Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрлігі,
Қазақстан Жазушылар Одағы.
Бақұл бол, Асыл Дос!
Осыдан аз ғана бұрын телефонмен сөйлесіп, хал-жағдайды сұрасқан едік. Мен оған Кипрге барғанымды, оның түрік тілінде жарық көрген кітабының тұсаукесеріне қатысқанымды, баяндама жасағанымды айтып, түрік ғалымдарының да кітапты жоғары бағалағанын әңгімелеп бердім. Немат ризашылығын айтып, қуанышын білдірді. Одан соң Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен жиынға да қатыстым. Онда Нематтың «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасының қытай, түрік, неміс тілдеріндегі нұсқалары туралы сыр шерткен болатынбыз. Немат екеуміз 1970-ші жылдардан аралас-құралас едік. Бізді табыстырған әдеби шығармашылық. Ол қызыл империяның қаны шығып тұрғанда Шәді төре Жәңгіров мұрасы туралы кандидаттық диссертация қорғап, бәрімізді таңғалдырып еді, өйткені ол заманда Абылайдың тікелей ұрпағының шығармашылығы жабық тақырып болатын. Сол шақта-ақ Немат әдебиет тарихына, рухани мұраға мойнын бұрып, бірте-бірте бұл тақырыптарға дендеп ене бастаған-ды. Немат Келімбетов сонау 1980 жылдардан бастап ежелгі әдебиетіміздің тарихын үңіле де, тереңдей де зерттеген айтулы ғалым болды. Ол әдебиетіміздің ерте дәуірін тәңірлік және исламдық деп үлкен екі кезеңге бөліп, қазақ сахарасында исламға дейін де жоғары дамыған мәдениет болғанын көрсетті. Сол замандағы әдеби-мәдени дәстүр ислам келгеннен кейін өрлей дамығанын, сөйтіп рухани жалғастық болғанын иландыра дәлелдеді. Бұрын жай ғана аталып жүрген сақ-ғұн, үйсін дәуірлеріндегі, көне түрік пен Алтын Орда тұсындағы әдеби туындыларды талдап, ғылымға енгізді. Оның осы саладағы еңбектері 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихына» да игі әсерін тигізді. Үлкен ғалым Немат Келімбетов ежелгі және орта ғасыр әдебиетіне арналған 2-3 томдардың жалпы редакциясын басқарып, іргелі еңбекке сүбелі үлес қосты. Ал оның «Үміт үзгім келмейді» повесі мен «Қариялар», «Ұлыма хат» секілді эсселері Нематтың жазушылық қорының мол екенін паш етті. Бұл шығармалар қазіргі әдебиетіміздің деңгейін де айғақтай алды. Енді, міне, осындай еңбекқор, әдебиеттану саласында ерен еңбек еткен, қайсар азамат арамызда жоқ. Ажалдан ешкім қашып құтылмаған. Сүйікті жарың Қуаныштың соңынан сен де кеттің, Немат дос! Қош бол. Алдың жарық, иманың жолдас болсын! Сейіт ҚАСҚАБАСОВ.Қайсар қалам қуаты
Нематпен сонау 70-ші жылдардан араласа бастағанбыз. Бізді табыстырған Әбіл деген ортақ досымыз еді. Нематтың үйі Әуезов театрының жанында болатын. Спектакльдерге жиі келуші еді, қойылымнан кейін үйіне бара салатынбыз. Ауылдасы, тамаша ғалым Лениншіл Рүстемовпен де сонда танысқанбыз. Кейін Немат ауыр дертке шалдықты. Сонда оның жары Қуаныштың дарқан жанына ерекше разы болғанбыз. Нематтың төсекте жатып алып, ауызша айтып аударған кітаптарын қайта-қайта қолдан жазып, қайта-қайта бастырып, баспаға апарып беріп жүретін Қуаныштың Мұхит, Қайрат есімді қос құлынын тәрбиелеуі де бөлекше еді. Осыдан үш жыл бұрын ғазиз жүректі Қуаныш та арамыздан аттанып кетті. Енді, міне, сыңарынан айырылса ұзақ тұра алмайтын аққудай болып Немат досымыз да ана дүниенің есігін ашыпты деген суық хабар жанымызды қарып өтті. Жақында ғана кітапханада Нематтың Қытайда, Түркияда, Австрияда жарық көрген еңбектерінің тұсаукесеріне қатысып едім. Сонда түсірген фотосуреттерді өзіне жеткізіп те берген болатынмын. Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деген кітабын сұрастырып, іздеп жүрген адамдарды көрдім. Оның кейінгі кезде драматургия жанрына қалам тартуы да табысты болды. Шығармасындағы шынайылықтан шығар, сол кітап бойынша қойылып жүрген спектакль біздің театрда ылғи аншлагпен өтіп келеді. Адам өмірі оның қалдырған ізімен бағалы. Нематтың соңында тамаша із қалды. Құнды кітаптары, асыл перзенттері қалды. Досымның алды пейіш, арты кеніш болсын. Сәбит ОРАЗБАЕВ.Ағамен қоштасу
Немат аға! Мен Сізге ертең телефон соққалы отыр едім. Ұлтымыздың ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтағалы отыр едім. Кенет... Кеше кеште суыт хабар келді. Сіз... бұ жалған дүниені артқа тастап жүріп кетіпсіз... Енді міне, қараңғы түн құшағында Сіздің рухыңызға арнап қоштасу сөзін жазып отырмын. Сізбен осыдан ай бұрын жүздесіп, Сіздің бір бақытты сәтіңіздің куәсі болған едік... Қос кітабыңыз «Үміт үзгім келмейді» хикаятыңыз бен «Ежелгі дәуір әдебиеті» зерттеуіңіздің Ыстамбұлда түрік тілінде, Пекинде қытай тілінде және Венада неміс тілінде шыққан жаңа басылымдарының тұсаукесерін жасадыңыз. Сіздің дос-жарандарыңыз, жалпы кітап сүйер қауым бұл оқиғаны ұлттық сөз өнеріміздің, әдебиеттану ғылымымыздың халықаралық дәрежедегі танылуы, жеңісі деп білді. Сізбен бірге қуандық. Сіздің бір неміс оқушыңыз «Үміт үзгім келмейді» хикаятын оқып шыққаннан кейін төсекке таңылып, мүгедек болып жатып қалған ерін жүнжіп кетуден, құрып кетуден аман алып қалған қазақ әйелі Гауһардың ерлігін тек шығыс әйелдеріне ғана тән ерлік деп бағалаған екен. Сонда біз өмірде сол Гауһардың прототипі болған, Сіздің басыңызға небары 35 жасыңызда тағдырдың тауқыметі түсіп төсекке таңылғаныңызда шиеттей екі бала, үшеуіңіз үшін басқа түскен тағдырдың таудай тауқыметімен жалғыз майдандасқан және сол айлапат күресте қазақы имани тәрбиесінің арқасында жеңіске жеткен ғазиз жан марқұм Қуаныш жеңгеміздің рухы алдында және осы Қуаныш жеңгеміздей алаштың әулие аналары рухының алдында тағы бір тағзым етіп бас иген едік. Иә, аға, Сізді тағдыр ауыр сынаққа салды. 35-тен кейінгі 40 жылдай өміріңіз төсекке таңылып, арбаға байланып өтті. Бірақ, Сіз қатыгез тағдырдың тәлкегіне қайтпас қайсар рухты қарсы қойдыңыз. Төсекте жатып өмір үшін, өнер үшін, ғылым үшін күрестіңіз. Төсекте жатып-ақ «Үміт үзгім келмейді» атты өмірбаяндық кітап жаздыңыз. Бұл кітап шыққан күннен бастап қолдан-қолға тимей оқылатын, оқыған сайын оқырманның қайратын қайрап, жігерін жанитын рухани тәрбие құралына айналды. Сондықтан да Сіздің бір неміс оқырманыңыз бұл кітап кім-кім үшін де өте құнды кітап, әсіресе, әлемдегі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмас рухани тірек деп жазды. Ал қытайлық оқырманыңыз болса кітапты оқи отырып, көз жасын тыя алмағанын айтып, бұл шығарма бір ұлт үшін ғана емес, барша ұлттар үшін де ортақ рухани құндылық депті. Түрік зиялылары болса Сіздің сонау сақ заманындағы Алып Ер Тоңғадан бері тартылған жалпы түрікке ортақ әдеби жәдігерліктерді түгендеп шыққан «Ежелгі дәуір әдебиеті» зерттеуіңізді түбі бір түріктің басын қосатын кітап деп бағалады. Сіз сөйтіп төсекке таңылып жатып-ақ докторлық диссертация қорғадыңыз. Академик атағына ие болдыңыз. Кітаптарыңыз ұрпақ санасын тарихи-патриоттық сезімге баулитын баға жетпес оқу құралына айналды. Немат аға! Жоғарыға көтеріліп кеткен рухыңыз алдында айтарым: Сіз нағыз өр рухты қазаққа тән ғұмыр кештіңіз. Сіз, сөз жоқ, бұл Жер бетіндегі тірлікте адам сенгісіз азапты бастан кештіңіз. Бірақ Сіз Алла шарапатынан үміт үзбедіңіз. Алла тілеуіңізді берді. Ұлдарыңыз азамат болып, немерелеріңіздің қызығын көрдіңіз. Сізді және Қуаныш жеңгейді жылатқан тағдыр, Алланың әмірімен, жұбата да білді. Соңыңызға қомақты әдеби, ғылыми мұра қалдырдыңыз. Сол кітаптар Сіздің ендігі жердегі өзіңіздің өлмес тіліңіз, солмас санаңыз. Ендігі жерде сол халқыңызбен тоқтаусыз сырласа бермек. Өзіңіз бізден кетсеңіз де сөзіңіз кетпек емес. Бізбен, халқыңызбен бірге болмақ. Қош, аға! Иманыңыз жолдас болғай! Смағұл ЕЛУБАЙ.Парасат биігінен ой тербеген
Қазақтың қайсар ғалымы, ұлы ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың басшылығымен бір шоғыр оның шәкірттері қазақ әдебиетінің көне тарихын, ежелгі мұраларды зерттеуге бел буғанда осынау көштің басында аса дарынды, табанды ғалым Немат Келімбетов ағамыздың есімі жарқырап көрінді. Міне, содан бері қырық жылға жуық мерзімде Немат ағамыз ежелгі әдеби жәдігерліктерді тынбай зерттеумен, соларды жинастырумен, жариялаумен ғұмыр кешті. Бұл, әрине, ерлікке пара-пар еңбек еді. Байтақ еліміздің күллі жоғары оқу орындарындағы филолог студенттер бүгінгі күнге дейін профессор Немат Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулығын бір сәтке де қолынан тастаған жоқ. Бүгін де ежелгі әдебиет тарихының ең негізгі оқулығы осынау еңбек. Оның сыртындағы жазушылық, қаламгерлік еңбектері бір төбе. «Үміт үзгім келмейді», «Ұлыма хат», «Қариялар» атты туындылары да руханиятымыздың үлкен олжасына айналған дүниелер. Кеше ғана осы еңбектердің әлем тілдеріне аударылған сәтіне куә болып, осынау кітаптардың тұсаукесеріне қатысып, сөз сөйлеген едім. Араға көп уақыт салмай, қазақтың қайсар ғалымы, суреткер қаламгері дүниеден озды деген хабар қабырғамызға қатты батып отыр. Ұзақ жылдар бойында жанымда жүрген ұлағатты ұстазым, әкемдей болған қамқоршы ағам еді. Қайтеміз, не шара бар. Алдыңыздан Алла жарылқасын, топырағыңыз торқа болсын, қазақтың парасат биігінен ой толғаған ғұлама ғалымы. Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің деканы, профессор.Алла ісіне не шара!..
