• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2010

Құныққанды құлыпта ұстар құрық бар

583 рет
көрсетілді

Жемқорлық – індет, жою – міндет

Қызылорда облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Нұрлан ҚАМБАТЫРОВПЕН әңгіме

– Нұрлан Дәулетұлы, Ел­ба­сы бастамасымен құқық қорғау органдарында қолға алынған реформалардың қаржы поли­ция­сына қатысты тұстары ту­ра­лы не айтасыз? – Мен тұтастай алғанда, ре­форманың дер кезінде қолға ал­ынғанын айтар едім. Мемлекет басшысы осыған жол бастайтын «Қазақстан Республикасында құ­қық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жө­­ніндегі шаралар туралы» Жар­лығына биылғы жылғы 17 та­мызда қол қойды. Онда біздің саламызға байланысты онша ау­ыр емес және ауырлығы орташа экономикалық қылмыстар жаса­ға­ны үшін қамауға алу шарасын қолдануды шектеу, кейбір эконо­микалық қылмыстарды әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына ауыстыру қарастырылған. Менің­ше, бұл адамгершілік тұрғыдан да жақсы ойластырылған ізгілікті іс. Себебі, қылмыстық сипаттан ар­ылған мұндай оқиғалар азамат­тың келешегіне балта шаптыр­май, оның алдағы күндерге деген үмітін де арттыра түседі. Атал­мыш құжатта сондай-ақ келтірілген залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы да ережелер көрсетілген. Осының өзі қыл­мыстық қудалау органдары­ның оларды тергеуге жіберетін шы­ғындары мен уақытын үнем­деуге жағдай туғызады. Сонымен қатар, салықтық қылмыстарды жасауға бейімділікті төмендетуге, шағын және орта бизнеске қы­сымды азайтуға, азаматтарды негізсіз қыл­мыстық жауапкершілікке тар­ту­ды тежеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда біз алдымен бизнесті барынша қолдау мен қорғау мақсатында кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялау жағ­дайында жұмыс жасап жатырмыз. Агенттік басшылығының қойып отырған талабына сәйкес бизнес пен меншікті заңсыз тартып алуға қарсы іс-қимылды тиімді жүзеге асыруға күш салатын боламыз. Алдағы уақытта қаржы поли­ция­сы жедел-тергеу қызметінің ба­сым бағыты «көлеңкелі экономи­камен» және биліктің барлық деңгейіндегі жүйелі сыбайлас жем­қорлық қылмыстармен күрес­ке бағытталады. – Осы күрестің облыстағы қазіргі ахуалы қандай? – Қаржы полициясы департаменті қабылдаған іс-шаралар нә­тижесінде жыл басынан бері сы­байлас жемқорлық санатындағы 59 қылмыс әшкереленіп отыр. Бұл – 2009 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда, үштен бірге артық. Биылғы жылы ан­ық­талған қылмыстардың ерекшелігі, олар жауапты лауазымдағы тұл­ғалардың, яғни облыстық, қала­лық деңгейдегі шенеуніктер тара­пынан сыбайластық, қызметін пайдалану арқылы бюджет қар­жысын талан-таражға салу, пара алу фактілерін әшкерелеудің өсуі деп айтуға болады. Елбасының қаржы полициясы органдары алдына қойған міндет­терінің бірі ол «жүйелі» сипат­тағы ауқымды сыбайластық қыл­мыстарды әшкерелеу болса, бұл бағытта да біздің жұмысымызда нақты нәтижелер бар. Әрине, қылмыстарды анықтаудың өсуі­нің негізгі себебін жалпы қаржы полициясы органдарына, департамент қызметіне деген тұрғындар сенімінің артуынан деп білуге де болады. Сол сияқты ірі лауазым иелерінің заң алдындағы жауапкершіліктен сытылып кетуіне мүм­кіншілік берілмейтіні де сенімділікті нығайтты деп санаймын. Анықталған қылмыстар ішінде мемлекет мүлкін талан-тараж­ға салу немесе иеленіп алу фактісімен – 27, алаяқтық дерегімен – 3, қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану бойынша – 8, пара алу ар­қылы – 9, пара берумен – 3, қыз­меттік жалғандық жасауға бай­ланысты 9 қылмыстық іс тіркелді. Қызылорда қалалық соты­ның үкімімен облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық инс­пек­циясы бастығының орын­баса­ры Д.