздің оқу бағдарламамыз оған жетпей отыр. Бұл жалғыз Қазақстанда емес, дүние жүзі бойынша осындай үрдіс. Егер біз Еуропаның білім кеңістігіне кіретін болсақ, Болон үдерісінде бар осы тәртіппен оқуға тура келеді. – Айқан Ақанұлы, сіз басшылық қызметке келгелі де екі жарым жылдай уақыт өтіпті. Әлбетте, жаңа басшы өз жаңалығын ала келетін еді... – Екі жарым жыл көп те, аз да уақыт емес, дегенмен өз тарапымнан бірталай жұмыс атқарғандаймын. Жұмысқа кіріскен күннен бастап «университетте екілік бағаға оқыған студент болмау керек» деген бағыт ұстап, бір жылдың ішінде «екіге» оқыған мыңға жуық студентті оқудан шығардық. Біздің сол қарқынымызды байқаған студенттер дереу тартыла бастады. Екінші жылы студенттерге: «Үшке оқыған хирургтің пышағына түскіңіз келеді ме?», «Жалғыз балаңызды «үшке» оқыған педиатрға апарасыз ба?» деген сауал қойғанда: «Жоқ, бермейміз, апармаймыз» деген жауап алдық. Ендеше, «үшке оқыған дәрігер болмауы керек» деген мақсат қойдым. Сөйтіп, «үштік» бағаға оқитын студентті келесі курсқа жібермеу керек деген жүйені қолдандық. Бүгінде студенттің білім деңгейі балдық рейтингпен өлшенеді. Мысалы, сіз 1-курсты бұрынғы жүйемен есептегенде кілең үштік бағаға бітірсеңіз, 2-курсқа өтпейсіз. Бірақ ақшаңызды төлеп, қайтадан оқи аласыз. Яғни, кілең «үштікке» оқысаңыз, жоғары курсқа көшпей, отыра бересіз. Ал 4-5 курста орта балыңыз 4 болуы шарт. Болмаса, әрі қарай курсқа көшпейсіз. Интернатураға оқуға орта балл 4,3. Бірақ, басқа медициналық жоо-ға барып, оқи аласыз. Өйткені, оларда мұндай талап жоқ. Қазір бұрынғыдай емес студенттеріміз тартылды, сабақтан қалмауға тырысады, 24 сағат мұрындарынан шаншылып оқу үстінде. – Қош, бұл шынында да, бүгінгі студенттің білім деңгейін көтеруде таптырмас жүйе екен. Ал студенттердің оқуына қаншалықты жағдай жасап отырсыздар? – Әрине, қолдан келгенше жағдайларын жасауға тырысудамыз. Тек, қолдан келмейтіні – жатақхана мәселесі. Кезінде оқу орнына қарасты 10-12 жатақхананың қазір бесеуі қалған. Ал бес жатақхана 1990 жылдары сатылып, қолды болған. Қазір бар-жоғы 2900 орындық 7 жатақхана бар. Оқу орнындағы 10 мың студенттің 7 мыңы жатақханаға мұқтаж болса, соның 40 пайызын ғана қамтып отырмыз. Қалғандарын ойласақ, жүрек ауырады. Студенттеріміз бір пәтерден бір пәтерге көшіп жүргені. Ал жаңа жатақхана салуға мүмкіншілік жоқ. Білім және ғылым министрлігі күрделі жөндеуге қолдарынан келгенше көмектесті, басқасын өзіміз тауып, 4 жатақхананы күрделі, екеуін ағымдағы жөндеуден өткіздік. Қалған біреуі келесі жылы жасалмақ. Бұрынғыдай бір бөлмеде 8-10 адам екі сатылы төсекте емес, ең көбі 4-5 студенттен тұрады. Таза, тәртіп бар. Осы екі жылдың ішінде жиырма шақты студенттік ұйым құрылды. Олардың бәрі сайланды. Компьютерлік сыныптар, тест орталығы, университеттік және республикалық ғылыми-медициналық кітапхана, республикалық оқу-ғылыми, білім беру-клиникалық, рухани-өнегелік тәрбие, үздіксіз білім беру орталықтары, ғылыми білім беру зертханасы, симуляциялық орталық, сонымен бірге, спортзал, спорт алаңдары, 2 денсаулық орны, республикалық медицина тарихы мен 2 анатомиялық мұражай бар. Университетте Х.Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебі, «Дәлелдемелік медицина» орталығы, Б.Атшабар атындағы іргелі және қолданбалы медицина институты ашылды. 4 диссертациялық кеңес қызмет етеді. Ғылыми-тәжірибелік «ҚазҰМУ хабаршысы» журналы және «Шипагер» газеті мерзімді түрде шығарылып отырады. Сондай-ақ, Б.Момышұлы атындағы әскери-патриоттық тәрбие орталығы, қос батырымыз М.Мәметова мен В.Иванилов, С.Қарынбаев, Т.Никонова, Р.Сәтбаева, М.Брякин, академик И.Қарақұлов және А.Полосухин сияқты көрнекті ғалымдарға атаулы аудиториялар бар. Бұрынғы ұстаздардың атын ардақтап, «Даңқ» залын ұйымдастырдық. Жақында 28 қаладан 60 жоо-ның студенттерінің басын қосып, өзін-өзі басқару бойынша біздің тәжірибемізді, өз тәжірибелерін ортаға салған үлкен форум өтті. Университет аумағына тәртіп енгізіп, күзет қойып, «Нан мен тұз» Өмір аллеясын жасап, ескерткіш орнаттық. Әлі алда атқарылатын шаруалар баршылық. Әрине, өмір болған соң ұсақ-түйек кемшіліктеріміз кездеседі. – Дәрігер мамандығына ақылы оқуға әртүрлі көзқарастар барын білесіз. Оған не айтар едіңіз? – Шынында, бұл жайт сырт көзге өрескел көрінері рас. Бірақ, ішкі жағдайды байқасаңыз, оны дұрыс деп санайсыз. Мәселен, стоматологтарды алыңыз. Мемлекет оларды тегін оқытып, қолдарына дәрігерлік диплом береді, ал олар болса кабинеттерін ашып, жеке басына жұмыс жасайды. Бүгінде еліміздегі стоматологтардың 10 пайызы ғана мемлекетке жұмыс істейді. Фармация да солай. Бірақ, ол мамандықтар да керек. – Оқу орнына биыл қанша грант берілді? – Бір мың грант. – Сонда сіздерде оқитын 10 мыңға жуық студенттің бір мыңына ғана грант берілгені ме? – Жоқ. Бізде 7 мың студент грантпен оқиды. Бұрынғы кезде ондай шектеулік болмай, грант көп бөлінген. Ақылы бөлімге жылына 20-25 пайыздан артық қабылдамаймыз, тіпті емдеу факультетіне 5-6 пайыз студент аламыз. Неге десеңіз, оқуға түсе алмай қалған, бірақ балы жоғары балалар «грантқа оқи алмағандардың орнына ауысамыз» деген оймен келеді. Айтқандай-ақ солай болады. Былтыр 300 баланы ақылы бөлімнен грантқа ауыстырдық. Әсіресе, ауылдан келген балы жоғары талапкерлер оқуға түскенмен, 1- курста-ақ оқи алмай шығып кетеді. Мен мұны дұрыс деп есептеймін. – Шетелде дәрігерлік мамандыққа оқуға көзқарас басқаша, әрі оқуға түсу қиямет-қайым. Неге бізде болашақ медиктерді қабілетіне, мамандыққа икемдігіне қарай кішкене кезінен музыкаға, көркем суретке оқытқандай жүйе енгізбеске? Сонда өзіңіз айтқандай, оқи алмай шығып кеткен 300 бала сияқты дәрігерлік мамандыққа кездейсоқ келетіндер болмас еді. – Айтқаныңыз дұрыс. Мұны шетелде кәсіби таңдау дейді. Бұл өз алдына мәселе. Бізде қазір қалай, Қызылордада отырып, құжаттарын Астанаға жібереді де, 1 қыркүйекте аспаннан жауған қар секілді естімеген, көрмеген балалар «біз сіздердің университетке оқуға түстік» деп келеді. Мысалы, Сингапурдың тәжірибесінде университетке түсуі үшін 5-6 ай мерзім керек. Бірінші рет құжаттарын тапсырып, одан бір таңдалады, екіншіден, талапкер әңгімелесуден өтеді, үшіншіден, тест тапсырады, төртіншіден, ойлау қабілет-қарымын білу мақсатында белгілі бір тақырыпқа әңгіме жаздырып барып, конкурсқа түсіреді. Онда бір орынға 20-30 адамнан келеді. Сөйтіп, оқуға іріктеп, мықтыларын таңдап, біз сияқты мыңдап емес, 150-200 студент қабылдайды. Биыл мыңнан аса студентті қабылдай алмаймын деп, квота алдым. Соған өзіміз уһ деп демалып қалдық. Неге десеңіз, былтыр грантпен бірінші курсқа 2300 бала оқуға түсті. Көрдіңіз бе?! – Елімізде бүгінгі күнге ең қат мамандар дәрігерлер емес пе? Оны неге көпсініп отырсыз? – Маман жетпесе, оның шешімі басқашалау шығар. Жарайды, біз сонша баланы оқытайық, бірақ біздің базамызды үлкейтіп, оқуға мүмкіндік туғызсын. Бір студенттің үстіне бірі отыр, одан қандай сапа болсын. Мысалы, жыл сайын Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкенттегі медициналық жоо 300-400, көп болса 500, Астанаға былтыр 600-700 грант бөлінді. Содан қалғанының бәрін Алматыға әкеліп топырлатты. 5 мың гранттың 40 пайызы бір университетке келді де, қалғандары жағдайына қарап, бөліп алды. Олардың жатақханалары да біздікіндей емес, баршылық. Біз биыл осындай шектеу қойып едік, Астанаға 1000, Қарағандыға 1000 бала түсіп еді, енді олар қиналып отыр. Егер оларға үш жыл қатарынан осыншама грант бөлінсе, жағдайы қиындайды. Бұл жалпы проблема. – Жыл сайын 5 мың грант бөлінеді екен, неге елімізде дәрігерлер жетпей жатыр деп ойлайсыз? – Оның екі факторы бар. Жоғарыда айтқандай, егер оқу орнын мың адам тәмамдаса, олардың 300-500-дейі ақылы бөлімді бітірген соң мемлекеттік жүйеге барғылары келмейді. Оның сыртында «ананың ағасы», «мынаның көкесі» бар. Ал қалғаны ауылға барғанмен тұратын баспанасы жоқ, жалақысы мәз емес, содан кетіп тынады. Енді ғана әкімдердің беті бері қарап, оларға тұрғын үй беріп жатыр ғой. – Грантпен оқыған студентті ауылға баруға міндеттеуге болады ғой. – Біріншіден, ондай заң жоқ, бұрынғы Кеңес Одағы кезінде болды. Біз оқытамыз, ауылға барыңдар деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгеміз. Қазір 8 облыста клиникалық базамызды аштық, сол жерге практика кезінде жібереміз. Кейбіріне сол облыс ұнап қалса, қыздар тұрмыс құрады. Қалғандары жағдай жоқ деп, қайтып келіп жатады. Сондықтан жас маманға көтерме ақша төлеп, баспана беріп, жалақысын көтерсе неге бармасқа. Егер 1-1,5 ставкаға алған 30-40 мың теңгесі ішім-жемінен артылмаса, жас маман ол жерде қайтіп тұрақтайды. Бұл жүйелі түрде шешілетін күрделі мәселе. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.
•
11 Желтоқсан, 2010
Ең қайырымды мамандық
786 рет
көрсетілді