Азиада жаршысы
«Егемен Қазақстанның» VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік бетіАзиада әнұраны
мемлекеттік тілде шырқалса деген тілек желге ұшпасын...
Азиаданың өне бойында шырқалатын шабытты әнге – Азиада әнұранына жарияланған байқаудың нәтижесі белгілі болды. Байқауға қатысқан 105 әннің ішінен белгілі қазақ композиторы Ескендір Хасанғалиевтің «Азиада алауы» атты туындысы топ жарды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөз мәслихаттарында болсын, Азиада әнұраны тек қазақ тілінде жазылып, шырқалса деген елжанды азаматтар мен журналистердің бастамасы баянды болғалы тұрған сыңайлы. «Сыңайлы» деп сырғақтатып отырғанымыз, жеңімпазды жария етуге арналған Қазақстан баспасөз клубында өткен мәслихатта «2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитеті»» АҚ әдістемелік департаментінің директоры Нұрлан Нұрғазин Азиада әнұраны жарыстың ашылу салтанатында айтылу-айтылмауы алдағы күндері шешілмек деген-ді. Егер ең үздік деп табылған Азиаданың ресми әнұраны ашылу салтанатында орындалмаса, қай кезде айтылмақ сонда? Онда композитор біткен неге шабылып жүр десеңізші. Ал қазірге Азиада әнұранының туу тарихына орала тұрайық. Бас-аяғы 105 ән қатысқан байқаудың соңғы кезеңіне 10 композиция іріктеліп шыққан болатын. Олардың ішінде 49 ән – қазақ тілінде, 45 ән – орыс және қазақ тілдерінде, қалған 11 ән аралас, яғни қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған. Таңдаулы деген туындылар 1 қарашадан бастап күн сайын «Қазақ радиосы», «NS» және «Сәлем» радиосы арқылы тыңдармандардың талқысына түсіп, SMS арқылы дауыс жинаумен болды. Дауыс берушілердің тең жартысына жуығы дерлік Ескендір Хасанғалиевтің «Азиада алауы» әні жарыстар барысында шырқауға лайық деп тапқан. – Байқау барынша әділ болуы үшін біздер орындаушылар мен әнұран авторларын атаған жоқпыз. Композициялар нөмірленген түрде дауысқа салынды. Бірақ, кейбіреулер байқауға түскен әндерді айналдыруда алалаушылық болды деп күстаналады. Алайда, шын мәнінде олай емес. Байқауға қатысушыларға бірдей жағдай туғызылды, – деді баспасөз мәслихатында NS радиосы ұлттық желісінің бас продюсері Ноэль Шаяхметов. Байқаудың өне бойында 3992 қазақстандық дауыс берген. Нәтижесінде 49,5 пайыз дауыспен Ескендір Хасанғалиев алға шықты. Екінші орынды 13,4 пайыз дауыспен Мақсат Жәутіков, үшінші орынды 9,7 пайызбен Естай Әлікеев иемденді. Үздік ондыққа іліккендер қатарында «Мистерионс» тобы (8,2 пайыз), Еркеш Шакеев (6,5 пайыз), Кеңес Дүйсекеев (6 пайыз), Дүйсенхан Сыздықов (3,1 пайыз), Иван Бреусов (2,1 пайыз), Нұржан Теңізбаев (0,8 пайыз), Бақтияр Құсайынов (0,4 пайыз) бар. Бастапқыда-ақ, Ақ Азиаданың маңыздылығын ашатын, жанкүйерлердің рухын оятатын әнұранға жарияланған жарыста Ескендір Хасанғалиев пен Кеңес Дүйсекеевтің әндері таласқа түсетін болады деген долбар жартылай орындалды. Ал Азиаданың әнұраны болуға лайықты туындыға тігілген жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтындығын осыған дейін де хабарлағанбыз. Бұл аз ба, көп пе және оны жеңімпаз қалай жұмсайды деген сауалдар көбімізді қызықтырғаны анық. Бұл сауалға Ескендір Хасанғалиев төмендегідей жауап берді: – Дәп осы арада мен оны қайда жұмсайтынымды кесіп айта алмаймын. Мүмкін бұл қаражат менің