Арынов 3 жылға бас бос­тандығынан айыру жазасына кесілді. Ол қаланың екі тұрғы­ны­на тіркелмеген аңшы мылтығын сақ­тауға және алып жүруге жалған рұқсат қағазын бергені үшін 41 мың теңге пара алған. Тағы бір мысал. Жалағаш ау­дандық сотының үкімімен Сыр­да­рия ауданы, Іңкәрдария ауылдық округінің әкімі К.Райбеков 5 жыл­ға сотталды. Бұған оның ауылдық округ әкімі аппаратының заңгер-консультанты қызметіне қабыл­дан­ған маманнан 50 мың теңге пара талап еткені себеп болды. Жедел іс-шаралар жүргізу бары­сында бұрынғы әкім жас маманнан 24 мың теңге пара алып жатқан жерінде ұсталды. Тергеу барысында оның бұған дейін 30 мың теңге пара алғаны да ан­ықталды. Департамент қызмет­кер­лері биылғы 21 тамызда Сыр­дария ауданы Шаған ауылдық округі әкіміне қатысты да қыл­мыс­тық іс қозғады. Ол ауыл тұр­ғынынан жер учаскесінің шешімін шығарып беру үшін 50 мың теңге пара алып жатқанда қолға түсті. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар тарапынан шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз ара­ласудың жолын кесу және бол­дырмауға бағытталған шараларды қолдануды негізгі міндетіміз деп санаймыз. Сол бағытта Қызыл­орда қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр бөлімі­нің бас инспекторына қатысты қылмыстық іс қозғауға қол жеткіздік. Ол қала тұрғынынан сауда нүктесіне жалға алып отырған жер учаскесінің мерзімін ұзар­тып, құжаттарын ресімдеп беру үшін 150 мың теңге сұраған. Қолға түсер кезінде осының 70 мың теңгесін алып жатты. Жедел іс-шаралар жүргізу кезінде жер қатынастары бөлімінің қызмет­кері кабинетінде 80 мың теңге пара алған жерінде тұтылды. Облыстық мемлекеттік сани­тарлық-эпидемиологиялық қада­ғалау департаментінің директоры, тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау және өн­дірістік нысандарды қадағалау бөлімдерінің бастықтары бір дерек бойынша қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Олар осы де­партаменттің бөлім бастығына қатысты қылмыстық іс қозғамай, оң шешім қабылдау үшін қаржы полициясы қызметкеріне 200 мың теңге көлемінде пара ұсынған. Бірақ бұл әрекеттерінен түк шық­пады, пара берушілер жауапқа тартылды. Қазір бұл қылмыстық іс сотқа жолданды. – Мемлекеттік сатып алуға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайлы не айтасыз? – Біздің департамент мемлекеттік сатып алуға қатысты жа­салатын заң бұзушылықтармен күрес мәселесіне үнемі қатаң назар аударады. Өйткені мемлекет қаржысына үлкен залал келтіретін жемқорлық қылмыстар көбіне мемлекеттік сатып алу шаралары барысында жасалатындығын тә­жі­рибе көрсетіп жүр. Осы мемлекеттік сатып алу фактісімен 13 қылмыстық іс қозғалды. Соның бірі – облыстық халық шығар­машылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының дирек­торы Ш.Тоқжоловқа қатысты тергеумен аяқталған қылмыстық іс. Ол жеке кәсіпкерден сатып ал­ынған 19 мың теңгелік ұлттық киімді 233 350 теңге етіп көрсетіп, 214 350 теңгені бас пайдасына жаратып кеткен. Бұрынғы директор қалалық соттың үкімімен кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бос­тан­дығынан шартты түрде айырылды. Қызылорда қаласы әкімінің бұ­рынғы орынбасары Қ.Иман­ба­ев­қа, «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» МКК директоры А.Есболов пен «Дәурен» ЖШС дирек­торлары Т.Есболовқа және Е.