Осынау қазақ ғылымы мен білімі үшін қаралы күндерде профессор Немат Келімбетұлының отбасына, ағайын-туысқандарына, әріптес-қаламдастарына, шәкірт-ізбасарларына қайғырып көңіл айта отырып, ұстазымыздың әзіз рухын тербеп бірауыз ықыласымызды жеткізуді қаладық. Немат Келімбетов шәкірттері үшін кім еді? Қайыспас қара нардай әрі адам, әрі тұлға еді. Ол кісінің сабағында шыбынның ызыңы ғана естілетін. Бірінші күннен талапты өте қатаң қоятын. Содан «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» басталды да кетті. Дәрісте Күлтегін күркіреп, Қорқыт күңіреніп, Фараби дүрілдеп, Ясауи толғап, Бабыр сыр шертіп жататын. Дұрысы, ауыр науқас ұстаздың жамалын жасқағанымен, ашық, анық, қоңыр, әуезді үні түрік даналарының сөзі мен ойын, даңқы мен дабысын білімге шөлдеген шәкірттердің санасына құя беретін, сіңірте беретін. Содан кейінгі оқу кезеңдерінде «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» курсы басталатын. Оқытушымыз – тағы да Немат ағай. Түрік тамырының аруақты кезеңінен рух алған студенттер білік-білімі енді Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Ақтамберді, Үмбетей, Марғасқа, Тәтіқара, Бұқар толғауларымен толығатын. Ұстазымыздың артықша қасиеті – мемлекетшілдіктің ұстыны болған жыраулардың тау тұлғасын көз алдымызға елестете алатын. Содан біздің құйқамыз шымырлайтын, арқамыз қозатын, намысымыз артатын, жігеріміз шыңдалатын. Немат ағайдың әр дәрісі үстінде және сол дәрістен шыққан сайын «Қиыннан айла табатын, Дұшпаннан кекті алатын» нөкер ерткен хандар мен шүлеңгір мырзалардың соңынан еріп, ХV-ХVІІ ғасырға еніп кеткіміз келіп тұратын. Әлбетте, Немат Келімбетұлының алдын көрген бар шәкірт ол кісінің «Үміт үзгім келмейді» повесін оқитын. Бұл – тосыннан мүгедек болған жанның сезім мен мұң, жігер мен күрес күнделігі болатын. Шығармада терең, нәзік, қайғылы сәттер көп-ақ. Соларды оқып, қалай жанарыңызды жас жауып кеткенін байқамай қалатынбыз. Мүгедек жан да тіршілік етеді. Кейіпкер бала-шағасын асырау үшін аударма жасау керек. Сонда сал боп қалған адам кітап бетін тілімен ашады... Алланың бұйрығымен кейіпкердің анасы қайтады. Сал адам жаназаға қалай бармақ? Ниет деген қандай күшті десеңізші, ақыры барады. Қоштасар сәтте ана табыт ағашында, бала таңылған арбада шалқасынан жатады... Кейіпкер дегеніміз – Немат ағайдың өзі. Бұл суреттерді елестету түгіл, ойлаудың өзі қиын. Күні кешегідей жадымызда: аяқ-буыны әлсіз Немат ағайды әр дәрісіне Қуаныш апаймыз сүйемелдеп әкелетін. Ол кісі сабырлы, мейірімді, сүйкімді көрінетін. Тағдырдың қиын сәттерінде жарына серік, сырлас болған әйелдің жасымаған өр бейнесін біз күнде көретінбіз... Құдайдың құдіретімен рухы бекем апай осыдан екі жыл бұрын дүниеден озды. Тағдырдың ауыр соқпағы жеңбеген Немат ағай осы қайғыдан есеңгіреп қалды... Сол қайғы ұстазымыздың жүрегіне салмақ түсіріп, жұлындағы кәрі ауруды меңдеп, алып жықты. Алла ісіне не шара!.. Алдыңыз – өзіңізге, соңыңыз – ұрпағыңызға жарық болсын, ұстаз! Алла иман байлығын берсін! Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, профессор-шәкірті.