әніме жасалған жаңа клипке немесе клиптерге кететін шығар. Көпшілік маған әнді естіп қана қоймай, көру үшін клип түсіру қажеттігін жиі құлаққағыс етеді. – Азиада әнұранының тууына қанша уақыт кетті? Композиция бір тыныспен жасалды ма? – Бізде әннің бірнеше нұсқасы болды, таңдап алған музыкамыз адастырмады. Бұл композиция үстінде шамамен 2-3 айдай жұмыс істедік. Әнге продюсерлік етуге көмектескен ұлым Біржан Хасанғалиевке алғыс айта кетуім керек. Мен музыкасын жасадым, аранжировкасы мен басқа да ұйымдастыру жұмыстарына әншілер мен дыбыс студиясын тарттық. – Байқауға мақсатты түрде қатыстыңыз ба, әлде кездейсоқтық болды ма? – Маған байырғы танысым, белгілі ақын Өтеген Оралбаев қоңырау шалып, Ақ Азиаданың ресми әнұранына қатысты ән мәтінін жазғанын айтып, музыка жасап көруге өтінді. Мәтінді оқып шықсам, шынында да жақсы екен. Барынша жинақы, көпсөзділік жоқ. Мен осы деммен мәтінге музыка жаздым. Бірақ, бастапқыда мен қандай жұмысқа жұмылғанымды түгел сезіне алмадым десем де болады. Алайда, Азиада не екенін және ол қандай тарихи маңызға ие екендігін толық түйсінгенімде үлкен жауапкершілікті сезіндім және бұл сезім мені әлі де әлдилеп тұр. – Бәсекелестеріңіздің әндерін тыңдап көрдіңіз бе? – Өкінішке орай, қалған әндерді тыңдап көргенім жоқ. Бірақ, таңдап алынған 9 әннің ешқайсысы да осал болмаған шығар деген ойдамын. Әнұранның тағдырын тыңдармандар шешкенін білесіздер, халық жаңылыспаған болар деймін. – Байқауда бақ сынаған әндердің атауы да «Азиада алауы», «Спорт», «Алға, Қазақстан», «Азиада-Қазақстан» деп келеді. Дегенмен, сіздің әніңізде «спорт» деген сөздің мүлде айтылмайтындығы сөз болуда... – Мұнда «спорт» деген сөз мүлде қолданылмаса да, соған байланысты қажырлылық пен қайраттылық, ептілік пен ерлікті дәріптейтін сөздер бар. Дегенмен, бұл ән де әр қазақтың жігерін жанып, құлақ құрышын қандыратындай, Азиада тарихында қаларлықтай туынды болатынына күмәнім жоқ. Ең бастысы, Азиада әнұраны тек қазақ тілінде шырқалады. – Азиада әнұраны үшін 1 миллион жүлде қоры сіз үшін аз ба, көп пе? – Біздей қарапайым жандарға бір миллион қомақты қаражат. Бірақ, мәселе ақшада емес. Ең бастысы, Алаш тарихында тұңғыш рет өткізілгелі отырған дүбірлі доданың ресми әні ретінде менің «Азиада алауы» атты туындым жеңіске жетті. – Халықтың сүйікті әншісі ретінде «Азиада алауын» орындаушылар тобына қосыласыз ба? – Бұл әнді балам Біржан, опера әншісі Жұпар Ғабдулина, Абай Әбішев сынды талантты жастармен қосылып орындамақпыз. Тіпті бұл менің ғана емес, ұлым екеуміздің ортақ жеңісіміз деп білемін. – Әңгімеңізге рахмет.Азиада алауы
Әнін жазған Ескендір Хасанғалиев Сөзін жазған Өтеген Оралбаев Орындалып ойдағы тілегіміз, Болды біздің бейбіт күн тірегіміз. Азиада алауын жарқыратып, Бар әлемге жар салып тұр еліміз. Қайырмасы: Қайрат, күші тасқан, Қиялардан асқан, Құрлықтарды қосқан, Азиада елімде! Жігер менен жеңіс, Өркендеген өріс, Өнегелі көп іс, Азиада төрінде! Жердің жүзі қарайды таңдай қағып, Ғасырларды жасампаз жалғайды уақыт. Азиада мекені – Қазақстан! Мұны көру, сезіну қандай бақыт! P.S. Ақ Азиаданың ашылуы мен жабылу салтанатына мемлекет қоржынынан 47,6 миллион доллар бөлініп, оған отандық режиссерлермен бірге танымал ресейлік композитор Игорь Крутой тартылғаны белгілі. Азиада әнұранының ең басты әуеніне де жауапты осы кісі. Және оған ұйымдастыру комитетінен 100 доллар көлемінде қаражат бөлінген. Байқау жүрген 5 айда ұлттық рухта асқақтайтын, отандық спортшыларымыздың делебесін қоздырар, қазақы бояуы қанық дүние туса игі деп тілегеніміз кеше еді. Ендеше әнұран тек ана тілінде асқақтаса деген мұратымыз желге ұшпағай!.. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. Суретте: ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтің бағы жанған күн. Суретті түсірген Самат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ.Бірінші бағыт
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов VII Қысқы Азия ойындары алауы эстафетасының Алматыдағы кезеңінің маршрутын бекітті. Осынау қасиетті алау Қазақстан жеріне келер жылдың 12 қаңтары күні Кувейттен келіп жетеді деп күтілуде. Сөйтіп, оның еліміздің қалаларын көктеп өтетін саяхат-сапары нақ осы Алматыдан басталмақ. Әуелі эстафета оңтүстік астананың барлық басты көшелерін адақтап өтіп, шаһардың ең елеулі де мәнді қойнау-түкпірлерінің барлығына шамшырақ нұрын шашпақшы. Барлық жағдайлар ойластырылып бекітілген бағдарлы жоспарға жүгінер болсақ, Алау эстафетасы жаңа халықаралық шаңғы тұғырлары кешенінде сөреден шығып, Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылы қиылысындағы Астана алаңында мәреге жетпекші. Эстафета маршруты Әл-Фараби даңғылын бойлап келіп, Фурманов даңғылына жетіп, одан Сәтбаев және Байтұрсынов көшелерін, Абай және Достық даңғылдарын, Шевченко, Қонаев, Қабанбай батыр көшелерін, ең соңында Абылай хан даңғылын басып өтпекші. Маршруттың жалпы ұзындығы 11,7 шақырымды құрайды. Азиада алауын нақ осы қашықтықта 80 алау көтеруші алып жүреді. 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындары Алматы қаласы дирекциясының директоры Сұлтанбек Сыздықовтың айтуына қарағанда, Алау эстафетасы маршрутын әзірлеген кезде қаланың тарихи әрі көрікті жерлерін және Азиаданың жаңадан бой көтерген бірегей нысандарын әйгілей паш етіп көрсету мүмкіндіктері, сондай-ақ алау көтерушілер мен көрермендердің қауіпсіздігі мәселелері де мұқият ескерілген көрінеді. Одан соң Азиада алауы жиырма күн бойы Қазақстанның 16 қаласына нұрлы жарығын шашып өтіп, өз сапарын 30 қаңтар күні Астанада түйіндемек. Сөйтіп, елордадағы «Астана-Арена» футбол стадионына ол Азия ойындары ашылу салтанатының ең шарықтау шағында, мың сан жүректерге қуаныш ұялатып жетпек. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы.Ақжолтай!
Осы күнге дейін Қысқы Азия ойындарына қатысуға 27 елден өтініш келіп түсті. Әуелі Азиадаға жоспарланғандай 24 елдің өкілдері қатысады делінген болатын. Сөйтіп, жарысқа қатысушылар саны күннен-күнге артып келеді. 1 желтоқсан күні жарысқа 559 спортшы, 350 ресми лауазым қатысуға ниет білдірсе, бір жұма өткен соң спортшылар саны 1 130-ға, ал ресми лауазым иелерінің саны 543-ке өсті. Жақында олардың қатарына Пәкстан, Ауғанстан мен Сингапур елдерінің өкілдері қосылды. Ойындарға қатысушылар саны одан әрі көбеймек. Жалпы, Азия ойындарына ең көп қатысатын спортшылар Қазақстаннан болады. Олардың саны – 167. Одан кейінгі орындарда Оңтүстік Корея (140) мен Моңғолия (137) орналасқан. Дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН.