Осыдан тура жүз жыл бұрын, Қарағанды өңірінің шалғайдағы Шет ауданында туған Рахымжан Мақашұлының балалық шағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Ерте еңбекке араласып, 18 жасқа дейін талай қара жұмыстың басын шалды. Содан кейін ғана оқысам, білім алсам деген арманы жетелеп, Алматыға аттанған бозбала ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, көздеген мақсатына қол жеткізді. Сөйтіп, әр ісіне тиянақты қарайтын, жауапкершілікті терең сезінетін Рахаң Жетісу өңірінде жауапты қызметтер атқаруға кірісті.
Еңбекке құлшына араласа бастаған нағыз жалынды жас шағында өкінішке қарай, соғыс деген суық сөз естілмесі бар ма? Осы зұлматтың жұлынын үзу үшін көп кешікпей ол әскерге аттанды. Алдымен Харьков әскери-саяси училищесін бітіреді. Қанды қырғынның бел ортасына түскен жауынгер сол бір қаһарлы жылдарда ротаның саяси жетекшісі, соңынан үшінші Белорус майданы мен екінші Украин майданында атқыштар ротасының командирі болады. Осылайша аға лейтенант Рахымжан Мақашұлы майдандағы бес жыл ішінде І-дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен Праганы, Белградты жаудан босатып, Будапешт пен Венаны алғаны және Германия мен Жапонияны жеңгені үшін деген оннан аса медальдармен марапатталды. Жоғарғы Бас қолбасшының көптеген алғыс хаттарының иегері болады. Рахымжан Мақашұлына жоғарыдағы атақ-абырой оңайшылықпен келген жоқ, қымбатқа түсті. Майданда төрт рет ауыр жараланып, Қиыр Шығыстағы кеңес-жапон соғысы аяқталғаннан кейін ғана 1946 жылы елге біржолата оралды.
Міне, осыдан кейін ағамыз ел экономикасын көтеру, соғыс зобалаңы салған тауқыметті түзеу секілді іске бел шеше кірісіп кетті. Рахаңның бұл бағыттағы ерен еңбегі мен өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге. Оны Қазақстанның қиыр шетіндегі, Алматы облысының алыс аймағындағы Нарынқол аудандық партия комитетінде нұсқаушы, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары қызметіндегі жұмыста қоластындағы қызметкерлеріне мейірімді болған, халықпен етене жақын араласқан қарапайым, адамгершілігі мол қасиетінен анық байқаймыз. Осы ерекшелік Рахымжан ағаны зор құрметке жеткізді, елдің ыстық ықыласына бөледі.
1953 жылы ол Алматы облысының Нарынқол ауданына бірінші хатшы болып тағайындалып, осы жауапты қызметті он жыл атқарды. Сондағы қазір көзі тірі қариялар мен ардагерлердің Рахаңды ыстық ықыласпен еске алып, айтуларына жүгінсек, бұл кісіге дейінгі де, одан кейінгі де талай-талай хатшылардың арасында осы ауданның абырой-даңқын асқақтатқан Рахымжан Мақашұлы ғана болған. Ұтымды ұйымдастырушылықтың нәтижесінде мұндағы мал және егін шаруашылығы жақсы өркендеді. Құрылыс қарқын алып, ауылдарға электр, телефон желілері тартылды. Соғыстан кейінгі уақыт үшін бұл үлкен жаңалық еді. Тіпті сол кездері, яғни 50-ші жылдардың ортасында мемлекет қоймасына миллион пұт та астық құйылған екен. Бұл таулы өңірдегі бұған дейін қол жетпеген жоғары көрсеткіш болатын. Өйткені, Нарынқол – мал шаруашылығына ғана бейім аудан ғой. Сол жетістіктер үшін аудан Бүкілодақтық арнайы Туға ие болды. Ал Рахымжан Мақашұлының өңіріне Ленин ордені тағылып, КОКП ХХІ съезіне делегат болып сайланды.
Жақсыны жақсы десе, адамның мерейі өседі. Соны айта білген кісінің де жан сарайы жарқырай түседі. Рахаң шын мәнінде ел сыйлайтын және өзін сыйлата білетін көшелі аупартком хатшысы еді. Өзінен гөрі өзгелердің жайын көбірек ойлайтын. Соның ішінде талай жергілікті азаматтардың өсуіне қамқор қолын ұсынды. «Бірінші би – халық, екінші би – тарих». Рахымжан Мақашұлының іргелі істерін білетін Нарынқол елі бұл кісіні естерінен шығармай әрдайым айтып жүреді. Өйткені абзал жан қызметте болған кезінде өзгелерден шапағатын аямады. Қолынан іс келетін С.Сатаев, С.Байғұлов, Н.Әшімбаев секілді шаруашылық басшыларын қолдап, демеп отыруды тиісті міндетім деп білді. Ешкімді алаламады. Сондай тектілігімен көптің жүрегіне жол тапты. Осының нәтижесінде өңір өркендеді, елдің әл-ауқаты өсті.
