Азиада айшықтары
Алматыда Азия ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр. Қала әкімдігі елімізде алғаш рет жалауын көтеретін жарысты лайықты өткізу үшін кәсіпкерлер қауымдастығын демеуші болуға шақыруда. Жақында қала әкімдігінің бастамасымен өткен «Азиада-2011» конференциясында Алматы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігі аясында Азиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізу үшін отансүйгіш, өздерін еліміздің патриоттары санайтын кәсіпкерлерді демеуші болуға шақырды. «Қазір бюджеттен Ойындарға 33,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл қомақты қаржының Азиаданы өткізуге жеткенімен, көлік қызметі, кәдесыйлар өнімдерін жасауға қосымша қаражат болатын болса артық етпейді. Осы жағына кәсіпкерлер көз қырларын салса, одан олар тек халықтың алғысын алар еді», – дейді ол. Бүгінде Алматыда Ойындарға дайындық аясында қаланың негізгі 14 көшесі (36 км. автожол) жөндеуден өтті. Қонақтарды 96 автобуспен спорт нысандарына апару үшін жеті бағытта схема жасалды. Бұдан басқа 70 үлкен, 63 микроавтобус пен спортшылардың керек-жарақтарын жеткізу үшін тағы 18 көлік қарастырылады. Сонымен бірге кәсіпкерлер арасында демеушілер табылып жатса, vip дәрежесіндегі екі жеңіл көлік, 44 өкілетті деңгейдегі және эконом-класс деңгейіндегі 361 көлік сатылып алынады. Астанада Халықаралық еріктілер күніне арналған «Бірлігіміз жарасқан! Көптің тілегі – күш!» атты концерт-фестиваль өтті. Қазақстандық спортшылар мен эстрада және басқа да өнер саласы өкілдерінің қатысуымен өткен шара еріктілерге қызмет көрсету, отандық спорт пен эстрада өнерін бағалау, сол арқылы әрбір азаматтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Алматыда Азия ойындары жақындаған сайын қаланың жедел жәрдем көрсету орталықтары, ауруханалар мен емханалар қызметкерлерін ағылшын тіліне үйрету күшейтілуде. Бұл үшін елімізде әлі тіл үйретуде болмаған жаңа бағдарлама жасалыпты. Дәрігерлерге арналған осы құжат екі кезеңнен тұрады екен. Оның біріншісі, 2009 жылдың желтоқсаны мен 2010 жылдың наурызы аралығында өтті. Осы аралықта қала ауруханаларының 80 дәрігері тіл үйреніп шықты. Екінші кезең қараша айында басталып, ол Азиаданың ашылуына дейін жалғасады. Бұл кезеңде де 80 маман ағылшын тілін үйренеді деп күтілуде. Азия ойындары кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 9 000-нан астам полиця қызметкерлері жұмылдырылады. Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтың айтуынша, қосымша полиция күштері басқа өңірлерден де тартылатын болады. «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін арнайы республикалық штаб құрылды. Астана мен Алматыда жедел штабтар құрылып отыр. Алматының өзінде 700 бейне бақылау камерасы орнатылды. Оған қоса 143 полиция бекеті жұмыс істейтін болады», – дейді ол. Алматыда «Asia Tea» ЖШС Рахмет» маркасының шай сусыны Азия ойындарының ресми әріптесі болатынын хабарлады. Компания өкілдері Ойындарға келетін қонақтарға Қазақстанның мәдени ерекшелігін көрсететін шаралардың қатарында жайылатын дастарқандарда шай сусынының болуы керектігін ескеріп, осындай шешімге келгендерін айтуда. Суретте: Азиадаға арналған киімдер. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
•
15 Желтоқсан, 2010
Азиадаға 46 күн қалды
355 рет
көрсетілді