Әл­ме­новке қатысты қылмыстық іс­тің тергеуі аяқталды. Олар Қы­зыл­орда қаласының жылу жүйе­сін күрделі жөндеуге бөлінген 9 млн.теңгені талан-таражға салған. Қалалық соттың үкімімен бұ­рынғы орынбасар 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы режімдегі түзеу колония­сында өтеуге кесілсе, кәсіпорын директоры 2 жылға шартты түр­де, серіктестік басшыларының әрбірі алдағы 5 жылдарын түзеу колониясының жалпы режімінде өткізетін болды. – Департаменттің «көлең­ке­лі экономикамен» күрес бағы­тында қолға алған шаралары жөнінде айтып өтсеңіз. – Осы жылы анықталған қыл­мыстарға талдау жасап көрсек, бұл саладағы көлеңкелі бизнестің негізгі үлесін мұнай мен оның өнімдерінің заңсыз айналымы құ­райтыны байқалады. Бұл салада биылғы жылдың 9 айында 42 қылмыс ашылып, заң­сыз айналымнан 100,5 млн. тең­генің шикі мұнайы мен мұнай өнімдері алынды. Мәселен, «Та­быс Ойл» ЖШС басшылары қыл­мыстық жолмен 370 тонна шикі мұнайды жинақтап, оны Белкөл стансасынан 6 вагон-цистернамен Алматы қаласындағы «Бас групп» ЖШС-ға жөнелтпекші болып тұр­ғандарында қолға түсті. Құны 23,3 млн. теңгелік өнімге байла­нысты қозғалған қылмыстық іс қазір тергеумен аяқталып, сот үкімімен жаза тағайындалды. Қа­мауға алынған мұнай мемлекет кірісіне тәркіленді. – Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда, экономикалық қылмыс­тар­дың қандай түрлерінің үлес салмағы артып, немесе керісінше кеміп отыр? – Департамент қызметкерлері биылғы жылдың 9 айында 356 қылмысты анықтап, олардың 250-і тергеу өндірісімен аяқтады, 225 қылмыстық іс айыптау қорытын­ды­сымен сотқа жолданды. Өнді­ріс­пен аяқталған барлық қылмыс­тық істер бойынша келтірілген 4,6 млрд. теңге залалдың 3,8 млрд. теңгесі мемлекетке қайта өндірілді. Экономикалық қызмет сала­сын­да 272 қылмыс тіркелді. Ол­ар­дың 193-і экономикалық елеулі қылмыстар санатына жатады. Бұ­лар былтырғы жылдың осы кезе­ңі­мен салыстырғанда, 9,4 пайызға артып отырғанын көрсетеді. Бұл саладағы қылмыстардың басым бөлігі бюджет қаржысын иемденумен, көлеңкелі айналыммен, салық төлеуден жалтарумен және мемлекеттік сатып алумен бай­ланысты болып келеді. Салықтан жалтару және жал­ған кәсіпкерлікпен айналысу фак­тілерінің жолын кесу эконо­ми­ка­лық қылмыстармен күрестің ба­сым бағыттары болып табылады. Департамент есепті кезеңде са­лық төлеуден жалтару фактілері бойынша 33 қылмыстық іс қоз­ғады. Бұл өткен жылдың осы кезең көрсеткішінен үштен бірге артық. Салықтық қылмыстардың басым бөлігін ұйымдарға салына­тын салық декларацияларына жал­ған мәлімет енгізу арқылы салық төлеуден жалтару деректері құрайды. Мәселен, «Арнайы­МонтажҚұрылыс» ЖШС А.До­са­ев­қа қатысты қылмыстық істің тер­геуі аяқталды. Ол мекеменің бухгалтерлік және салық есептерін дұрыс жүргізбей, міндетті түр­де тапсырылуға жататын дек­ла­рацияға жалған мәліметтер енгізу арқылы 2007-2009 жылдар аралығында бюджетке 63,2 млн. теңге көлемінде қосымша құн са­лықтары мен міндетті төлемдерді төлеуден жалтарып, мемлекетке ірі мөлшерде залал келтірген. Пай­дакүнем директор қалалық сот­тың үкімімен бір жылға бас бос­тандығынан айыруға соттал­ды. Ол жазасын енді еңбек түзеу колониясының жалпы режімінде өтейтін болады. Міне, «Жарға біткен жантақты жанынан безген нар жейді» демекші, қылмыстың ұшына қаса­қана барып, ілігіп жүргендерді осылай жазаға тартып қоймаса болмайды. Айналып келгенде, бұл басқаларға сабақ болуы тиіс. Өйткені бізде құныққанды құлып астында ұстайтын құрық бар. Әңгімелескен Серік ПІРНАЗАР. Қызылорда.