Иә, жұрт білетін Рахымжан Мақашұлы арын ардақтай білген, барын салмақтай білген арлы да адал азамат еді. Алды ашық, қабылдауына кім келсе де олар қуанып, риза болып жадырап шығатын. Қолынан келген жақсылықтың бәрін халыққа жасауға тырысатын. Қарамағындағыларды да елмен осылай жұмыс істеуге баулитын. Сөйтіп, өзінен кейін артында жақсылығын айта жүрерлік жосықты із қалдырды.
Ол осыдан кейін Қаскелең ауданында бірінші хатшы болды. Мұнда да он жыл бойы абыройлы еңбек етіп, зейнет демалысына шыққаннан кейін кәсіподақ жұмысына ауысты. Майдан даласынан алған төрт жарақат пен басшылық қызмет оңай болмады. Жүрекке де, жүйкеге де әсер етті. Соның бәрі аға ұрпақ өкілінің өмірін қысқартпай қойған жоқ. Бірақ: «Өзім үшін туыппын, жұртым үшін күйіппін», дейтіндей жаратылысы бөлек азаматтың өнегелі өмірі, кейінгі ұрпаққа қалдырған тағылымды ісі көпке үлгі. «Қайраткерге айналған ол кісінің ұлағатты сөздері құлағымызда, жасаған жақсы істері жадымызда», – дейді Нарынқол, Қаскелең өңіріне жиырма жыл өмірін арнаған Рахаңды ыстық сезіммен еске алатын қариялар. Осыны өз құлағыңмен естіп, көзіңмен көргенде халқымыздың «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі», деген аталы сөзі рас па дейсің еріксіз. Ал Рахаң ұмытылмайтын адам.
Жоғарыда біз ол кісіні көзкөргендер аса бір құрметпен естеріне алады деп айттық. Сондай жанның бірі Рахымжан Мақашұлымен қызметтес болған әріптесі, Қарасай ауданының құрметті азаматы Дмитрий Иванович Зайко. «Мен, – дейді ол, – Қаскелеңге келгенімде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы кең пейіл, жаны жайдары, өмірден түйгені көп, тәжірибесі де мол Рахымжан Мақашевпен жұмыс істеу бақытына ие болдым. Адам тани білетін, кімнің қандай мүмкіндігі бар екенін бірден аңғартатын, көреген жан еді. Кадрларды басшылық қызметке қоярда іскерлік қабілетіне қарай таңдайтын. Ауданымыздан сол кездері өсіп, Алматыдағы басқару орындарына барған азаматтар Мақашев мектебінен өткен мамандар екені мақтаныш. Мен бақытты адаммын, өйткені өзімнің өмір жолымда осындай, Рахаң сияқты жаны жайсаң адамдар кездесті. Соның арқасында еңбегіміз ескерілді». Ол осылай десе, кезінде Алматы облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы болған соғыс және еңбек ардагері марқұм Заманбек Батталханов: «Бойы да, ойы да, биік тұратын Рахымжан Мақашұлы жиырма жылдан астам Алматы облысының аудандарында бірінші хатшы болып еңбек етіп, үлкен ұйымдастырушы, басшы қызметіне лайықты кадр тәрбиелеуде үлгі болды. Тәлім берудің профессоры, кісі танудың психологы, өмірдің инженері деп атаған болар едім ол кісіні», – деп жазып кетті естелік кітабында.
Естелік демекші, 2000 жылы Рахымжан Мақашұлының 80 жылдығына орай ұл-қыздарының ата-анасына арнаған «Өркенді ғұмыр – өрісті өмір» атты кітабы жарық көрген-ді. Сол жинаққа оны жақсы білетін достары мен замандастарының лебіздері енгізілген. Қайсысын оқысаңыз да принципшіл басшының адами қасиеті мен қарапайымдылығына тәнті боласыз. Осындай еңбектері үшін КОКП ХХІ және ХХІІ съездеріне делегат және екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен марапатталды.
Рахымжан Мақашұлы жүрек қалауымен қосылған өмірлік жары Зияш Камеқызы екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді. Зияш апай қарымды қажыр-қайраттың адамы. Ол кісі де өз уақытында жастар ісіне араласып, қоғам өмірінде белсенділік танытқан адам. Отан соғысы кезінде «Құрмет белгісі» ордені және «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.
Бұл күнде Қаскелең қаласындағы орталық көшелердің бірі Рахымжан Мақашұлының есімімен аталады. Елім деген азаматтың өнегелі өмірі мен өткен жолы қашанда туған Отанымен бірге жасай бермек.
Қанат ТӘКЕБАЕВ, Қазақстан Журналистер ода- ғы сыйлығының лауреаты.
Алматы облысы,
Қаскелең қаласы.