Хиллари КЛИНТОН, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
– Тұңғыш рет ЕҚЫҰ Саммитінің Орталық Азиядағы елде өтіп отырғандығы Ұйымның және Хельсинки қағидаттарының бір ғана топта немесе жекелеген елдерде ғана емес, бүкіл әлемде дерлік қолданылатындығын көрсетеді.
Мен сіздердің тамаша астаналарыңызда меймандостықпен қарсы алғандарыңызға және жиынды ұйымдастырғандарыңызға алғыс айтқым келеді. Бұл саммит үлкен маңызға ие. Ол 11 жылғы үзілістен кейін өтіп отыр. Ұйым аймағына кіретін әрбір елде орын алған тұрақсыздық ЕҚЫҰ-ға мүшелердің барлығына да әсерін тигізеді. Мен Қазақстанның Қырғызстандағы жағдайларға қатысты тиімді қимылдарына ризашылығымды білдіремін. Ал біздің Астанадағы негізгі мақсатымыз – Хельсинки рухына қолдау көрсетіп, оның жаңа ғасырдағы тынысын ашу.
Қазақстан тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде толайым табыстарға, оның ішінде экономикалық жетістіктерге қол жеткізді. Ол – өзінің алдына мақсат қойып, соны орындай алатын ел.
Ник КЛЕГГ, Ұлыбритания Вице-премьері:
– Өте маңызды кездесу өтті. Мен Президент Назарбаевты саммиттің өте жақсы ұйымдастырылуымен құттықтадым. Бұл – жаңа ғасырдағы алғашқы саммит және маңызды оқиға. Сонымен бірге, біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды даму үстінде екенін айтқым келеді.
Үкімет адам құқықтарының сақталуына ықпал етіп, осы салада реформалар жүргізді. Біз осы жұмыстардың бұдан былай да жылдам жүргізілуіне үміттенеміз және осы реформалардың тұрақтылықты сақтауға, бизнесті дамытуға оң жағдайлар жасайтынына сенеміз.
Мануэль ЧАВЕС ГОНСАЛЕС, Испания Үкіметі төрағасының орынбасары:
– Мен Президент Назарбаевты ЕҚЫҰ төрағалығының табысты өткізілуімен құттықтадым. Бұл Қазақстанның әлемдік ауқымдағы беделін арттырды, оның позияцияларын нығайтты. Және Испанияның Қазақстанды Ұйым жұмысында әу бастан-ақ қолдағанын айтқым келеді. Астана ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге бастама көтергенде де дәл солай болды. Есесіне Қазақстан сенім үдесінен шыға білді. Тамаша Саммит ұйымдастырды.
Энтони БОРГ, Мальта Республикасы Премьер-министрінің орынбасары:
– ЕҚЫҰ Саммиті 11 жыл бойына өткізілмей келді. Содан бері қаншама өзгерістер жүрді. Еуропадағы және бүкіл әлемдегі қауіпсіздік мәселесі қазіргі заманғы көпұлтты әлемде аса маңызды мәнге ие. Саммитте қауіпсіздікке қатысты келіссөздер жүріп, нақты қадамдар жасалды. Енді осы қадамдарды дамытып, ілгерілету жағына мән берілуі тиіс деп ойлаймын. Ол сонда ғана өзінің нақты жемісін бермек.
Сергей ЛАВРОВ, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі:
– Қазақстан төрағалығының даусыз жемісі деп 11 жыл бойы өткізілмеген Ұйым Саммитін ұйымдастыруын атауға тиіспіз. Көпке мәлім, Ресей Президенті Дмитрий Медведев саммит өткізу жайындағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын алғашқы болып қолдады. Және осы жолғы саммиттің тұңғыш рет географиялық Еуропадан тыс аймақта өткізілуі Ұйымға мүше еуропалықтар мен азиялықтардың арасындағы үзілмейтін байланыстың белгісіндей.
Қырғызстандағы жағдай тұсында төраға ел – Қазақстан жасаған істер ерекше мән беруді қажет етеді. Соның нәтижесінде осы елде жағдайды тұрақтандыруға, саяси және құқықтық реттеу жолдарын іздестіруге мүмкіндік туды.
Аудронюс АЖУБАЛИС, Литва Сыртқы істер министрі.
Қазақстанның өз төрағалығы тұсында атқарған барлық істерін жоғары бағалаймын. Бұл күнделікті тынымсыз атқарылған жұмыс болды. Өйткені, ұзаққа созылған жанжалдарды реттеу бір күннің жұмысы емес, алайда, Қазақстанның ешкімге дабыраламай-ақ мәселені алға жылжытуда атқарған еңбегі Ұйым аясындағы елдерге көрініп тұрды. ЕҚЫҰ осындай проблемалардың шешілуіне мүдделі.